Версия для печати

Тренд пен бренд ұлттық нақышта да үлгі табады

Пятница, 13 Январь 2017 08:44 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 7484 раз
Оцените материал
(0 голосов)

«Сыртқы келбетің – ішкі ақиқатың» деген даналық бар. Адамның сыртқы көрінісі өзі туралы ақпараттың жартысын айшықтайтыны анық. Сыртқы келбет-көрініс ең алдымен киім кию мәдениетінен, өзін-өзі ұстау әдебі мен қимыл-қозғалысынан сыр шертіп тұрады. Демек, киген киіміміздің, сән мен  талғамның үйлесімділігіадамның бітім-болмысынан хабар береді.

des 1Бүрмелі көйлек нәзіктікті еселейді

Алдымен, сән әлемінің жұлдыздары ұсынған трендтерге тоқталсақ, әйел жанының нәзіктігін еселей түсетін оюлы, өрнектеліп тоқылған шілтерлі маталар биылғы жылы да сәннен қалмайды. Әр адамның талғамына қарай матаның барлық түрін биылғы киімдерден кездестіруге болады. Демек, «мына мата былтырғы сән еді» деп қам жемейсіз. Есесіне, бүрмелі және желбезектермен сәнделген киім үлгілері 2017 жылдың басты тренді екенін естен шығармаңыз.
Balmain, Fendi, Max Mara, Sportmax, Uma Wang, Elisabetta Franchi, Salvatore Ferragamo сынды танымал брендтердің ұсынған киім үлгілерінде 2017 жылдың иесі Тауық екені ескеріліп отыр. Олар ұсынған нәзікжандылардың әрбір киімінен, сөмке, аяқ киім, тіпті әшекей бұйымдарынан да геометриялық пішіндер, толқынды желбезектер, қысқа кезбе жолақтарды кездестіресіз. Шашбаулы, шашақты сәндік элементтер де жылдың ерекше үлгісі ретінде танылады.

Ыңғайлы киім – ең сәнді киім

Шымкенттегі ОҚМПИ-дің «Ақбаян» студенттік сән театры әлемдік сән индустриясы талаптарына сәйкес параметрдегі қыз-жігіттермен жұмыс істейді. Киім сән үлгілерін көрсету өнерінің жан-жақты қыр-сырларын үйретеді. Өнер адамдары үшін сахналық мимика, сахналық дефиле, жұмыс траекторияларын шыңдайды. Сән театрының жетекшісі – Ш. Қалдаяқов атындағы облыстық филармониясының дизайнері Марат Ерімбетов (суретте).
Қала тұрғындарының тыныс-тіршілігі мен табиғатына жайлы, танымына жақын сән үлгісі туралы жергілікті маманның кеңесін де тыңдап қайттық.
– Сән әлемінде «қатып қалған қағида» болмайды. «Биыл осы сән болып» жатыр деп кез келген киімді кию арқылы адамдар тартымдылығын арттырмайды. Керісінше, өзінің қаншалықты талғамсыз екенінен хабар береді. Сондықтан, әрқашан тек өзіңізге жарасымды, күнделікті өмірде атқаратын жұмысыңызға ыңғайлы, қимыл-қозғалысыңызға кедергі келтірмейтін киім үлгісін таңдаңыз. Сізге жарасып тұрған киімнен артық тренд жоқ, – дейді ол.

des 3  des 2 

 

Киім түсін қалай таңдайсыз?

Әйтсе де, Марат Нәлжігітұлы түс таңдау да үлкен жауапкершілік екенін айтады.
– Салыстырмалы түрде, биыл әлемде барлық ашық түсті киімдерді бір-бірімен үйлестіріп кию сән. Бірақ, ұлттық болмысты ескерсек, мұндай түстер біздің жасөспірімдерге ғана жарасуы мүмкін. Себебі, олар – жас, ойы ұшқыр, қиялы әр алуан, мінезі құбылмалы, әсершіл, сезімшіл. Ал 30-40 жас аралығындағы қыз-келіншектер қызыл туфли, жасыл белдемше, сары жейде, көк кастюм киіп алса, қоғам оны қалай қабылдайды? Сәнді деп таңдаған киімді киіп, өзіңізді жүрген ортаңызда ыңғайсыз сезініп қалмаңыз. Тіпті, қазақ халқының жігіттері 25 жастан асқан соң қып-қызыл, сап-сары түсті киімдерді кимейді, – дейді дизайнер.
Әйтсе де, киім түстерін ұтымды пайдаланудың мүмкіндігі көп. Жергілікті маман жазиралы кең далада жаздың күні жасыл, аспан көк, жарқырап тұрған күнмен үндесетін ашық түсті киімдерді таңдауға кеңес береді. Ал күз, қыс маусымына қарай жапырақтың түсі сарғайып, жер қоңыр тартады. Бұл жақта қыс мезгілі ақ көрпе жамылған даланың кейпін кимейді. Жауын-шашынды, лайлы, азды-көп қардың болатыны да рас. Дегенмен, қызғылт сары, от түсті, қара, қоңыр, қою көк, қою жасыл, сұр түстерді «кір көтеретін» деп таңдау үлкен қателік. Қара – классика. Қоңыр – ұстамдылық, терең ойлылықты айқындайды. Қою көк – тұнып тұрған құпия мен қайраттылықтан хабар берсе, қою жасыл түсті – өте салмақты, кең, өте талғампаз әрі жауапкершілігі жоғары адамдар таңдайды екен.
– Оның үстіне, Мұхаммед пайғамбардың сүйікті түсіне айналған жасыл түс биылғы жылдың үздік таңдауына айланып отыр. 2017 жылы сәнді түстердің бірі алтын түсті маталар болмақ. Бұл екі түсті өзімнің сәндік коллекцияма да қосатын боламын, – дейді дизайнер.
Әр түсті өзіңіз туралы хабар беруге ұтымды пайдаланыңыз.

des 4  des 6 

Матаның сапасына мән беріңіз

Франциялық Эдмон де Родшильд «Мен арзан зат сатып алатындай соншалықты бақуатты емеспін» деген. Бұл сөзді салмақтай түсетін қазақтың «Арзанның сорпасы татымас» дегені де бар. Дизайнер Марат Нәлжігітұлы да осы ұстанымнан ауытқымауға кеңес береді.
– «Бағасы арзан» деп таңдаған киім сізді қаншама әлекке салады, – деген ол бір кигенде әдемі болып көрінгенімен бір жуғаннан кейін сыр беретінін алға тартады. – Адам неше түрлі ортада жүреді. Ең берісі, қоқыс маңынан өтіп, көшенің шаң-тозаңын жинап қайтасыз. Ондайда гигиеналық тазалықты сақтау үшін киім міндетті түрде жуылады. Жалпы, киімнің өзі гигиеналық тазалық үшін де қызмет атқаруы керек. Мысалы, тек-жеңнің жинақы әрі жабық болуы тәнді, теріні түрлі ауру-сырқаудан сақтайды. Сонда әр жуғанда жарамдылығы кеми түсетін киім адамды қайта шығындалып жаңасын іздеп сабылуға мәжбүрлейді. Ал сапалы болса, әр маусым келген сайын бірнеше рет пайдалануға жарайды.
Дизайнердің кеңесіне құлақ түрсек, киімнің тігісінің өзі сапалы дүниені таңдауға сеп. Ол саудагердің «жарнамасына» сену тұрмақ, оны мүлде тыңдамай-ақ, өз таңдауыңызды жасауға кеңес береді. Себебі, сіз өзіңізге киім таңдайсыз және ақысын да өзіңіз төлейсіз. Дәл қазіргідей қыстың күндері қалың киім алсаңыз, оның астарын жәй ғана тартып көріңіз. Матаның жіптері ыдырай бастаса, онда сапасыз болғаны. Жіп жиі болған сайын, сапалы мата ыдырамайтын болады. Яғни, мата жіптерінің арасы ашылмайды. Бұл бір. Екінші сынақ, тігіс жібінің мейлінше жібектен болуына мән беріңіз. Үшіншісі, киімнің түтіліп кетпейтінін анықтау үшін қолыңызды сулап, матаны айналдыра сипалап көріңіз. Түтілетін мата сол сәтте-ақ түйінге айнала бастайды. Төртіншіден, матаның шуып кетпейтінін білу үшін оны уысыңызға салып умаждап көріңіз. Ол қыртыстанып қалған соң қайтадан бір-екі сипап көріңіз. Қыртысы жазылмай қалса, міні бар. Қымбат мата мыжылған күйде қалмайды.

Ою-өрнекке сұраныс жоғары

Қазіргі таңда қазақы оюмен өрнектелген киімдерге сұраныс артты. Бұған дейін той-томалаққа ғана киілетін бешпент, нымша, шекпен сияқты ұлттық киімдерді қазір күнделікті киіп жүретін жандар бар. Оларды сауда орындарынан табу да қиын емес. Қазақтың ою-өрнегін жақсы білетін көрші елдердегі ағайындар оны топ-тобымен өндіріп жатыр. Әйтсе де, күнделікті өмірге, кеңсеге жалт-жұлт етіп тұратын киімдер жарамайды. Осы орайда дизайнер көмегіне жүгінетіндер көп-ақ.
– Ұлттық нақыштағы ою-өрнегі бар киім дизайнын тапсырыс берушінің талғамымен санаса отырып жасаймын. Ал менің сызбама қарап, дүниені дәл тігіп шығаратын бас шебер Гүлнәр Құдайқұлованың еңбегі ерекше.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.

Похожие материалы (по тегу)