Жамбылдың жүрегiн жаулаған жауһарлар

Пятница, 20 Январь 2017 06:47 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 11264 раз

Жыр дүлдүлі Жамбыл атамыздың «Менің өмірім» деген өлеңіндегі:
«Қақаған қар аралас соғып боран,
Ел үрей – көк найзалы жау торыған.
Байғара, Жамбыл, Ханда мен туыппын,
Жамбыл деп қойылыпты атым содан», – деген жолдарынан оның Жамбыл тауының етегінде ақ түтегі бораған ақпанда туылғанын білеміз. Жамбыл жоқшылықтың жұтаң тұрмысын кешіп өсті. Әкесі Жапа кедей болғанымен ел ішінде сөз ұстаған, дау-дамайда бітімгерлік шешімін айта білген адам екен. Шешесі Ұлдан мінезі салмақты, төңірегіне тәлімді, қисыны келгенде қиыстырып өлең шығара беретін, отырған жерінде әдемі дауысымен сызылтып ән салатын, өнерге жақын жан болыпты. Жамбылдың арғы аталарынан ділмар шешендер, өнерпаз серілер шыққан екен. Содан болар Жәкеңнің тегі – Екей руы туралы ел ішінде: «Екейде елу бақсы, сексен ақын, Жаратып мінеді екен ерттеп атын. Қобызы, домбырасы үнін қосып, Гулейді жын қаққандай кешке жақын» деп шындықты әзіл араластыра айтатын көрінеді.
Ес білген соң әкесі оны ауыл молдасына оқуға береді. Бірақ дүмше молданың ұрып-соққан қорлығына шыдай алмаған бала Жамбыл «дүмшеден дәріс емес, дүре алғанша, қолыма домбыра алып, жыр айтайын» деп өлеңге бетбұрады. 13 жасынан бастап-ақ ақындыққа аңсары ауып, өлеңнен өрнек тоқи бастаған бала бірде үйге әкесінің үстіне кіріп келіп:
«Батаңды маған бер, әке,
Тіліме менің ер, әке.
Жапаның ұлы ақын боп,
Жақсы істепті – дер,әке!» – деп батыл тұрып бата сұрапты.
Молданың алдын тастап кеткен баласының бағытын құптай қоймаған әкесі «Екейде елу бақсы, сексен ақын» деген сөз де жетер, Сен сексен бірінші болмай-ақ қой. Ақынның түбі – қайыршылық, бақсының түбі – жын. Жын, бақсы болып ел кезгенше, мал бақ» деп теріс аунап түсіпті. Бірақ өр мінезді, тентектеу болып өскен бірбеткей бала айтқанынан қайтпай Жетісу бойына атағы шыққан Сүйінбай ақынға барып, сөзін сынатып, батасын алады. Жамбылдың:
«Менің пірім – Сүйінбай,
Сөз сөйлемен сыйынбай.
Сырлы, сұлу сөздері
Маған тартқан сыйындай
Сүйінбай деп жырласам,
Сөз келеді бұрқырап,
Қара дауыл құйындай», – деп ұстазын ардақ тұтып өткені де сондықтан. Байдың қойын бағып жүргенде далада ұйықтап қалып, түсінен ақын болып оянған Сүйінбай ұстазы секілді Жамбылға да ақындық өнер түсінде қонады. Мұны ақынның өзі: «Бір күні Жетісай жайлауында жылқы бағып жүріп, түс көріппін.Түсімде ақсақалды қария келіп: «өлең аласың ба, көген аласың ба?» деді. Мен: «Өлең!» деппін. Оянып кетсем, көкірегімді бір толқын кернеп, алқымыма тығылғандай болып жатыр екенмін. Дереу үйге жетіп, домбыраны ала салдым да оңды-солды төгіп-төгіп жіберіп едім, кеудем ашылып, жан-сарайым кеңіп сала бергендей болды» деп еске алғанын білеміз. Сол өрекпіген жыр толқынның екпінімен 17-18 жасында-ақ топ жарып, айтыстың ақберен жүйрігі болып таныла бастаған Жамбыл Жабаевтың есімі Жетісу өңіріне түгел тарайды. Жамбылдың осы өңірдегі аузымен құс тістеген небір шешендермен сөз додасына түскен шақтарында жүрегіне шоқ түсіріп, махаббаттың машаһатына салған ақын қыздар Бұрым мен Сараға деген сезімі оның тағдырының мұңды бір бөлшегі болып қалды.
Жамбыл жиырма жеті жасында Айқым еліндегі бір тойда Қыдырма қызы Бұрым сұлумен танысады. Талшыбықтай бұралған бойжеткен ажарымен ғана емес, ақындығымен де, әншілігімен де жүрегін бірден жаулайды. Жәудір көз, ақша маңдай, алма мойын арудың көркіне өнері, сөзіне ақылы сай екенін аңғарған ақын жігіт қайымдасып, жөн сұраса келе айтыстың қызығын сезімінің қызуымен қабыстыра термелей жөнеледі. Қыз да осал қарсылас емес еді. Әйткенмен сан рет кездесіп, жұрттың да желігін қоздырып, өздері де желе қатар тақымдасқан қос ақын бірін бірі жеңе алмай тарқасатын. «Жамбыл-ау, бұл қызбен ұзақ, қызу айтысып, не жеңбедің, не жеңілмедің» дегендерге: «Мен Бұрыммен жеңу үшін айтысып жүр дейсің бе?» деп көңіл көкжиегіндегі сырдың ұштығын шығара жауап беріп қояды. Қыз да Жамбылдың жан- жүрегіндегі ынтық сезімге ыстық ықыласымен жауап беріп, қос ғашықтың арманы бір арнаға тоғысады. Әттең, бірақ Бұрымның айттырылып қойған жері бар.Ал жүректің қалауы – Жамбылда.. Шешуші сәт тақап, айттырылған жаққа ұзатылар шақ жақындағанда қыз ғашығымен кетуді ұйғарып, Жамбылға шешімін білдіреді. Жамбыл сүйгенін алып қашып, ағайындарына барып паналайды. Бұл оқиға екі елдің арасында үлкен дау туғызып, жауласуға әкелетін жағдайға жетеді. Ел іші бұзылатын болғандықтан Жамбылды өзіне жақын тұтатын осы аймақтың беделді болысы Сарыбай ақын жігітті зорлықпен көндіріп, Бұрымды төркініне қайтарады. Заманның зауалы, қоғамның әділетсіз қағидасы ақын жүрегін қатты жаралап, еңсесін езеді. Кіршіксіз сұлу сезімінің тұнығын мұң шайқап, жаны жабырқаған Жәкеңнің «Бұрымға» деген өлеңі осындай нала мен арманнан туған еді.
«Сен лашын болғанда, мен ақ сұңқар,
Бір көріп, дидарыңды болдым іңкәр.
Көркің бар көрген адам таң қалғандай,
Шыққандай жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар.
Жасымнан жақсыларды жағаладым,
Алатау, Қаратауды араладым.
Қай тұсқа аттың басын тіресем де,
Өзіңнен басқа сұлу таба алмадым.
Жарқ еткен оқтан ұшқыр бота көзің,
Балқытар қорғасындай айтқан сөзің.
Сыртыңнан атыңды естіп жүруші едім,
Қаңбақтай жел аударған келді-ау кезім.
Айрылдым айжарықта Бұрымымнан, 
Азаптың кім құтылған құрығынан.
Жастықтың желігімен жүргенімде
Келмейтін Сырдың суы жұлығымнан.
Есімнен еш кетпейді қайран, Бұрым,
Мүшелі байланбаған ол бір құлын.
Қайтесің өткен істі еске салып,
Жүрегім қасіреттен жырым-жырым», –
деп келетін жырынан ақын жанының ащы запыранын сезгендей боласың. Өкінгенмен өктем заман өткелінен өтер жол жоқ. Айкүміс ақынмен бір айтысында Жамбыл «әуелден-ақ болдың ойда», «құмары басылмаған албырт едім» деп ақын қызға жігіттік желігін білдіре тіл қата отырып, «жасшылық ұрындырды талай жарға» деген өкінішін де астарлап аңғартады. Сөз орайында қиянатшыл қоғамның қыз тағдырына тұсау салар қысастығына қынжыла келіп:
«...Сол үшін жатсам, тұрсам арманым көп,
Қор болып кете ме деп бір жаманға», – деп қайырады. Сонда Айкүміс адамның ерік шеңберін заманның шеңгелімен шегендеп:
«Жамбыл-ау, күпсінесің неге сонша,
Құтқарып қыз біткенді қалған жанша.
Қолдағы қаршығаңнан неге айрылдың,
Тұтқасы дүниенің сенде болса?!» – деп астарлай ой тастайды. Айкүмістің «қолдағы қаршығаңнан неге айрылдың?» дегендегі меңзеп отырғаны—Бұрым болатын. Әрине, ақын қыз бұл жерде дәрменсіз жігітті кінәлап та, күстаналап та отырған жоқ. Ол уақыттың уысындағы тағдырдың тар жолына нала көңілін білдіріп отыр.
Бұрыммен тағдырын табыстыра алмаған Жамбыл ақынның өмірлік жолына ескіліктің солақай салтының тосқауыл болғаны бір бұл ғана емес еді..Жастық дәуренінің қимас күндерін сырлы сезімге шомылдырып, тағы бір сұлу жолыққан. Ол – Албан Бөлек батырдың қызы – Сара ақын болатын. 1875 жылдың қоңыр күзінде Қарқара жайлауындағы әсем бір кеште алтыбақан басында тамылжыта ән салған әппақ арудың айдай жүзі, тана көзі жасы отызға ойысқан ақын жігіттің жүрегіне шоқ салды. Ерке қыздың есті алған назды үні Жамбылдың жүрегінде жыр толқытты. Ақын жігіт көкірегін кернеген арман отын ару бойжеткеннің балбыраған өңі мен балдай үні еріксіз үрлеп, аңсаған бақытын осынау жайлауда тапқанын өлеңмен өріп, әуенмен әрлеген. Сара қыз да сырттай атына қанық, санасы өзімен теңдес замандасының зерделі сөздеріне зейінмен ынта қойып, ішкі сезімін тұспалмен жеткізген. Бір-бірінің сырын алысқан Жамбыл мен Сара бұдан кейін де осындай сауық кештерде бірнеше рет жолығып, қыз бен жігіт болып айтысып, сезімдерін сұлу сөзбен қағыстыра, көңіл түкпіріндегі тілектерін қабыстыра бір-біріне өлең арнайтын. Сараның «Угай-угай-әй-угай» деп сызылта салатын әні жігіт жанының толқындарын дөп басып жататындай еді. Өнермен танысып, өлеңмен табысқан қос өнерпаз бір-бірінің жүрек сырын қапысыз ұғысқан. Сол сезімнің жетегімен екеуі бас қоспаққа уәде байласқан. Бірақ ғашықтардың жүрек әміріне жүген салған қыз әкесі Сараны айттырылған жеріне ұзатып жібереді. Жамбыл сүйгенінің соңынан іздеп барып, ебін тауып кездеседі де. Мұңлық ғашығы сонда көз жасын көлдете тұрып қалаусыз құшақта қор болып өтетін өміріне өксіп, арманын аңсаумен күн кешетініне налып, шерлі көңілінің күйін ақтарған. Көңілдің қалауын сезім-балға емес, қалыңмалға бағалаған әңгүдік күйеу әйелінің салқын пейілін сезіп, бейшараны жәбірлеп, ұрып-соғумен болады. Қорлық пен зорлықты, қасірет пен қайғыны көтере алмаған қайран Сара құсалықтан қайысып, қайтыс болады.
Жанына жазылмас мұң салып кеткен ғашығының қасіретіне езілген Жәкең өткен күндердің өзекті өртеген өкініші еске түскенде «Сара десе дегендей еді-ау, шіркін!» деп күрсініп, өз-өзінен күбірлеп отырады екен. Терең ойға түскен ондай шақтарда Сараның «Угай-айына» салып, ыңылдап ән салатынын сырт көз талай байқаған. Кейініректе жұрт Жамбылдың әні деп айтып жүрген «Угай, угай, әй-угай» расында Жәкеңнің емес, Сараның әні еді.
Жамбыл атамыз жас күнінде Құлмамбет, Сарбас, Нұрмағанбет, тағы басқа әйгілі ақындарды айтпағанда сөзбен зер тоқыған Айкүміс, Сайқал қыз, Бөлектің қызы секілді ақын қыздармен де айтысқа түсіп, оларға жігіттік желдірме көңілмен сылқым сөзін арнағаны анық. Бірақ Бұрым мен Сара қыздың ақын тағдырындағы жөні бөлек. Бұл екі ару да жыр дүлділінің өнер жолындағы ғана емес, өмір жолындағы да қимас, қымбат жауһарлары еді.
Сүйген жүректі қайта-қайта сүріндірген қиянатшыл заманның зұлымдығы мен әділетсіздігінен жаны жүдеп, көңілі жабырқап жүрген шағында әкесі Жамбылға Орынбек дегеннің қызы Момынды құда түсіп, алып береді. Бірақ Қожаш, Қожамберді, Қожақ атты үш ұл тұған Момын өмірден ерте озады. Қырыққа таяған жасында Жамбыл өзі қалап Тілеуқабыл қызы Қанымжанды айттырып, бас қосады. Жамбыл жар қызығы мен шаңырақ шаттығын осы Қанымжаннан көреді. Одан Алғадай, Шымбай, !зтілеу, Тезекбай туылады.
...Ия, жасы жүзге таяп өмірден өтсе де Жәкеңнің жүрегін жаралаған жауһарлар оның жанының мәңгі сағынышы мен аяулы арманы болып қалғаны ақиқат.

Асхан ҚОЖАКЕЛДІҚЫЗЫ

ҚазМУ-дің 1979 жылғы түлегі. Көкшетау облыстық «Көкшетау правдасы» газетінде, Сарыағаш аудандық «Сарыағаш» («Қызыл ту») газетінде бөлім меңгерушісі, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде бас редактордың 1-ші орынбасары қызметтерін атқарды. Қазір қалалық «Шымкент келбеті» газетінде жауапты хатшы.