«Бұқаралық ақпарат құралдары және патриоттық тәрбие». Әскери патриоттық оқу орталығында осындай тақырыпта ҚР құрметті журналисі, ОҚО журналистерінің төбе биі Байдулла Қонысбекпен сырласу сағаты өтті.
Іс-шара Мемлекет басшысының «Болшаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жердің тұлғасы», Ерлік мұражайының «Ата-бабалар аманаты – елдік пен ерлік, бірлік пен ынтымақ» жобалары аясында ұйымдастырылды. Оған зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, журналистер, Б.Өтеп мектеп-интернатының оқушылары мен қызметкерлері, жас сарбаздар, Отырар кітапханасының қызметкерлері қатысты.
– Қазір елімізде Президенттің рухани жаңғыруға қатысты мақаласы кеңінен насихатталып жатыр. Бұл адамның ішкі дүниесін жаңарту, мінезін қалыптастыруға, отанды сүюге, елін-жерін құрметтеуге, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге үлкен мүмкіндік береді, – деді Байдулла Қонысбек.
Кездесу барысында Байдулла Қонысбек туралы естеліктер айтылып, Елбасының мақаласындағы міндеттер мен бағдарламаларды талқылады. Көріністер қойылып, ән шырқалды. Сондай-ақ, орталықтағы 120-ға жуық жәдігері қойылған көрмеге экскурсия жүргізілді.