Зейін сал, Зейнеп апаға...

Пятница, 15 Сентябрь 2017 09:10 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 5051 раз

DSC 8910

Шымкентке қазақ халқының қаһарман ұлы, даңқты қолбасшы Б.Момышұлының келіні, этнограф, жазушы Зейнеп Ахметова келді. Сәрсенбінің сәтті күнінде түске дейін Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығында, түстен кейін облыстық Жастар ресурстық орталығында Оңтүстік жұртшылығының қабырғалы қаламгермен «Ел боламын десең...» атты жүздесу кеші өтті.

Қос кездесуде де қазақтың тал бесіктен жер бесікке дейінгі салт-дәстүр, әдет-ғұрпына қатысты құнды әңгіме айтылды. «Кімге кім келін болмай жатыр?!» деп бастады әңгімесін Зейнеп Ахметова. 

Апамыз өзін Момышұлының келіні деп таныстырғанымен, шынтуайтында қара сөздің қайнарынан қанып ішкен мықты жазушы. Қазақтың салт-дәстүрін жоқтап жүрген белгілі жазушы. Ендеше, сөз тізгінін Зейнеп апамыздың өзіне берсек.


«Үлкеннің алдында үндемегеннен ұтылған жерім жоқ»

Мені қанша мақтаса да, оған үйренген адаммын. Өйткені, оның бәрі атаға арналған. Егер мен атаның келіні болмасам, соншалықты мақтау естімес пе едім?! Менікі «күріштің арқасында күрмек су ішіпті» дегеннің кері. Әйтпесе менен де басқа небір атақты адамдардың келіні бар. Соларды кім біліп жатыр? Бүкіл Алты алашқа ортақ азамат болғандықтан, Қазақстанның қай түкпіріне барсаң да, «біздің Баукең!» деп атаны ардақтаған исі қазақтың жүрегінен, көңілінен таралып жатқан мейірім, шапағаттың ұшқындары да маған тиген. Әйтпесе кімге кім келін болмай жатыр? Бірақ елдің бәрінің келінін бүкіл халық біле бермейді. Осы орайда бір әңгіме есіме түсіп отыр. Бір үлкен кісі орысшалау, тікбақайлау келініне «Шуақты күндерді» апарып беріпті де: – Мә, мынаны оқы! Баукеңнің келініндей келін бол! – депті. Сөйтсе, жаңағы келіні: – Баукеңнің келініндей келін болу үшін, Баукеңдей қайыната керек! – деп айтатын көрінеді. Ата секілді қалыпқа сыймайтын, ноқтаға басы түспеген адамның қолына су құйып, шай қайнатып беру де оңай емес. Ата екі жағы бірдей қайралған қанжар секілді, былай тайсаң, кесіп түседі, былай тайсаң, осып түседі. Бел ортадан тең жүріп, таразының басына салуға ол кезде менің өмірлік тәжірибем, көрген-білгенім онша жете бермейтін. Өйткені, екі мүшелге де толмаған кезім еді. Ең жақсы әдісім, әйтеуір, үндемей құтылатынмын. Кейде өтің жарылып кете жаздайтын кездер де болады. Бірақ үндемей қоясың. Сондықтан да көндіккен шығармын. Әсілі мен үлкеннің алдында үндемегеннен ұтылған жерім жоқ. Жастардың құлағына алтын сырға. Мен құймақұлақ болдым. Әрбір сөзін қағып алатынмын. Асүйге кіре салып, атаның айтқандарын ұмытып қалмайын деп, дәптерді суыра сап, жазып-жазып тартпаға қайта салып қоямын. Сол дәптерлердің сырты қазір май-май. «Ұрпағына керек, немерелеріне керек!» деп түрте бердім. Өйткені атаны баласына әке, немерелеріне ата, қарапайым адам ретінде ешкім жазбаған болатын. Атаны бір көруді армандаған адам қаншама?! Бір көргенін ұлықтай, баласының баласына айтып жүрген адамдар қаншама?! Оған қарағанда мен ертелі-кеш қасында болдым. Күнде айқайын, оқта-текте мақтауын естіп, маңдайлы келін болдым ғой, Құдайға шүкір! Біреуге «Зәке», біреуге жеңеше, енді біреуге апа, әже болып, сый-құрметке ие болып жүрсем, осының барлығы тек қана атаның қасиетті әруағының арқасы. Атаны ардақтаған осы отырған халықтың арқасы.

DSC 8917

«Келін ененің мектебінен өтуі керек!»

Бір әулеттің бірлігі, ынтымағы, бақытты өмір сүруі, ұрпағының әдемі өсуі тек осы ене мен келінге байланысты. Мен ылғи да айтамын: «Кез келген әйел ене бола алады, бірақ ана болу екінің бірінің қолынан келмейді». Келінді келген адам ретінде емес, ендігі жерде сол әулеттің ұрпағын өсіретін тұлға, өзінің өкшебасары ретінде қараса, бәрі дұрыс болады. Келінін жамандайтын енелерге: «Сенің не еңбегің сіңді? Оны туған жоқсың, түн ұйқыңды төрт бөлмедің, ақ сүтіңді бермедің, оқытпадың, тәрбиелемедің, дап-дайын күйінде қолыңа ұстата салды. Бір адамды – бір әлем дейтін болсақ, дайын бір әлемге еге бола алмасаң, кімсің?!» – деймін. Ал шынында ол келін анасынан тәрбие алмаған, уызына жарымаған бала болса, онда ол ененің соры. Тәрбиелеп болам дегенше, шашы ағарады. Келіндерге: «Сүйіп қосылсаң, жастыққа басың бірге түскен жігітті өмірге келтіріп, азамат етіп, асырап, баққан әйелді осы үшін қадірлеуің керек!» – деймін. Бұл – менің қарапайым ғана ережелерім. Ененің мектебінен өтпеген келін – келін емес. Қазіргі еншісін алғысы келіп, бөлек тұрғысы келетін келіндер ертеңгі күні өзінің бала-шағасы үй болғанда көресіні көреді. Сондықтан айналып кетейін келіндерге айтарым, қиын болсын, жеңіл болсын, қалай болғанда да, енелердің мектебінен өту керек! 

«Қыздарда жігіт қызығатын ешнәрсе қалмады»

Соңғы уақыттары көп қолданылатын заманауи деген сөзді мүлде ұнатпаймын. Заманауи боламыз деп қыздарымыз көйлекті тастап, шалбар киіп кетті. Көрінген жерге еркекшора болып киінеді. Тіпті, қазір қыздарда жігіт қызығатын ешнәрсе қалған жоқ. Бәрі ашық-шашық. Бұрын ұзың жең, бүрмелі етек көйлек киетін қыздарға жігіттер қызығатын: «Шіркін-ай, білегін ұстар ма еді?» – деп. Бәрі құпиялы болып тұратын. Қазір буылтық-суылтығымен бәрі көрініп тұрады. Арығы да, семізі де тылтитып шалбарын киіп алады. Мен ондай қыздың қасында келе жатқан жігіттерге таңғаламын. «Өзі сияқты еркекшорадан қалай намыстанбайды екен?!» деп қаламын. Сол құрғыр шалбар дегеннің де өзінің киілетін жері бар. Ал қыздардың талғамсыздығы соншалық, тойға да, театрға да, мешітке де, өлім-жітімге де киеді. Әр нәрсенің өзінің орны бар ғой. Бұрын біздің қазақтығымыздың исін сақтап отыратын ауыл дейтінбіз. Құдай-ау, қазір сол ауылымыз да көйлекті жақтырмайтын болды. Өткенде ауылға барсам, алды кебежедей, арты тегенедей болып, үп-үлкен апалар шалбар киіп жүр. Иә, бұл да – заманның киімі. Дегенмен өзіміздің ұлттық қасиетімізді сақтауымыз керек.

DSC 8911

«Баланың тұсауын ала жіп және пышақпен кескен»

Рухани жаңғыру, өркендеу, дәстүрдің жаңғыруы деп жиі айтып жүрміз. Дәстүр десе, тек беташар, тұсау кесу, бесікке саларды ғана айтамыз. Ал халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан этикасы, үлгі-өнегесі қайда қалды? Осы бірді-екілі дәстүрді спектакль қылып көрсетеді. Онда да ата-баба дәстүрімен жымдастырып, әдемілеп көрсетсе мақұл ғой. Өткенде бір үлкен кісі немересінің тұсаукесеріне шақырды. Сонда бір баланың тұсауын үш адам кесті. Біреуі ала жіппен, біреуі тоқ ішекпен, біреуі шөппен. Сонда ана баласын кімге тартсын деп тұр? Түсінбейсің. Қазір көпшілік ала жіптің мән-мағынасын ұғына бермейді. «Кісінің ала жібін аттамасын» деп кесіп жатырмыз деп ойлайды. Ұрлық жасамасын деп қана тұсау кесу деген ойға сыймайды. Ала жіп – тіршіліктің нышаны деуге болады. Өйткені бір Құдай ғана жалғыз, қалғанының бәрі екіден, ер мен әйел, ыстық пен суық, қара мен жарық, қыс пен жаз, ары қарай кете береді. Ақ жібін әдейі көбірек қылады. «Жақсылық болғанда, асып-тасып кетпесін, қиындықтар болғанда, басылмасын, екеуіне де тең өссін» деп пышақпен кеседі. Қазір кейбіреулер қайшымен кесіп жүр. Одан баланың өмірі қайшыланып қалады. Қит етсе, әжелерге кестіреді. Қазақ әже түгіл, жайбасар, сылбыр жүретін адамға тұсау кескізбеген. Әжелер баланы бесікке салады. Қырқынан шығартады. Бірақ тұсауды әжелерге кескізбейді. Әжелер ала жіпті баланың аяғына орап байлап береді. Қыз баланыкін аяқ-қолы балғадай, істеп жүрген тірлігін тыңғылықты бітіретін, өзі жүргек, пысық, ел аузында әдемі аты бар, сондай келіншектерге кескізеді. Ұл баланың тұсауын ел алдында жүрген, қолынан іс келетін көрнекті жігіттерге кескізеді. Ал тоқ ішекпен кесу қосымша ғана. Өйтетіні «іші-сырты майлы, бай, берекелі болсын» деген мағына. Ал шөппен кесетін себебі, туған жерінде көк шөптей тамыр тартып, желкілдеп өссін, өнсін деген мағына. Ал негізі ала жіппен кесу керек. Осындай нәрселерді білмей тұрып, әркім жамбасынан бір ұрып, салт-дәстүрімізді бұрмалай берсе, онда не қалады?!

 

«Нәрестенің кіндігі мен жолдасын жерге көму керек»

Қазақта «Тасын ала берсе, тау да таусылады» дейтін сөз бар. Біз бір күнде құрығамыз жоқ. Ақырын, көзге көрінбестен, ұлттық қадір-қасиетімізден аулақтап қалдық. Оған бірлі-жарым мысал келтірейін. Қазақ «бала кіндік шешеге тартады» дейді. Бала туылғаннан соң қолымен ұстап, кіндігін кескен адамның саусақтары арқылы белгілі бір қасиеттері балаға берілетін болған. Ол рас. Әке-шешесіне тартпаса да, кіндік шешесіне тартатыны сондықтан. 70 жыл бодандықта болған кезде бұл қазақтың кіндігін кеспеді? Ойлап қараңызшы. Кеңес өкіметінің кезінде қазақ дәрігерлері, акушерлері өте аз болды. Қазақ шыр етіп дүниеге келгенде еститін сөзі орыстың сөзі болды. Кіндігін кесетін, тағы да солар болды. Содан кейін кіндік қайда кетті? Кеңес өкіметінің кезінде баланың кіндігі түспей перзентханадан шықпайтынбыз. Сонда ана кіндікті ит жеді ме, мысық жеді ме? Қазақтың кіндігі жерге көмілмей қалды ғой. Халқымызда «Ит – тойған жеріне, ер – туған жеріне» дейтін мақал бар. Бұл кіндігі жерге көмілгендіктен, қайтып айналып өзінің туған жерін тауып отырған. Ал иттің кіндігі жерге көмілмейді, сол үшін де тойған жерінде жүре береді. Біз қазір итке ұқсап бара жатырмыз. Қай жерде қарнымыз тояды, сол жерге кете береміз. Ал қазақ кіндікті жерге көмді ғой. Көмгенде де, ер баланың кіндігін табалдырықтың астына (босағасына ие болсын деп) көмді. «Табалдырықты баспа» дейтін ырым осыдан шыққан. Қыз баланың кіндігін оттың басына (от басының алтын қазық, берекесі, ағайын-туыстың ұйытқысы болсын деп) көмген. Сондықтан әжелеріміз «Оттың басын баспа, түкірме, таза ұста!» дейтін сөздер осыдан шыққан. 

Жетпіс жыл Кеңес өкіметінің кезінде, 25 жыл Тәуелсіздік жылдарында бір қазақ баласының жолдасын сұрап көрді ме? Ол қайда кетті? Қоқысқа тасталды ма? Ол шетелге алтынға сатылды. Одан боянатын әсемдік заттары шығарылды. Осыны бірде-бір адам сұрамады. Ойлап қарасақ, дәрігерлердің не әкесінің құны бар?! Тоғыз ай, тоғыз күн көтерген ана баласының жолдасын да жерге көмуі керек. Қазақтар баласының жолдасын жуып, аққа орап, алты қырды асырып барып, елін-жерін қорғайтын азамат болсын деп таза жерге апарып көмген. Ал біз күні бүгінге дейін осыны жоқтай алмай отырмыз. Бұның барлығы біздің ұлттық кодымызбен байланысты. Білесіздер ме, ата-бабаларымыздың қолында керемет қару-жарағы да болған жоқ. Найза, шоқпар, қылыш, семсермен мына ұлан-ғайыр жерді бізге қалай жеткізді? Өйткені, кіндігі жерге жабысқан болатын. Құдайға шүкір, қазір босанған келіншектерді перзентханадан баланың кіндігі түспей-ақ, бір-екі күнде шығаратын болды. Қазақ кейінгі ұрпағы осы елге, жерге ие болсын десе, осы кіндіктен бастауы керек!


ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН. Зейнеп апамен өткен екі сағаттық кездесуде жиналған көпшілік барынша рухани байып қайтты. Әр айтқан әңгімесі әсерлі, астары терең, мазмұнға бай, қазақ үшін құнды. Әттең, газет беті оның әрқайсысын теріп жазуға аздық етеді. 

Жиын соңында көзі қарақты оқырман қаламгердің «Шуақты күндер», «Бабалар аманаты» кітаптарына қол жеткізіп, автордың өзінен қолтаңба алу бақытына ие болды. Айтқандай, З.Ахметова өзінің ойлы оқырмандарына осы күздің соңына дейін нәрестенің дүние есігін ашқан сәтінен ер жеткенге дейінгі кезеңіне қатысты салт-дәстүрді толғайтын «Күретамыр» атты кітабын тарту етпек. Тағылымды салт-дәстүрімізге қатыстының барлығын автордың аталған кітаптарынан оқып-білуге болады.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.