Театр тарланы және тарихи трагедия Избранное

Среда, 09 Ноябрь 2022 05:11 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 931 раз

Шымкентте қазақтың кәсіби театрының негізін қалаушылардың бірі, қоғам қайраткері, режиссер, драматург Жұмат Шаниннің 130 жылдық мерейтойы өтті.
Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының бастамасымен шымкенттік зиялы қауым өкілдері Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханада ұлы тұлғаның ұрпақтарымен жүздесті.

679

 

Көнені жаңғыртқан көрініс

Салтанатты жиын Жұмат Шаниннің театрдағы тырнақалды туындыларының бірі – «Арқалық батыр» пьесасының үзіндісімен басталды. Мұхтар Әуезов атындағы ОҚУ «Мәдениет және өнер» факультетінің студенттері қысқа ғана көрініспен ел тарихынан сыр шертіп, қазақ батырларының болмысын паш етті.
Мерейтойға Жұмат Шаниннің немерелері — режиссер Болат Қасымханұлы мен Жанат Қасымханқызы, Қазақстан театрлары ассоциациясының вице-президенті, Астана музыкалық жас көрермен театрының директоры Асхат Маемиров, театртанушы, өнертану ғылымының магистрі Айзат Қадырәлиева арнайы келіп, ұлы тұлғаның өмір жолы мен қазақ театр өнеріне сіңірген еңбегі жайлы тың деректермен бөлісті.
— Атамыздың есімін еске салып, оның бейнесін тірілтіп, сахнаға әкелгендеріңіз үшін Шымкент қалалық Жұмат Шанин атындағы драма театрының ұжымына, драматург Сая Қасымбекке алғысымызды білдіреміз. Жұмат Шаниннің қаламынан туған пьесалар көп. Алайда, оның қолда барын жинақ етіп құрастырғанымен, әлі де табылмай жүрген шығармалары бар. Мәселен, Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» пьесасына дейін атамыздың «Қозы Көрпеш-Баян» атты пьесасы болғанын архив құжаттарынан білдік. Сондай-ақ, «Батыр Баян» туындысы да табылмай отыр, – деді Болат Шанин.
Астана музыкалық жас көрермен театрының директоры Асхат Маемиров Жұмат Шаниннің қазақ театр өнерін дамытудағы ерен еңбегіне тоқталды.

678


— Жұмат Шанин қазақ этнографиясын, фольклорын өз еңбектерінің өзегіне айналдырып, ұлттық нақышта сахналап отырды. Мұның барлығы оның дала мәдениетін бойына бала күнінен сіңіруінде жатыр. Қоянды жәрмеңкесі — ең алғашқы дала театры. Бала күнінен жәрмеңкеден қалмай, қазақ өнерімен сусындап, ұлы дала академиктерінің көзін көрді десек болады. Сәкен Сейфуллин, Бекмұхаммед Серкебаевтармен бірге Омбыда білім алды. Ал Омбыдағы қалыптасқан өнер ортасы Жұмат Шаниннің рухани өсуіне сеп болды. Оның өнердегі музасы — Жанбике Шанина. Қазақ сахнасында ұлттық аспаптарда ән шырқап жүрген қыздарымыз болғанымен, театр сахнасында жоқ еді. Шанин қазақ театрының негізін қалау үшін жары
Жанбикені сахнаға шығарды. Қазақтан шыққан тұңғыш театр актрисасы Жанбикенің есімін ұлықтап, жаңғырту үшін еліміздегі өнер институттарының студент қыздарын «Жанбикенің жалғастары» сынды арнайы сапарға алып шығып, олар жүрген жолмен жүріп, еңбектерімен таныстыру тұңғыш қазақ актрисасына деген үлкен құрмет болар еді, – деп Асхат Максимұлы өз ұсынысын білдірді.

Ағасының ұрпағын сақтап қалған

Ұлы тұлғаның немересі Жанат Қасымханқызы архив деректеріне сүйене отырып, әлі де ел ішінде бұрмаланып келе жатқан тың мәліметтерді бөлісті.
— Атамыздың кіші ұлы Аян 1927 жылы туған. Сөйтіп, Жұмат Шанин бастаған қазақ өнерпаздары Мәскеу қаласындағы этнографикалық онкүндікке аттанған. Бұл Қазақстанда алғашқы театрдың ашылғанына небәрі бір жыл толған кезең. Осы сапарда аңғал-саңғал ескі вагонда алты айлық Аян суықтап, шетінейді. «Мәскеуге қазақ делегациясы қаралы хабармен жетті», «Отанымыздың жүрегі Москваға баласының сүйегін алып келіпті» деген жаманатқа қалмас үшін, яғни бір отбасының емес, бүтін мемлекеттің қамы үшін баласының өлімін жасырған. Перзентінен айрылған Жанбике апамыз жаны күйзеліп тұрса да сыр бермей, жанкештілік танытып, Мәскеудегі мұсылмандар зиратына түнделетіп жасырын жерлеуге мәжбүр болған. Яғни, Аянның 1927 жылы туып, 1928 жылы қайтыс болғанына архивтегі Жанбике анамыздың жазбасы дәлел. Ол Аян қайтыс болғаннан кейін өз қолымен отбасы мүшесі төртеу екенін жазған, – деді Ж.Шанина.
Жанат Қасымханқызы Жұмат Шаниннің құжаттарын 20 жылдан астам уақыт жинақтап, сақтап, алғашқы жинақты құрастырған Ырымғали
Нұрғалиевтің есімін ерекше құрметпен атады. Ал театртанушы Айзат Қадыралиева еліміздегі ұлы тұлғалардың есімімен аталатын театрлардың ешбірі сол азаматтардың туындыларын театр репертуарына қосып, сахналамай жүргенін сынға алды.

677


Кездесуде «Қасымхан Жұматтың баласы ма?» деген көптің көңілінде қалған сауалдың да жауабы айтылды. Жұмат Шанин қуғынға ұшырап, әйелі Жанбике де тергеуге алынғанда үлкен ұлы Раупбек қуғынның салдарынан көз жұмған. Осы кезде
Жұмат Шаниннің туған інісі Әкіш ағасының ұрпағын аман алып қалу үшін Қасымханды өз атына жаздырып, Оңтүстікке келген. Әкіштің тәрбиесінде өскен Қасымхан Шаниннен 3 қыз, 1 ұл тараған.
Тарихтың мәлім де беймәлім сәттерінен сыр жеткен мазмұнды жиыннан соң кеш қонақтары мен зиялы қауым өкілдері, студенттер Ж.Шаниннің ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті.

Тарихтан сыр шерткен трагедия

Театр тарланының 130 жылдығы Ж.Шанин атындағы академиялық драма театрында драматург С.Қасымбектің «Атжалман ғасыр» тарихи трагедиясының премьерасымен жалғасты. Театрсүйер қауым тұсаукесер алдында фойеде ұйымдастырылған көрмені тамашалап, құнды деректермен танысты.
Қазақтың дархан даласына жетелейтін «Қыз Жібек» қойылымының әуені. Үш мәрте қайталанды. Алайда, сахна шымылдығы түрілмеді...
Қойылым Жұмат Шаниннің қазақ театрының ұжымын Мәскеудегі есеп беру декадасына екінші мәрте алып барып, «Қыз Жібек» пьесасы кезіндегі сахна шымылдығының 12 минутқа кеш ашылған оқиғасынан бастау алды. Қоюшы режиссер, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Б.Құрманғожаев оқиғаны ұтымды пайдаланып, көрерменді сонау Мәскеудегі екінші есеп беру декадасына жетеледі.
— Қазақ өнерінің дәріптелуі, кәсіби театрдың қалыптасуында Ахмет Байтұрсынов, Жұмат Шанин, Мұхтар Әуезовтердің еңбегі орасан. Шанин –
Қазақстандағы тұңғыш ұлт театрының негізін салып, оны ұйымдастыруда, сондай-ақ, кәсіби тұрғыда қалыптастырып, сахналық-шығармашылық жағынан өсу жолында зор еңбек сіңірген тұлға. 1926 жылы сол кездегі астанамыз Қызылорда қаласында кәсіби қазақ театры ашылды. Шанин қазақ театрының ұжымын Мәскеудегі есеп беру декадасына екі мәрте алып барды. Екінші декадада «Қыз Жібекті» сахналады.
Қазақ театрларын ертең Еуропаның театрларымен тең етемін, орыс театрынан бір мысқал да кем емес деп жүріп, «Халық жауы» деген жаламен өмірден өтті. Деректі, тарихи туындыларды сахналау өте күрделі. Сценограф, суретші, барлығымыз іздене отырып, сахналық (сценографиялық) шешім табуға тырыстық, – дейді режиссер Б.Құрманғожаев.
Сахна декорациясының өзі көрерменді «атжалман ғасырға» жетелей түсті. Қазақтың қаймағын жалмаған пойыз жол
Мәскеудегі Кремльге бағытталып, саясаттың «салқыны» қайдан ескенін бейнелесе, жолдың айналасындағы темір тор қазақ зиялыларының тағдыры тәлкекке түскен тар қапасты көз алдымызға әкелді. Бүтін бір ұлтты жою үшін солақай саясатты асыра орындаған Карлик (С.Әзімқұлов), Вышинский (О. Мұсабеков), Берия (Е.Тұрымбеков), Голощекин (М.Тауасар), Мирзоянның (Е.Дүйсебаев)
Қазақ АСР-нің географиялық картасының үстінде шешім қабылдауы – сценограф Е.Тұяқбаев пен суретші Қ.Жаманқұловтың ең ұтымды шешімдерінің бірі. Сондай-ақ, режиссердің Сталин бейнесін Кремльдің тұсынан түтіні будақтаған «мүштегі» арқылы сомдауы ерекше әсер қалдырды. Ал Ж.Шаниннің ұлы, қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби скрипкашы Раупбектің образы скрипкада ойнаған күй арқылы сипатталып, оның бақилық болғаны скрипка ішегі үзілгендегі жантүршігерлік үнмен жүректі шымырлатты. Басты рөлдерді сомдаған театр актерлері
Е.Аманғалиев Жұмат Шаниннің, М.Зияева Жанбике Шанинаның театр өнерін дамыту жолындағы құрбандығы мен ел басына күн туған кездегі күйзелісін көрермен қауымға әсерлі жеткізді.
— Атамыз Жұмат пен апамыз Жанбикені көргендей әсер алып, көзімізге жас келді.

680


Солақай саясаттың шырмауына түссе де, атамыз бен апамыздың қазақ театры, қазақ өнері үшін жанкештілікке барып, қиындыққа тайсалмай, ардан аттамай, адалдығын сақтағанын ерекше жеткізген. Өзімен идеялас замандастары мен достары арқылы образды аша түскен. Театрдың шығармашылық ұжымына, режиссер мен драматургқа алғысымды білдіремін, – деді Болат Шанин.
Айта кетейік, драматург Сая Қасымбектің «Атжалман ғасыр» тарихи трагедиясы 3-5 қараша күндері Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрында аншлагпен сахналанды. Қазақ өнерін дәріптеген өр тұлғаның есімін ұлықтап, тарихтың бұрмаланған оқиғаларын қайта жаңғыртқан трагедия сіз бен бізге беймәлім тарихтан сыр шертті.