Алаштың ардақты ұлы

Пятница, 08 Июль 2016 06:40 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 6018 раз

Биыл көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО аясында өткелі отыр. 2015 жылы халықаралық ұйымның 38 сессиясында қабылданған қаулы үлкен қолдауға ие болды. Елімізде саяси реформатордың мерейтойына арналған іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр.


Әлихан туралы не бiлемiз?

ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басы Қазақстан тарихындағы маңызды кезеңнің бірі болды. Ресей империясының отарлық саясатына батыл үн көтерген, ұлттық сананы оятқан, білім-ғылымға үндеген шақ Алаш ұлт-азаттық қозғалысымен байланысты еді. Саяси топ басшылары тұңғыш ұлттық-демократиялық саяси партия мен қазақтың жаңа сипаттағы Алашорда үкіметін құру деңгейіне дейін көтерілді. Осындай қоғамдық құбылыстың басында саяси реформатор, ғұлама ғалым Әлихан Бөкейхан тұрды.

Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов өз кезеңінің тәлімі мен тәрбиесі жеткілікті әлеуметтік ортада өсті. Азаттық пен еркіндікті жырлаған ұлттық ауыз әдебиетіміз әлеуметтік танымын қалыптастырды. Оның Санкт-Петербургтегі Орман институындағы оқуы маңызды рөл атқарды. Осы уақытта орыс қоғамында капиталистік қарым-қатынастар енді. Болашақ саясаткер бос уақытында студенттік қозғалыстарға қатысып, жаңа ілім туралы қызу пікірталастарда экономикалық материализм қағидаларын қорғаған көрінеді. Ә.Бөкейхан Мәскеудегі оқуды бітіргеннен кейін Омбыдағы Орман шаруашылығы училищесіне оқытушы болады. Қаланың қоғамдық-саяси өміріне жиі араласады. Жергілікті басылымдарда саяси бағыттағы мақалалары жиі жарияланады.
Ол халықтың әлеуметтік санасын көтеруде, күш-жігерін біріктіруде газеттің орны бар екенін аңғарады. Қазақтың тұңғыш басылымы «Дала уәлаяты» жабылса да қазақ тілінде газет шығаруға ден қояды. Сөйтіп Әлиханның араласуымен қоғамдық-саяси және әдеби-мәдени басылым – «Қазақ» газетінің 1913 жылғы 2 ақпандағы №1 нөмірі Орынбор қаласында жарық көрді. Ол саяси жолында қазақ тілінде ісқағаз жүргізуді ресми органдардан күн тәртібіне қоюды талап етті.
Қазақ тарихында саяси реформаторлығымен қатар, Әлихан Бөкейхан маңызын жоймаған мол мұра қалдырды. Ол ұлттық тәуелсіздікті таңдады. Демократиялық жолды қалады. Келешекке үлкен үмітпен қарады. Халықтың рухани жаңаруы жолында шексіз қызмет етті. Әлихан Бөкейханның мәдениет пен білім туралы ойлары қазір де құнды. «Рухани мәдениет қарауылынан» деген мақаласында ол: «Рухани мәдениеттің бір белгісі жұрт баласына жалпы оқу, газет, кітап оқып, ғылым жолын тану, қол жеткені ғылым жолында ізденіп, адам баласына жақсылық жол ашу», дейді. Ал «Серуен жасап зерттеу әдісі» атты мақаласында автор шын білімнің тәжірибеден туатынын, білім жолының негізі тәжірибе болатындығын жаттап алғанның білім болмайтынын атап көрсетеді.

50-ден астам мерзімді басылымдарда мыңнан сан алуан тақырыптағы еңбектері жарық көреді. «Кестелі сөзді» мақалалар газет деңгейін көтеріп қана қоймай, оқырманы көп болса, оның қазынасы да бай болатындығы, газеттің жаны мақала екендігі де айтылады. «Газетке бәйгеге қосуға өз алдына шебер, білгіш, жүйрік керек… Газетке басшы болу кез келгеннің қолынан келмейді» – дейді автор.

Ол ғылымға да үлес қосты

Әдеби тілді, ғылым тілін қалыптастыруға қосқан Ә.Бөкейхан үлесінің бірі ол – терминдер. Ғалым терминнің мазмұнына, аударылу сапасына ерекше көңіл бөлді. Өзгелердің озық ойларын қазаққа жеткізем, көркемдік танымын кеңейтем деп аудармалар жасады. Әлихан: «Қияметке шейін қазақ қазақ болып жасамақ», деп алаштың жоғын жоқтап, барын түгендейді. Халықтың қамын жейді. Күреске толы ғұмырында ұлттың ертеңі үшін бар күш-жігерін сарп етеді. Білім-тәжірибесін жұмсайды.

Оның аударған оқулықтары мен ғылыми еңбектерінен көптеген терминдерді кездестіруге болады. Мәселен, ол аударған Мәскеуде жарық көрген К.Фламмарионның «Астрономия әліпбиі». Осы еңбекте айдың жартылай тұтылысы – частное затмение луны, айдың толық тұтылысы – полное затмение луны, аспан кеңістігі – небесное пространство, аспан тасы – аэролит, ауыспалы жұлдыздар – переменные звезды, жер белбеуі, белбеу – экватор, бұлтшық – облачко, егіз жұлдыздар – двойные звезды, күннің беті – поверхность солнца, пөліс шеңбері – полярный круг сынды тағы басқа терминдері бар. Сондай-ақ Ә. Бөкейханов жаңадан жасалған терминдерге ұсыныс-пікірлерін де білдіріп отырған. Ғалымның «Кітап сыны» айдарымен қазақша шыққан кітаптардың көпшілігіне сын-пікірлер жазды. Сондай еңбектердің бірі 1925 жылы Орынборда шыққан Н.Островскаяның «Еңбекшілерге кооперация не үшін керек?» деген кітапшасы. Оны аударған Сапа Жүсіпұлы. Осы кітап жөніндегі пікірінде ол: «Сапа жолдас орыстың «потребитель» деген сөзін «тұтынушы» деп қазақшалайды», деп жазады. Бұл рецензия арқылы бүгінгі қолданысымыздағы «тұтынушы» терминінің ХХ ғасыр басында жасалғанын, оның авторы Сапа Жүсіпұлы екенін ғалымдар анықтайды.
Ал Әлиханның 1903 жылы Санкт-Петербургте екі автормен бірге жазған «Қазақ өлкесінің тарихи тағдыры және оның мәдени жетістіктері» атты жарияланған тұңғыш ғылыми монографиясының маңызы зор.

Шығармада ол Қазақ хандығының тарих сахнасына шығуын, хандықтың кейінірек үш жүзге бөлініп Ресей империясымен одақ құрамын деп оның отарына айналуы жайында құнды деректер келтіреді. Сібір және Орынбор қазақтары туралы 1822-1824 жылдардағы екі ереженің күшімен хандық институты жойылып, қазақтың ұлттық мемлекеттілігінен айырылған тарихын мейлінше жан-жақты сипаттап береді. 1910 жылы өзінің ең танымал «Қазақтар» атты тарихи-анықтамалық очеркін жариялады.
Алаш ардақтысының өмір жолымен, мұрасымен танысқан кез келген көзіқарақты жан оның халық өмірінде алатын орнын терең пайымдай алған өресі биік, зияткер мемлекет қайраткері екеніне көз жеткізеді. Ол Абай мұрасын қадірлеп, өзі мұрындық болып кітабын шығарды. Өмірінің соңына дейін Ахмет Байтұрсыновты азаматтық-саяси ұстанымы бір үзеңгілесі, ұлт азаттығы, ел мүддесі жолындағы күрестегі ең сенімді серігі ретінде ерекше жақын тұтты. Бірге елге еңбек етті. Мағжанның поэзиясын, Мұхтар Әуезовтің тілге жетіктігін атап өтіп, алғашқы аудармаларын жоғары бағалады.

Ұлтына қызмет еткен

Сондай-ақ ғалым Еуропада сайлаудың халық үшін үлкен той екенін, халықтық партия құрып, «адаспас ақ жол», «асқар бел, жұрт ілгері басатын іс қыламыз» деп таласатынын үлгі етеді. Сайланған адамы халық қызметшісі һәм орынға сайланғанда мынау білгіш, мынау шешен, мынау көсем, мынау әділ деп әрқайсысын өз орнына сайлайды дейді. Осымен қатар, қырда да жүйрік, өрнекті шешендердің, таза, әділ жақсылардың бар екенін айта отырып, саясаткер-демократ: жөн білетін жақсыны сайлау керектігін ұсынады.
Өкінішке қарай, Ә.Бөкейхан бастаған Алаш жетекшілерінің тәуелсіздік үшін жан аямай жүргізген қажырлы күресі қуғын-сүргіні көп заманға тап келді. Халықтың қаймағы сылынып алынды. «Тірі болсам, …қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деп халқына уәде берген Алаш көсемінің идеясы жарты ғасырдан кейін шынайы шындыққа айналды. Энциклопедиялық деңгейдегі ғұлама ғалым Әлихан Бөкейханның сан-салалы идеялары қайта жаңғырды. Жуырда Әлихан Бөкейхан туралы жинақ жарық көрді. Жинақ авторы Сұлтан хан Аққұлы 2009-2016 жылдар аралығындағы жарияланған ғылыми мақалалары мен сұхбаттарын топтастырған. Мың данамен үш тілде жарық көрген еңбек – Әлихан Бөкейханның ЮНЕСКО көлемінде жарыққа шығарылатын сериялы кітаптарының алғашқысы. Алдағы уақытта оның өмірі мен шығармашылығына арналған тағы екі томдық жарық көреді.
Бүгінде Алаш қайраткерінің идеялық мақсаты –«Мәңгілік Елмен» мұраттас іспетті. Оның мәңгілік аңсары – қасиетті Жер болатын. Ал жерсіз мемлекеттің болмайтыны ақиқат.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.