Балуан Шолақтың баянсыз махаббаты

Пятница, 14 Июль 2017 07:14 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 8282 раз

Қазақтың әншілік өнерінде де, қара күштің иесі ретіндегі балуандық өнерінде де аты аңызға айналған адамның бiрi – Балуан Шолақ. Оның азан шақырып қойған есімі – Нұрмағамбет. «Баласы Баймырзаның Балуан Шолақ, Оң қолым отқа күйіп, болдым олақ» деп өзі әнге қосқанындай, халық оны Балуан Шолақ атап кеткен. 14 жасынан күреске түсіп, жауырыны жер иіскемеген балуан құйындай шапқан ат үстінде түрлі жаттығу ойындарын көрсеткен ғаламат спортшы да болған. Оның ер үстінде түрегеп тұрып, немесе аяғын көкке көтеріп төбесімен тұрған қалпы шабатынын, жүйткіген аттың біресе оң жағынан, біресе сол жағынан жерге түсіп, қайта мінетінін, ат бауырынан жеңіл айналып өтетінін, ат үстінде шауып келе жатып сырт киімін шешіп, лақтырып тастап, кері қайтып оны жерден іліп алып, қайта киінетінін жұрт тамсана әңгімелейді екен.

baluan-sholak-55«Бұл күнде жиырмада менің жасым, Қамалдың бұзар кезім тау мен тасын. Қалтамнан жетпіс бес сом залог салып, Сындырдым Карон балуан қабырғасын» деп өзі жырға қосқанындай, өз жанынан қомақты қаржы шығарып, бәс тігіп, 20 жасында орыс палуаны Иван Кореньмен белдесіп, қабырғасын сындырғаны аңыз боп тарихта қалды. «Кешегі сентябрьдің базарында, Көтердім елу бір пұт кірдің тасын» (816 килограмм) деген өлең жолдарынан оның ғаламат күш иесі болғанын ешбір анықтамасыз -ақ аңғаруға болады. Балуан Шолақтың теңдессіз күш иесі болуы анасына тартқандығынан деседі. Себебі шешесі Қалампыр ерге бергісіз күші бар қарулы кісі болған екен.

Ал әншілік, сазгерлік қыры жайлы айтқанда аузымызға алдымен «Ғалия» әні оралатыны неліктен? Өйткені Ғалия Балуан Шолақтың тағдырының бір бөлшегіне, махаббатының музасына айналған ару. Әке-шешесі қайтыс болғаннан кейін ол Ғаникей (кейбір жазбаларда Қаныкей) деген қызға үйленген. Бiрақ Балуанның жүрегі басқа қызға тұсаулы болды. Қырықтың қырқасына шыққан шағында, Атбасар базарында ойын-сауық құрып жүрген кезінде осындағы қымызхананы ұстайтын 22-23 жасар жайнаңдаған Ғалиямен танысып, оған ессіз ғашық болады.
Ғалия – өңі сұрлау, ат жақты, ұзын бойлы, бетінде шешектен қалған аздаған дағы бар қыз екен. Әйткенмен сөзге шешен,өткір мінезді арудың тағдыры тас жолдай теп-тегіс емес еді. Жастайынан атастырылған Біржан атты жігітке ұзатылғанымен жүрегі қаламаған жанмен ұзақ отаса алмай, қайтып келген ол базарда қымыз сатумен айналысады. Балуанның Ғалияны жолықтырған кезі осы кез. Бір-бірін ұнатып, сөз байласқанымен олардың жолын бөгеген үлкен кедергі бар. Ол – Біржанның Ғалияға төлеген қалың-малы. Қарызды өтеп, қалыңдықты қайтарып алуға Балуанның қауқары жоқ. Батыр болғанымен дүниеге кедей. Тығырыққа тірелген батыр ағайыннан көмегіне жүгініп, қалың малды жиып берермін деп үміттенген. Алайда, оны Көкшетауда қисынсыз оқыс оқиға күтіп тұрған еді...
Біржанға жоғалған сексен өгіздің жаласы жабылады. Бұл – Балуанның әділетсіздікке төзбейтін батырлығына қарсы қасақана құрылған құрық болатын.
Бұл кездері Балуан Шолақтың орыс переселендерiмен (Ресейдiң iшкi саясаты арқылы жер аударылған казактар) атысып-шабысып жүрген шағы едi. Шұрайлы жерлердi меншiктеп, жергiлiктi қазақтардың жайылымын тартып ала бастаған кірмелерге қарсы халықтың кикілжіңі бой көрсетіп қалып жүрді. Балуан Шолақ сондай кездерде жапа шеккендердің намысын қорғаймын деп небір көзсіз батырлықтарға баратын. Оның «Анталаған сан дұшпан қамаса да, Сырдың суы келмейді жұлығымнан», – деп жырлайтыны да осы кез болса керек. Алайда аңдысқан дұшпан аңысын тауып, тұзаққа түсірудің тәсілін ойлап бақты. «Мен өзім аққан судай тасып жүрмін, Кеудесін дұшпандардың басып жүрмін. Жаласы сексен өгіз маған ауып, Ұлықтан сол себепті қашып жүрмін», – дейтіні содан еді. Дала серiсiн оңайлықпен қолға түсiре алмасын бiлген жандармерия генерал-губернатордың жарлығымен оның әке-шешесiн кепілдікке ұстап, түрмеге жабады. Сонда ғана Балуан лаж жоқ өзi барып, қолға түседi. «Әке-шешемді босат, олардың жазығы жоқ» деп талап қояды. Әйткенмен түрменің төрелері сөзінде тұрмайды. Қаны қайнаған бұла күш иесіне олардың қамауынан құтылу қиынға соқпады. «Бойыма күш біткенге еттім шүкір, Қажысам абақтыға, бетке түкір. Темірін екі итеріп тартқанымда, Кірпіші жерге түсті күтір-күтір».деп айтқанындай, ызалы жолбарыстың кейпiндегi ол түрменiң терезесiндегi темiр құрсауларды майыстырып жұлып алып, қашып шығады.
Содан генерал-губернатордың зәулiм сарайының маңайын аңдиды. Қапысын тауып, бақ iшiнде серуендеп жүрген ұлықтың он алты жасар қызы Маринаны үнiн шығармай қолтығына қысып алып, ұрлап әкетедi. Ол сол бойда билеушiнiң бұла қызын Көкшетаудың жалғыз соқпақты биiгiне апарып, бекiнiп жатып алады. Сүрлеудiң ұясына үлкен-үлкен тастарды үйiп қояды. Егер төменнен жоғары көтерiлем деген орыс солдаты болса, сол тастардың тасқынына ұшырауы бек мүмкiн едi. Қорыққан олар бекініске бара алмайды. Тек қана оған шығатын астыртын жолдармен достары азық-түлiк жеткiзiп тұрады. Деректерге қарағанда Балуан мен қыз сол биiктi қырық күндей мекен еткен. Марина да мына мығым мүсінді, жаратылысы ерекше жанға бауыр басып қалған тәрізді. Сағыныш пен мұңға беріліп, өзімен-өзі әдемі бір әуенге салатын Балуанның әлемін түсіне алмаса да оның жанының нәзік, адал адам екенін ішкі түйсігімен сезе бастаған. Ол әкесi мен хорунжий ағасы Алексейдiң бұл адамға деген өшпендiлiгiнiң сырын түсiнбей дал болады.
Ақыры генерал-губернатор қызының амандығы үшiн Балуанмен келiсiмге келедi. Оның әке-шешесiн түрмеден шығарып, оларды ата-баба жұрты Шу өңiрiне аман-есен шығарып салуды мойнына алады. Қайсар серi сөйтiп, әке-шешесiн құтқарған соң Маринаны алып төменге түседi. Дұшпаны бұл ретте де уәдеде тұрмайды. Оны ұстап, тағы да абақтыға жабады.
Сері басы сергелдеңге түскен осынау шақтарында да Балуан Шолақ Ғалияны бір сәт есінен шығарған емес. Әуелете ән салғанда дауысы алты қырдан естілетін оның «мүмкін үнім Ғалияның құлағына жетер, іздеп келер» деген үмітпен түрме ұлықтарымен келісіп, қора ішіндегі аласа үйдің төбесіне шығып, домбырамен шырқата ән салғанын кейбір жазбалардан оқығанымыз бар. «Айым да сен, Ғалия, күнім де сен, Оң қабағым тартады күлімдесең. Менің көңлім Ғалия дауалансын, Ауған түйе секілді бейімдесең. Ойпырмай, жан сәулем, Ғалия, көзіңнен. Қосылып ем өзіңмен. Бір көрінсең көзіме, Айрылмас ем өзіңнен. Айдың көзін жалт еткен бұлт алсын, Бүйте берсең діңкемді құрытарсың. Биюадан қосылған Ғалияжан, Қай қылығың қалғанын ұмытарсың» деп көңілінің зары мен сағынышын төккен сондағы әні ғашығына арнаған атақты «Ғалия» әні болатын.
Бірақ Ғалиядан тырс еткен хабар болмайды. Өйткені билер сотына жүгіну арқылы Біржаннан басын босатып алған Ғалия бұл кезде Балуан Шолақтың дерегін біле алмай басы дал күйге түскен еді. Екі ғашықтың арасын алшақтатуды ойлаған Біржан жақтың адамдары «Балуан өз әйелінен бөлек тағы бір әйел алған» деген әңгімені де әбден гулеткен. Әлде оған үңгірде кепілдікте ұстаған генерал-губернатордың қызы Маринаны теліді ме екен? Бұл желсөз аздай, «Балуанды итжеккенге айдапты» деген қауесет те ел ішін кезіп кеткен-ді. Осындай әңгімелердің әсері Ғалияны да тығырыққа тіреді. Балуанның шын дерегін біле алмай жүргенде әкесі оны Есенжолдың Қанапиясы дегенге күйеуге береді.Бірақ Қанапияның әйелі бар екен. Тоқалдыққа қорланған,әрі сүймеген жанмен тұруға көңілі дес бермеген Ғалия көп ұзамай Қараөткелге қайтып келеді. Ал осы аралықта түрме күзетшісі Балуанға Ғалияның әлдекімге тоқалдыққа барып, жылап жүргенін жеткізген болатын. Бұл хабар Балуан Шолақтың жүрегін шоқтай қарып, қатты күйзеледі.
Жаралы арыстандай аһ ұрған күндердің бірінде оған Маринаның көмегі тиеді. Оңаша қырық күн бір үңгірде күн кешкен кездері өзіне қылдай қиянат жасамаған Балуанның адалдығына, оның әйел баласына деген ерекше көзқарасына тәнтi болған едi. Шындығында серi Шолақ орыстың бәрiне жау емес-тi. Олардың арасында оның достары да бар болатын. Шала-шарпы болса да орыс тiлiнде түсiнiсе алатын. Қазақ батырының оңаша сәттегi тазалық пен тектілік қасиеті Маринаға өзгеше сезім силаған. Міне, енді сондай жанның өміріне қиянат жасалып отырғанына іштей назаланып жүргені де анық еді. Ол Балуанды өлтiру үшiн ағасының серiнi түрмеден алдырып, сейiл-серуенге шақырғанын біліп қалады. Алексейдің пасық амалы сол – қашуға әрекет жасады деп Балуанды атып өлтiру. Соны сезген Марина қалайда бұл әрекетке тосқауыл қоюды ойластырады. Сейiлге бірге шыққан болып жиналған жиырма шақты солдаттың бәрiне өз қолымен самогонды аямай құйып iшкiзедi. Әрине, Балуанға да бередi. Алексейден бастап бәрiнiң буыны босап, мас бола бастайды. Алып денелi Балуан мыңқ етер емес. Маринаның күткен сәтi осы едi. Ол серiнi алдын ала дайындап қойған жалпақ табан, белi бекем атқа ертiп әкелiп:
– Осымен қоштасамыз, дала гладиаторы! Әттең, әкем мен ағамның бiтiспес жауы болдың. Өз басым сендей адамның ыстық бауырында қырық күн емес, өмiр бойы маужырап жата беруге құмбыл едім, – деп мойнына асылып, бетiнен сүйiп-сүйiп алады. Екеуі қимай қоштасады.
Балуан сол бойы ата-баба жұрты Шу өңiрiне өтiп, қайтыс болған әкесiн жерлеп, басына белгi тас қойып, елдi аралап шалықтайды. Сол жолы ол қозы бағып жүрген бала Кененге кездесiп қалып, батасын бередi. Араға жыл салып, Көкшеге қайта оралады. Генерал-губернатор ол сыртта бой тасалап жүргенде оның бала-шағасына тиiсуге батылы бармады. Өйткенi, бостандықта жүрген батыр кез келген уақытта кек алуы мүмкiн деп бой тартады. Оның үстiне Көкше өңiрiндегi қалың қазақ: «Балуан, егер сiз бастасаңыз, бiз сойылыңызды соғуға сенімді серік боламыз» дескен едi. Сонда ол: «Жоқ, мен халқымның қылмыскер атануына қарсымын. Аман болсам, өз намысымды қолдан бермеспiн» деп көпшiлiктi тоқтатқан. Ал, осы бiр қиын-қыстау кездiң өзiнде Балуанның есiл-дертi Ғалияда болды. Тыным таптырмаған сезiмiн тежей алмай Атбасарға жетедi. Сөйтсе, сүйгеніне бiр саудагер жiгiт құда түсiп жатыр екен. Ғашықтар жасырын жолығысады, әрине. «Балуан, сiз сегiз қырлы, бiр сырлы еркексiз. Бiрақ әйелiңiз, бала-шағаңыз бар. Және...» деп күмiлжидi Ғалия. Бәрi түсiнiктi едi. Теңдiк үшiн тартысқан Шолақтың орыс қызын қырық күн бойы Көкшенiң биiгiнде кепілге ұстауы ел арасында өсек болып гулеп кеткен шағы едi, бұл. Ғашығының меңзегенi сол болатын. Ол Ғалияға бақыт тiлеп, қимай қоштасқан. Оған өктемдiк жасауға таза ниетi, кiршiксiз сезiмi жiбермеген сері өз сезімінің сергелдеңімен жүрегін жалындатқан отқа оранумен ғұмыр кешті.
Балуан Шолақ өмірін зерттеген көкшелік жазушы Естай Мырзахметовтің жазбаларына сүйенсек, Балуан Шолақ 1919 жылы наурыз айының орта шенінде қайтыс болған. Ақпан айының соңына қарай Шөкең кіші ұлы Құдайбергенді ертіп Атбасар жағындағы құдаларына қарай шығады. Алайда межелі жерге жетпестен кері оралуға бел буған. Аяқ асты шешіміне таң болған баласына мұнысының себебін түсінде «Аққошқарының аян бергенімен» түсіндіреді. Тездетіп қайтпаса болмайтынын, «ажал шіркіннің соңына түскеніне үш жылға айналғанын», содан, «ақыры, міне, қуып жеткенін» айтады. Үйге келген соң «ішінің жанып әкетіп баратқанын» айтып, төсек тартып біраз жатады. Сосын бәйбішесі Қаныкей мен ағасы Төлеубайды оңашалап қасына алады да, сырын ашады және ақтық аманатын естіртіп, «Барамын алыс сапар қайтып келмес... Тұрыңдар дұға қылып, құрбы-құрдас!» деп келетін ел-жұртына арнаған қоштасу өлеңін айтады. Бірер күнде көз жұмады. Бәйбішесі, ағасы және Сабыр қажы батырдың «өсиетін айтқанындай орындайды». Ақтық аманатының мазмұны бертінге дейін белгісіз болып келген. «Ерінің өмірден өту құпиясын Қаныкей бәйбіше қырық құлыптың астына сап аса берік сақтаған, жат тұрмақ өзінің қара құрсағын қақ жарып шыққан Исажары мен Құдайбергеніне, жан дегенде жалғыз қызы Бәтеніне де ашпаған күйі, 1948 жылы өзімен бірге қара жер қойнына ала түседі», – дейді Е.Мырзахметов. «Ал Шөкең қайтқанда сүйегіне түскен Сабыр қажы 1934 жылы, өмірден өтерін сезген шамада, немере інісі Ғаббасқа – жазушының нағашы атасына сыр ашады. Бұл сырды атасынан ол 1959 жылы әкесі екеуі естиді. Ал Шөкеңнің ағасы Төлеубай құпияны ортаншы ұлына, ол өз баласына айтып кетеді. Сол деректерге және ел ішіндегі басқа да мәліметтерге қарағанда, былай болған екен. Шөкең 1916 жылы жазғытұрым ауылына кештетіп қайтып келе жатады. Бұланды орманының Ақбалақ деп аталатын нуының шетіне кіре бергенінде, кенеттен тура қарсы алдынан мылтық гүрс ете түседі. Оқ ердің алдыңғы қасына тиеді, содан әлсіреп барып, оны іштен жарақаттайды. Ол, әйтеуір, аттан құламайды, 1919 жылы төсек тартып жатқандағы өз сөзімен айтқанда, «...құдайдың берген күш-қуатының арқасында» үйіне жетеді. Жараның қанын бәйбішесі Қаныкей жуып, таңып тастайды. Өзіне оқ атылғанын ешкімге айтпайды, бұл жайында тіс жаруға әйеліне де тыйым салады. Ел ішіне «қойдың құмалағындай қорғасынды көтере алмай ауырсынып жатыр» екен деген сөз таралып кетуі ықтималдығын намыс көреді. Енді, міне, ішінде үш жыл жатқан сол оқтың салдарынан өмірден өткелі жатып та құпияны берік сақтауға үндейді. Ағасына: «Сабыр қажы екеуің ғана арулаңдар», – деп қатты тапсырады. «Сүйегіме басқаларды түсірсеңдер – денемдегі жараны көрер. ...ақ ажал бұйырмай оқтан өлді деген сүйекке таңба». Ешкім білмесін... «Тап іргеде кіжінумен отырған қара шекпенді жаулар тыныш қарап қалмас. Тірімде шамалары келмегенмен, тым болмаса сүйегімді қорламаққа қабірімді ақтарар». Құпиялап қоятын болсын... Аса қиналып жатып, жоғарыда айтылғандай өсиеттерін естіртіп қоштасқан соң, дүниеден тез өтіп кете барады. Зерттеушінің айтуына қарағанда, «қазақ десе қаны қарайып қағынып тұратын жауыздар ...Шөкең өзі ақылмен болжап кеткеніндей, ...батырсынып, өш алмаққа» шығады. «Қара құзғынша шулап жан-жақтан жиналып, ауылға ойнақ салады. ...көр қопарады. Бірақ Шөкеңнің сүйегін таба алмайды». (Оның мәңгі тыншыған құпия жерін білетіндер бүгінгі ұрпаққа 1943 жылы нақтылап көрсетіп берген). Жаулары кіжінісіп, Шөкеңде кеткен еселерін оның артында қалған ұрпағынан алмаққа бел буады, сөйтіп баласының үлкені Исажарды атып кетеді...
Кейінгі жылдары Астана қаласындағы ескі мұсылман қорымына жерленген Ғалияның бейіті табылған. Араб, парсы, шағатай тілдеріндегі ескі шығыс жазуларын оқуды меңгерген жас мамандар Ұларбек Дәлейұлы мен Ахат Әшуұлының анықтауынша, Ғалияның басына күйеуі Ғалым Құрақбаев орнатқан құлпытаста көне емлемен: «1922 жылы 23 апрельде... Ғалия Ғалымжамағаты Тілеуқызы 48 жасында фәниден бақиға» өткені қашалып жазылыпты.

Асхан ҚОЖАКЕЛДІҚЫЗЫ

ҚазМУ-дің 1979 жылғы түлегі. Көкшетау облыстық «Көкшетау правдасы» газетінде, Сарыағаш аудандық «Сарыағаш» («Қызыл ту») газетінде бөлім меңгерушісі, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде бас редактордың 1-ші орынбасары қызметтерін атқарды. Қазір қалалық «Шымкент келбеті» газетінде жауапты хатшы.