Жанарым менің – жүрегім

Среда, 01 Февраль 2017 05:17 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 5917 раз

Жас ақын Ербек Бакиевті бүгінде ел жақсы таниды. Оның лирикалық өлеңдері ерекше. Сыршыл  жыр шумақтарынан өмірге құштар жанды елестетеміз. Қоғамдағы оқиғаларды өлеңмен өрнектеген ақын шығармашылық кешін өткізді. Облыстық әзіл-сықақ және сатира театрында өткен шара жырсүйер қауымға әдемі әсер сыйлады.

erbek

Кеште ақынның «Өмірге ғашық жандар» атты кітабының тұсауы кесілді. Бұл жолы Ербек 25 жанарсыз жанның 25 жылдағы жетістіктерін, қоғамдағы орнын, атқарған жұмыстарын көрсетіпті. Бұл еңбектің бір ерекшелігі, жаңа туынды 25 прозалық шығармадан тұрады.

Кеш барысында ҚР Мәдениет қайраткері, белгілі драматург Сая Қасымбек автордың өлеңдерін оқып, кеш қонақтарын ұйытты. Ол Ербектің кітабына алғысөзін де өзі жазыпты. 

- Мен Ербектің еңбегін ерекше бағалаймын. Оны мұз арасын жарып шыққан бәйшешек дер едім. Олар өмірдегі біз байқамайтын дүниелерді көрмегенімен, жүрекпен сезеді,-дейді Ж. Шанин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі Сая Қасымбек. 

Ербек Бакиев ақындық қабілетін көзі нашар көретін балаларға арналған «Үміт» мектеп-интернатында оқып жүріп ұштады. Қазіргі таңда өлең Ербектің өміріне айналған. Өмірге құштар жігіт қоғамнан тыс қалған жоқ. Мәдени іс-шараларға белсене атсалысты. Өзі секілді өнерпаздар жастарды жетелеп, қолдау көрсетті. Ізденімпаз жанның шығармалары жергілікті басылымдар бетінде жарияланды. Бүгінде ол ОҚО көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған кітапханада қызмет етеді. 

Кеште ұстаздары мен әріптестері Ербек жайлы әңгімелеп, шығармашышылық жетістіктері мен азаматтық қырларына жан-жақты тоқталды. Ербектің адаммен тез тіл табысқыш, бауырмал қасиеттерін кейінгі жастарға үлгі-өнеге екенін жеткізді. Ұлағатты ұстазы Лескүл Әмірбекқызы шәкіртінің жетістіктеріне марқайып, ақ тілегін ақтарды. 

Айта кету керек, кеш бірсыдырғы сарында өткен жоқ. Ербек Бакиевтің үзеңгілес өнердегі достары Мадина Ермаханова, Рүстем Тайыров, Айнұр, Смандияр жүректі тебірентер әндерімен көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. 

Өмірге құштар өнерлі жастар Ербектің жырларын оқып, өлеңдеріне жазылған әндерді орындады. 

Шара соңында драматург Сая Қасымбек Ербек Бакиевке өнердің қарашаңырағы саналатын Ж. Шанин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театры ұжымының құттықтауын табыс етіп, ақынға мықты денсаулық, шығармашылық табыстар тіледі.

Последнее изменение Четверг, 02 Февраль 2017 11:03
Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.