Карина НАЖМЕДДИНОВА: «Бибiгүл апамның биiгiне көтерiлсем...»

Пятница, 26 Август 2016 13:04 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 4242 раз

Шымкент қаласындағы 75 жылға жуық тарихы бар Жамал Омарова атындағы №1 балалар саз мектебінің шәкірті Карина Нажмеддинова жуырда Италияда өткен халықаралық «Sun of Italy» фестиваль-байқауының Гран При иегері атанып қайтты. 15 жастағы өнерлі қыз үшін биыл өте жемісті жыл болды. Тарата айтар болсақ, ақпан айында Эстонияда өткен Георг Отс атындағы халықаралық байқауда жүлделі 1-ші орынды иеленген болатын. Тағы бір қуанышты жаңалық, Карина биыл мектепті ойдағыдай бітіріп, Астанадағы Өнер университетінің музыка колледжінің студенті атанды.

14021500 581963248658078 8521667132859782717 n

– Карина, операның отаны Италиядағы өнер сапарың туралы айтып өтсең?

– Байқау Италияның Монтекатини-Терме қаласында өтті. Дүниежүзі бойынша 10-ға жуық мемлекеттен үміткерлер қатысқан конкурс біздерге үлкен сын болды. Әрине, мұндай өнер бәйгелерінде әркімнің де жүлделі орындардан көрінуге тырысатыны анық. Маған да оңай соқпады. Бірақ, ұстазым Халида Исмагилованың ақыл-кеңесімен күнделікті жүргізілген репертуарымызды шыңдаудағы тыңғылықты дайындығымыз өз жемісін берді.

– Репертуардың көптеген жағдайда шешуші рөл атқаратыны белгілі жай. Осы жөнінде ойың қандай?

– Иә, дұрыс айтасыз, ағай. Мұны осы уақытқа дейінгі өткен бірқатар байқаулардың барысында аңғаратынмын. Біз ұстазымыз екеуміз ақылдаса келе қазақ және батыс классиктерінің бірсыпыра дүниелерін електен өткізіп дайындап жүрдік. Сөйтіп, дарынды композитор Латиф Хамидидің «Бұлбұлы» мен Италян әншісі Андрея Бачеллидің репертуарынан «Time to say goodbay» әніне тоқталдық. Екеуі де өзіне тән орындау ерекшеліктері мен қиыншылықтары жетерлік туындылар. Бірақ, бар мүмкіндігімді пайдаланып қалыпты деңгейде орындап шықтым деп айта аламын. Олай болмаған жағдайда Бас жүлдені алуым мүмкін болмас еді.

– Еңбегің жанып тек мектебіміздің ғана емес, сондай-ақ Қазақ елінің абыройын асқақтатып қайттың. Ендігі жерде алға қойған қандай мақсат, армандарың бар?

– Бірінші кезекте колледжді ойдағыдай бітіріп, одан кейінгі оқуды операның отаны Италияда жалғастырсам ба деген ниетім бар. Әрине, армансыз адам болмайды. Менің де болашақтағы арманым қазақтың «бұлбұл қызы» атанған Бибігүл апа Төлегеновадай әнші болу.

– Айтпақшы, биыл көктемде Алматы қаласында атақты әншімен кездескен едің ғой...

– Мектебіміздің атын иеленген Қазақстанның халық әртісі, жезтаңдай әнші Жамал Омарова апамыз туралы кітаптың тұсаукесеріне мектеп басшылығы мені де ала барған еді. Осы салтанатты кештің үстінде «Бұлбұл» әнін шырқағанымда даңқты өнер иесі сахнада маңдайымнан сүйіп ақ батасын берді. Бұл менің өмірімдегі ең бір есте қалар сәт болды.

– Енді, ұшқан ұяңа деген лебізіңді тыңдасақ.

– Мені ән өнеріне баулыған ұстазым Халида Исмагиловаға, концертмейстер Вилен Исмагиловқа, сондай-ақ басқа да музыкалық пәндерден сабақ берген барша мұғалімдеріме «Шымкент келбеті» газеті арқылы үлкен алғысымды айтамын.

– Ендеше, Карина, біз де саған өз тарапымыздан өмірде де, өнерде де тек сәттілік тілейміз!

Сұхбаттасқан
Қалмахан ОМАР,
Ж.Омарова атындағы №1 балалар саз мектебі
директорының орынбасары,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.