Шымкент қалалық ардагерлер кеңесі жанындағы әжелер алқасының «Әже – ұлт ұйытқысы» атты байқауында әжелер ән салды, бұралып би де биледі. Ең маңыздысы, ақ жаулықты аналар ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрлерімізді қайта жаңғыртып, жөн-жоралғыларымызды көрініспен сахналады.
Доданың мақсаты да – өскелең ұрпақтың бойына күнделікті қолданыстан қалып қойған ғұрыптарды сіңіріп, елін, жерін сүйетін жаңа заманның жаңа патриоттарын қалыптастыру болатын. – Байқау «Ата-баба дәстүрі – ұрпаққа аманат» бағдарламасы аясында осымен төртінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Өңіріміздегі барлық қала, аудандарда өткізіліп келеді. Абай, Еңбекші, Әл-Фараби, Қаратау аудандарынан қатысқан әжелердің әрқайсысы әртүрлі салада жемісті еңбек етіп, зейнетке шыққан. Олар қоғамдық жұмысқа да белсене араласуда, – дейді Облыстық әжелер алқасының төрайымы Үрзада Айтөреева.
Бірінші көріністе «Босаға майлау» дәстүрі көрсетілді. Бұрын жастар шаңырақ құрып, бөлек шығып, үй болғанда немесе біреу жаңа үй салғанда ағайын-туыс, көрші-қолаң келіп, үйдің босағасына май жаққан. Бұл салт «осы үй берекелі, майдай жұғымды, қонағы көп болсын» деген ырымнан туған. Босағасын майлаған адамға үй иесі сый-сияпат жасап, кәдеге қарық қылған.
Жаңадан қоныс тепкен көршіге ерулік жасап бару салты да сахналанды.
Әдет-ғұрыпты әдеп санамайтын қазіргі кейбір жас келіндерге ой салу мақсатында «келінді төрге оздыру» жоралғысы жасалды. Әжелер бір дастарханға жиналып, келінге ата-баба әруағына сәлем салдырып, «төрге оздырды».
Осы күні балаға азан шақырып ат қоюдың маңызы жоғалып бара жатқандай. Тағы бір сахналық көріністе қатысушылар ақ сақалды атаға жаңа туған нәрестенің құлағына айғайлап, азан шақырып, ат қойғызды.
Баяғыда дауласқан екі тарапты бітімге келтіру үшін ортаға ақ орамал тастаған. Ақ орамалды ешкім аттап өтпеген. Әжелер байқауында бұл ғұрып та назардан тыс қалмады.
Жезтаңдай әжелер халық әндерін нақышына келтіре орындап, жас буынның көңіліне шуақ себеледі. Халық әндерінен өзге өзбек, орыс, корейдің де әнін шырқап, ұлттық биін биледі. Кеш соңында халық әні «Еркем-айдың» әуезіне салып:
– Жасымда айтқан өлеңді,
Қартайғанда қоям ба-ай?!
Қызыр келіп, бақ қонсын,
Қазақстан жеріме-ай!.. – деп әуелетті ақ кимешек киген әжелер.
Байқаудың қорытындысы желтоқсан айында өтетін «Әже әлдиі» деген облыстық форумда жарияланбақ.