Айжігіт АСАНОВ: «Алпыс талтүс сияқты»

Среда, 01 Март 2017 07:50 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 7685 раз

Ән әлемінде есімі танымал Айжігіт Қалмырзаұлы туралы көп дүние айтуға болады. Ол – өнерде өзіндік нақыш, мәнерін айшықтай білген азамат. Парасат-пайымы да бөлек. Биыл асқаралы алпыс жасқа толып отырған композитор ағамен аз-кем сырласқан едік. 

aizhigit asanov

– Айжігіт аға, Шерхан Мұртаза «60-талтүс» деген екен. Сол талтүстегі шағыңызда артыңызға бұрылып, қарасаңыз не көресіз?

– Алпыс – адамның өмір жасындағы бір белес қой. Бұл, өмір мектебінен сабақ алып, тәжірибе жинап, ой түйетін кез. Иә, Шерағаң айтқандай, алпыс тал түс сияқты. Өткенге көз жіберіп, қолымнан не келді, не істедім деп өзіңе іштей есеп береді екенсің. Менің ғұмырымның 26 жылы телеарна саласында өтті. Қатардағы инженерден бастап, директордың техника жөніндегі орынбасары, директордың міндетін де атқарған кездерім болды. Телевидениемен бірге есейіп, бірге шыңдалып, оның өсіп-өркендеуіне шама-шарқымша үлес қостым. Атқарған шаруаларымның бәрін тізбектеуім шарт емес. Тек мына бір жайды айтып өткім келеді. Кезінде құны 1 млн АҚШ долларына жуық ЖТСС-ті (жылжымалы телеспутникті станция) Қарағандыға беретін болған. Корпорация басшылығының сол шешімін өзгертуге ықпал етіп, ЖТСС-ті біздің телеарнаға берілуіне себепші болғаныма қуанамын.

– Шымкентте шығармашылығыңызды дәріптеген шаралар өте ме?

– Халықпен жүздесу – әрбір өнер адамның арманы. Бірақ шығармашылығым жөнінде ел алдына шығып, есеп беру жөнінде әлі күнге ойланбаппын. «Айжігіт, қашан кеш өткізесің? Елге есеп беретін кезің болды ғой» деп достарымның айтқанына біраз болды. 60-тың асқарына шыққанда шығармашылық есеп беруім керек шығар деп ойландым. Жарыққа шықпай жатқан әндерім қаншама?! Алдымен әндер жинағымды екі кітаппен, нотаға түсіріп шығармақпын. Сондай-ақ екінші альбомым жарық көрмек. Алла жазса өнерсүйер қауымға биыл есеп берудің сәті түсетін сияқты.

– Бала күніңізде өнер адамы болам деп ойладыңыз ба, ата-анаңыздың оған қатысы бар ма?

– Өнерге қызығушылық мектеп қабырғасынан басталды. Домбыра тартып, мандалинде ойнадым. Әрі сабақты жақсы оқыдым. Бірақ сол уақытта өнер саласын үлкендер қаламайтын. Маған ұстаздарым: «Сен оқуың керек. Өнерді қуып қайтесің?» – деді. Ата-анам да әртіс болғанымды құптамады. Үлкендердің сөзі бұлжымас заң ғой. Содан құрылысшы, прораб болуды армандадым. Кейін электроника жағына көңіл ауды. Алғашқыда осы сала бойынша Қазақ политехникалық институына оқуға құжат тапсырдым. Бірақ жолым болмай, сынақтан сүріндім.
Келесі жылы әскерге шақырды. Үш күннен соң, келесі шақыртуға қалдыңдар деп қайтарып жіберді. Алып-ұшқан көңілім су сепкендей басылды. Не керек, политехникалық институтқа қайта бардым. Жолым болып, оқуға қабылдандым. Оқу орнында оқып жүріп, әскери мамандық алдым. Сол уақытта «Дос Мұқасан» ансамблінің аты дүркіреп тұрған. Политехникалық институтта оқитын оларға қатты еліктейтінбіз.
Адам композитор болып туылмайды. Бір пайыз дарын болса, 99 пайыз еңбектен тұрады. Мінезім тұйықтау болғандықтан, көпшілік ортадан шеттеп жүремін. Маған адамның ішкі жан-дүниесін тербеген иірімдер әуен арқылы сыртқа шығатындай көрінеді. Тұманбай Молдағалиев сынды ақындардың өлеңдерін жатып-жастана оқитынмын. Бірде өлең жолдарының бірі ұнап қалды. Шумақтары әнге сұранып тұр екен. Әуенін жазса қалай болар екен деген ой туды. Алғашқы әндерім 1980 жылдары институт қабырғасында оқып жүріп, жазылды. Кім біледі, егер өнерге біржола бетбұрғанымда Кеңес Дүйсекеевтей танымал композитор болар ма едім... Солай деп армандап қоятыным бар.

– Айжігіт аға, әндеріңіз республикалық байқауларда топ жарып жүр. Үлкен сахналардағы өнер додасына қалай қатыстыңыз?

– Ән көңілдің айнасы ғой. Ол жайшылықта тумайды. Жас кезімде әртүрлі тақырыптарда әндер жаздым. Менің әндерім достарымның арасында ғана орындалатын. Үлкен сахналарға 2006 жылға дейін шығарылған жоқ. Елу жастан аса патриоттық тақырыптарға жаза бастадым. Бұл бағыттағы әндер менің жаныма жақын болды. Бір күні ақын, сазгер Бақытжан Ауданбаев ұсыныс айтты. Күн сайын әскери бөлімшеде сарбаздардың сапта тұрып, орысша, қала берді той әуендерін айтатынын айтып қалды. Сапты көтеретін ән жазсақ қайтеді деді досым. Көп ұзамай «Қазақстан сарбаздары» жазылды. Жаңа әніміздің тұсауын «Мұнарлан» тобы сахнада кесті. Кейін республикалық байқауда топ жарып, бұл ән жеңімпаз болды. Іле-шала көптеген әскери әндер өмірге келді. Ойды ой қозғайды емес пе? Тәуелсiздiктi жырламаған ақын, әнге қоспаған сазгер кемде-кем. Менiң әндерiмнiң көпшiлiгi – патриоттық әндер. Сондай әндерiмнiң бiрi – «Тәуелсiздiк» әнi. 2011 жылы Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы кең ауқымда өткізілді. Ұлттық мерекеге мен де өз үлесімді қосқым келді. Ой жетегінде жүргенімде әріптесім Базарбек Түкібаев келді. «Айеке, Тәуелсiздiкке арнап ән шығарсақ қайтедi, Сәкең (Саттар Қуашбаев) екеумiз бiрiгiп жазған өлеңіміз бар еді. Қарап көрсеңіз» дегенi. Мәтiндi оқып шықтым. Шумақтарынан қуаныш пен шаттықтың лебі есіп-ақ тұр. Мәтiнiн ұнатып, алып қалдым. Әуенді ұлттық нақышта жазғым келді. Сөйтіп бір әуен өмiрге келдi. Сол уақытта республикалық «Отаным менің жүрегімде» атты бейнебаяндар байқауы өтіп жатты. Жаңа әнді ойланбастан додаға қосып жібердік. Әннің мерейі үстем болып, жүлдені жеңіп алдық. Қазір патриоттық тақырыптағы әндеріміз үлкен салтанатты жиындарда орындалып жүр. Өз ұжымымда, өнерде де адал еңбек еттім деп ойлаймын. Еңбегім бағаланды, сол үшін әнсүйер қауымға рахмет! Алпысқа келдім деп, қарқынымнан тоқтап қалмаймын.

– Бүгінгі сазгерлерде салмақты туындылар сиреп барады. Көбінесе жеңіл әндерге жақын. Оның сыры неде деп ойлайсыз?

– Шынын айтқанда, өнерді құнсыздандыруға әсер ететін факторлар болады. Кейінгі кезде ол сондай құбылысқа айналды. Ерінбегеннің бәрі әнші болды. Қазір депутат та, актер де әнші. Студияға ән жаздырып, сахнада әнші болып жүр. Өкінішке қарай, музыканың мәнін де, бағасын да түсіретіндер осындай арзан, өзін-өзі жұлдыз көрсететіндер. Музыкаға хобби ретінде қарайтындар көбейді. Және сондайлар кәсіби әншілермен қатар сахнаның төрін бермейтін болды. Бүгінде музыканттарды сала-салаға бөліп, өз бағытына бағыттайтын кәсіби сыншылар да жоқ. Музыка да тірі ағза. Оның да сан-саласы бар. Халық тойда билесін, көңіл көтерсін. Бірақ, той әнін сахнаға шығаруға, талғампаз аудитория алдында орындауға болмайды.

– Ұзақ жылдар бойы «Қазақстан-Шымкент» телеарнасындағы іргелі ұжымда еңбек етіп келесіз. Шығармашылықпен еркін айналыса алмадым деген өкініш жоқ па?

– Аздап өкінішім бар. Жұмыста жүріп, шығармашылықпен еркін айналыса алмайсың. Дегенмен телеарнаға жайдан-жай келген жоқпын. Ол кезде алғашқы теледидар қандай еді?! Соның ішінде не бар? Қалай жұмыс істейді? Адамдары қалай сөйлеп жатыр деген менде қызығушылық болды. Осы мамандықты қалап, Қазақ политехникалық институтына түстім. Қосымша телемастердың курсын да аяқтадым. Сарышаған сынақ полигонында инженер де, оқытушы да болдым. 1990 жылдан бастап ҚР ТРК АҚ Оңтүстік Қазақстан облысы телерадиокомпаниясында қызмет етіп келемін. Алғашқы жылдары телеарнаның жұмысы оңай болған жоқ. Бірақ мен үшін жұмысқа бару мерекемен бірдей секілді еді. Қуанып барып, қуанып қайтатынмын. Телеарнада достарымды арттырдым. Шығармашылығымды шыңдадым. Мұнда менің жастығымның куәсіндей болып жүріп өткен жолым жатыр. Жарыққа шықпаған дүниелерім көп. Алдағы уақытта шаң басқан шығармаларымды қолға алып, ән жазсам деймін.

– Жұртшылық көбінесе сізді танымал әндеріңізбен жақсы біледі. Одан бөлек қырыңыз туралы айтыла бермейді.

– Өнер адамдарын ақсаусақ деп ойлайды ғой. Мен кішкентайымнан үй шаруасына бейіммін. Еңбекпен өстім. Электр жарығын жөндеуден кәсіби шебермін десем, мақтанғаны демеңіз. Жеңіл-желпі автокөліктің ақауларын да өзім тауып жөндей беремін. Тоңазтқыш, теледидар бұзылып қалса, қалпына келтіре қоямын.

– Отбасыңызда жолыңызды қуған балаларыңыз бар ма?

– Балаларымның өнерге икемі бар. Екі қызым Гүлжаһан мен Меруерт музыкалық мектепте оқыды. Домбыраны жақсы шертеді. Бірақ өнер жолын қуған жоқ. Ал ұлым Сәкен кішкентайынан сурет салғанды жақсы көреді. Қаладағы сурет мектебінде білім алды. Ә. Қастеев атындағы колледжді бітірді. Қазір анимациялық дүниелер жасаудың шебері. Жұбайым
Гүлзат Сейтмұратқызы. Мамандығы шет тілдер пәнінің мұғалімі. Аймақтық әлеуметтік иновациялық университетінде оқытушы.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан
Құттыбике НҰРҒАБЫЛ

Последнее изменение Среда, 01 Март 2017 08:26
Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.