Шымкенттік шабандоздар ширақтық танытты Избранное

Среда, 04 Октябрь 2017 03:47 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 3389 раз

Құрыш білекті, тақымы мықты жігіттердің сайысын тамашалауға қашанда асықпыз. Шымкентте қалыптасқан жақсы дәстүр бойынша ұлттық спорт ойындары тағы да төрге озды. Қала күніне арналған сайыс көңілді көтеріп, мықтыларды танытты. Жалпы командалық есепте жеңімпаз атанған – Шымкент қаласының спортшылары.

IMG-20170930-WA0106

Орталық атшабарда тұлпарлардың тұяғы дүбірледі-ақ. ОҚО ұлттық спорт түрлері мектебі және Шымкент қалалық денешынықтыру және спорт бөлімі жыл сайын жарысты жоғары деңгейде өткізеді. Биыл да Сайрам, Сарыағаш, Қазығұрт, Төлеби ауданынан, одан бөлек, Алматы, Жамбыл облысынан да сәйгүліктер келді. Жалпы бұл күнгі ат-спорты ойындары сынында 117 спортшы бақ сынасты. 

DSC 1708

Алдымен дәстүрге сай, көкпар бәсекесі мен аламан бәйге қала тұрғындарына керемет әсер сыйлады. 16 шақырымға созылған бәйгеде Алматы облысынан келген Жеңіс Смайылдың "Триумф" атты сәйгүлігі мәреге бірінші жетті. "Босмойын", «Қарадауыл» атты сәйгүліктер де бабында екенін байқатып, мәреге үзеңгі қағыстыра келді. Алматы облысының тағы бір сәйгүлігі «Босмойын» мәрені екінші болып қиды. Ал Жамбыл облысының Қордай ауданының тұрғыны Алик Нұрмаханбетовтың «Қарадауылы» үшінші орыннан көрінді. Бір айта кетерлігі, көпшіліктің делебесін қоздырған бәйгені облыс әкімі Жансейіт Түймебаев пен қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов та трибунада отырып тамашалады. 

Облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлы жеңімпаздарды құттықтап, «Триумф» тұлпарының иесі Жеңіс Смайылға "Нива" автокөлігінің кілтін тарту етті. Екінші орын алған Жасұлан Тұрғанбаевқа – 450 мың, үшінші орын иегері Алик Нұрмаханбетовқа 300 мың теңге ақшалай жүлденің сертификаты берілді. 

IMG-20170930-WA0117

Шабандоздар сайысында жеңісті дәстүріміз бар. Тақымы мықты шымкенттік көкпаршылар бес команданың арасынан финалға шықты. Бас жүлде үшін таласта Төлеби ауданының командасы қарсы тұрды. Айлакерлігі, тактикалық шеберлігінің арқасында Шымкент қаласының құрамасы жеңімпаз атанды. Олар өткен жылы да осы биіктен көрінген еді. 

Атшабарда бұдан бөлек сайыстар да тартысты өтті. Конкур спортында Саида Әбдірахманова, теңге ілуден Ғалымжан Ізжанов (Шымкент), жамбы атудан Ералхан Айкөз (Төлеби ауданы), желіп шабудан Бағжан Байдарбек (Шымкент), қошқар көтеруден Әлфараби Бекқұлы (Шымкент), қыз қуудан Бибігүл Байдар мен Мағжан Өмірзақ (Шымкент) бас жүлдеге ие болды. Ал аударыспақ бәсекесінде 90 келіден жоғары салмақта Біржан Қосалиев биыл да қарсыластарының бәрінен озды. Азия чемпионы білектің буырқанған күшін көрсетті. Сонымен бірге, Жайлаукөл демалыс аймағында қол күресі, кір тасын көтеру, асық ату, арқан тарту және ескек есуден де мықтылар анықталды. 

22047936 1897166170323393 7203124897214863115 o

Шымкент қалалық денешынықтыру және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы Намазбай Әбдіқұлов барша жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттады. 

Осылайша, Орталық атшабарда ұлттық ат спорты ойындары шымкенттік спортшылардың жарқын жеңісімен аяқталды.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.