Түркi тiлдес халықтардың жазушылары Түлкiбаста бас қосты Избранное

Пятница, 20 Май 2016 04:01 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 5410 раз

Табиғаты тамылжыған Түлкібас ауданы, Пістелі ауылында түркі тілдес халықтардың қаламгерлері мен ғалымдары бас қосып, келелі жиын өткізді. Халықаралық деңгейдегі шараның ауданда өткізілуінің де өзіндік себебі бар. Түлкібастың ертеректегі түп атауы Түркібасы болған деседі. Бұл туралы әлемде теңдесі жоқ ең ұзақ жыр болып саналатын бауырлас қырғыз халқының «Манас» жырында шумақтар кездеседі. Сол атауын қайта қалпына келтіру үшін жанашыр азаматтар басылым беттерінде бұл мәселені жиі-жиі көтеріп жүр. Бұдан бөлек, белгілі жазушы, «Алаш» сыйлығының иегері Мархабат Байғұт осы Пістелі ауылының тумасы.


 MG 8999

Жас ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеп, оларға қолдау көрсетіп, көркем әдебиетке деген қызығушылығын арттыру мақсатында төрт жыл бұрын «Мархабат – Мирас» қоғамдық қоры құрылған еді. Енді, міне, сол қор тағы бір жобаны қолға алып отыр. «Таупістелі тағылымы» деп аталады. 

Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан елдері мен Алматы, Астана мен облысымыздан жиналған жазушылар, көрнекті қоғам қайраткерлері кішкентай ауылда бас қосып, түркі тілдес халықтардың әдебиетін дамыту, ынтымақтастықты арттыру жайын талқылады.
Іс-шара алдымен Таупістелі ауылынан Ұлы Отан соғысына қатысқан жауынгерлерге арналып бой көтерген ескерткішке гүл шоқтарын қоюмен басталды. Осы ауылдан қолына қару алып, соғысқа аттанған 150 азаматтың жартысына жуығы жат елде қаза тапты. Олардың ерлігін бір минут үнсіздікпен еске алып, ерліктерін баян етті.

 MG 9175

Содан кейін Көкбұлақ өзенінің жағасында орын тепкен «Алтын таға» демалыс аймағына жиналып, қазақтың біртуар ұлы, қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың «Түркі тілдес, түгел бол» қағидасы бойынша болашақта бас қосып атқаратын шаруалардың мән-маңыздылығына тоқталды. Түркиядан арнайы келген Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі бауырлас елдерге ортақ тұлғалар мен шығармаларды көбірек насихаттап, санаға сіңіре беру қажет деп санайды.
– Бауырлас түркі жұртына ортақ дүние көп. Тіліміз бен дініміз бір, әдебиетіміз бен мәдениетіміз тамырлас. Бүгінгі басқосудың айрықша мәні бар. Себебі шағын ғана ауылда түркі халықтарының зиялылары жиналып, Елбасы көтерген ауқымды мәселеге қатысты пікір-пайымын білдіруі ынтымақтастықтың өміршең екендігін көрсетеді – дейді ол.

 MG 9162

Бұдан бөлек іс-шарада Түркия елінен келген Түркия Білім министрлігінің жауапты хатшысы, доктор Юсуф Екинжи, Өзбекстан Жазушылар одағы қазақ әдебиеті бөлімінің хатшысы, жазушы, аудармашы Мехманқул Исломқулов, аудармашы, ақын Мұзафар
Ахмад, филология ғылымдарының докторы, ғалым Қазақбай Юлдашов, Қырғызстандағы «Манас» университетінің профессоры, Қырғызстан Президенті жанындағы кеңес мүшесі Қадырәлі Қаңқабаев, ел жазушылары мен ғалымдарының атынан ақын, публицист, «Ақиқат» журналының бас редакторы Аманхан Әлім, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, академик Оңалбай Аяшев және тағы басқалар сөз алып, пікір алмасты.
Шыны керек, бауырлас халықтардың қаламгерлерінен Түркиядан Назым Хикметтен, Татарстаннан Мұса Жәлел мен Ғабдолла Тоқай, Башқұртстаннан Құдаш Сәйфи, Мұстай Кәрімнің ғана есімдерін білеміз. Санаулы ғана қаламгерлердің туындылары тілдің ұшына оралады. Өзгесін насихаттап жатқан ешкім жоқ. Осы мәселеге қатысты белгілі ақын Нармахан Бегалыұлы өз ұсынысын ортаға салды.
– Біз әлі бір-біріміздің классиктерімізді, шайырларымызды танымаймыз. Сол себепті, жыл сайын біздегі он ақынның өлең, проза жинағын түрікше, ал біз олардың қаламгерлерінің шығармаларын қазақ тіліне аударып, кітап шығарып тұрсақ. Егер біз түбі бір түркілер бірге боламыз десек, әрбір үйде болмаса да, зиялы деген шаңырақта орта ғасырдағы Махмұд Қашқари жасаған түркі әлемінің картасы тұруы тиіс. Содан кейін біз өзгеріп кеткен топонимдерімізді қайта қалпына келтіру керек деп ойлаймын, – дейді Нармахан Бегалыұлы.

 MG 9335

Іс-шара соңында «Мархабат-Мирас» қоғамдық қоры тұсауын кескен жас ақындар шабыттана өлең оқыды. Ардагер журналист Байдулла Қонысбек жас талапкерлерге ақ батасын беріп, сәттілік тіледі.
Қаламгерлердің кездесуі Балықты ауылдық округіне қарасты Абай ауылындағы мәдениет үйінде жалғасты. Енді көк түріктің ұрпағы «Таупістелі тағылымында» үш жылда бір рет бас қосып тұратын болды.
Ал кеше Түркістан төрінде ЮНЕСКО-ның 2016 жылды «Қожа Ахмет Ясауи жылы» деп жариялануына орай Мархабат Байғұтқа «Халықаралық Түркі әлеміне қызмет сыйлығы» тапсырылды.

Ә. БЕГІМБЕТ,
Шымкент-Түлкібас-Шымкент