Әдiл АХМЕТОВ: «Шынайы сын актердi шыңдайды»

Пятница, 13 Май 2016 06:15 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 1529 раз

Астанадағы Жастар театрының белді әртісі, тележүргізуші Әділ Ахметовтың есімі көзіқарақты көрермендерге жақсы таныс. Ол «Диляфруздың төрт күйеуі», «Ревизор», «Жан азабы», «Ханша дария хикаясы», «Шырақ жанған түн», «Асауға тұсау» және т.б. театрлық қойылымдарда шебер ойнайды. Бұдан бөлек, кино саласында да өз есімін қалыптастырып үлгерді. Оны көрермен «Парыздағы» Асан, «Астана – махаббатым менің» телехикаясындағы Ерлан, «Сұңқардағы» Азамат және «Қара шаңырақтағы» Дәулет, тағы басқа рөлдері арқылы таниды. Жуырда Астана Жастар театры Шымкентке гастрольдік сапармен келген болатын. Жас әртіс Әділ Ахметовпен жүздесіп әңгімелесудің сәті түсті.

1447906103 img 5083-kz– Шымкентке қош келдіңіз! «Асауға тұсау», «Тырау-тырау тырналар», «Ақымақ болған басым-ай...», «Алғашқы махаббат», «Көзіме бір көрінсең бала ғашық» сынды қойылымдарыңызды көрермендер жылы қабылдаған сияқты...

– Оңтүстік өңіріне екінші рет гастрольдік сапармен келіп тұрмыз. Алғаш рет театр болып енді құрылып, аяғымызды қаз-қаз басып жатқанда Шымкенттің көрермендеріне өз қойылымдарымызды ұсынған едік. Сегіз жылдан кейін тағы жол түсті. Апта бойы Оңтүстіктің көрермендеріне ұмытылмас әсер, рухани азық сыйладық деп ойлаймын. Оған әр қойылымнан кейін көрермендердің ілтипат білдіріп, ұзақ қол шапалақтағандары куә. Құшағымызды гүлге толтырып, мерейімізді тасытты. Оңтүстік мен үшін өте ыстық мекен. Өз жұртым да, нағашы жұртым да осы өңірден. Сондықтан жиі келемін. Әр келген сайын қаладағы бір өзгеріске, оңды өзгеріске куә боламын.

– Өнер жолын таңдауыңызға кім ықпал етті? Бала күніңізде әртіс боламын деп армандаған ба едіңіз?

– Алланың қалауы осы шығар. Сондай-ақ, әкем, атам өнерге өте жақын кісілер. Әкем өнер жолына түскісі келген екен. Бірақ «бір әулетке бір дәрігер керек» деген ұстаныммен атам әкемді медицина саласына жіберіпті. Әкем Ералы білікті хирург болса да өнерді жан-тәнімен сүйеді. Қойылымдардан қалмайды. Кітапты көп оқиды. 1996 жылдары ғой, алтыншы сынып оқып жүргенімде атам Араб елдерінен тапсырыс беріп, бейнекамера алдыртты. Ол кезде таңсық еді, екінің бірінің қолы жете бермейтін дүние. Сол бейнекамера өнерге келуіме үлкен себеп болды. «Хабар» телеарнасынан «77 күн» деген бағдарлама кең тарап, қызу талқыға түсіп жатқан шақ. Ал біз, інім, әпкем, үшеуміз сол бағдарлама негізінде «777» күн деген бағдарлама түсіретінбіз. Түрлі образдарды сомдайтынбыз. Сосын әр жексенбі сайын ата-анамызды, туған-туыстарымызды жинап көрсететінбіз. Ал 11-сынып оқып жүргенде мектебімізге Шаймерденов Ернат есімді жас мұғалім жаңадан келді. Бастауыш сыныптарға ән-күй сабағынан дәріс беретін. «Алтын күз», «Жігіт сұлтаны», тағы басқа іс-шараларда қойған қойылымымызды ұнатып, драма үйірмесін ашты. Нақышына келтіріп, поэзия оқуды үйретті. Алаш зиялыларының рөлін сомдадық. Оған дейін біздің сынып спорттық іс-шаралардан алдыңғы орын алып келсе, ағай келгеннен кейін өнерден де алдымызға жан салмадық. Мектеп басшысы мен ұстаздарымыз таңғалатын. Сол Ернат ағайымыз мамандық таңдар тұста, «Әділ, Данияр, Қасым, сендер өнер академиясына құжат тапсырыңдар» деп бағыт-бағдар берді. Екі досымның ата-анасы қарсы болды. Ал менің әкем өзінің орындалмай қалған арманының жүзеге асатынына қуанған болуы керек, бірден қолдады. Бірақ бір талап қойды.

– Ол қандай талап? Белгілі режиссер Нұрқанат Жақыпбайдың қолына қалай тап болып жүрсіз?

– Әкем «Алдымен сені бір профессор ағаң тексеріп көреді. Талантыңды, талабыңды байқайды. Егер, «осы баладан бірнәрсе шығады» десе тапсырасың, шықпайды десе басқа саланы көрерсің, болмаса әскерге барасың» деді. Содан өнер академиясына түсудің жолдарын сұрастыра бастадым. Ән айтып, би билеп, музыкалық аспапта ойнау керек деді. Аз ғана уақыттың ішінде домбыра мен гитараны үйреніп алдым. Межелі күн жақындаған сайын жүрек өрекпіп, толқиды. 2002 жылы жаздың жаймашуақ күнінде

adil

Нұрбол деген ағам академияға ертіп апарды. «Осы жерде тапжылмай күт» деп дәлізге тастап, өзі жұмысына кетті. Бойым ұзын, үстімде ақ көйлек, қара шалбар, шашымды жылтыратып, артқа қайыра тарап барғам. Оқытушылар келіп, өздерінің факультеттеріне түсуге үгіттей бастады. Кетіп қалуға болмайды. Ағам айтқан кісіні күтуім керек. Бір кезде «әй, Әділ деген сенбісің?» деген дауыс естілді. Жалт бұрылсам, толықтау келген, орташа бойлы, жүзі жылы бір кісі келе жатыр екен. Кейін білдім, белгілі сыншы Әшірбек Сығай аға екен. Мысал оқытты. Дауысымды тексеріп көрді. Өнердің алфавитін түсіндірді. Сосын «биыл Нұрқанат Жақыпбай деген керемет мықты режиссер қабылдап жатыр. Сен соның курсына лайықсың» деп мені қап-қараңғы бір аудиторияға кіргізіп жіберді. Шашы ұзын, түрі сұсты, қап-қара боп киінген бір кісі отыр алдымда. Қорықсам да, қорыққанымды білдірмей, жаттағанымды бірінен кейін бірін айта бердім. Тоқтар Серіков орындап жүрген «Жүрегім жүрегіңмен егіз бе еді» деген әнді орындадым. Сөйтіп Нұрқанат ағайдың қолынан рұқсат қағазын алып шықтым. Рұқсат қағазының өзі кез келген балаға беріле бермейді екен. 300 бала бағын сынаса, соның 60-70-і ғана рұқсат қағазына қол жеткізіп, оның ішінен үздіктерін іріктейді екен. Сөйтіп 20 шақты ғана бала оқуға түседі. Осылайша құжат тапсырып, драма және кино актері мамандығына оқуға түсіп кеттік. Нұрқанат аға – өнердегі әкеміз. Сол кісінің қолына түсіп, тәрбиесін көріп, тәлімін алу бақыты бұйырғанына бақыттымын. Біздің курс жанып тұрған мықты курс болды. «Оқу бітіргеннен кейін жан жаққа шашырап кетпей, бәріміз бір театрда жұмыс істесек» деп армандайтынбыз. Міне, сол арманымыз орындалды. «Астана жастар театры» ашылып, оған біздің курстың қыз-жігіттерін жұмысқа шақырғанда Нұрқанат ағайымызбен бірге Алматыны қиып, жұмысымызды тастап, Астанаға келдік. Бес жігіт бір бөлмеде тұрып, 19 мың теңге айлыққа жұмыс істедік. Ол кезде қазіргідей театрдың жеке ғимараты жоқ, өзіміз жүк тасып, өзіміз сахна безендіріп, өзіміз жарық түсіріп, қойылым біткеннен кейін жуып-шайып тазалап кететінбіз. Еңсеміз түскенде ұстазымыздың «Бұл – өткінші нәрсе. Әлі-ақ адамдар біздің театрға билетті таласып алатын жағдайға жетеміз» деген сөзі жігер беретін. Ұстазымыз бен ұйымшыл ұжымымыздың арқасында тоғыз жылда сегіз рет республикалық, халықаралық театрлар фестивалінде бас жүлдені қанжығаладық.

– «Алғашқы махаббат» қойылымындағы Айболдың рөліне ішегіміз түйілгенше күлдік. Сіздің байсалды, салмақты рөлдеріңізге куә болған көрермендер танымай да қалып жатты. Бұл образды соншалықты қалай сенімді шығара алдыңыз?

– Комедия – күлдіре отырып, ой тастайтын жанр ғой. Бұл образды өзімнің сыныптастарымнан алдым. Өйткені, құрдастар арасында ойымыз бір жерден қабыспайтын тұстар туындап жүр. Біреуі бір ағымға кіріп кеткен. Біреуі батысқа еліктейді. Ортақ мүдде жоқ боп тұр. Осындай жайттар ойландырып, осы рөлді алып шыққым келді. Сондай-ақ Ерболат Оспанқұлов деген актер бар. Өзі бір сұхбатында «қайда барсам да мені «гілі-гілі» деп атайды деп жүреді. Бір съемкада жолығып, ұзақ сөйлестік. Сөйлегендері қызық. Сол Ерболаттың кейбір іс-әрекеттерін, сөйлеу мәнерін осы қойылымға алып келдім. Бос уақытым болса, базарда газет-журнал сататын таныстарыма барып, әңгіме-дүкен құрамын. Кездескен әр адамның іс-қимылын барлап, көкейге түйіп жүремін. Образ жасау керек болғанда соларды шығарамын.

– Сынға қалай қарайсыз? Сын сізді қаншалықты ширатады?

– Сыншылардың ойларына қатты мән беремін. Өйткені олар сол мамандықта көз майын тауысып білім алды. Ізденді. Әшірбек Сығай аға өмірден озарынан бір апта бұрын «Өнер айдыны» деген радиобағдарламада мен туралы айта келе «Біз, сыншылар талантты, еңбекқор бір әртісті нысанаға аламыз. Сосын тышқан аңдыған мысықтай солардың әрбір рөлін бақылап, қай жерде өскенін, қай жерде шалынғанын зерделеп жүреміз» деген екен. Сыншылар жаман болсын деп емес, қайта одан сайын өссін, ширасын деп айтады. Мысалы, жаңағы өзіңіз айтып отырған Айболды шығаруыма сыншылардың септігі тиді. Мен театрда да кинода да байсалды рөлдерді сомдадым. Сосын сыншылардың арасында «Әділ Ахметовтың рөлдері бір сарынды болып бара жатыр» деген әңгімені құлағым шалды. Намысшыл халықтың ұрпағымыз ғой. Көрермен мені комедия жанрынан да көрсін деп осы рөлді шығардым. Егер мені халық танымаса, сол менің жеңісім болады деп, іздендім. Шынымен, қойылым аяқталғаннан кейін ғана «Айболды ойнаған сіз бе?» деп сұрап жатады.

– Ауылдағы ағайын сізді «Қара шаңырақ» сериалындағы Дәулет рөлі арқылы таниды. Бұл рөлге қалай бекітілдіңіз? Кейіпкердің өзіңізге ұқсас жақтары бар ма?

– Иә, ұқсас жақтары бар. Кастинг директоры Жайна Әбдиева хабарласып, кастингке шақырды. Екі рет видеобайқаудан өттім. Кейін Дәулеттің рөліне бекітілгендігімді айтып, хабарласты. Біз бірінші 25 бөлімнің сценарийін оқыдық. Туған ел мен қара шаңырақты сүйіп, ата дәстүрді құрметтеу, отбасы құндылықтарын дәріптейтіні қатты ұнады. Менің кейіпкерім Дәулет – бапкер, ер мінезді жігіт. Наурыз айының бірінен қыркүйек айының біріне дейін тура алты ай түсірілім алаңында болдық. Бала кезімде бокс үйірмесіне қатысқанымның көп септігі тиді. «Қара шаңырақты» көрермендер өте жылы қабылдады. Қазақы, ұлттық салт-дәстүрімізге, құндылықтарымызға жақын болғаннан шығар.

– Сізді алдағы уақытта тағы басқа қандай жобалардан көреміз?

– Режиссер Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» атты киносында бас кейіпкер Ілиястың рөлін сомдадым. Жабық көрсетіліміне Мемлекет басшысы
Н. Назарбаевтың өзі келіп қатысты. Бұл туындыда қазақ даласында жүргізілген күштеп ұжымдастыру науқаны, қазақты қаусатып кеткен жұт, екінші дүниежүзілік соғыстың салқыны мен одан кейінгі ауыр күндер шебер көрсетілген. Сценарийді неше рет оқысам, көзге сонша рет жас келді. Жақында кинотеатрлардан көрсетіле бастайды. Көріп, бағасын берерсіздер.

– Көрерменді жалықтырып аламын деп қорықпайсыз ба?

– Кейде қорқамын. Сол үшін әр бағдарламадан жылтыңдап көріне бермеймін. Киноға да көп түспеймін. Жақында 100, сосын 16 бөлімді екі киноға шақырған. Бірақ екеуінен де бас тарттым. Әрине, ақша үшін түсе беруге болады. Бірақ мен көрерменнің есінде ұзақ уақыт қалатын сапалы дүниемен ғана шыққым келеді.

– Әңгімеңізге рахмет! Жұлдызыңыз жана берсін!

Сұхбаттасқан
Ә. БЕГІМБЕТ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор-Бас редакторы – Айгүл Қапбарова. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.