Әкiмi ардақтысын iздеген ел бақытты Избранное

Пятница, 09 Декабрь 2016 06:44 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 4582 раз

Расында, біз – бақытты елміз. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың бастамасымен «Туған жерді түлету – перзенттік парыз!» атты қамқорлық акциясының аясында оңтүстіктің төл перзенттері Шымкентке табан тіреді. Елімізге танымал мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар мен әншілер, сондай-ақ кәсіпкерлер, бас-аяғы 150-ден астам ардақты жерлестеріміз туған жерде бас қосты. 

Одан кейінгі шара Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай Көрме орталығында ұйымдастырылған отандық тауар өндірушілердің «Қазақстанда жасалған» көрмесіне ұласты. Мүйізі қарағайдай ақын-жазушылармен, атағынан ат үркетін атақты адамдармен қарапайым жұрт осы көрмеде жүзбе-жүз дидарласып, бір жасап қалды. Көрменің ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев барша қонақтарды егемендігіміздің 25 жылдық мерекесімен құттықтап, өңірдің ширек ғасырда жеткен жетістіктерін баян етті.

– 25 жыл ішінде жалпы өңірлік өнім 1,5 млрд теңгеден 2,5 млрд теңгеге дейін өссе, ондағы өнеркәсіптің үлесі 15 пайыздан 28 пайызға дейін артты. Осы қарқын ағымдағы жылы да сақталып, 10 айда өнеркәсіп орындарымен 643,1 млрд теңгенің өнімі өндірілді, – деді Жансейіт Қансейітұлы. 

Көрмеде әлемдік стандарттарға сай келетін кілем өнімдері, шұлық және үйге арналған тоқыма бұйымдары, ерлер костюмдері, трансформаторлар, су сорғылары, дәрілік заттар мен медициналық құрылғылар, құрылыс заттары, жиһаз, азық-түлік сынды облыстың тауар өндірушілерінің өнімдері жұртшылық назарына ұсынылды. Келушілер қалаған өнімдеріне арзан бағада қол жеткізіп жатты. 

«Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін, батыр болсаң, жауыңа найзаң тисін!» Халқына пайдасы тиіп жүрген ел ағаларын, кәсіпкер-меценаттарды облыс әкімі «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен және Алғыс хатымен марапаттады. «Түркістан» сарайының сахнасында қаз-қатар тізіліп тұрған атымтай жомарт ағалардың еңбегі елеусіз қалмады. 

Тәуелсіздік тойында қастерлі Оңтүстіктің төрінде меценаттармен бас қосып, ортақ істі бірлесе жоспарлауды мақсат тұтқан өңір басшысы әр қиырда аянбай еңбек етіп, абыройға бөленген, табанын жерге, арқасын елге тіреген азаматтарымызды облыс жұртшылығы мақтан ететінін жеткізді. 

Оңтүстіктің өзгелермен салыстырғанда даму мүмкіндігі мол. Климаты, топырағы, халқының еңбекқорлығы, табиғаты бәрі-бәрі бір-бірімен үйлесім тауып тұр. Осындай еңселі елдің елжанды іскер азаматтарын аймақтың дамуына күш салуға шақырған облыс әкімі туризм, ауыл шаруашылығы салаларында іске асырылатын бірқатар жобалармен бөлісті.

– Мәселен, көне Түркістан қалашығын жаңғырту бойынша эскиздік жоба әзірленді. Жобаға сәйкес, Қ.А.Яссауи кесенесінің аумағын абаттандыру, шығыс үлгісіндегі моншалар, сауда орындары, мейрамханалар, ойын-сауық орталықтары мен қонақ үйлер, туристерге арналған алаңшалар, саябақтар салу жоспарлануда. 

Келесі маңызды бағыттардың бірі – Шымкент қаласын дамыту. Бүгінде Шымкент қаласының солтүстік-батыс бөлігінде 427 гектар аумаққа «Шымсити» тұрғын үй алабының нақты-жоспарлау жобасы жасақталып, іске асырылуда. Жобада тұрғындар саны 70 мың адамды құрайтын заманауи 316 көпқабатты тұрғын үй, 7 мектеп, 21 балабақша, 2 емдеу орталығымен қоса спорт кешені, бизнес және сауда орталықтары, демалыс орындары мен саябақтардың құрылысы жоспарланған.

Бас жоспарға сәйкес Ескі қала аумағында қамалды (цитадельді) қалпына келтіріп, қалыптасқан тарихи жоспарлау құрылымын сақтау және тарихи саяжай аумағын құру көзделуде. Бұл жобаға Қошқар ата және Қарасу өзендерінің бойлары енгізілген. 

Сондай-ақ, Шымкент қаласы таулы аумақта орналасқандықтан табиғи шатқалдар аумағы 600 гектардан асады.

Осы шатқалдарды абаттандырудың, спорт ойын-сауық нысандарын, мейрамхана және өзге нысандардың құрылысын жүргізудің жобалары әзірленген. Мұндай тартымды жобалар кәсіпкерлерді қызықтырады деп ойлаймыз, – деді облыс әкімі өз сөзінде. 

Бұдан кейін келген қонақтарға лек-легімен сөз берілді. Әуелі сөз алған Қазақстанның Халық әртісі Сәбит Оразбаев: «Жаңадан әкім келген кезде «Неден бастапты?» деп сұрайтынымыз жасырын емес. Сөйткенімізде, «Түркістаннан бастапты» дегенді естідік. Естідік те, қуанып, ішіміз жылып сала берді. Қасиетті орынды қайта жандандыру бағытындағы істеріңіз оң болсын», – дей келе, – Қасқайған қазағымның маңдайына, кетпестей, кереметтей бақыт қонсын!» – деп дуалы батасын берді. 

Туған жердің түлектері туған топыраққа ат басын бұрмай тұрмайды. Бәрі де келіп-кетіп жүреді. Бірақ, бұл жолғы келіс – бұрынғылардан өзгерек. Елге танымал азаматтар халқының алдында да, әкімнің алдында да, өзінің алдында да есеп берді. «Мен туған жерге нендей еңбек сіңірдім?» Әрқайсының жүзінен, сөзінен осы сауалға жауап іздегені анық білініп тұрды. Тарихымыздан белгілі, Сайрамдағы Мәртөбеде, Ордабасы тауының етегінде әз Тәуке хан үш жүздің басын біріктіріп, ел дауын, жер дауын, келелі мәселелерді шешкен. Мұны айтып отырған себебіміз, бүгінгі жиналыс та сол бір бейбіт басқосуды ойға салатындай... Өңір басшысы туған өлкеміздің тарландарын жинап, түйткілді мәселелерді жайып салды. Оны шешу жолдарын бірігіп қарастыруға жұмылдырды. Мысалы, облыстық мәслихаттың депутаты Қайрат Балабиев жақын арада 2 балабақша, 500 орындық кәсіпорын ашуға сөз берді. Міне, осы тақылеттес сөз, уәде, туған ел үшін жанашырлық, қамқорлық, мұның бәрі айналып келгенде Оңтүстіктің төл перзенттерін бей-жай қалдырмайтынын көрсетті.

 

Суреттерді түсірген Әйгерім БЕГІМБЕТ

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.