Версия для печати

Дәурен АҚСАҚАЛОВ, айтыскер ақын: «Қазақ іздеп жүрмін...»

Пятница, 07 Апрель 2017 09:24 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 7864 раз
Оцените материал
(1 Голосовать)

Оңтүстіктің адуынды ақындар ортасына бір жас айтыскер баланың келіп қосылғанын айтысқұмар ағайын жақсы біледі. Айтыстың анасы Әселхан Қалыбекованың ең кенже шәкірті, дүлдүл айтыскер Бекарыс Шойбековтей ағасынан тәлім алған Дәурен Ақсақаловтың түрлі жыр бәйгелеріндегі беталысы, қадамдары көз сүйсінтеді, көңіл қуантады. Жиырмадан енді асқан ұзын бойлы, кең иықты, маңдайы жарқыраған, жанары жарқылдаған тұлғалық тұрпаты да кешегі баһадүр сардарларымызды еске салатындай. Қасиетті Отырар жерінен түлеген жастың айтар әңгімесі, көңілге тоқыған түйінді ойлары аз емес екен. 

dari 27-2– «Ақын сахнадағы айтқан сөзіне сай болмаса сөзінің құны көк тиын. Сөз бен іс сай болуы керек. Жастарға тіл, дін туралы айттың ба, сол қасиет өзіңнің бойыңнан да табылуы керек» – дейді айтыстың жанашыры Жүрсін Ерман. Сіздің айтыс сахнасына аяқ басқаныңызға аса көп уақыт бола қоймаса да, жас буынның ішінде ауызға ілігіп жүрсіз. Сахнадағы образыңыз өмірдегі Дәуренмен сәйкес пе?

– Жүрсін ағам айтудай-ақ, айтыпты. Расында, ақынның сахнадағы сөзі мен ісі бір-бірімен сай болуы керек. Сондықтан да, ақын екенмін деп білгішсініп көп нәрсені айта алмайсың. Өз басым өмірдегі образым мен айтыстағы келбетімнің ешқандай айырмашылығы жоқ деп ойлаймын. Әрдайым шынайы қалпымда шығамын. Екіжүзділіктен құдай сақтасын. Айтыста мүмкіндігінше жақсы дүниелер, пайымды, парасатты ойлар айтуға тырысамын.

– Жырқұмар жұртшылық сізді Бекарыс Шойбековтің інісі әрі төл шәкірті деп біледі. Айтысқа бет бұрып, сахнаға шығуыңызға оның ықпалы болды ма? 

– Бекарыс Шойбеков, рас, ағам. Ол кісіні мен де барлық ақындар сияқты өте сыйлаймын. Бекарыстың інісі болу мен үшін бір жағынан мақтаныш әрі мәртебе. Десе де, ағам «Ой, мынау менің жақыным, інім» деп жұрттан ерекшелеп қараған емес. Бұл оның тұлғалық қасиеті деп білемін. Осы қасиеті үшін одан да қатты құрметтеймін. Егер қазақтың басқа баласынан артық санап, туғанына бұра тарта беретін болса, менің де ағам туралы пікірім өзгерер еді. Қазақ айтысындағы осындай тұлғаның бары үшін де қуанамын.
Мен бала кезімде мектепке бармай тұрып-ақ, жазуды үйреніп алғаным есімде. Мектепте қазақ әдебиеті пәнін сүйіп оқыдым. Содан болар, әдебиет пәнінің мұғалімі мені ерекше жақсы көретін еді. Кітапханаға түскен ең жаңа, бүтін кітапты менің қолыма беретін еді. Пән олимпиадаларына да қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен қатысып жүрдім. Осылайша қазақтың бай әдебиетіне деген қызығушылық мені айтысқа алып келді. 2007 жылы Отырарда «Әселхан Қалыбекова «Ақындар мектебін» ашты» деген хабарды ести салысымен, бірден сол жерге бардым. Одан алдын домбыра үйірмесіне барып, бағымды сынаған едім. Алайда, домбыра – маған қол емес екен. Үш рет барып, ақыры шығып кеттім. Ал «Ақындар мектебінде» өзімді жайлы сезіндім. Ол жер маған өлең шығаруды үйретті. Ұстаз дегеннің қасиеті де сол ғой, шәкіртінің бойынан титімдей болса да ұшқынды байқап, ары қарай шамын жағу.
Айтыс сахнасына, басқа да жерлерге «Бекарыстың інісі» деп таныстырып шақырып жатады. Оның өзі – жауапкершілік. Мықты дайындықпен, жақсы сөз саптаумен шықпасаң, «ағасының арқасында шыға салған екен» деген сөзге қаласың. «Әселханның шәкірті», «Бекарыстың інісі» деген сөздер, шыны керек, намысымды қамшылайды. Мен үшін қай-қай айтысқа да немқұрайлы қарауға болмайды.

dari 27-3

– Неге «Алтын домбыраға» қатыспайсыз? Өзіңіз секілді жастар қатысты ғой...

– Иә, менімен үзеңгілес қатарластарым қатысты. Олардың «өнері өрге жүзсін» деймін. Бауырларыма әрдайым тілектеспін. Әр ақынның өзінің ішкі пайымы, айтары бар ғой. Спорттың шыңы – Олимпиада болатын болса, айтыстың шыңы – «Алтын домбыра». Ал маған «Алтын домбыраға» қатысуға әлі ерте. Айтысып шығуға мүмкіндігім жетсе де, әзір қатыспас едім. Себебі, әлі біраз еңбегім сіңуі қажет. Содан кейін барып қатысуға мүмкіндік туса, жең түруге болады.

– Оңтүстіктегі айтыскерлер шоғырының ауызбірлігі қандай? Ақындар ортасы қалыптасқан ба?

– Оңтүстіктің ақындарымен мақтанамын. Айтыстың ақ апалары Тәушен, Әселхандар өздерінің соңынан Маржан, Анар, Кәрима апайларымызды ертті. Кейіннен Тәушен апамыздың көзі кетті, Әселхан апамыз ел анасына айналды. Бекарыс, Маржан, Кәрималардың өзі бір толқын болды. Бұл кісілердің артынан Нұрлыбек Мейірманов, Біржан Байтуов, Нұрлан Есенқұлов, Қалижан Білдаш сияқты ағаларымыз шықты. Анау Бекарыс ағамыздан бастап ең соңы Аян Ниязбекке дейін бір-бірімізбен ынтымағымыз күшті. Қуанышымызда да, қайғымызда да табылып жатамыз. Жүздесуге себеп болмай жатса, кейде себепсіз бас қосамыз. Ондай басқосуларда айтысты талқылап, жақсы, келелі әңгімелер айтылады. Үлкендер ақылын, кішілер ойын ортаға салады. Бір-бірімен түсінісіп, сыйласып өмір сүретін орта. Оңтүстіктің айтыскерлері – нағыз ақындардың ортасы деп мақтануға тұрарлық.

– Қалай ойлайсыз, бүгінгі айтыстың дамуы қай деңгейде? Өз функциясын атқарып жүр ме?

– Шындығына келсек, айтыстың қазіргі дамуы өте жоғарғы деңгейде. Көрерменнің де, ақындардың да талғамы өскен. Айтыс өз функциясын толықтай атқарып жүр. Ақындардың жетістікті де, кемшілікті де бүгіп қалған кезі жоқ. Ел арасында «Билікті жамандаса, ол – мықты ақын, мақтаса – сарай ақыны» дейтін қасаң пікірдің жатталып қалғаны жасырын емес. Ендігі көрермен де оның аражігін ажырата алады. Қазақстан – көпұлтты ел. «Көпұлтты» деген сөзге қарсымын негізі. Ешқандай ел бір ұлттан тұрмайды. Бізде этностар көп деп айтсақ болады. Сол үшін халықаралық қақтығыстар тудырмай, елдің тыныштығы үшін ақындардыңбейбітшілік жолында жақсы дүниелерді айтқаны ләзім. Дәл қазір елдің дамуы үшін ең қажет нәрсе – тыныштық. Құдай бетін аулақ қылсын, қайсыбір елде соғыс басталса, отағасы соғысқа кетеді, соңында қалған тұяғы қара жұмысқа жегіледі. Әйелі де жадап-жүдеп, арып-ашып, тіршіліктің мәні қашады. Ал тыныштық болса, диқан егінін егеді, балықшы балығын аулайды. Әркім сүйікті кәсібімен шұғылдана алады. Бірлігі мығым болса, керемет елдің іргетасын қалап шығады. Сондықтан, ақындар елді бірлікке шақырса, несі айып?!

dauren 27

– Дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қанайұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Әбубәкір Кердеріұлы өткен ғасырдағы зар заман ақындары сары уайымға салынып, қайғы-мұңға беріліп, келешектен үміт сезінбей өтті. Сіз секілді ХХІ ғасырдың жастарына креатив пен заманауи ойлау тән. Жас болсаңыз да, елдің сөзін сөйлеп жүрген жігіттердің бірісіз. Сіздің жас жүрек нені аңсайды? Көкдөнен көңіл нені көксейді? 

– Ең бір алаңдайтын нәрсем, ол – біздің қоғамның қазақилығы. Қазір жүрген ортамнан қазақ іздейтін болдым. Қай ортаға тап болсам да, қазақы мінез, қазақы қасиетке аңсарым ауып тұрады. Қазақша сөйлеп тұрған адамды қазақ деп айта салуға болады. Бірақ, дүниетанымы, көзқарасы өзгеріп кеткен жастарды көргенде, қарның ашады. Қазақ десе намысын жанитын елшіл азаматтар көбейсе екен деймін. Ұлтжанды қазақтарды көрсем, соларға қызмет қылуға, інілікке жарауға тырысып бағамын. Ал өзім барынша қазақы болуға, қай ортада отырсам да, қазаққа жат дүниетанымды жоюға тырысамын. Көңілімнің көксейтіні, қазақ өз-өзін жоғалтпаса екен. Шынтуайтында, біз көп құндылығымыздан айырылып қалған елміз. Қазіргі таңда салт-дәстүрімізді сұраққа айналдырып «Қыз сыны» мен «Жігіт сұлтаны» байқауларында ғана қолданатын болды. Оның өзін алдын ала дайындап береді. «Тұсаукесер», «байғазының» анықтамасын айтудан әрі аспаймыз. Ал біздің қаншама салт-дәстүрлеріміз ескі кітаптар мен қазыналы қарияларымыздың алтын сандық кеудесінде жатыр. Сол қарттармен бірге кетіп қалмаса екен деймін. Себебі, мен ауылда өстім. Шалдың тәрбиесін, ауылдағы қариялардың бірлігін, ауыл жастарының тірлігін, үлкенге деген құрмет, сыйластығын көрдім. Ауылдағы сол бір тамаша қазақы қарапайым аураны қаладан іздеймін. Қалада көбіне сол қазақи қалып жетіспей жатады. Құрмет пен ізеттің жартысында – есеп бар. Сондықтан кейде ауылға кетіп қалғым келеді.

– Неге кетіп қалмасқа?

– Қалада жұмысым бар, мүмкіндіктер мол. «Ауылды жақсы көрем» деп ауылға кетіп қалсам да, болмайтын шығар. Бәлкім, қаладағы әртүрлі ортамды қазақылыққа өзгерте алатын шығармын. Қазақтың қазақылығын сақтау жолында күресіп жүрген аға-әпкелеріміз көп қой.

– Қазір не оқып, не жазып, не көріп жүрсіз?

dari 27-4

– Маған драматургиялық, көркем шығармалардан гөрі тарихи шығармаларды оқыған ұнайды. Әсіресе, қазақтың батырлары туралы шығармаларды өте сүйіп оқимын. Тек соларды оқимын десем де, өтірік айтқандығым емес. Қабдеш Жұмаділовтің «Дарабозын» дәл қазір екі сағатыңызды қисаңыз, басынан аяғына дейін мазмұндап беруге бармын. Одан кейін Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділерін» оқып шығуға кеңес беремін. Осы трилогияның «Алмас қылыш» тарихи романының желісінде түсірілген «Алмас қылыш» атты фильм жарыққа шықты. Соңғы көрген кином – осы. Қазір кез келген жастан «Көшпенділерді» оқыдың ба?» десең, оның авторын да білмеуі мүмкін. Тарихи шығармаларқазақтығымызды, қасиетімізді, рухымызды тануға көмегін тигізері сөзсіз. Бабаңмен бірге жылап, бірге күліп аласың. Одан кейін қазақ болмай көр. Сондықтан жастар негізінен тарихи шығармаларды оқыса, ұтары мол.

– Әр өнердің ішкі құпиясы бар. Ақындар арасында өзара келісушілік туралы әнебір жылдары қоғамда көптеген сын пікірлер айтылды. Сіз айтысқа шығардың алдында қалай дайындаласыз? Шаппа-шап айтысқа қалайсыз?

– «Келісу» деген кеше пайда болған нәрсе. «Шоу-айтыс» деген пайда болды да, сол кезде ақындар «кішкене қызықтырып, шоу жасау» мақсатында өзара келісіп алатын болды. Өзімнің суырыпсалмалығым керемет деп те, өте нашар деп те айтпаймын. Дайындықсыз шығуға болмайды. Абыройлы ақынның өзі ізденеді, қарсыласын зерттеп көреді. Елдің жүйелі сөз күтетінін біледі. «Ақын» деп хабарлап, сол кісілердің жарты сағат уақытын алатын болғаннан кейін тыңдарманның көңілінен шығатын тұщымды дүниелер айту керек.

– Қазанғап ақынды еске алуға арналған жыр бәйгесінде Мөлдір Айтбаймен өткен айтысыңыз көрермен көңілінен шықты. Қорытындысында «Мөлдір Шымкентке келетін болған». Алайда...

– Мөлдір екеуміздің айтысымыз көрерменге ұнағандай болды. Бір күн бұрын Мұхтар Ниязов ағамыз «Қызылордаға жет!» деді. Ертесіне түсте айтыс басталып кетті. Мөлдірмен сол күні таныстық. Ол шоу айтыс еді. Айтыста «қыз бен жігіттің айтысы» бар. Сол жолғы айтыс өз миссиясын орындады.

– Қазір айтыс ақындары, жалпы, өнер адамдары қосымша табыс көзі ретінде тойға шығады. Сіз ше?

– Мен той, құдалық басқармаймын. Соны онша ұната да бермеймін. Арасында домбырамен бет ашамын. Табыс табудан бұрын қоғамға тиімді жұмыстармен айналысқанды жөн санаймын. Қазір ОҚМПИ-де жастар ісі мәселесімен айналысамын. Алдыңғы пікірімде жастардың бойынан іздейтін қасиеттер жайында айттым ғой, енді соны іні-қарындастарымның бойында қалыптастыру үшін маған Құдайдың өзі осы істі нәсіп еткен сияқты.

– Дәурен, ақ жарылып, әңгімелескеніңізге рахмет! Сізге биік-биік белестер мен шығармашылық табыс тілейміз. 

 

Сұхбаттасқан
М. МАМЫРБАЙҚЫЗЫ

Последнее изменение Пятница, 07 Апрель 2017 09:37
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.