Версия для печати

«Бір түп алма ағашы»

Среда, 15 Февраль 2017 06:22 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 6195 раз
Оцените материал
(0 голосов)

ЖАСТАР ТЕАТРЫНЫҢ ШЫМЫЛДЫҒЫН ТҮРДІ

 

Шымкент қаласында Жастар театрының тұсауы кесілді. Өнер көгіне ұядан ұшқан балапандай қанат қаққан жас ұжым алғашқы қойылымына Әлімбек Оразбековтің «Бір түп алма ағашы» пьесасын таңдапты. Олардың «өз театрымыз болса екен» деген ұсынысы қолдау тапты. Көрдік, көзайым болдық. Қоюшы режиссері М.Əуезов атындағы ОҚМУ-дың аға оқытушысы Айна Емкулова.

IMG 8028

Оның актер шеберлігі маманы ретінде қолтаңбасы анық байқалды. «Немен бітер екен?» деген ойдың жетегінде тұңғиығына тартып әкетті. Дегенмен көрерменнің көңіл пернесін дөп басты. 

«Баяғыда бір түп алма ағашы болыпты. Үлкейіп өсіп, жеміс беріпті. Ағаш әрі қарай иесінен мұнан да көп алма берсем дейтін көрінеді. Бірақ бұтақтары «сенсіз де өмір сүреміз» деп тамырлы ағаштың көңілін қалдырады. Не істерін білмей күйінген ағаш күннен күнге сола береді. Қойылымда да солай... Тағылымды аңызға негізделген пьеса алма ағашының түбінде баяндалады. 

Әкеден ерте айрылған отбасы мүшелерi аналарының туған күніне жиналып, ауылдағы қарашаңыраққа жиналады. Бауырлардың отбасында бас қосуына үйдің кенжесі Мақсат ықпал етеді. Қоларбаға таңылған мүгедек жігіт анасының жанында болады. Ал көкесі мен әпкесі қалада. Әрқайсысы арман қуып, оқиды. Білім алады. Бірақ олар қарақан басының қамын ойлап, адамдық қасиеттен алыстап кетеді. Жалғызбасты анасы мен мүгедек бауырларының сенімін ақтамайды. Қуанышқа жиналған дастархан басында әрқайсысы өз басының жайын күйттейді. Бірін-бірі тыңдамай, менікі дұрыс деп бет бақтырмайды. 

IMG 8142

Бала күнгі бауырмалдық пен сыйластықтың жұрнағы да қалмаған. Бір-бірі үшін жүрегін жұлып беруге дайын бауырлардың жанашырлығы құмға сіңген судай ғайып болған. Бүгінгі қоғамдағы отбасындағы араздық, бауырлар арасында талас-тартыс бір дастархан басындағы сюжет желісіне сыйып тұр. Қойылым соңы қайғылы оқиғамен аяқталады. Мақсат бауырларының араздығына шыдамай, өзін құрбандыққа шалады. 

Алғашқы қойылымда езу тартқызар диалог та, күлдіргі көрініс те көп. Әрине, көрерменге мұндай көңіл күй сыйлау үшін әртістік шеберлік керек. Бірақ қойылымды студенттер кейіпкерлер арқылы сәтті ойнады. Еңбек жолында сахналаған алғашқы туындысын жүрекке жеткізу үшін театр ұжымының көп күш жұмсағаны көрініп тұр. Рөлдерді М. Әуезов атындағы педагогика және мәдениет факультетінің оқытушылары мен студенттері алып шықты. 

IMG 8116

– Жастардың өнері толқытты. Кәсіби кемшілігін, шынайы сенімдері толықтырды. Студенттердің ойыны көрермендерін сендірді. Маңыздысы сонда! Жастардың өнерін өрістету арқылы, Оңтүстік мәдениеті жаңа биікке жол ашты, – дейді Ж. Шанин атындағы қазақ драма театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі Сая Қасымбек. Сондай-ақ Жұмат Шанин атындағы облыстық академиялық драма театрының актері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Мәжит Ілиясқаров сөз сөйлеп, жастар театрына сәт-сапар тіледі. 

Алғашқы қойылымға біраз шығармаларды таңдадық. Десе де, Әлімбек Оразбековтің «Бір түп алма ағашына» тоқталдық. Бұл пьеса жастардың жан дүниесіне жақын – дейді театрдың көркемдік жетекшісі, сахна қозғалысы маманы Алмас Бауыржанұлы. 

Қазіргі таңда театр құрамында 30 студент бар. Алдағы уақытта жас ұжым 14 пен 29 аралығындағы өнерге қызығушылығы бар жастарды қабылдайды.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.