Қазақтың ұлттық болмысы бимен ерекшеленеді

Понедельник, 27 Март 2017 05:37 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 8293 раз

«Қазына» би ансамблі шымкенттіктерге жақсы таныс. Көптеген халықаралық және республикалық байқауларда Оңтүстіктің атын асқақтатып, мерейін үстем етті. Бүгінде облыс, қалада өтетін мерекелік шаралардан би тобы тыс қалған емес.

 20170314 161040

Өнер ұжымының репертуары ерекше. 80-нен астам би болса, оның 65-і қазақтың болмысы және ұлттық бояуымен ерекшеленді. «Думанды дәурен», «Қаражорға», «Дала сазы», «Өтті-ау дүние» секілді ұлттық билерден көрермен шеберлік пен мен қойылымдық жұмыстарына тәнті болады. Таңырқайды, әдемі эстетикалық әсер алады. «Қазына» би тобының құрамында 6 қыз, 6 жігіт бар. 

Би тобының алғашқы құрамы 1986 жылы Әл-Фараби атындағы мәдениет институтының негізінде құрылған. Ол кезде «Қазына» ұлттық саз аспаптарымен бірге болатын. Ең алғашқы би жетекшісі – Сәуле Балбаракова, ал көркемдік жетекшісі – марқұм Мұса Жарқынбеков болған.1995 жылы ансамбль тарап, 2003 жылы Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармония негізінде қайта құрылды. Сонан бері топқа ҚР Мәдениет қайраткері Зәуре Әжібекова жетекшілік жасап келеді. 

 20170314 161055

«Қазына» би ансамблі – Оңтүстік сахнасында өнер көрсетумен бірге түрлі республикалық, халықаралық жарыстарға да қатысып жүрген ұжым. Талай додаларда бақ сынап, облысымыздың абыройын асқақтатып жүр. Белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығай би тобына «Қазына» салт-дәстүрімізді сақтаған. Би элементтерінен ұлттық нақышты көреміз. Көптеген қала, аймақтарда заманауи билерді орындайды. Оларда таза ұлттық болмыс жоқ» деп жоғары бағасын берген болатын. 

– Көпшілік биді оңай көреді. Ал әр бидің өз мағынасы бар. Әр би кішігірім қойылым секілді. Қыз-жігіттер музыканың мағынасын ашып, мазмұнын қимыл-әрекет арқылы жеткізуге тырысады. Сол себепті қайталау кездеспейді. Шынында ұлттық билердің өз талабы бар. Мәселен грузин соллары қиын. Мұнда аяқпен тізеге секіріп, аяқ ұшымен жүреді. Сондай-ақ орыс халқының би трюктары күрделі, – дейді топ жетекшісі З. Әжібекова. 

DSC 0226

Би тобының қыз-жігіттері күнделікті 4-5 сағат дайындалады. Ансамбль құрамының әртісі Қуанышбек Бестембаев 12 жылдан бері «Қазынада» өнер көрсетіп келеді. Бала кезден биші болуды армандаған жігіт Алматыдағы А.В. Селезнев атындағы хореграфиялық училишені бітіреді. Қазір Қуанышбек топтың белсенді мүшесі. Сондай-ақ Руслан Сайтов та 2008 жылдан бері би тобында жұмыс істейді. Ол ансамбльді екінші үйіндей көреді. 6 жігіттің арасында Глеб Михайлов пен Сергей Василев те бар. Әсіресе Сергейді ұлты орыс демесеңіз, жан-дүниесі қазақ биімен біте қайнасып кеткендей. Мінезі де, болмысы да қазаққа ұқсап кеткен. Ал бидің костюмдерін тігінші Гүлжан Қожабекова дайындайды. 

IMG 20170203 164511 963

Жуырда би ансамблі Қазақ-станның тұңғыш Президенті – Елбасы қоры сыйлығының иегері атанды. Сондай-ақ көрерменге шығармашылық кешін өткізді. Ансамбльдің болашағына артылып отырған сенім жоғары. Алдағы уақытта мәдениетімізді дәріптеу бағытында жұмыс істейміз дейді өнер ұжымы.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.