ДИМАШ – Азияның ең танымал әншісі Избранное

Среда, 29 Март 2017 05:17 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 4514 раз

Шабысы дүлдүл, дауысы бұлбұл Димаш Құдайбергенов қытайлық ән байқауының шешуші сынына жолдама алды. Әлеуметтік желілерде «I Am a Singer» шоуының 9-кезеңінің бейнежазбасы тарады. Онда жерлесіміз белгілі әнші Селин Дионның «All by myself» туындысын орындап, екінші орынға ие болды.

pogudx2cov88io4l7.b7d82e56Қазір байқаудың 10-кезеңі де түсіріліп біткені белгілі. Димаш дәл осы айналымда Орал Байсеңгіровтың «Ұмытылмас күн» композициясын шырқап, финалға шықты. Бұл – жас өнерпаздың аталған байқауда қазақ тілінде шырқаған екінші туындысы. Бұған дейін Димаш «Дайдидауды» төгілткенде, тебіренбеген жүрек қалмап еді!..

Қытайдағы ән байқауында қаншама жүйріктің ішінен қара үзіп, дүние жүзін талантымен тәнті еткен бұлбұл көмей әнші туралы соңғы деректерге тоқталсақ, Димаш Құдайберген «ЭКСПО-2017» көрмесі кезінде жеке концертін бермек. «ЭКСПО-2017» көрмесінің ресми сайты хабарлағандай, жас әншінің концерті 27 маусымда сағат 19-00-де республикалық «Сарыарқа» велотрегінде өтеді.

«Димаш Құдайбергенов – «Халық сүйіктісі» Ұлттық сыйлығының лауреаты, ҚР Президентінің «Қазақстан халқының бірлігін нығайтуға қосқан ерен еңбегі үшін» Құрмет грамотасымен марапатталған. 2016 жылы Д. Құдайбергенов Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Ұлт көшбасшысының мәдениет саласындағы Мемлекеттік стипендиясына ие болды» делінген көрменің ресми сайтында.

Ал Димаштың әлеуметтік желідегі тыңдармандарының ішінде француз жанкүйері: «Сіздің дауысыңызбен соғысты тоқтатуға болады!» – депті. Күні кеше қара бала қазақтың атын әлемге аспандатып, «Азияның ең танымал әншісі» атағын жеңіп алды. 

Кім білсін, Димаш соңғы аптада қатты суықтап, сырқаттанып қалыпты. Сырқатын елден жырақта ұзақ жүруімен байланыстырған ол сынаққа бір күн қалғанда тәуекелге баруға тура келгенін айтады. 

– Маған қатты суық тиді. Дауысым шықпай қалды. Ыстығым көтеріліп тұрып алды. Қырсық қылғанда, келесі сынаққа бір-ақ күн қалған. Сондықтан шұғыл әрекет жасау керек болды. Амалсыздан ауыр екпеге жүгіндік. Ол екпе дауысты 10 сағатқа уақытша қалыпқа келтіреді. Соны қабылдадым. Одан тыс тәулігіне 4 екпе салдыртып жаттым, – дейді Димаштың өзі. 

Қытай елінде феноменге айналған жас жұлдыз alashainasy.kz сайтына берген сұхбатында ойға түйген кейбір мақсаттарымен де бөлісті.

– Болашақ жоспарларым туралы жариялауды әзірге жөн көрмедім. Өйткені, қазақ – ырымшыл халық. Мен ырымға қатты сенемін деп айта алмаймын. Дегенмен келер күнге болжам жасағым келмейді. Бір анығы, бұл жоба менің бағымды ашты. Бір жақсылықтың болары анық. Мен міндетті түрде жұмысымды Қытай елінде де жалғастыратын боламын. Бұл сахнаның төріне шығу оңай болған жоқ. Осынша көрермен сүйіп тыңдағаннан кейін оларға қызмет етуім керек. Солардың көңілінен шығып, ренжітіп алмас үшін барымды салатын боламын. Бұл екінің бірінің қолынан келе бермейтін жұмыс, сол секілді екінің бірінің басына берілмейтін бақ, – деді Димаш Құдайбергенов.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.