Қазақстаным – құтты мекенім Избранное

Среда, 16 Август 2017 05:11 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 8252 раз

Еліміз өткен ғасырдың 40-жылдарында кеңестік солақай саясаттың ықпалымен қоныс аударған әртүрлі ұлт өкілдеріне пана болды. Бір ғана тың игеру кезеңінде Қазақстанға КСРО-ның өзге республикаларынан 600 мыңнан астам адам келді. Солардың көпшілігі тұрақтап қалды. Жергілікті ұлтпен ауызбіршілік жағдайында өмір сүріп, бейбіт ғұмыр кешіп келеді.

Бұл орайда, барлық этнос өкілдерін тіліне, дініне қарамастан, бір мүдде аясында әлеуметтік-экономикалық даму жолына жұмылдыра білген қазақ даласы жаһандық кеңістіктегі тұрақтылық пен бірліктің үлгісіне айналды. ҚР Президенті Н. Назарбаевтың бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы, оның ішінде, этномәдени бірлестіктер қоғамда маңызды рөл атқарды. Осы арқылы елде барлық этностың мәдени мұрасын, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, тілін толыққанды жаңғырту мен дамытудың тұрақты механизмі жүзеге асырылып келеді. 

Бүгінде Оңтүстік өңірін 108 этностың өкілі мекен етуде. 

Облыс аумағында 20 этномәдени бірлестік және қалалар мен аудандарда олардың 51 филиалы жұмыс істейді. Осы этно-мәдени бірлестіктердің жұмысына қолдау көрсету мақсатында облыстық бюджеттен қаржы бөлінеді. Сонымен қатар, жыл сайын барлық этномәдени бірлестіктерге облыс әкімінің гранты беріледі. Бұл қатарда, облыс әкімінің «Бауырмал» сыйлығы да белгіленген. Мәдени бірлестіктер өзара тығыз қарым-қатынас орната отырып, жыл сайын облыс жұртшылығының қатысуымен ұлттық мәдениет күндерін өткізеді.

Елімізді мекен еткен этнос өкілдері Қазақстанды ортақ қарашаңырағымыз деп мақтан етеді.

 


mbaighutБереке мен бірліктің дәнекері

–Бүгінде ел аумағындағы 130-дан аса ұлт өкілі Қазақстанды өз Отаным деп біледі. Олардың барлығы қазақтармен етене араласып, туыстай болып кеткен. Түрлі деңгейдегі мерекелер мен іс-шараларға белсене қатысады. Мұның өзі елдегі тұрақтылық пен бірліктің шынайы көрінісін айғақтайды.

Жердің шырайын ашып, көңілді шаттыққа бөлей келген көктем мезгілінде Оңтүстік өңірінде жылдағы дәстүр бойынша «Ырыс алды – ынтымақ» қоғамдық форумы ұйымдастырылады. Аймақтағы мызғымас бiрлiк пен берiк ауызбiршiлікті, кiшiпейiл iзгiлiктi нығайта түсуді мақсат еткен осы форум арқылы алдағы басым бағыт пен міндеттер белгіленеді. 

Облыс әкімдігі жанынан құрылған «Ырыс алды – ынтымақ» жиыны алғаш рет 2009 жылғы 22 наурыз күні түркі дүниесінің текті төрі, рухани астанасы – Түркістан қаласында өтті. Келесі жылы адамзаттың алтын бесігі саналатын, Нұх пайғамбардың кемесі тоқтаған қасиетті Қазығұрт тауының баурайында басқосу болды. Үшінші жиын жер жәннаты – Жетісайда ұйымдастырылып, «Ырыс алды – ынтымақ» жиыны тұрақты түрде жұмыс істейтін қоғамдық форумға айналды. Қоғамдық форумның алқалы жиындары мұнан кейін де Дала Парламентінің мінбері атанған мәртебелі Мәртөбе және Елбасы «Ел жүрегі, жер кіндігі» деп атап өткен Ордабасыда, Төле би және Түлкібас аудандарындағы тау баурайларында, бірнеше мәрте Шымкент қаласында өткізілді. 

Қазіргі таңда «Ырыс алды – ынтымақ» қоғамдық форумының мүшелігінде өңірдің барлық аудан-қалаларынан арнайы бекітілген атқарушы билік өкілдері, мәслихат, сот, прокуратура, зиялы қауымның өкілдері бар. 2008 жылдан бергі уақыт аралығында қоғамдық форум хатшылығы облыстық ардагерлер кеңесі және облыстық әжелер алқасымен бірлесе отырып, өңірдегі барлық аудандар мен қалаларды, кенттер мен ауылдарды аралап, мекемелер мен ұйымдарда, мектеп ғимараттарында жергілікті тұрғындармен кездесулер өткізіп келеді. Онда «Ата-баба дәстүрі ұрпаққа аманат», «Ұрпақтар сабақтастығы – егемендік кепілі», «Еңбек бәрін де жеңбек», «Білімді ұрпақ, тәрбиелі, тәртіпті ұрпақ – болашақтың тірегі», «Мәңгілік Ел» мұраттары», «Отбасылық құндылықтар және жас ұрпақ тәрбиесі», «Дін мен діл және тіл» тағы басқа да тақырыптар қамтылуда. Түпкі түйіні ретінде татулық, бірлік, ынтымақ, ұлтаралық және дінаралық жағдаяттар жан-жақты талқыланады. Ел мен егемендіктің бағалы бейнесін бағамдау басты мақсат етіледі. 

Биылғы қоғамдық форум Түркістан қаласында «Түркістан – түркі әлемінің мәдени астанасы» атауымен өтті.

Мархабат БАЙҒҰТ,
Жазушы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты,
«Ырыс 
алды – ынтымақ» қоғамдық
форумының атқарушы хатшысы

 


Қайырымды кәсіпкер

index256478Фируз Ифтихари әкеден мұраға қалған кәсіпті игеріп, қаланың дамуына үлес қосып жүрген азамат. 2 гектар жерге егілген жылыжайдың өнімін теріп алды. Қияр жинау науқанын сәтті өткізді. Бауырлары да осы шаруашылықтың басы-қасында жүр. Біріге атқарылған жұмыстың берекеті мол боларын біледі.

Иран ұлты өкілдерінің осындай табысты тірлігіне қуанасыз. Кәсіпкерлікпен шұғылданамын деген адамға барлық жағдай бар. Мінекей, өзге ұлт өкілдері де бейбіт күнде кәсіпкерлікті дамытып отыр. 

Қаратау ауданына қарасты Мәртебе ауылындағы «Ифтихари» шаруа қожалығы бүгінде көпшілікке мәлім болса керек. 2013 жылы кәсіпорынның ашылу салтанатына Елбасының өзі қатысып, кәсіпкер азаматқа сәттілік тілеген еді. Кәсіпорын осылайша жылдан жылға дамуға бет алған. 

Бүгінде шаруа қожалықта 40 адам жұмыс істейді. Олардың арасында қазақ, түрік, грузин, әзірбайжан, орыс, тағы басқа, көптеген ұлт өкілдері бар. Мемлекеттен қолдау зор. Енді тек еңбек ету керектігін ұғынған. 

– Өнімнің түсімі жаман емес. 50 пайызын Ресейге жөнелтсек, қалғаны ішкі нарыққа шығарылады. Негізінен, тұтынушыларымыз солтүстік облыстарда. Қазіргі басты мақсат – қияр және қызанақтан жылына 900 тонна өнім жинау. Облыс және қала әкімдігі тарапынан барлық жағдай жасалды, – дейді Ф.Ифтихари. 

Кәсіпкерлер жылына екі рет мемлекеттен субсидия алады. «Жол картасы – 2020» бағдараламасы аясында инфрақұрылымдық жүйелерді (су, газ, жарық) де мемлекет іске қосып берген. Одан бөлек, «Қазагрофинанс», «Оңтүстік» АИО мекемелері де қажетті қаржыны бөліп отыр. Әрине, ендігі мақсат – жылыжай өнімін ұлғайта беру. 

Ф. Ифтихари Шымкентте туып-өсті. Бүгінгі мамыражай заманда қалаған кәсіппен айналысып, туған жеріңді түлетуге барлық мүмкіндік бар. Алға қанаттандырған да осы жағдай. Жалғыз өзі емес, бауырлары да кәсібіне қолқанат болып жүр. Ағасы – Вахит, қос әпкесі – Люда мен Лида да осы шаруаға жәрдемдеседі. 

– Бауырларымның ішінде қазақша үйреніп жүрген мен ғана. Қалғандары мемлекеттік тілді тәп-тәуір біледі. Әкем Әли қазақ тілінде мүдірмей сөйлейді. Бәрімізді осы кәсіпке баулыған әкем болатын. Әке аманатынан алыстап кете алмаймыз, – дейді кәсіпкер Қазақ еліне деген құрметін білдіріп. 

Бұдан бөлек, Ифтихари отбасына қарасты «Ақназар хан» көшесінің бойында орналасқан «ЭКОИЛ» жанар-жағармай құю бекеті 15 жылдан бері қалтқысыз қызмет етеді. Мұнда да 10 адам нәпақасын айырып жүр. 

Бір қуантарлығы, кейіпкеріміз балалар үйіне, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға жәрдем беріп тұрады. Осындай үлгілі еңбегінің арқасында Фируз Ифтихари өткен жылы ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерекелік медалімен марапатталды. Алда кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтпек ниетте.

 

Шымкенттің фотошежіресін жасаған

rozmetovБұл өмірде уақытты ырқына көндірген ешкім жоқ. Бірақ саналы ғұмырында жақсылыққа құштар, өз уақытын адамдарға қуаныш сыйлауға асығатын азаматтар арамызда аз емес. Пайғамбар жасынан асып, биыл 67 жасқа толатын Әбдуәлі Разметов осындай жанның бірі.

Ол Шымкентте туып-өсіп, қаланың дамуына хал-қадірінше еңбек етті. Бұл азаматты қалалықтардың көбі таниды. «Шымкент келбеті» және «Панорама Шымкента» газеттерінде 25 жыл қызмет істеп, зейнетке шықты. Қалалық газетте қызмет етіп жүрсе де, облыстың тарихын қалыптастыруға үлес қосқанын мақтаныш етеді. Үш ел басшыларының Ордабасыдағы кездесуі, Түркістанның 1500 жылдығы, Тұрғыт Озал, Сүлеймен Демирель, Беназир Бхутто сынды тарихи тұлғалардың өңірімізге келгенде түсірген фотолары қазір тарихи мұраға айналған. Ол суреттер жылда көрмелерге қойылады. Жеке мұрағатында Елбасының 100-ге жуық суреті бар. 

Әбдуәлі Ғаниұлы қазір де тыным таппай, еңбекке араласып жүр. Әлі де болса қаланың дамуына үлес қоссам дейді. Бүгінде Халықтар достығы университетінде фототілші болып еңбек ететін ол қаланың қайнап жатқан тіршілігінен қалыс қалғысы жоқ. Қазіргі таңда оқу орнының жанынан жарық көретін «Бірлігіміз жарасқан» газетінің де сапалы шығуына атсалысады. 

Әбдуәлі аға үнемі асығып жүреді. Фотоаппараты әрдайым жанында. Қаланың қызықты көріністерін, қала тұрғындарын суретке түсіруге асығып бара жатады. Мұнысын өз ісіне адалдығы деп ұғынасыз. 

– Өзімнің тәжірибемде суретке түсіруге қолайлы сәттер ең басында және ең соңында болады. Адамдардың іс-шара біткеннен кейінгі көңілі ашылып, жайдары қалыпқа түскен сәтін аңдып жүремін. Одан кейін, жайдары жүретінім, жалпы адамдарға ризашылығым ғой. Солай жүргенге не жетсін?! – дейді ол. 

Қазір барды баянды ететін кезең. «Бірлік болмай, тірлік болмайды» дегенді жиі айтамыз. Президентіміздің дәл уақытында бірлікке шақырғанының нәтижесін міне, көріп отырмыз. Барлық ұлт өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Адамда арман көп қой. Енді мұнымен тоқмейілсімей, тарихи суреттерді қазіргімен салыстыра отырып, триптих жасасам деген жоспарым бар. Ол – болашақтың еншісінде». 

Абзал азаматтың айтары осы. Сондай-ақ, мына бір айтқан пікірі де көңілге қонымды-ақ: «Ендігі кезекте қаланың бір жақсы орнына сағат қойылса екен. Біз уақытты үнемдеуіміз керек қой. Келген адам да сағатқа қарайды. Жастардың да жиналатын жері болушы еді. Сол арқылы адамдар уақытты қадірлей біледі».

Үнемі тірлігіне асығып жүретін азаматтың бұл пікірі орынды. Кейіпкеріміздің әрдайым жақсы іске ұйытқы болып, егде тартса да еңбектен қашпайтыны шынында көпке үлгі.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.