Игілікті естелік

Пятница, 28 Апрель 2017 09:00 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 12595 раз

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде 28-сәуір күні «Қазақтың ұлттық гобеленінің негізін қалаған Құрасбек Тыныбековтің 70 жылдығына» Республикалық ғылыми-практикалық конференция, суретшіге арналған альбом кітаптың тұсаукесері және және жеке көрмесі өтеді. Құрасбек Тыныбеков өзінің аққан жұлдыздай өткен қысқа ғана ғұмырының 10 жылын ұлттық өнердің дамуына арнады. Бұл 10 жылда бір ғасырға азық болар еңбектер атқарылды. Бар-жоғы 33 жыл өмір сүрген Құрасбек қазақ өнерінің кеңістігінде көп істер жасай алмады. Алайда өзінің нағыз шығармашылық туындыларын жасап, дарынды суретші деген атаққа ие болған Құрасбек ағамыз Қазақстан өнері үшін маңызын ешқашан жоғалтпайтын өте құнды жауһар дүниелерді өскелең ұрпаққа мирас етіп қалдырды.

gob11Құрасбек Тыныбеков өзінің өте қысқа, бірақ мазмұнды шығармашыл өмірін ұлттық өнерге қызмет етуге және оны дамытуға арнады. Шығармашылық жұмысымен қатар өз елінің дамуы үшін қоғамдық өмірге де белсенді атсалысты. Суретші гобелен өнерінде жас ұрпаққа мәңгілік өнеге болардай жауһар дүниелер қалдырды. Құрасбек аға монументалды-сәндік өнер саласына да көп еңбек сіңірді және сол еңбектері үшін бірнеше мәрте жоғары марапаттарға ие болды. 

Қ.Тыныбековтың шығармашылығындағы ең басты жетістік ретінде оның ұлттық көркем тоқыма өнерінде өзінің қайталанбас авторлық қолтаңбасын қалыптастырғанын айта кету керек. Оның гобелен жанрында ойлап тапқан жаңа техникасын әлемнің көптеген елдерінде шеберлер өз шығармашылықтарында қолданды. Суретшінің туындылары Қазақстан көркем тоқыма шеберлері үшін көркемөнер каноны-эталоны болды. Сол кезеңдерде көркемөнер саласындағы дәл осындай «канонизация» Қазақ СССР-нің басқа да ұлттық аймақтарына тән құбылыс болды. Әр ұлттың көркем тоқыма мектептерінің «негізін қалаушылары» Мәскеуде өтетін жыл сайынғы Қазақ СССР Суретшілер Одағының бүкілодақтық көрмелерінде кездесіп, бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста шығармашылық байланыс орнатып, тәжірибе алмасып, гобелен өнері саласында әрдайым жаңа тәсілдер мен құралдарды ізденуде болды. Осылайша Қ.Тыныбековтың шығармашылық жолы еуразиялық кеңістіктегі атақты суретшілермен түйіскен еді. 

Түрік елдерінің мәдениетіне тән рухани, материалдық және тұрмыстық бөліктеріндегі ғарыштық тепе-теңдік көшпенді халықтың санасында дүниені танудағы өзінің шынайы бейнесінің қалыптасуына мүмкіндік берді. Сондықтан да көшпенділердің ерте заманда «Жер кіндігі - Жерұйық» деген түсінігі олардың жаны жай таппай жер шарлап іздеген нақты бір жер емес, өзінің туылған жері – Отаны екенін түсінген. Өмір шынайылығының баршылық және пәлсапалық қатынасына негізделген көшпенді өмірдің дәл осы принциптері суретшінің барлық туындыларында көрініс тапқан.

gob22Құрасбек Тыныбековтың көркемдік әлемі сан қырлы. Ол қазақ тоқыма өнерінің техникалық жағын ғана дамытып қойған жоқ, сондай-ақ оны жаңа шығармашылық тұрғысынан танытып, жоғары деңгейге көтере білді. Заманауи формаларға негізделген көптеген сәндік ою-өрнектер, нобайлар, жобалар жасады. Ұлттық сәндік-қолданбалы өнерінің барлық жанрымен айналысып, көркем туындылар жасады. Ол жаккардты тоқымамен де айналысты, матаға түсетін суреттердің нобайларын дайындады. Ұлттық бау-басқұр, терме алаша тоқу секілді салаларының қайта жандануына көп еңбек сіңірді. Бір кездері жібек матаға сурет салумен - батик өнерімен де айналысты. Киіз басудың дәстүрлі технологиясын жетік меңгерді. Халық ішінде текеметті тұрмыстық зат ретінде бағаласа, Құрасбек аға текеметті нағыз өнер туындысына айналдырды. Өз қолымен бірнеше текеметтерді дайындады. Тоқымаға қажетті жүндерді өз қолымен өңдеп, бояды. 

Отандық бейнелеу өнерінің даму үдерісі дәстүр мен жаңашылдықтың өзара байланысымен анықталады. Бүгінгі таңда Қазақстандағы сәндік өнерінің ешбір саласында гобелен өнері қол жеткізгендей, осыншалықты жан-жақты авторлық көркем стиль мен бағыт жоқ екен.

Өткен ғасырдың 70-80 жылдары тоқыма өнері «қолданбалы» деген деңгейден шығып, тоқыма материалдарынан керемет туындылар жасауға болатындығын дәлелдеп берді. Тоқыма өнері саласында бейнелеуді жаңаша «сөйлетудің» дамуы адамзат тұрмысын көркем образ және құрылым арқылы туындылар жасауда заманауи гобеленнің тақырыптарын туындатты.

Құрасбек Тыныбеков Қазақстанның заманауи көркемдік тоқыма өнері түрлерінде өзара сіңісу жолы арқылы өзіндік жаңа нұсқаны көрерменге ұсынды. Қазақ мәдениетінің ерекшелігі мен өзін-өзі айқындаудағы мүмкіндігін постмодернистік тұжырымдар арқылы көрсете білді. 

Суретші, тоқыма өнерін қолданбалы өнердің бір тармағы ғана емес, оны өнер сүйер қауымға станоктық және монументалдық тұрғыда қарқынды дамып жатқан өнер ретінде жет-кізуге тырысты. 

gob33Құрасбек Тыныбековтың шығармашылығын толыққанды оқып-үйрену көркемдік білім беретін оқу орындарындағы болашақ шығармашылық мамандарының кәсіби тұрғыда дамуына көп септігін тигізетініне сеніміміз мол. 

Конференцияға қатысушылардың зерттеп отырған ғылыми-шығармашылық мәселесі көркемдік білім беретін оқу орындары үшін өзекті мәселе екендігін атап кеткіміз келеді. Себебі көтеріліп отырған тақырып мәдениет пен өнер мамандықтарында оқып жатқан студенттердің, магистранттар мен докторанттардың, заманауи көркемдік тоқыма мамандарының, сондай-ақ гобеленші суретшілердің теориялық білімін арттыруға және тереңдетуге мүмкіндік береді. 

Бұл конференцияда заманауи қазақ Гобелені өнері саласында жаңа концепциялары мен бейнелеудің пластикалық идеялары туындауы әбден мүмкін. Бұл қолданбалы өнер саласында ғана емес, ХХІ ғасыр басындағы өнердің эстетикасы мен мәдениеттануының жалпы жүйесі үшін де маңызы зор дүние болмақ.

Конференцияға қатысушыларға Құрасбек Тыныбековтың шығармашылығы, сәндік қолданбалы өнерінің бүгінгі таңдағы жай-күйі, бағыттары, тоқыма өнерімен айналысып жүрген жас шеберлердің шығармашылығы төңірегіндегі тақырыптар ұсынылды. 

Конференцияда талқыланатын зерттеу жұмыстарының теоретикалық маңыздылығы Қазақстандағы гобелен өнеріндегі көкейтесті мәселелер мен оқып-зерттелуі, ұлттық көркемөнер саласындағы мәселелерді шешу жолдарында жатыр. Конференцияға еліміздің түкпір-түкіпірінен келіп түсіп жатқан мақалалар Құрасбек Тыныбековтың шығармашылығы мен қазіргі Қазақстандағы гобелен өнері құрылымының ұлттық көркемдік бейнесі туралы кеңірек мәліметтер бере отырып, оның эстетикалық және пәлсапалық тұрғыдағы көп мағыналық тұстарын ашып көрсетеді. Конференцияның нәтижесі өнертанушыларға және көркемөнер сыншыларына, сондай-ақ гобелен саласында жаңадан шығармашылығын бастап жүрген суретшілерге үлкен көмегі тиерді деп ойлаймыз.

Бұл конференцияның оқу орнында ұйымдастырылуы, шығармашыл жастар үшін өте пайдалы және маңызды деп санаймыз. Өйткені жастар сәндік қолданбалы өнердің оң жақтарымен танысумен қатар, қарама-қарсы бұл сала үшін айтылатын сын-ескертпелерді де, бұл саланың дамуы үшін жасалу керек іс-шараларды тыңдап, өз ойларын түйіндейді. Әрине бұл іс-шараның жастардың шығармашылығының дамуына, өнерде өз қолтаңбасының қалыптасуына ықпал етері сөзсіз.

Конференция барысында «Альбом. Құрасбек Тыныбеков» кітабының тұсаукесері өткізіледі. Кітаптың баспада жарық көруіне туған інісі Құттыбек Тыныбекұлы Жақыпов ұйытқы болды. Аталған кітапқа суретшінің өз қолымен тоқыған шығармашылық жұмыстары, жасаған нобайлары, сызбалары, жанұялық фотоархивтен алынған фотосуреттері, суретшінің жазған күнделігі және суретші жайлы өнертанушылардың, ғалымдардың жазған пікірлері енген.

Конференция соңы ОҚО «Бейнелеу өнері» музейінде Құттыбек Тұрысбековтың жеке көрмесінің ашылуымен жалғасады. Көрмеге суретшінің өзі тоқыған гобелендері, басқан түскиіздері, шығармашылық жұмыстары, жасаған нобайлары, сызбалары өнер сүйер қауымның назарына ұсынылады.
Кұрасбек Тыныбековтың шығармашылығын ғылыми-шығармашылық тұрғыдан зерттеуге арналған жеке көрмесі өскелең ұрпақ үшін таптырмас қазына десе де болады. Қазақстан бейнелеу өнерінің даму кезеңдерінің қайта қалпына келуі және оны зерттеу шығармашылық қуаттың дамуына алып келеді.

 

С. БЕЙСЕНБАЕВ,
М.Әуезов атындағы ОҚМУ
ректорының кеңесшісі,
ҚР суретшілер және
дизайнерлер одақтарының мүшесі, п.ғ.д., академик

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.