«Рейтинг» газеті – республикада үздік

Пятница, 30 Июнь 2017 06:41 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 8706 раз

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі биыл баспа, радио және интернет журналистика саласына арналған тұңғыш «Үркер» Ұлттық сыйлығын жариялаған болатын. 28 маусым күні Астанада талантты журналистер мен сапалы медиа-жобаларға қолдау көрсетуді басты мақсат еткен «Үркер» сыйлығы 15 аталым бойынша табыс етілді. Он бес аталымның әрбір жеңімпазы бір миллион теңгеге ие болды.

reiting-respublika-51

Конкурсқа қатысушыларды іріктеу оңайға соқпаған. Байқауды ұйымдастырушылар 700-ден аса өтінім қабылданғанын, кей жерде бір дауыстың өзі шешуші рөл атқарғандығын мәлімдеді. Үміткерлер ұсынған материалдарды мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, беделді журналист Намазалы Омашев, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақ, «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы Мұхтар Манкеев, «Нұр Отан» партиясының Саяси талдау және стратегиялық зерттеулер орталығының директоры Юлия Кучинская, «Қоғамдық келісім» РММ директоры Александр Тараков, әдеби сыншы Амангелді Мырзабеков және «Айтуға оңай» хабарының жүргізушісі Бейсен Құранбек, тағы басқа азаматтар саралады.
Жүздеген басылым арасында «Үздік аймақтық баспасөз басылымы» номинациясы бойынша «Рейтинг» газеті жеңімпаз деп танылды. Сыйлықты «The Ritz-Carlton Astana» қонақүйінде өткен салтанатты кеште «Рейтинг» газеті бас редакторының орынбасары Жандар Наурызбайұлына медиа саласының белгілі менеджері, «Forbes Kazakhstan» журналының бас редакторы Арманжан Байтасов табыс етті.
Бұл – барша Оңтүстіктің журналистеріне көрсетілген құрмет деп білеміз. Облыстағы бұқаралық ақпарат құралдары саны жағынан ғана емес, сапасы бойынша да әрдайым үздіктердің қатарынан көрініп келеді.

Последнее изменение Пятница, 30 Июнь 2017 06:59
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.