Түркістан – түркі әлемінің алтын бесігі Избранное

Пятница, 17 Март 2017 06:10 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 12002 раз

«Түркістан – екі дүние есігі ғой,
Түркістан – ер түріктің бесігі ғой.
Тамаша Түркістандай жерде туған
Түріктің Тәңірі берген несібі ғой!» – деп, Мағжан ақын осы бір ғана шумаққа бүкіл түркі халқының толғанысын сыйғыза алған.
Түркістан – тарихтың талайын көрген көне шаһар. Мұнда түркі тілдес халықтардың өткен ғасырлардағы салты мен санасын ұмыттырмайтын жәдігерлер сақталған. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – түркі жұртының өткені мен бүгінін байланыстырып жатқан рухани үндестігінің орталығы іспетті.

DSC 0326

Құрамына 14 ел мүше болған ТҮРКСОЙ ұйымы алғаш рет 2012 жылы Астана қаласын түркі әлемінің мәдени астанасы деп жариялады. Бұл дәстүр Түркияның Ескішахар, Татарстанның Қазан, Түркіменстанның Мары, Әзірбайжанның Шеки қаларында жалғасып, Қазақстанда екінші рет түркі халқының мәдени орталығына айналып отыр. Түркі әлемінің 2017 жылғы мәдени астанасын таңдау Түркістан қаласына түсті. Осыған орай Түркістанда биыл ауқымы зор 42 мәдени іс-шара өтеді. Оның 14-ін ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы ұйымдастырса, 6-ын ҚР Мәдениет және спорт министрлігі өткізбек. Ал қалған 21 іс-шараны ұйымдастыруды Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев басшылыққа алатын болады. Игі істің бастауы ретінде 21 наурыз күні 15 елден 900-ге жуық қонақ Түркістанға табан тірейді.

DSC 0329

Түркі әлемінің 2017 жылғы мәдени астанасының ашылу салтанаты Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесімен тұспа-тұс келуі де тегін емес. Наурыз – рухани мереке, салт-дәстүрдің жаңғыратын күні. Бұл күні күн мен түн теңеліп, табиғат оянады, жаңа тіршілік басталады. Жаңа күнді әдет-ғұрпы ұқсас, танымы бір бауырлас елдер бірге қарсы алады.

 

mekemtas 11


Мекемтас МЫРЗАХМЕТОВ, 
абайтанушы, ғалым:

– Кезінде Ресей империясы ыдыратып жіберген түркі халқын бүгінде ТҮРКСОЙ біріктіре бастады. Түркістан бұған дейін де түркі халықтарының мәдени астанасы болып келді. Кеңес үкіметі «діни мейрам» деп танып, 1926 жылы ресми түрде атап өтуіне тыйым салынған 22 Наурыз мерекесі шын мәнінде дінге қатысы жоқ. Салт-дәстүрмен байланысты еді. Тірі тіршіліктің табиғатпен байланысын жандандыра түсетін үрдіс Ұлыстың ұлы күні той-думанға ұласатын. «Көрісу» – алты ай қыстан аман шыққан ағайынның бір-бірін аман көріп қауышуы мен өмірден өткен туыстары үшін көңіл айтудан бастау алған. «Наурыз көже» – «көктем шыққанша жетсін» деп қыс бойы сақтаған дән мен сүрленген ет, жеті түрлі дәмнен артылғанын молынан салып, бір қазанда қайнатып дайындаған асы. Артылған асты тоқшылықтың белгісі деп білген ел бір-біріне «келесі жылға дейін тоқ жүрейік» деп тілек айтып, ырымдайтыны да сондықтан. Біз 70 жыл бодандықта тойланбаған Наурыз мейрамының жол-жоралғысын жасап келеміз. Бірақ, соның мән-мағынасына терең бойлап үлгермедік. Ұлыстың ұлы күнін атап өтуде әлі де ұмыт қалған әдет-ғұрыпты жаңғыртуымыз керек. Түркістандағы той – түркі халықтарын жақындастырып, сол ұмыт қалған дәстүрді қайта жаңғыртуға сеп болады деген ойдамын.

 

zhenisbek 54


Жеңісбек МӘУЛЕНҚҰЛОВ,
ОҚО Ардагерлер ұйымының төрағасы:

– Түркі тілдес халықтарының мәдени астанасы ретінде таңдаудың Түркістан қаласына түсуі бекер емес. Бүгінде Түркістан қаласында түркі әлемінің «Наурызнама» іс-шарасын өткізуге дайындық жұмыстары қызған шақ. Онда шетелдік қонақтардан бөлек еліміздің 5 мыңға жуық тұрғыны қатысады. Бұл – шетелдіктерге қазақ халқының қонақжай пейілін танытатын сәт. Наурыз тойы тойланатын алаңдағы этноауыл мен қолөнер қалашығы біздің елдің салт пен санаға беріктігін айқындай түседі. Ал салтанатты шараның жоғары деңгейде өтуі оңтүстік жұртшылығы үшін үлкен абырой болмақ.

 

converted file 983c96bf


Ғалия ШАРАФИЕВА,
ОҚО Мәдениет басқармасы мәдениет және өнер бөлімінің басшысы:

– «Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылының салтанатты ашылуы мен Наурыз мерекесіне арналған Түркі әлемінің «Наурызнама» іс-шарасы таңғы сағат 10:00-де облыс әкімінің қонақтарды қарсы алуымен басталады. Шетелден және республиканың өзге аймақтарынан келген қонақтар Қ.А.Ясауи кесенесіне және айналасына жерленген қазақ хандары, абыз-әулиелері, билері мен батырларына арналған пантеонмен танысады. Қ.А.Ясауи кесенесіне зиярат етіп, тарихи жәдігерді аралап шыққан соң «Қасиетті тудың жаңғыртылуы» қойылымын тамашалайды. Бұдан кейін шетелдік бауырластар Түркістан тарихи музейін, қолөнер шеберлерінің ауылын аралайды. Наурыз мерекесіне арналған түркі әлемінің «Наурызнама» іс-шарасы қонақтардың этноауылмен танысып, киіз үйлерде арнайы дайындалған дастарханнан дәм татуымен жалғасады. Бұл күні ұлттық спорт түрлерінен ойындар ұйымдастырылған. Сондай-ақ, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-де «Түркістан және Түркология» атты Халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтеді. Кешке қарай мерекелік ас беріліп, концерттік бағдарламаға ұласады. Салтанатты іс-шара әдеттегідей отшашу рәсімімен қорытындыланады.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.

Другие материалы в этой категории: « Сенің атың – жақсы адам Ұлыс оң болсын! »