Редакция таңдауы

БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМНЫҢ ДАМУЫ ЕЛІМІЗДІ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ ЕТЕДІ

Экономика — халықтың әлеуметтік қажеттіліктерін қамтамасыз ете отырып, қоғамның ілгері дамуына ықпал етеді. Тіпті, елдің мәдениеті мен ғылымы, денсаулық сақтау және білім беру жүйесі экономикаға тікелей тәуелді. Әлеуметтік саладағы реформаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін де осы сала. Қазір жаңа технологияларды енгізу мен ғылыми зерттеулердің арқасында экономика жылдам өзгеруде.

Технологиялық жаңалықтар өндірістің тиімділігін арттырып, жаңа жұмыс орындарын көбейтті. Сондай-ақ, цифрлық экономика мен интернет-технологиялардың дамуымен бірге көптеген жаңа салалар пайда болуда. Нәтижесінде экономикадағы инновациялық үдерістер қоғамды өзгертіп, адамдардың өмір сапасын жақсартуға жол ашып жатыр. Халықтың әл-ауқаты мен өмір сапасының деңгейін анықтайтын маңызды сала екенін де осыдан байқауға болады.
Әрбір мемлекет өз экономикалық әлеуетін пайдалана отырып, әлемдік нарықта өз орнын табуға тырысады. Сауда-саттық, инвестициялар, сыртқы қарыздар және халықаралық ұйымдармен серіктестік экономиканың дамуына ықпал етеді. Әлемдік экономиканың жаһандануы елдер арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, халықаралық ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік береді.
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті – Қазақстан Республикасының ең ірі және көпсалалы университеті. Облыстың ғылым, білім, мәдениет салалары бойынша жетістікке жетіп жүрген ең үздік ордасы. Мұндағы экономика кафедрасының ұстаздары адамзаттың күнделікті өмірінде кездесетін түрлі проблемаларды шешуге мүмкіндік іздейді. Мәселен, инфляция, жұмыссыздық, салық салу және тағы басқа экономикалық мәселелер. Бұл проблемаларға қатысты студенттер теориялық және практикалық білімдерін жетілдіреді. Бұл мамандықта оқу студенттердің аналитикалық ойлау қабілетін дамытады. Экономикалық болжамдар құру, статистикалық деректерді талдау, түрлі экономикалық құбылыстар мен процестердің арасындағы байланысты зерделеу — студенттердің сыни ойлау және аналитикалық дағдыларын дамытады. Бұл қабілеттер студенттерге тек академиялық салада емес, сондай-ақ кәсіпорындар мен ұйымдарда тиімді жұмыс істеуіне көмектеседі. Сонымен қатар, факультет студенттері Халықаралық деңгейде ғылыми зерттеулер мен инновациялық жобаларды әзірлеуге қатыса алады, бұл олардың ғылыми әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Студенттер үшін экономика кафедрасы тек білім алатын орын ғана емес, сондай-ақ олардың болашақтағы жақсы өмірі мен жетістіктерінің негізгі баспалдағы.
Бұл мамандықта тәжірибелі, жоғары дәрежелі ұстаздар ғана сабақ береді. Атап айтсақ, кафедраның беделді оқытушысы Айдарова Айна Байларқызы ағымдағы жылы Жоғарғы аттестациялық Комитеттің бекітуімен профессор атағын алды. Ал, Төлеметова Айгүл Саинқызы «Жоғарғы оқу орнының үздік оқытушысы» атағын иемденді. Осы жолдардың авторы А.Жакешова да «ҚР Алтын жұлдызы» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар профессор А.М.Есіркепова Түркияның Мармара университетінде жарты жыл бойы ғылыми тәжірибеден өтті.
Осындай еңбекқор профессорлардан білім алған студенттер де ғылыми жоба қорғап, қатарының алды көрініп жүр. Шетелдік университеттерден академиялық ұтқырлық бойынша тәлім алып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік алған түлектердің саны тіптен көп. Соның бірі – Серік Роза Латвияда оқуға мүмкіндік алды. Құлман Аружан Польшадан білім алып қайтты. Түлектерге мол мүмкіндік беретін кафедраның жетістіктері жетерлік.
Экономика кафедрасының маңызы мемлекеттік органдардың жұмысына да тікелей байланысты. Экономистер экономикалық саясатты қалыптастыру, қаржы мен бюджетті басқару, салық жүйесін реформалау, әлеуметтік және инфрақұрылымдық бағдарламаларды жүзеге асыру мәселелерінде маңызды рөл атқарады. Қоғамдық сектордағы экономистердің жұмыс істейтін орындары мен олардың білімі мемлекет үшін өте маңызды. Біздің оқу орнымыздағы экономика кафедрасы мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыратын білікті кадрларды даярлайды.
Жалпы кафедра жетістіктері оның білім беру сапасы, ғылыми-зерттеу жұмыстары, халықаралық байланыстары студенттердің кәсіби даярлығымен тығыз байланысты. Бұл кафедра тек білім берумен шектелмей, сонымен қатар экономикалық ғылым мен қоғамдағы өзгерістерге ықпал ететін маңызды факторларға баулиды. Экономика мамандығының дамуы мен жетістіктері университеттің және елдің экономикасының дамуына зор үлес қосатыны сөзсіз.
Экономикалық реформаларсыз тұрақты даму мен өркендеуге қол жеткізу мүмкін емес. Сол себепті экономикалық білім мен мәдениетті дамыту, ресурстарды тиімді пайдалану және қоғамның барлық салаларында әділеттілікке қол жеткізу – заманауи экономикалық саясаттың басты мақсаттары болуы тиіс.

Айымжан ЖАКЕШОВА,
М.Әуезов атындағы ОҚУ профессоры,
экономика ғылымдарының кандидаты

Соңғы жаңалықтар