Суретші-кескіндемеші, фотосуретші - Бейбіт Бертаев Шардара қаласында қарапайым отбасында дүниеге келген. Балалық шағы Түлкібас ауданының Шақпақ баба елдімекенінде өткен ол оқушы кезінен-ақ тылсым табиғаттың сұлулығын, тау-тастың әсем көрінісін қағаз бетіне өрнектеп, сабақ үстінде мұғалімнің портреттік бейнесін салуға қызықты.
Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының «Бейнелеу өнері және сызу» мамандығын оқи жүріп бірнеше көрмелерге қатысып, Астанада өткен Халықаралық «Шабыт» фестивалінің дипломанты атанды. 2008 жылы «Бейнелеу өнері және сызу» мамандығының кескіндеме саласы бойынша «Шақпақ баба өңірі» тақырыбында диплом қорғап, аталған оқу орнын аяқтады.
Одан соң Шымкенттегі Академиялық инновациялық университетінің «Өнер» кафедрасында оқытушы қызметін атқарып, осы оқу орнында «Дизайн» мамандығы бойынша магистратураны аяқтады.
2015 жылы облыстық Бейнелеу өнері музейіне бөлім меңгерушісі қызметіне тағайындалған талантты жас көптеген көрмелер ұйымдастырып, халық назарына ұсынып жүр. Сонымен қатар, Финляндия, Эстония сияқты шетелдерде, облыстық өнер ұяларында шеберлік кластарын өткізіп, кескіндеме өнеріндегі шеберлігін танытуда. Сұлулықты қылқаламымен өрнектеген суретші бүгінде жеке шығармашылық көрмесін өткізуге дайындалуда.
Сондай-ақ соңғы жылдары әлеуметтік желі парақшаларында оңтүстік өңірінің көрікті орындары мен киелі жерлерін насихаттауда 100-ден аса мақала жазып, фотоөнерде де өзінің белсенділігін байқатып, 5000 - нан аса фотосуреттер жариялады. Осындай бір-бірімен өзектес өнерді өн бойына тұтастырған суретші өнер әлемінен қысқа уақыттың ішінде өз орнын таба білді. Мемлекеттік қызметпен қатар өнердің де көшін өрге сүйреген суретшінің мақсат еткен маңызды жоспарлары көп.