ҚАЗЫҒҰРТ аңызынан ЭКСПО-2017 көрмесіне дейін... Избранное

Среда, 05 Апрель 2017 04:36 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 10556 раз

Байтақ Қазақ елі үшін Қазығұрт өңірі ыстық мекен. Аңызға тұнып тұрған қасиетті жер. Қасиетті демей не дерсіз, ол туралы аңыз-әпсана, жыр, дастан қаншама. Көнеден жеткен аңыз бойынша, бүкіл әлем су астында қалып, топан су басқанда Қазығұрт тауының жоғарғы шыңына Нұх пайғамбар кемесі келіп тоқтаған деседі. Ғасырлардан ғасырларға жалғасып келе жатқан ескі аңыз осылай дейді. Желмаясына мініп, жерұйық іздеген Асанқайғы бабамыз: «Қазығұрт – Алланың мейірімі түсіп, шапағатын шашқан тау екен, Нұх пайғамбардың кемесі қалып, бар қасиет бойыңнан табылғандай тау екенсің...» деп жырлаған. Тізе берсек, Қазығұрт туралы маңызды дерек көп.

maxresdefault

Адамзаттың қазық жұрты

Халқымызда «Қазығұрттың басында кеме қалған, Болмаса ол әулие неге қалған...» деп келетін жыр бар. Бар қазақ мұны естіп өсті. Ежелгі дәуір әдебиетінің інжу-маржаны саналған «Оғызнамада» және араб тілінде жазылған көптеген шығармаларда Қазығұрт тауының аты ерекше аталады екен. Аңыз түбі ақиқат деген, Пайғамбар кемесінің Қазығұртта тоқтағанына сол өңірдегі жер атаулары да нақты дәлел бола алса керек. Мысалы, онда «Пайғамбар тоқтаған», «Пайғамбар саусағы», «Нұх пайғамбардың мешіті», «Әбрахмат бұлағы», «Ғайып ерен, қырық шілтен», «Ата тас пен Ана тас», «Ақбура ата», «Көзді ата», «Кеме қалған» т.б. әулиелі жерлер, үш жүзден астам бұлақ, бірнеше үңгір бар.

Ғалым Қ.Өмірәлиевтың пікірінше, Қазығұртта осылайша аталатын қала б.д.д. бірінші ғасырда болған. Қазығұртта Кемеқалған аталатын жер бар. Сол маңайдан тастан қаланған қосу белгісі бар үлкен доңғалақ табылған. Бұл таңбаның өркениет әлемінде кең тарағаны белгілі.Оны шумерлер udu «Күн құдайы» («бог солнца») деп оқығанын Олжас Сүлейменов атап көрсеткен.

Этнограф ғалым Жағда Бабалықұлының пікірі мынадай: «Орыс ғалымдары Тәжікстанның теңіз деңгейінен 300 метр биігінен акуланың сүйегін тапты. Яғни, 12 мың 680 жыл бұрын Орта Азия топан су тұтқынында болған делінетін ғылыми дерек Нұх пайғамбардың кемесі Қазығұртқа тоқтаған деген аңызды тірілте түседі».

 

Туристер саны көбейген

15253532 1235893066458963 878272228991948577 nҚазығұрт ауданындағы туристік нысандар негізінен туризмнің тарихи-діни мінәжат ету және табиғи-экологиялық түрлеріне бейімделген. Халық арасында аты аңызға айналған тарихи маңызы бар Ысмайыл ата, Ысқақ ата, Ақбура әулие кесенелері секілді көпшілік мінәжәт ететін әулиелі жерлер көптеп кездеседі және «Кеме қалған» («Нұх пайғамбар кемесі») монументі, «Қазығұрт» сауықтыру туристік базасы, «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркі аймақтары бар. Облыстық туристік маршруттар тізіміне «Кеме қалған» монументі – Ақбура әулие кесенесі – «Ысмайыл ата» архитектуралық кешені» маршруты енгізілген.

Ақбура әулие кесенесі Қазығұрт тауының оңтүстік-батыс баурайындағы бұлақ жағасына орналасқан (Ақбура әулие Қ. А. Ясауидің әрі замандасы, әрі шәкірті болған. Заманында ақ бураға мініп, зікір салып жүретіндіктен, оны ел іші Ақбура әулие атаған). Қазір мұнда кесене және қонақжайлар салынып, зиярат етуге келгендер үшін қосымша құрылыстар жүргізілген. «Кеме қалған» («Нұх пайғамбар кемесі») монументі – халық аузындағы аңыз желісін негізге ала отырып, жер бетіне тіршілік нәрін сепкен Нұх пайғамбар кемесін бейнелеуге талпынған. Авторлардың көшпелі халықтың дүниетанымымен санаса отырып жұмыс істегені айқын көрінеді, төрт түлік тегінің өрбуі (Қамбар ата, Ойсыл қара, Зеңгі баба, Шопан ата, Сексек ата) туралы аңыздар лебі айқын сезілетін кеме бейнесі ұлттық ою-өрнектермен безендірілуі тамаша үйлескен.

Қазығұртта Сейдалы Дүйсебайұлы деген азамат тұрады. Аудандық кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы болып істейтін ол әлеуметтік желілер арқылы жұртшылықпен осы өңірдің туризм саласындағы жедел ақпараттарымен бөлісіп отырады. Өзі нағыз табиғат жанашыры.

– Жоғарыда аталған негізгі үш туристік нысанға 2015 жылдың қорытындысымен сырттан келушілер саны 2572 адамды құрады, – дейді С. Дүйсебайұлы. – Оның қатарында ішкі келушілер саны 26 799 адам (жалпы барлығы 29 371 адам). Ал 2016 жылы бұл көрсеткіш өткен жылдармен салыстырғанда өсіп отыр. Яғни, сырттан келетін туристер саны жалпы 40 мың адамға жуық болды.

15267548 1235893099792293 2148240059378503647 n

 

Скайраннинг... Әрі демалыс, әрі спорт

Қазығұрт тауы Тянь-Шань тауларының батысында орналасқан жеке дара тау екенін бәрі біледі. Ал енді оның сырт жағында тұрған Қаржан, Өгем таулары бар. Көрген көзге әсемдік сыйлайды. Қарап тұрғанда санаңды сергітетін сұлу сарқырамаларын айтсаңшы. Әсіресе, Қаржан тауының етегіндегі Қырыққыз шатқалының кереметі кім-кімнің де есінде мәңгі сақталып қалары сөзсіз.

«Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркінің Өгем филиалының Өгем шатқалында қонақжай, бақылау бекеттері, демалыс орындары, аңшылар үйі орналасқан. Мақпалкөл – ауданның ғана емес, облыстағы теңіз деңгейінен ең биік нүктеде орналасқан көл, теңіз деңгейінен 2100 м. биікте. Табиғи парктің Өгем бөлімі демалушыларға арналған 2 туристік соқпақ: Мақпалкөл және Сусіңген көлдеріне атпен және жаяу серуендеу машруттары туристерге тұрақты түрде қызмет етіп келеді. Олар: 1) Өгем елді мекенінен Мақпалкөлге 3 күндік атпен саяхат, 45 км., мерзімі маусым-қыркүйек айлары аралығы; 2) Өгем елді мекенінен Сусіңген көліне 3 күндік атпен саяхат, 31 км. Ұлттық парктің территориясында Қырық қыз, Күйеутас секілді табиғи тас мүсіндері, Ордақонған, Ұлыжұрт, Кішіжұрт тарихи қоныстары мен тарихы тас дәуіріне кететін үңгірлер белгілі.

15267916 1235893266458943 6140995991284764481 n

Өгем аңғарының табиғатымен бірге флорасы мен фаунасы да саяхатшылардың назарын өзіне аудармай қоймайды. «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркінің Өгем бөлімінің территориясында мекен ететін 7 сүтқоректі, 7 құс және өсімдіктердің 62 түрі Қазақстанның Қызыл кітабына енген. «Қазығұрт» сауықтыру туристік базасы - С.Рахимов ауыл округінде жалпы құны 200 млн теңгелік «Сауықтыру орталығы және балалар лагері, Демалыс аймағы» жобасын іске асыруда. Қуантатыны, ауданда балалар туризмі де жақсы қалыптасып келеді. Оқушылардың жазғы демалысы кезінде «Атбұлақ» жалпы орта мектебінің интернаты базасында «Шапағат» балалардың жазғы сауықтыру лагері жұмыс істейді. Бұдан бөлек, 2015 жылдан бастап «Қазығұрт» сауықтыру туристік базасы оқушылардың жазғы демалысында сауықтыру лагері қызметін атқара бастады. Былтыр «Шапағат» балалар сауықтыру лагерінде 500 бала, «Қазығұрт» сауықтыру туристік базасында 1000 бала демалыпты. Тағы бір ерекше атап өтерлігі, Қазығұрт жоталарында тауға жүгіруден (скайраннинг) жарыстар мен туристік жорықтар жиі ұйымдастырылып тұрады.

Бүкіл қазақ білетін киелі Қазығұрт тауына саяхат жасайтындар аз емес. Осы таудың ең биік нүктесі 1768 метрге көтеріліп, демалысына демалыс қосып, өз-өзіне адреналин сыйлайтындар да жетерлік. Ол әрі спорт, әрі туған жердің тарихына деген жанашырлық.

 

«Нұртаудың» шипалы суын ішіңіз!

Дәм бұйырып, жуырда Қазығұрт тауының бауырында жатқан Тұрбат ауылына барудың сәті түсті. Қазығұрт кентінен шығыста 20 км жерде, Қосмола шоқысының етегінде жатқан ауыл қазіргі кезде аумағында үш бірдей ортағасырлық қала орны мен сегіз архитектуралық ескерткіші бар санаулы елдімекендердің бірі. Алдымен Тұрбаттан 8 км қашықтықтағы биікте бой көтерген «Нұртау» демалыс аймағына ат басын бұрдық. Басшысы осы ауылдың азаматы Нұрлан Қадыров деген жеке кәсіпкер. Өз ауылына жанашыр жан екен. Жеке қаржысына үлкен футбол алаңын салып беріпті. Тағы біраз жоспарлары бар көрінеді.

20161201 170215

«Нұртау»-дың салтанатты ашылуы биылғы жазда болмақ. Ресми ашылуы өтпесе де, жұртшылық бұл жердің кереметін бір-бірінен естіп, демалуды хош көрген. Былтырғы жаздың өзінде оған 18-ге жуық елден туристер келіп, демалып кетіпті. Келушілерге толық жағдай жасалған. Фин моншасы бар.«Көпшілік жанға жайлы мекенді, табиғат аясында тыныштықта серуен құрғанды ұнатады. Мұнда оған мүмкіндік мол. Тау бөктерінде сарқыраманың суына шомылу ерекше әсер сыйлайды. Доланасы жүрекке ем. Құрт, май, қымыз-шұбат дегеніңіз бәрі табиғи. Ағаш бұтасынан жасалған қарапайым шарбаққа дейін шетелдіктерге қызық», дейді кәсіпкер. Ерекшелігі, бұл жердің суы өте шипалы екен.

20161201 163716Көктерек бұлағының суы көкжөтелге, сүйелге, тіпті бүйрек ауруына да ем көрінеді. Емдік суды іздеп сонау Ташкенттен келеді екен жұрт. Байқағанымыз, демалыс аймағының ауасы өте таза. Жұта бергің келеді.

Бұдан соң «Ысмайыл ата» архитектуралық кешеніне бет түзедік. Ол Тұрбат ауылында орналасқан, ХІV ғасырда Әмір Темірдің бұйрығымен салынған. Бұл кешен: Ысмайыл ата кесенесі, Жәбірейіл ата кесенесі, Қошқар ата кесенесі, шілдехана, қақпа, мешіттен тұрады. 1976 жылдан бастап мемлекет қарауына алынған, 2006 жылы реконструкциялық жұмыстар жүргізілген.

1896 ж. Тұрбат ауылынан бір бетінде ұзын имек тұмсықты құстың басы бейнеленген, біржүзді, сабы бар қола пышақ табылған екен. Б. з. д. VIII–IV ғғ. жататын бұл зат осы тау бөктерін адамдар ерте көшпенділер дәуірінде-ақ игеріп алғанын айғақтайды. Алайда Тұрбат ескерткіштерінің басым бөлігі ортағасырлық кезеңге жатады.

Мұнда әулиелер қатарындағы ортағасырда кеңінен танымал болған шайқылар – Ысмайыл ата мен Ысқақ атаның кесенелері орналасқан діни кешендер тұр. ХIV ғ. өмір сүрген олар Қожа Ахмет Яссауи ілімін ұстанған үлкен сопылық қауымның тәлімгер-шайқылары болған. Аңыз бойынша, бұл қауымның бірінші басшысы Ибраһим ата, оның Ысмайыл және Жәбірейіл есімді екі баласы болған. Ысмайыл 20 жасқа толғанда қалмақ шапқыншылығы болып, жау оның ата-анасы мен бауыры Жәбірейілді өлтіреді. Ысмайыл тұтқынға түсіп, құл ретінде басқа діндегілердің малын бағады. Жас жігіттің көрсеткен ғажайыптары «қалмақтарды» ислам дінін қабылдауға мәжбүр етіп оны құлдықтан құтқарады.

 

Көктем Оңтүстіктен, Наурыз Қазығұрттан басталады

Қазығұрт Шымкент қаласынан оңтүстікке қарай 35 км-дей қашықтықта. Қазір салынып жатқан Шымкент-Ташкент тас жолының Қазығұртқа дейінгі тұсы толық аяқталған. Жол тегіс. Туристерге ыңғайлы десе болғандай. Бүгінде үлкен күре жолдың бойындағы Қазығұрт жотасына Нұх пайғамбар кемесінің символдық макеті қойылған. Алыстан көзге шалынады. Бұл әрине, туристерді тартудың, ел азаматтарын рухтандырудың бір тамаша белгісі.

15232321 1235893203125616 2769511739820458342 n

Қазығұрт өңірі құнарлы да шұрайлы өлке. Ауылы берекеге толы, ауасы таза, тұнық өзендерін көру бір бақыт. Қымызы мен шұбаты, құрты мен қазысының дәмі ше, таңдайыңызда жүреді. Бұл дегеніңіз, туристерді тартуға үлкен мүмкіндік. Жазушы Мархабат Байғұт ағамыздың былай дейтіні бар: «Қазығұрт – тек Қазығұрт ауданы ғана емес. Шымкентіңіз сол таудың баурайында. Сондықтан таяу маңайдағы Төле би, шығыс жақтағы Сайрам, сәл терістік тұсқа таманғы Ордабасы аудандары атыраптарынан әкелінер қымыздың бәрін бір сөзбен Қазығұрттың қымызы деуге әбден болады». Жөн-ақ дерсіз. Былтыр жазда ұзақ қашықтыққа жүгіретін әйгілі желаяқ, американдық Дин Карназес Қазығұртқа келген. Сонда қонақ боп, қазақтың ұлттық ас мәзіріне риза болыпты. «Ұлттық сусындарыңызға ешбір сусын жетпейді» деп сіміре беріпті. 

Көктем Оңтүстіктен басталады деп жиі айтылады. Атақ-даңқы алты алашқа жайылып, әулие атанған ғалым Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы «Наурыз Қазығұрттан басталады» депті. Текке айтпаса керек. Осыдан он үш мың жыл бұрын Ұлыстың Ұлы күні Нұх пайғамбар кемесі тоқтаған тұста мерекеленген деген аңыз бар. Белгілі этнограф-ғалым Жағда Бабалық бұл орайда нақты дәлелдер келтірген.

Қазығұрт өңірі – жаңа өркениеттің, жаңа өмірдің бастауы дейміз. Биыл жазда елімізде ЭКСПО-2017 көрмесі өтетіні белгілі. Шетелдік туристер үшін Оңтүстік өңірін қамтитын 15 маршрут енген. Оның қатарында Қазығұрттағы «Кемеқалған» монументі және аудандағы бірнеше нысан бар. Еліміз үшін маңызды бұл халықаралық көрме қасиетті Қазығұрт өлкесін әлемге жан-жақты танытуға мол мүмкіндік болып отыр.

 

Білгенге маржан

Ежелгі жер-су атауының мифтік түсінігіне қарағанда «Қазығұрт» атауының ең ежелгі түркілік нұсқасы – «қаңғұқ-урт» болған деседі. Мұндағы «Қаңғұқ» (қуыс, үңгір, шұңқыр) сөзі «бастапқы тіршілікті жаратқан құрсақ, Ұлы ана» дегенді білдіретіні айтылады. Тағы бір пікір бар. «Қазығұрт» атауы «Қазық» сөзіне «йурт» (жұрт) деген сөз тіркесу арқылы жасалған, яки адамзаттың «Қазық жұрты» дегенді білдіреді.

Последнее изменение Пятница, 28 Апрель 2017 05:45
Сәбит ТАСТАНБЕК

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің "Журналистика" мамандығын (2004-2008) тәмамдаған. Алматы қаласында Отан алдындағы әскери борышын (2008-2009) өтеген. Республикалық «Sport», «Қазақ спорты» газеттерінде және Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайтында тілші болып еңбек еткен. 2013 жылдан бастап «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі, 2016 жылдың ақпан айынан 2018 жылдың ақпан айына дейін Бас редактордың орынбасары болып істеген.