Версия для печати

Таланттардың тұсауын кескен колледж

Пятница, 23 Июнь 2017 08:08 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 8319 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Биыл Ә.Қастеев атындағы Оңтүстік Қазақстан өнер және дизайн колледжін 125 студент бітіргелі отыр. Осыған орай колледжде студенттердің дипломдық жобасын қорғау жұмыстары басталды.

DSC 1289

Ерекше мамандық иелерінің қорытынды жұмыстары да жаңалыққа толы. Өйткені, графикалық кескіндеу, мүсіндеу, анимациялық графика, сәндік қолданбалы өнер және халықтық кәсіпшілік, дизайн, көркем сурет мамандықтары бойынша оқу орнын тәмамдайтын әрбір студент өз бетінше жұмыс істеп, туындысының мән-мағынасын тарқата отырып комиссия мүшелеріне еңбегін таныстырады.

DSC 1302

– Біздің колледждің студенттеріне білікті мамандар дәріс береді. Атап айтқанда, суретші Рауан Мейірбеков анимациялық графика мамандығы бойынша білім алып жүрген студенттерді оқытады. Ол елімізге танымал «Қошқар мен Теке», «Қазақ елі» анимациялық мультфильмдеріне атсалысқан. Сондай-ақ, биыл диплом алатын студенттер Едіге Тұрлыбеков, Араншы Шаржанов, Қалтөре Атамқұлов сынды білікті мамандардан тәлім алды. Ал графикалық кескіндеу бойынша «Бал Текстиль» кілем-тоқыма фабрикасында бұдан алдын бітірген студенттеріміз жұмыс істеп жатса, қазіргілері сол фабрикада өндірістік тәжірибеден өтті, – дейді колледж директоры Дидар Асқарбекұлы.

Колледж басшысы А.Айдарбековтың айтуынша, бір ғана «Сәндік қолданбалы өнер және халықтық кәсіпшілік» мамандығы студенттердің бес түрлі салада шеберлігін арттыруға мүмкіндік береді. Мәселен, металдан түрлі бұйымдар жасап, ағаштан, керамикадан естелік кәдесыйлар әзірлейді. Сонымен қатар, теріден, тоқымадан дайындалған қолөнер бұйымдарын да осы мамандық иелері жасайды.

DSC 1227

Биыл Ә.Қастеев атындағы колледжді бітіретін 125 студенттің 73-і дизайнер. Дипломдық жұмысын үздік деген бағаға қорғап шыққан Аяулым Камардиннің шығармашылығымен жақын таныстық.

– Дипломдық жобамды «АLJAMAL» деп атадым. Бұл сөз араб тілінен аударғанда «белгілі сұлу» деген мағынаны білдіреді. Кешкі салтанаттарға киюге арналған киімдерге изумруд түсін таңдадым. Изумруд – байлықтың, тұрақтылық пен парасаттылықтың, ұстамдылықтың және беріктіктің символы. Костюм сәніне аздап шығыстық, яғни араб киім үлгілерінің элементтерін қостым. Ал сол сәнге қазақтың ою-өрнегін қондырдым, – дейді болашақ дизайнер.

DSC 1155

Аяулымның қолдан өрген оюлары комиссия алқасының ең жоғарғы бағасына ие болды. Ол – Ә.Қастеев атындағы Оңтүстік Қазақстан өнер және дизайн колледжіне 9 сыныптан кейін оқуға түсіп, 3 жыл 10 ай кәсіби білімін шыңдады. 

– Қазір студенттердің барлығы дерлік бір-бір дайын маман. Қаржылық демеушісі болса, әрқайсысы өз кәсібін ашып, оны дөңгелетіп әкетуге дайын, – дейді колледж директоры Д.Айдарбеков.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.