Версия для печати

Түркияны таңдандырған таланттар

Среда, 12 Июль 2017 06:36 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 4147 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шымкенттегі мәдениет ошақтарының бірі – Оңтүстік Қазақстан облыстық опера және балет театры Астана күні Ү. Гаджибековтің «Аршын мал алан» музыкалық қойылымын сахналады. Жақында театр ұжымы Түркияда шығармашылық іссапармен болды.

turkiadan-kelgen-talanttar

Түрік жағалауы

Театрдың көркемдік жетекшісі Ерлан Жандарбайдың айтуынша, сапар екі елдің достығын нығайтуға бағытталды. Жылда Рамазан айында Түркияда фестиваль өтеді. Оған Біріккен Араб Әмірліктері, Әзербайжан, Ауғанстан, Босния, Герцеговина, Индонезия, Филиппин, Үндістан, Қазақстан, Қырғызстан, Қырым, Косово, Өзбекстан, Сауд Арабиясы, Пәкістан, Ресей және тағы басқа елдерден түріктілді артистер қатысады.
Түркияда халықтың 95 пайызы қасиетті айда ауыз бекітеді. Дәстүр бойынша күнде кешке сағат 9-дан кейін дастархан жайылып, намаз оқылып, ауызашар беріледі. Ал 11-ден кейін қаланың ашық алаңдарында концерттер беріледі. Бұл жолы да афишалар ілініп, әртүрлі мемлекеттермен келісімді түрде кесте жасалды. 30 күн бойы 30 елден келген ұжым өнер көрсетті.
Театр әншілері, оның ішінде ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, директор Әбдіхан Нұрмаханбетов қазақстандық делегация құрамында болды. Өнер ұжымы алғашқы концертті Анкара алаңында берді. Биыл, айтпақшы, екі рет өнер көрсетті. Оның бірі үлкен супермаркеттің ашылуымен сәйкес келді. Келесі күні Адана қаласының алаңында болып, одан кейін Мерсинге барып, бір жағынан Ақтеңізде көңіл сергітті. Артынша Стамбулға жол тартты.
- Біз барлығы бес концерт бердік. Бағдарламада негізінен классикалық нөмірлер қамтылды. Оның ішінде еуропалық авторлардың шығармалары, қазақ және түріктің халық әндері орындалды. Бізбен бірге Түркияға облыстық филармониядан «Қазына» би ансамблі, «Тұмар» фольклорлық ансамблі барды. Әншілер жанды дауыста ән шырқады, - деді Е.Жандарбай.
Делегация Стамбулда Қазақстан елшілігіне барды. Мұнда оларды жылы қабылдады. Одан бөлек тархи орындарды, оның ішінде Сұлтан Ахмет мешіті мен Ататүрік үй-музейін аралады. Бұл сапар туралы түріктің ақпарат құралдарында кеңінен жазылып, көрсетілді.

 Алтын дауысқа сұраныс бар

Бүгінде театр кадрлық құрамды жаңа күшпен, жаңа дауыспен бекітуге күш салып жатыр. Әлбетте, бұл репертуарды толықтырып, жаңа қарқынмен жұмыс істеуге жол ашады. Мысалы, биыл «Аршын мал алан» екі актілі музыкалық комедиясы қойылды. Басты кейіпкер Әскерді Нұржан Жүсіпбеков, Гулчохраны колоратуралық спопрано дауыстың иесі Қарагөз Әбдішәріпова, Сүлейменнің ролін Айдар Бәйімбетов сомдады.
Жас орындаушылардың республикалық және халықаралық конкурстарға белсене қатысуы көңіл қуантады. «Барлығы жақсы жұмыс істеуге ынталы. Кейбір әншілер арендалық үй алды, кейбіреуі – ипотекаға, яғни олар өз өмірлерін біздің қаламен байланыстыруға шешім қабылдады. Жыл сайын мен немесе бас дирижер Астана мен Алматыдағы консерваторияға, академияға барып, шығармашылық емтихан тапсырушы орындаушыларды тыңдаймыз, театрға алтын дауыс иелерін іздейміз», - дейді Е.Жандарбай.
Біраз уақыттан бері опера және балет театрының музыкалық паркінде материалдық-техникалық толығу байқалады. Оның бірі – концерттік рояльды облыс әкімі Жансейіт Түймебаев тарту етті. Өте қымбат бағалы арфаны алмастыра алатын электронды рояль, сахна үшін дыбыс жабдықтары (қоңырау, кішкентай ксилофондар, кастаньеттер) алынды.

 Үшінші опера театрына айналса!..

Қазіргі таңда театр ұжымының құрамында 212 адам бар. Олардың 118-і шығармашыл. Ұжымның алдына қойған мақсаты – маңыздылығы жөнінен Қазақстандағы үшінші опералық театрға айналу.
– Менің ойымша, бірінші орында Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры тұр. Бұл театрға 85 жыл толады, онымен Қазақстандағы опера өнерінің басталуын байланыстырамыз. Мұнда Ермек Серкебаев, Күләш Байсейітова сынды опера корифейлері жарқырап көрінді. Алдыңғы қатарлы театрда қайталанбас опералық мәдениет атмосферасы сезіледі, - дейді Е.Жандарбай.
Ал «Астана Опера» театрының пайда болуымен еліміз халықаралық мәдениет аренасында бір саты жоғары көтерілді. Ал оңтүстіктің театрында алтын үштікке крі ниеті бар. Бұл бағытта қазір жұмыс жасалып жатыр. Репертуар толығып, дауыс қоры байытылуда, балет те жаңа серпінге көтеріліп келеді. Айтпақшы, жуырда қазақстандық балеттің тірі аңызы Болат Аюханов бастаған би ұжымы Шымкентке келіп, ұжымға қосылуға ықылас танытыпты. Жоспар іске асса, театрдың балет бағыты бұрын-соңды болмаған серпіліс жасар еді.
Көп ұзамай «Түркістан» концерттік залында оңтүстік жұртшылығының назарына бірлескен балет спектаклі ұсынылады. Премьераға облыс пен қала басшылығына өкілдер шақырылып отыр. Сол кезде Б.Аюханов басқаратын балет театрының Шымқалаға келу-келмеу мәселесі шешілуі тиіс.
Биыл 9 маусымда (тамызда 10-маусым ашылады) 16 опера мен балет репертуарды толықтырды. Сол қатарда әлемдік классикадан – «Травиата», «Риголетто», «Евгений Онегин», «Алеко», қазақтың үздік классикалық туындылары – «Қыз Жібек», «Айсұлу», «Қамар сұлу» да бар. Ең ауқымдысы әрі күрделісі «Абай» қойылымы болды. Көрерменнің көңілінен шығып, қошеметке бөленді.
Жаңа маусымда Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» классикалық лирикалық-драмалық операсын сахналау жоспарланып отыр. Мұны мамандар қазақ операсының жоғары пилотажы деп атайды.
Е.Жандарбай Италияда тәжірибеден өтіп театрға көркемдік жетекші ретінде келгенде көңілсіз жәйттердің куәсі болғанын айтады. Театр болғанымен опералық қойылымдарына көрермен келе қоймайтын. Адамдар жұмысқа тек келіп-кетіп жүріпті. Алғашқыда оркестр, хор, орындаушылар дайындыққа тұрақты әрі бірге келетіндей жұмыс кестесін жасау қиынға соққан.
– Алғашында түсініспеушіліктер, тіпті, дау-жанжал да болды. Алматы не Астанаға кетіп қалғым келетін. Бірақ талмай еңбек етуім нәтижесін берді. Арада жеті жыл өтті, бүгінгі күні өндіріс процесі жолға қойылды. Спектакльдер жоспарға сәйкес жүйелі түрде өтіп тұрады, - дейді ол.
Осының арқасында, ең бастысы, көрерменді тәрбиелеуге мүмкіндік туды. Кейде адам аз келуі мүмкін. Дегенмен, премьералар аншлагпен өтеді. Жыл өткен сайын көрермен мәдениеті жоғарылап келеді. Адамдар хабарласып, қандай опера болатынын, басты партияға кімдер бекітілгенін сұрап жатады. Спектакль басталмас бұрын либреттомен танысу үшін буклеттер сұрайды. Бірнеше жыл бұрын тіпті мұндай терминдер туралы білмейтін.
Артистердің шынайы табынушы көрермендері пайда болды. Барлық премьерасына келеді, гүлден ақша аямайды, балаларын классикаға баулу үшін бірге ерте келеді. Кішкентайларға арналған балеттер олардың қызығушылығын оятатыны анық.
Биыл театр репертуарын түрлендіру, жаңадан көрермен тарту үшін мюзикл қоюды ұйғарыпты. Бұл – өте танымал жанр. Қазіргі уақытта төрт нұсқасы – француз, ағылшын, қазақ және орыс тілдерінде қарастырылып жатыр. Таңдау жасалған кезде үздік әлемдік мюзикл режиссеріне тоқталады. Олар қойылыммен айналысады.
Ендігі уақытты «Летучая мышь», «Веселая вдова» сияқты оперетталар әзірлеуді ойластырып отыр. «Аршын мал алан» көрерменнің осы жанрға сусап қалғанына дәлел бола алады. Ұжым сондай-ақ Түркияға тағы барып, төрт спектакль қойып, гала-концерт бергісі келеді. Ал келесі жылы бүкіл республикада үлкен турне жасап, Шымкенттте шынымен Қазақстандағы үшінші орындағы опера театры барын дәледеп қайтуды мақсат еткен.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.