Рухты көтеріп, көңілді шалқытқан күн Избранное

Понедельник, 27 Март 2017 05:12 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 4820 раз

Ұлыстың ұлы күні Шымкентте кең ауқымда тойланды. Мерекелік концерттер, спорттық жарыстар мен түрлі қойылымдар, бәрі де мерекенің шырайын ашты. Көше бойының ұлттық нақышта безендірілуі де көңілден шықты.
Түркістанда басталған Әз Наурыз тойы осылайша үшінші мегаполисте жалғасты. Қаланың барлық ауданында, барлық демалыс орындары мен саябақтарда сейіл құрған халықтың қарасы көп.

DSC 1452

«Наурыз» алаңындағы «Наурыз-думан»

DSC 1342Мерекелік іс-шаралар «Наурыз» алаңындағы «Наурыз-думан» қойылымынан бастау алды. Онда жас айтыскер ақындардың сайысы және эстрадалық-симфониялық оркестр, вокальды-хореографиялық ұжымдардың өнерпаздары көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Этнос өкілдері де өз салт-дәстүрлерін дәріптеді. 

Алдымен облыс әкімі Жансейіт Түймебаев көктемнің мерекесімен құттықтады. 

– Күн мен түнді теңестірген жыл басы – Ұлыстың ұлы күні әз Наурыз мерекесі құтты болсын! Бұл мерекенің тағылымы мол. Күн мен түннің теңеліп, көптен бері бір-бірін көрмеген ағайындардың бас қосатын кез. Сол ескі дәстүрді жаңартып, жаңғыртып, қазіргі заманда бізде сол үрдістің жалғасымен келе жатырмыз. Ежелден ата-бабаларымыз «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!» деген ақжарма тілекпен айналасын ақжарқын шуаққа бөлеген. Кеше ғана киелі Түркістан топырағында Наурыз мерекесі аясында «Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» іс-шарасын өте жоғары деңгейде өткіздік. Осылайша Сіз бен біз тарихтың тамаша бір жаңа бетін жаздық, – деді Жансейіт Қансейітұлы. 

Одан кейін өңір басшысы ел үшін еңбек еткен, тәуелсіздігімізді нығайтуға үлес қосқан бір топ жерлесімізге «Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы» атағын салтанатты түрде табыс етті. Марапатталғандардың қатарында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Қуаныш Айтаханов, ғалым Өмірзақ 

DSC 0589

Айтбаев, жазушы, драматург Дулат Исабеков, қоғам қайраткерлері Болат Жылқышиев, Оразкүл Асанғазы, Шалатай Мырзахметов сынды түрлі салада еңбек етіп жүрген 25 азамат бар.

Ұлттық спорт төрге озды

Қазақтың тойының сәнін келтіретін – ат спорты ойындары. Қалалық орталық атшабарда әдеттігей сайысқа куә болдық. Жеті облыстан сайыскерлер келген. Тұлпарлардың тұяғы дүбірлеген сайын халықтың да делебесі қозады. 

ОҚО ұлттық спорт түрлері мектебі мен Шымкент қалалық № 10 спорт мектебі бірлесе ұйымдастырған сайыс тартысты өтті. Желіп шабу, қыз қуу, ат құлағында ойнау, теңге ілу, саятшылық секілді спорт түрлері қайта жаңғырып, қала тұрғындарына керемет әсер сыйлады. 

DSC 0674

Қалалық әкімдік аламан және топ бәйгеге екі автокөлік тіккен. Мұндайда ешкімнің де аянып қалғысы жоқ. Бағалы жүлде тек мықтыға ғана бұйыратыны анық. «Аламан бәйгеде» Жарқын Темірбаев тізгіндеген «Дэнш» атты сәйгүлік (ШҚО, Үржар ауданы) бірінші келді. Ал топ бәйгеде Алматы облысының «Дауыл» атты сәйгүлігі озды. 

Конкурдан Аяжан Қонақбай, жамбы ату сайысында Ералхан Айкөз, желіп шабу сынында Нұралы Нуриев жеңімпаз атанды. 

Бұл жолы көкпар сайысында Төлеби ауданының шабандоздары мықтылық танытты. Олар финалда Сайрам ауданынан келген қарсыластарынан басым түсті. Бұдан бөлек, аударыспақ, теңге ілу, қыз қуу сынды бәсекелер де ұлттық спорттың ажарын аша түсті.

DSC 0632

Саябақтағы сахналық қойылымдар

Ұлыстың Ұлы күніне арналған мерекелік шаралар қала саябақтарында да кеңінен аталып өтті. «Абай» саябағына жиналған көпшілік «Химфарм» АҚ мекемесі арнайы дайындаған киіз үйлерден наурыз көжеден дәм татты. Сахналық қойылымдарды тамашалап, Әз Наурыздың өзіндік қадір-қасиетін бағамдады. 

Сондай-ақ, «Бал текстиль» фабрикасы ұйытқы болған «Жеңіс» саябағындағы Наурыз мерекесі көпшіліктің көңілінен шықты. Сапалы кілемдерін нарыққа шығарып отырған фабрикада бүгінде 260-тан астам жергілікті тұрғын қызмет етеді. Шарықтаған ән-мен жырға ұйыған көпшілік алтыбақан теуіп, асық ойнауға да мүмкіндік алды.

DSC 0733

Жастардың жанын жадыратқан алтыбақан, аттракциондар Әл-Фараби алаңында да салтанат құрды. Мұнда жиналған қауым «Мадлен» кондитерлік мекемесі ұсынған тәттілерден дәм татты. 

Бұл күнгі кеште диджей Жаник – Жанболаттың командасы Әл-Фараби алаңында қала тұрғындарына әсерлі шоу ұсынды. Бағдарлама аясында ұлттық мәнерге негізделген патриоттық әуендерді орындауда диджейлер байқауы ұйымдастырылды. 

Байқау шарты бойынша диджейлер өзара сайысқа түсіп, біреуі әуелі әуен бастады. Өзгесі сол ырғаққа өз қиялынан әуен, дыбыс, сөздер қосып, әдемі композиция шығарды. Сахна төрінде салтанат құрған түрлі ырғақ, әуендерге елтіген жастар би билеп, кештің әрін асыра түсті.

17425985 1887061861540172 6534146273769592943 n

Кеш барысында эстрада жұлдыздары – Серік Ибрагимов, «Ринго» тобы, «Shake up» бишілері өнерлерін паш етіп, қала тұрғындарын шаттыққа бөледі. 

Байқау қорытындысы бойынша үздік орындаушы – Рақымжан Ирисметовтың өнері жоғары бағаланып, жеңімпаз деп танылды. 

Кеш соңы жергілікті өнерпаздардың қатысуымен концерттік бағдарлама және отшашуға ұласты.

Тағабай ҚАСЫМ
Жеңісбек СЕРІКҰЛЫ
Сапарғали ҚАНАТ

Фото авторы:

Мақсат ШАҒЫРБАЕВ,
Данияр ҚОЖАБЕК,

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.