Көне мен жаңаны үндестірген суретші

Пятница, 09 Июнь 2017 05:58 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 4762 раз

ktynybekovТалантты суретші, Ш.Уәлиханов атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері Қ.Тыныбеков көзі тірі болғанда 70 жасқа толар еді. Қазақ ұлттық гобелен өнерінің іргетасын қалаушы, Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығының лауреаты –  Қ.Тыныбеков 1970 жылы тұңғыш рет «Шопан» атты гобеленімен Қазақстанның 50-жылдығына арналған республикалық көрмеге қатысқан.

Оның «Дала әуені» (1970), «Аспан» (1973) атты текеметтері мен «Дала балладасы» (1973), «Көктем» (1974), «Тау мен дала аңызы» (1975), «Әлем» («Өмір дарағы»,1976), «Байқоңыр ырғақтары» (1977), «Тың шеруі» (1978), «Теңіз симфониясы» (1979), «Байқоңыр» (1980), тағы басқа гобелендері қазақтың ұлттық сән және қолөнерінің алтын қорына айналып, Қазақстан мемлекеттік Өнер мұражайында сақтаулы. 

Ол сонау ғасырлар қойнауында қалып, уақыттың елес-сағымына айналған қазақтың ұлттық дәстүрлері мен ою-өрнектік жәдігерлеріне дейін терең үңіліп, танып-білуге ыждаһатты болатын. Өткенді ұмытуға болмас, болашақты да ойлау қажет деген қағида суретші санасында әрдайым сергек тұратын. Өткенсіз болашақ жоқ екенін о бастан жүрегімен сезінген. Сондықтан да болар, Құрасбек бұл үрдісті өзінің балапан-қанат еңбегі «Шопан» гобеленінен бастап айқын танытты. Мәселен, осы шығармадағы басты кейіпкер – жас шопанның қолтығындағы жаңа туған қошақанға анықтап назар салыңызшы. Қошақанның – жартылай жануар, жартылай ою түрінде бейнеленгенін байқайсыз. Демек бұл – қазақтың «қошқар мүйіз» оюының символы екенін көрсетеді.

mangilik eskiz

Аспан төріндегі ақша бұлттар да әртүрлі бейнедегі ою болып қалқып бара жатқандай әсер береді. Гобелен бетіндегі жазықтық табиғат құбылыстарынан хабар бергендей: түнгі аспандағы жұлдыздар әлемі, біресе желдің ұйытқи соққан әуені мен теңіз толқындары тәрізді алуан-алуан қимыл-қозғалыстарды бір кеңістікке еркін сиғызып, түрлі бояулармен қанықтырып, айрықша серпін мен ширақтық танытады. Осы көріністердің бәрі де ою-өрнектік символикалар арқылы берілгеніне танданыс білдірмеске лажыңыз жоқ. Көне мен жаңаның үндесуі дегеніміз осы.

mangilik eskiz-2Қ. Тыныбекұлының суреткерлік әлемі ауқымды да, жан-жақты, сан қырлы. Қазақтың тоқыма өнерін техникалық жағынан дамытып қана қойған жоқ. Ол сонымен бірге бұл өнерді шығармашылық тұрғыдан жаңа биікке көтере білді. Жаңаша үлгілерге негізделген жоба-эскиздер, ою-өрнектер, сәндік айшықтар жасады. Бұрын болған, халықтың тұрмысында кең қолданылатын – бау, басқұр, терме алашаларды қайта жаңғыртып, дамыту жолында да көп еңбектенді. Жібек матаның бетіне өрнек салу – батик жасаумен де айналысты. Халықтық дәстүр – текемет басудың үлгісін де шебер меңгерді. Оны халқымыз тұрмыстық тұтыну бұйымы санап келсе, Құрасбек Тыныбекұлы оған өнер туындысы деп қарады. Өзі де бірнеше текемет басты. Жүнді де өзі әзірлеп, бояу түрлеріне дейін өз қолымен жасады. Оның әзірлеген екі жұмысын – «Дала әуені» (1972) және «Аспан» (1973) атты текеметтерін мемлекеттік Өнер музейі сатып алды. 

«Қазақстан шұғыласы» (44м х 2,40) атты монументальды гобелені үшін 1981 жылы Ш.Уәлиханов атындағы мемлекеттік сыйлық берілді. 

Суретшінің шығармашылық жетістіктері Қазақстаннан тыс – Ташкент (1971), Ашхабад (1972), Мәскеу (1975-1977), Вильнюс (1975), Лейпциг (1975), Нью-Йоркте (1979), тағы да басқа қалаларда өткен бүкілодақтық және халықаралық көрмелерде кең жалғасын тапты. Есімі Қазақстанның Үлкен энциклопедиясына (11 том) енгізілді.

Өзінің шығармашылыққа толы жарқ еткен қысқа ғұмырында Құрасбек Тыныбекұлы ұлттық өнерге жан-тәнімен беріле қызмет ете жүріп, қыруар қоғамдық белсенді жұмыстар да атқарды. Қазақстан Суретшілер Одағы жанындағы қолданбалы өнер секциясы төрағасының орынбасары болды. Қазақстан Суретшілерінің X съезінде Құрасбек Тыныбекұлы басқарма мүшелігіне сайланды. Бір мезгілде Казақстан Көркемөнер қорының басқарма мүшесі, Республикалық Көркемөнер кеңесі мен шетел мемлекеттерімен достық байланыстар жөніндегі Қазақ Қоғамының да мүшесі ретінде үлкен жұмыстар жасады.

Құрасбек Тыныбекұлының өмірі шығармашылығының нағыз толысқан кезінде күрт үзілді. Бірақ ол артында мәңгі өлмес туындылар қалдырды. Оның есімі еліміздің ұлттық сән және қолданбалы өнері тарихында әрқашан көшбастаушы ретінде жарқырай береді.

 

Назгүл НЫСАНБЕКОВА,
ОҚО «Бейнелеу өнері музейінің»
ғылыми қызметкері

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.