Әр атауының ақиқаты бар – Әз Наурыз

Пятница, 17 Март 2017 08:43 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 7970 раз

Наурыз – әлемнің ең көне мерекелерінің бірі болып есептеледі. Оны Орта Азия халықтары бес мың жылдан бері тойласа, Ежелгі Грекияда, Ежелгі Римде, Ұлыбританияда 18 ғасырда атап өтілген екен. Қазақ халқы да бұл мерекені өте ерте кезден бастап ұлттық құндылық ретінде санап келген. Оның бір дәлелі қазақ ауызындағы «Наурызға» қатысты түрлі атаулар мен түсініктер.

nauryz 22-2

Наурызнама – Наурыз айында өтетін үлкен ойын-сауық мереке. Онда көкпар, қыз қуу, алтыбақан, тартыс, күрес секілді ойындар өткізіледі. Деректерге сүйенсек «Наурызнаманы» сегіз күн тойлаған. Жағдайы барлар мал сойып, ас берсе, оған шамасы жетпегендер дастархан жайып, қонақ күту керек. Бұл мейрам жайлы Мәшһүр Жүсіп: «Қазақтың қазақ болғанда өзіне арналған, сыбағасына тиген жалғыз мейрамы - наурызнама», - деп жазып кеткен.  

Наурызкөже – жеті түрлі дәмнен жасалатын мерекелік тағам. Оны халық арасында “тілеу көже”, “көп көже” деп те атай береді. Наурыз көжені қазір әр кім әр түрлі дайындайды. Бірақ, міндетті түрде бидай, тары, ет, тұз, қазы және ағарған қосылуы керек. Наурыз тоқшылық мерекесі. Бұл ай бойы жалғасып әр үйден қонақ үзілмеген.  

Наурыз жыры – Наурыз мерекесі кезінде айтылатын халық ауыз әдебиетінің бір түрі. Бұл күні кәрі-жас бата-тілектерін өлең, жыр арқылы айтқан. Бас қосуларда үлкендер жағы жас балаларға наурызға, көктемге қатысты әртүрлі жыр дастандар оқыған. Тіпті, Наурызға арналған арнайы кітап та болған. Ол кітаптың атын «Салдама» деп атаған.  

Наурыз жұмбақ – Наурыз айында күн мен түннің теңелуіне, ауа-райына, табиғат құбылыстарына қарай айтылатын жұмбақ өлең. Қыз-жігіттер көктемді сезіну үшін бір-бірімен осылай айтысатын болған. Мысалы:

Атасы мен анасы,
Үш жүз алпыс бес баласы,
Он екі ауыл шамасы,
Отыз ор дуадақ,
Бес сан балақ,
Елу екі қарақшы.

(Күндіз бен түн, жыл тәуліктері, жылдың айлары, айдың күндері, жыл соңында артық қалып "бес қонақ" деп аталатын бес тәулік, жыл ішіндегі апталар)

Наурыз бата – Наурыз тойларында, мерекеге арнап сойылған малға, дастархан басында берілетін бата.
Қарық қып құтты Наурыз,
Қазанға толсын сары уыз.
Қайнасын Наурыз көже де,
Толтырып ішкей кезеңе.
Ұлыстың ұлы күнінде,
Көппенен бірге күлімде.
Көбейсін жаңа достарың,
Молайсын елге қосқаның.
Жарасып көңіл хоштығы,
Бекісін халық достығы.

Наурыз төл – Наурыз жыл басы болып есептелгендіктен осы айда туылған малды «Наурыз төл» деп атайды. Мұндай мал жай кездерде сойылмайды, сатылмайды, сыйға берілмейді. Төл басын ұл-қыздарының тойларында, құрбай айтта сойып, көпшіліке ұсынылады.   

Наурыз есім – мереке күні туылған сәбилерге қойылған. Қазақ халқында Наурыз есімімен аталатын адамдары ерекше құрметтеп, қасиеті бар деп ұққан. Тарихта Наурызбай Құтанбайұлы, Наурызбай Қасымұлы батырлар болған. Бұл күні туылған қыздарға Наурызгүл, Наурызжан ал, ер балаларға Наурыз, Наурызбек, Наурызбай, Наурызхан деген есім беретін болған. 

Наурыз шешек – көктемнің алғашқы айында гүлдейтін, майының емдік қасиеті бар шөп. Оны үйде өсіруге де болады. Қазір қызыл кітапқа енген бағалы өсімдік ретінде саналады.  

Наурызша – Наурыз айында түсетін жұқа, қиықша қырбық қар. Ол қарайған жерді жасыра алмай, жалт-жұлт етіп жылтырап жатады. Оны халық «наурызша» деп атап, жыл басы деп есептеген. 

Наурызек – немесе көктемнің хабаршы құсы. Наурыз айында келетін ерекше торғай. Халық көктемнің келгенін осы құстың келуімен білген. Оның аяғы жіңішке, құйрығы ұзын, көк ала түсті болады.  

Наурыз сыйлық – Наурыз айының 21-нен 22-не қарған түні күн мен түн теңеледі. Халық бұл күні ұйықтамай жаратушыдан жаңа жылда ақ мол, ауа-райының жайлы болуын тілеген. Осы күні ер жігіттер ұйықтап қалмауы үшін қыздар «ұйқыашар» дайындаған. «Ұйқыашарды» соғымның соңғы етінен, жылқының құйрық майынан немесе уыздан дайындайтын болған. Ал қыздардың жасаған мұндай тағамына жігіттер қауымы «Селтеткізер», яғни сыйлық беретін болған. 

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.