Версия для печати

«Келін базары 7+1» көрерменге жол тартты Избранное

Среда, 14 Декабрь 2022 05:06 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 4027 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шымкент қалалық өзбек драма театрының репертуары жаңа қойылыммен толықты. Мұхтар Құдайқұловтың «Келін базары 7+1» комедиясы Жавлон Сайитовтың режиссерлігімен сахналанды.

81

 

— Қойылымда отбасы құндылығын, адамдар арасындағы құрмет, сыйластық, махаббат мәселесін көтердік. Ресми деректерге сүйенсек, қоғамда ажырасудың көбейгені, ондағы арыз берушілердің басым бөлігін нәзік жандылар құрайтыны айтылып жүр. Сондай-ақ, кейінгі 50 жылда әйелдердің отбасы, бала тәрбиесінен бөлек, қызметке араласып, табыс тауып жүргені белгілі. Бұл да олардың шаңырағындағы қарым-қатынастың өзгеруіне әкелген. Бүгінгі қойылымда екі жесір қоңсының, яғни сүт сатып, күнелтіп жүрген әйелдің көршісіне жар іздеген оқиғасын сахналап, қоғамда отбасын есеппен құруға ниетті жандардың көбейгенін көрсеткіміз келді. Отбасы жылулығы – махаббат, сыйластық, жанашырлық іспетті адами қасиеттердің жиынтығы екенін ашуға тырыстық, - дейді қоюшы режиссер Жавлон Сайитов.
Мырашыр қария (актер Адылжан Тоғанбаев) көршісі Саламатханға (актриса Венера Нишанбоева) әйелі бақилық болғаннан кейін өмірінің мәні кеткенін айтып, мұңын шағады. Саламатхан марқұм көрші әйелдің жайсаң жан болғанын еске алып, Мырашыр қарияның бір басын екеу етуге кірісіп кетеді. Сөйтіп, сүт сатып жүргенде кездестірген, басы бос, отбасын құрсам дейтін келіншектермен таныстырып, көршісін жарастырмақ болады. Әйелдердің бірі – саяхатты сүйетін кербез, екіншісі – кәсіпкер, үшіншісі – бақсы, төртіншісі – тойшыл, бесіншісі – ақын жанды сезімтал жан, енді бірі – қуатты құқық саласының қызметкері. Қария қай-қайсысымен тілдессе де, олардың бойынан «отбасының ұйытқысы болсам, отын сөндірмесем» деген ниетін байқай алмай, дал болады. Бірі қалтасындағы теңгесін алса, екіншісінің түпкі мақсаты – жұмыс істетіп, айлығын жұмсап отыру. Енді бірі атындағы мал-мүлкін иемденуді көздеп, танысқан сәттен бар байлығын есепке алды.
Режиссер астарлы әзілмен қоғамдағы өзекті проблеманы ерекше суреттеген. Есеппен құрылған отбасында бақыт пен махаббатқа орын жоқ екенін жеткізген. Әр шаңырақтың жылу шашқан шуағы, ұйытқысы – ақылды, жанашыр әйел мен оның пәк махаббаты екенін бейнелеген.
Айта кетейік, «Келін базары 7+1» қойылымының тұсаукесер көрсетілімі 9-10 желтоқсан күндері сахналанып, көрермен қошеметіне бөленді.