КЕМЕҢГЕР немесе Елбасы туралы тебіреніс Избранное

Среда, 29 Ноябрь 2017 06:30 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 7161 раз

elbasy-94-95Біз ұзына бойы тарихы­мыз­да Ұлы далада небір қиындық­тарды басымыз­дан кешірген, сұрапыл соғыстарды, жойқын жор­туылдарды өткерген; сан рет қирап, сан рет бой түзеген; “та­рих­тың тағдырлы көші” дей­тін ұзақ жолда жақсыны да, жаманды да көрген; салтанатты да өмір сүрген, хандары алтын сарайларда да тұрған, алтын тақта да отырған, іргелес елдермен бейбіт өмір сүре де білген елміз.

Тауқыметті соншама көп кешкен, тағдыры аянышты – езіліп-егілген, жа­бығып жапа шеккен, тарығып-зарық­қан халық жер бетінде екеу болса, со­ның біреуі – қазақ. Сондай сұмдық­тар­дың кесірінен қазақ кезінде атамекенін тастап, тоз-тоз болып жан сауғалауға да мәжбүр болды.

Орысқа бодан болған үш ғасырдың ішінде тарихымыз, ар-ожданымыз табан­­ға тапталды. Алқакөл-сұламаға ұшыра­дық. Кеңпейіл, аңқау қазақтың мал-жаны тәркіленіп, ашаршылыққа душар болды. Зұлматтың құрығына түсті. Өзгенің та­ри­хын өзімізге теліп оқыдық. Хандарымыз бен билеріміз, бектеріміз бен батыр­ла­ры­мыз әжуаға, күлкіге, мазаққа айналды. Та­рихымыз саясаттың құралына айналды. Сана, дәстүр күйреді. Халық жадынан ай­рылды. Шыбын жаны шырқырады. Ұлт ретінде жер бетінен жойылып кете жаз­дадық. Қазақтың: «Қаратаудың басы­нан көш келеді», деп зарлағаны, Қаз­туған жыраудың: «Қайран да менің Еділім» деп қабырғасы сөгілгені; үш жүздің басын қоса алмай, қала сала алмай, көшіп-қон­ған жұртын орнық­ты­рып ел ете алмай Абылайдың пұшай­ман болғаны; Бұқар жыраудың жер тіреп күңіренгені; «Еділді келіп алғаны – етекке қолды салғаны, Жайықты келіп алғаны – жағаға қолды салғаны», «Әдіра қалғыр Үш Қиян» деп Мұрат ақынның күйзелгені; «Бас-басына би болған өңкей қиқым, Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын», деп Абайдың қабыр­ғасы қайысатыны осы тұс еді.

Даламызды да, өзімізді де көрмеген батыстың ғалымдары қазақты жер бе­тін­дегі жабайы халықтың қатарына қосты. Олар өркениеттің Шығыстан бастал­ған­ды­ғын, Еуропа қалың ұйқыда жатқанда бұл өңірде салтанатты тірші­лік болған­ды­ғын, керек болса, ер қана­ты жылқыны да қолға үйретіп, ер-то­қым салып, жүген­деп, өмір сүрудің құра­лына айнал­дыр­ған­ды­ғын біле тұра, мойындағылары келмеді. Өркениеттің жалғасын, тұтас бір дәуірін жасаған ата-тегіміз – ғұндарды да, оның көсемі Еділ (Аттила) патшаны да; көк Тәңірі мен қара жердің ортасын­дағы бү­кіл адам баласын билеген, дүниенің төрт бұрышын аузына қарат­қан, сөйтіп азды-көп, кедейді бай қыл­ған, тату елге жақ­сы­лық қылған, асыл мұралар қалдырған Қа­ғанат қаһарман­дарын да жабайыға санады.

Ойыңа түссе зығырданыңды қайна­та­тын, пұшайман қылып сергелдеңге сала­тын, досың түгілі жауыңа да тілемейтін осындай қорлықты, сұмдықты басымыз­дан кешкен, тарихқа есесі кеткен елміз.

«Дәуір алмасып жатқанда өмір сүр­ме», – дейді екен қытайлар. Бүгінгі ұр­пақ­тың өмірі дәуір мен дәуір, ғасыр мен ғасыр алмасып, заман өзгеріп жатқан тұсқа тура келді. Біз осы күнге арып-ашып, жадап-жүдеп, шаршап-шалдығып, талықсып, сеңдей соғылысып, тентек қойдай теңселіп, ақылымыздан, жады­мыздан, санамыздан айырыла жаздап жеттік.

Құдайға шүкір, Алла көзіміздің жа­сын көріп, тілегімізді беріп, басымыздан бақ тайған, қан жылаған зар заманымыз артта қалып, жаңа дәуірдің, жаңа заманның есігін аштық.

Сөйтіп, көз алдымызда демде жер де, ел де, адам да, заман да өзгерді. Күл-тал­қа­ны шығып, быт-шыт болып қираған өндіріс ошақтары қайта тірілді, жаңа арнаға түсті. Ел есін жиды, етегін жапты, еңсесін көтерді. Халықтың көңілі орны­ғып, жаңа заманның кәсіп-тіршілігіне көшті. Ызы-қиқы, адам баласы түсініп бол­майтын неше түрлі мехнат-қиын­дық­тар ұмыт болды. Жылқы мінезді халық емеспіз бе, енді бүгін сол құбыжықтарды басымыздан кешпегендей, көзімізбен көрмегендей болып отырмыз. Демде-ақ бәрін де ұмыттық. Ұлы далада шым-шы­тырық, қым-қиғаш, астасқан алуан заман­ның ел басынан өткені де, талай дәурен сүргені де рас, бірақ ХХ ғасыр­дың аяғында көзіміз көрген, өзіміз ара­ласқан бүгінгідей ғажайып шындықты қазақ халқы бұрын-соңды басынан кешкен емес.

Сенесіз бе, сенбейсіз бе? Осы байтақ далада бұрын-соңды болмаған бүтіндей жаңа мемлекет – Тәуелсіз Қазақстан елі көш түзеді. Осы Ұлы көшті Н.Ә.Назарбаев бастады. Арғы-бергі заманда осындай ұлан-ғайыр мемлекет орнатып, халқы­ның көңіліндегісін тауып, көкейін­дегісін істеген Назарбаевтай кісіні Ұлы даланың тарихы білген емес.

Н.Назарбаев ел тізгінін алмағайып, аумалы-төкпелі, ең қиын кезеңде қолына алды. Тарихтың да, тағдырдың да сыны­нан абыроймен өтіп, халқын да қыл кө­пір­ден, жанып тұрған өрттен аман алып шықты. Азаматтың теңдесі жоқ осы қа­һар­мандығын, даналығын кейінгі ұрпақ­тың келешекке аңыз етіп жеткізетін­ді­гінде еш күмән жоқ. Тарихқа есесі кеткен халқымыздың бүгінгі тағдыры туралы ойлау – Президентіміз туралы ойлаумен сабақтас. Бағы тайған қазақтың есесін қайтарып, қабырғалы ел етіп, осыншама құдіретті жасап беріп отырған Елбасының кемеңгерлігі туралы қалай айтсақ та жарасады.

Н.Назарбаев – түп атасынан, арғы тегінен батырлық үзілмеген, қазақ та­рихында қолбасшылығымен, билігімен, шешендігімен өшпестей із қалдырған қайраткерлердің ұрпағы. Бабалары – еңсегей бойлы Есімханның туын ұстаған қолбасшы Қарасай батыр, Қарасайұлы Көшек батыр, Назарбай би. Әкесі Әбіш пен анасы Әлжанның тұла бойы тұң­ғы­шы, әулиеге түнеп жүріп, Құдайдан тілеп алған баласы.

Болашақ Президентті алғаш рет 1957 жылы көрдім. Қаскелеңдегі Абай атын­дағы қазақ орта мектебінде педпрак­ти­кадан өткенімде Нұрсұлтан оныншы кластың оқушысы еді. Жүзі жайнап, екі көзі оттай жанып, жарқ-жұрқ етіп, ай маң­дайы жарқырап, бәйге атындай ты­пыр­шып отыратын. Ішіне сыймай жүр­ген бір құдірет бардай көрінетін. Қажыр­лы, еңселі болатын. Тұрғыластарының ара­сы­нан иығы озық тұратын. Намыс­шыл болатын. Момынға болысып, жұрт­қа көмектесіп жүретін.

Болат кездік қын түбінде жатпайды дегендей, Нұрсұлтан жастайынан қы­нап­тан суырылған қылышқа ұқсады, әуел бастан-ақ мұзжарғыш кемедей қай ортаға барса да сыйып, сіңіп жүре берді.

Орта мектепті үздік бітірді. Бала жастан елгезек болып өсті. Ерте тұрды, кеш жатты. Отбасының ауыртпалығын әке-шешесімен бірге көтерісті. Жатпай-тұрмай ата-анасына қолғабыс тигізді.

Асылы, ықылым заманнан бері қоғам­дық өмірде қалыптасқан белгілі бір құбылыс – кесек, біртуар тұлғалардың жара­тылысы ерекше болып, көпшілік ортада құдай берген қадір-қасиетімен бала кезден танылатындығы. Сөйтіп, жа­сы­нан көзге ілігіп, қай істе де мақсат­кер­лік мінез-болмысымен дараланып, шоқтығы биік тұратындығы.

Өзі қатарлы балалар ауылын қимай жүргенде Қаскелеңге тиіп тұрған әсем Алма­тыға емес, ол кезде жер түбіндей көрінетін Арқадағы Қарағандыға, оның да өзіне емес, жанындағы ол кезде атын біреу естіп, біреу естімеген Теміртау қала­сына, онда да оқуға емес, жұмысқа тар­тып кеткенін, кейіннен өзге де қазақ­стандық жастармен Днепродзер­жинскі­ге аттанғанын, келгеннен кейін Қазақ­стан Магниткасының маңдайалды металлургі атанғанын да, сонда жүріп көзге түсіп, әуелі комбинаттың, одан қаланың, одан облыстың басшылығында болғанын да, қылшылдаған қырықтағы жасына жаңа жеткенде республикалық деңгейдегі лауа­зымды қызметке – Орталық Коми­теттің хатшылығына шақырылғанын да, мұнан соң көп ұзамай сол кезде Кеңес Одағын­да­ғы ең жас Совмин Төрағасы болып бе­кі­тілгенін де бүгінде халық жақсы біледі.

Бесіктегі баланың бек боларын кім біледі,

Қарындағы баланың хан боларын кім біледі,

– дегендей, ол кезде Нұрсұлтанның Прези­дент боларын кім болжады дейсіз. Бірақ табиғатынан жалындап тұрған жас­тың түбі бір жерді жарып шығатынын жұрт сезетін еді.

Нұрсұлтан уақыт тынысын ерте сезді. Қазақ жастары атын естісе де затын біл­мейтін бүкілодақтық екпінді құрылысқа жазылды. Өз жолын, даңғылын тапты. Ортасынан оза шауып, көшбасшылыққа ұмтылды. Көкірек көзі ерте ашылды. Сан­далмамен күн кешкен, қызыл төңке­ріс, қызыл зұлмат, кіші тәркілеу, ұлы тәркілеу, ашаршылық тозағынан өткен қазағына күзетші болайын деді, ел қатарына қосудың қамын жеді.

DSC 4409

Темір қорытты. Домнаның пешіне қай­нап-пісті, жарғақ құлағы жастыққа тимей жастайынан жарқырап көзге түсті. Деге­ніне жетті. Әруақ қолдап, бақ дарып, таққа мінді. Сөйтіп, заты қазақтың рухын ас­панға көтерді, ел-жұртын да өрге жетеледі.

Нұрсұлтан Әбішұлы неге жетсе де – моншақтаған терін сұқ саусағымен сыпы­рып, от шашқан домна пешінің қызуына қақталып жүріп жетті. Жоғары­ға, билік иерархиясына сүйреген, қол­тығынан деме­ген жанашыры болған жоқ. Өзінің жүрек отына сенді. Бейнеттен бойын тартпады. Өмірдің ыстық-суығына алмас қылыштай суарылып өсті.

Н.Назарбаев жауапкершілікті мойны­на алып, ел үмітін арқалаған кезде, Қа­зақ­ Советтік Социалистік Республи­ка­сы дейтұғын елде тұратын азамат­тар­дың ішіндегі ең бейшарасы, ең сорлысы қазақтар болатын. «Қазақпын» деп те, «Менің ана тілім – қазақ тілі» деп те айта алмайтынбыз, айтқызбайтын. Мың қазақ отырып, арамызда жалғыз орыс болса бәріміз орысша сөйлейтінбіз. Тіл де, дін де, тарих та, мәдениет те, салт-дәс­түр де, әдет-ғұрып та, ата жолы да – бәрі де мансұқ болды. Мәскеуден кел­ген­дердің ығына жығылдық. Сөзін сөйлеп, жағынуға тырыстық. Қатыгездік, бірін-бірі сыйламастық, жанкештілік, самар­қау­лық, жалқаулық, немқұрайды­лық етек алды. Елдің еңсесі түсті. Өтірік күлді, жалған сөйледі.

Енді, құдайға шүкір, сан ұрпақ аңса­ған, мыңдаған жылдар бойы армандаған тәуелсіздікке қол жеткіздік – ел болдық. Тәуелсіздік алған жылдары мемлекет өзі­нен өзі орнай салғандай, өзінен өзі дами беретіндей дау­ры­ғысып, қалпағы­мыз­ды аспанға лақ­ты­рып, қуаныстық. Есі шық­қан ел не істерін білмей шеруге де шық­ты. Қайсыбірі сол шеруге не үшін шыққандарын да білмеді.

Шынтуайтына келгенде, біз бұрын-соңды қазақ басынан кешпеген бақытты кешіп, солар сезіп-білмеген жауапкер­шілікті мойнымызға алған едік. Бұрын ешқандай тәжірибесі болмаған елде, даму жолының өнегесі болмаған жерде тәуелсіз мемлекет орнатуды қолға алған едік. Бұл адамзат тіршілігіндегі, адам сана­сындағы, оның тәжірибесіндегі қиынның ең қиыны еді. Осы жауапкер­шілікті қалың елдің ішінен суырылып шығып, мойы­нына алған, өз тағдырын елі­нің тағды­ры­мен жалғаған, сөйтіп солардың ылғи үзіле берген үмітін жал­ғаған азаматымыз – халқының ержүрек перзенті Н.Назарбаев болатын.

Тәуелділіктен арылып, тәуелсіздікпен қауышқан тұста, ызы-қиқы кезеңде мен Н.Назарбаевтың елді апатқа ұшыратып алмай, аман алып шығудың айла-әрекет­те­рін іздеп шарқ ұрған, елі үшін төсегі­нен түңіліп, түн ұйқысын төрт бөлген мазасыз күндерінің, ұйқысыз түндерінің куәсі болған, жан тебіренісін де, күйзелі­сін де көрген адаммын. Жан-жақтан анта­ла­ған ке­зеңде жанында болған, ерліг­ін, қайсар­лығын, тәуекелшілдігін көзіммен көрген, елі үшін атқарған ерен еңбектерінің куәсі болған адаммын. Шамам келгенше қолғабыс тигізген нө­керлерінің бірімін.

Тәуелсіздіктің қиын да күрделі жыл­да­ры 5 жыл бойы күні-түні қасында бо­лып, тереңдігін, кемелдігін көрдім. Елім дегенде ен дүниеге сыймай талай тебі­рен­ге­нін, талай ұйқысыз түндер мен тыным­сыз күндерді басынан кешіргенін көзіммен көріп, жүрегіммен сездім.

Арпалысқан, аласапыран кезеңде үйреніскен қалыпты жүйенің астан-кес­те­ңі шығып жатқан, алда не боларын біл­­мей жұрт сасқалақтаған уақытта Н.На­зарбаев именбей қол бастады, тар кезең­нен жол тапты. Алаштың аманатын мой­­нымен көтерді. Азаттыққа қолымыз­ды жеткізіп, мәртебемізді асқақтатты.

Сын сағатында, алмағайып заманда екі өмір, екі дүние, екі дәуір арпалысқа түскен шақта Назарбаев осындай қадамға барды. Керек десеңіз, бәйгеге басын да тікті. Ештеңеден, ешкімнен қаймыққан жоқ. Қалай барды? Неге сенді? Кімге сенді? Бұл арасы ол кезде тек оның өзіне ғана мәлім еді. Ес жиып, етек жапқан кезде ол туралы Н.Назарбаевтың: «мен хал­қымның тәуекеліне сендім» – деп жаз­ғаны да, «…Мен өз халқымның жо­лын­да басымды бәйгеге тіккен адаммын. Маған ары үшін жанын садаға ететін осын­дай текті халыққа, мені ұлым деп, перзентім деп төбесіне көтерген халыққа, арғы-бергідегі қазақ баласының бірде-бірінің пешенесіне бұйырмаған бақыты – толыққанды, тәуелсіз мемлекет құру­дың басында болу бақытын бұйыртқан халыққа қызмет етуден артық ештеңенің керегі жоқ, осы жолда мен бойымдағы бар қайрат-қабілетімді, білім-білігімді аямай жұмсаймын, қандай да тәуекелге барамын…» деп ағынан жарылғаны да жа­дымызда. Қандай да бір шешім қабыл­дағанда да, нендей бір істі бастағанда да Елбасы осылай, үнемі халыққа сеніп, халқына арқа сүйеп келеді. Президентті қол­тығынан демеген де, демейтін де, қол­да­ған да, қолдайтын да – өзінің туған халқы.

Осының бәрі айтуға ғана жеңіл. Әйт­пе­се тар кезеңде азаматқа елдің тілегін жүзеге асыратын жүрек керек еді. Білек те керек еді, қолдайтын тілек те керек еді. Риясыз жүрек те, тілек те болды. Алла не берсе де оңынан берді. Соның арқасында біз басымыздан кешпеген өмірді кешіп отырмыз, жүріп өтпеген жолға түсіп отырмыз. Назарбаевты қазақтың пешене­сіне берген, халық үшін туған ұлы пер­зенті дейтініміз сондықтан.

Елбасының саясаты алтын ар­қауы, басты өзегі – ел бірлігін сақтау. Мемлекет рәміздерінен бірде-бір кем ұстамайтыны, қайта-қайта аузынан тастамайтыны – елдің ынтымағы мен бірлігі. Билікті қолына алған сәттен бас­тап осыны саясатының туы етіп ұстап келеді.

Бізге ең алдымен ынтымақ, бірлік, елдің тыныштығы керек еді. Ырың-жы­рың­ға жол бермеу керек еді. Бұдан басқа жол жоқ еді. Бабаларымыз бізге мирас етіп кеткен сол жолдан Елбасы ешқашан тай­ған емес. Небір тар жол, тайғақ кешу­ден де, неше түрлі сыннан да, тозақтың оты­нан да, қияметтің қыл көпірінен де бір­лік пен ынтымақтың арқасында аман өтті.

Елбасын әсіре мақтап, аңызға, мифтік кейіпкерге айналдырайын деп отырғаным жоқ, аңызға бергісіз шын­дықты көзі­мізбен көріп, басымыздан кешіп отырған соң айтып отырмын.

Біз бұрын толыққанды мемлекет орнатпаған, жел­біретіп ту тікпеген, астана салмаған, Орда тұрғызбаған ел едік. Құдайға шүкір, Елордалы, Ақордалы, Елбасылы ел болдық, осының бәрін де көрдік, бәріне де куә болдық, мақтаныш сезіміне бөлендік. Елордамыз бүгінде халықаралық қатынас­тардың да астанасына айнала бастады.

Астана салу былай тұрсын, сортаң, қу тақыр даламыз да енді бүгін жайқалған орманға айнала бастады. Байтақ Қазақ­стан­ды орманға, жасыл елге айналдыра­мын деген Елбасының «Жасыл ел» дейтін жобасы «Мәңгі ел» орнатамыз деген байырғы Түркі қағанаты заманын­дағы бабаларымыздың асыл мұратын еске салады. Астананың маңына он жылда 45 мың гектар орман егіліпті. Ол 75 мың гек­тарға жетпекші. «Біз болашақ ұрпаққа ну орманға айналған Қазақ­станды табыс етуіміз керек» – деді Ел­басы. «Жасыл ел» – «Мәңгі ел» ұғым­дары астасып, түбінде еліміздің басты идеологиясына айналатын түрі бар.

Елбасын көп ретте Абылай ханмен са­лыстырып та жатады. Сөз жоқ, Алаштың айбыны болған Абылай халық жадында, ел тарихында мәңгілік қалады. Дана қай­раткер, кемел тұлғаның: «Үш жүздің ба­сын қоссам, қала салсам, сөй­тіп көшіп-қон­ған жұртымды ел етсем» деген арма­ны асқақ болатын. Абылайдың да сол ар­ма­нын жүзеге асырған, аманатқа адал бол­ған адам – тағы да сол Нұрсұлтан На­зарбаев. «Тымақ – төбесінен, ел төре­сі­нен тозады» дейді халық. Құдайға шү­кір, қазақтың тымағы бүтін, төресі төрінде.

elbasy-94-95-2

Н.Назарбаев ешқашан халқына жал­ған уәде берген жоқ, ақиқаттан айныған емес. Оны халқы бағалады. Астананы көшіргенде де халқы қолдады, қазір де қолдап отыр.

Нұрекең ес біліп, етек жиғалы хал­қым деп тебіреніп, елім деп еміреніп, ұл­тым деп қызмет етіп келеді. Не көрсе де, елімен бірге көріп, бірге жасасып келеді.

Құдайға мың шүкір! Бүгінде дүние жү­зін мойындатқан егеменді еліміз бар. Мемлекеттігіміздің негізін қалап, елі­міз­дің көсегесін көгертіп, әлемге танытып, көрегендікпен өрге сүйреп келе жатқан Көшбасшымыз бар.

Өмір көшкен керуен тәрізді. Бір көш келіп, бір көш кетіп жатады. Сондықтан алдымен мына жалған дүниеде бір-бірімізді қадір­леп, бір-біріміздің тілеуімізді тілеп жүр­ген­нен артық ештеңе жоқ. Алда не бола­рын кім біледі дейсіз, тіршілікте сіз-біз дескенге, сыйласқанға, жүзіміздің жар­қын болғанына ештеңе жетпейді.

Өмір бірқалыпты тұра бермейді. Арқамызды Алатауға сүйегендей болып жүргенде, халықтар достығының кемесі шайқалып, отыз жылдай еліміздің тізгінін ұстаған, аспандағы айымыз, көктегі жұл­дызымыз деп жүрген Димекең құданың құдіретімен бір-ақ сәтте торғайдай топ етіп жерге түсті емес пе? Өмір бойы жақ­сы­лығын көріп келе жатқан талай қазақ сонда Қонаевтан лезде-ақ теріс айналып шық­қан. Жарық­тық Диме­кең­нің басынан бақ, астынан тақ тай­ғанда, көзін сүзіп қайдағы бір сау денеге шыққан сыздауықтай болып Колбин кел­генде: «Бұлттан шыққан күндей болды­ңыз» деп әкесі тірілгендей қуанғандарды да көзіміз көрген.

Қазақтың бағы Колбин кетіп, билікке Назарбаев келген соң ашылды.

Ауыс-түйіс болып жатқанда да, кейін де Орталық Назарбаевқа «Халің қалай?» деген жоқ, қолұшын да берген жоқ. «Сен қалайсың?» деген жанашыр болма­ды. Қып-қызыл өрттің ішінде жалғыз қалды. Жетпейдінің заманы туды. Қамау­ға түскен барысша арпалысты, барыстық мінез танытты. Нендей қиындық бол­мады дейсіз. Сонда да қалың елді, қиямет-қайымнан әупірімдеп аман алып шықты. Ішкі-сыртқы қиындықтармен арпалыса жүріп аса маңызды жобаларды жүзеге асырды, сөйтіп Қазақстанды әлемдік қауымдастықтың қатарына қосты.

Еліміздің талантты да алғыр жас­тарын «Болашақ» бағдарламасы бойын­ша шет­елде оқытып алуға жол ашты. Нәтижеде қазір менталитеттік техноло­гияның құла­ғында ойнайтын ойы ора­лым­ды, ақылы зерек жастар елдің басқа­ру жүйесінде, ғылыми зерттеу институт­тарында, өндіріс ошақтарында білек түріп жұмыс жасауда. Ғарыштық зерттеу комитетінде, «Жол кар­тасында», 30 ин­но­вациялық кешенді өндірісте – топ-менеджерлік – ел ертеңі іс білетін жастардың қолына көшуде.

Адам өмір бойына үйренеді, ұдайы жетіледі. Әрдайым өзін-өзі қамшылау, білімдіден үйрену, білгеніңді үйрету, сол арқылы қоғамды алға сүйреу – Прези­денті­міздің айрықша қасиеті. «Қазақ­стан­ның әлемдегі бәсекеге барынша қабі­летті елу елдің қатарына кіру стра­тегиясы» – ұлт болып, Елбасы болып, өзін-өзі қам­шы­лаудың айрықша көрінісі. 

Діндер шайқалса – әлем шайқалады. Онда дін қасиетіңе емес, қасіретіңе ай­налады. Дүние жүзі дін басшыларын Аста­наға жинап, әлем тыныштығын әлпештеп отырған Президентімізден айналсақ та болады.

Президентіміз есепсіз көп нәрсені істеді. Тәуелсіздігімізді баянды етті. Ауыр әрі абыройлы асудан астық. Дүниедегі қабырғалы елдердің қатарына қосылдық. Халық Президентін жүрегінің төріне көтерді. Осының бәрі айналып келіп, Елбасын – ұлттың құтқарушысы, ұлттың бас иесі етті.

Нұрсұлтан Әбішұлы – ұлттың көш­басшысы. Көріпкелі. Ұлт намысының қамшыгері.

Шынтуайтына келгенде, Нұрсұлтан Назарбаев – тарих толғатып туған ғасыр­дың тұлғасы, елінің жанын ұғатын, хал­қын замана көпірінен аман өткізіп келе жатқан қамқоршы; еліміздің дарынды ұйымдастырушысы, көреген басшысы, нарықтық экономиканың терең білгірі, аңқылдаған ақ көңіл; кекшіл емес, тек­шіл; жікшіл емес, көпшіл; жұртты сендіре де, иландыра да алатын, өз елім менің – өзегім дейтін Азамат.

Назарбаев – әлем мойындаған, жа­һан­ға атағы жеткен, жер жаһанға сөзі өтіп, айтқанын істетіп отырған бүгінгі за­манның лидері; тумысынан кие дарыған қайраткер; табанды күрескер; гуманист, туған халқының Бәйтерегі, Көсемі, Ке­меңгері. Елінің аманатын арқалаған тірегі, алтын діңгегі.

Көк түріктің кіндігінен жаралғандар­дың ішінен озып туғаны да, түркі тектес халықтардың лидері де – Н.Назарбаев. Күні кеше ғана Т.Ердоғанның Назарбаевты «түрік әлемінің лидері» дегені — сол мойындаудың келісті көрінісі.

Бәріміз жақсы білетін Назарбаев, міне, осындай адам.

Қазақтың құлан жортса тұяғы тоза­тын, қыран ұшса қанаты талатын ұлан-ғайыр даласы бар. Ата-бабаларымыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап қалған соншама алып далада, мұн­дай алып кеңістікте мемлекет құру қиынның қиыны еді. Бір кезде жығылған Орданы қайта тігу, құлаған туды қайта тіктеу, елдің елінің ғана, ердің ерінің ғана қолынан келетін іс еді. Бізде ондай елдің де барын, бізде ондай ердің де барын мақтаныш етеміз. Елдің аты – Қа­зақ­стан, ердің аты – Нұрсұл­тан. Қазақстан, Астана, Назарбаев дейтін сөздер бір-бірінен бөлінбейтін ұғымға айналды.

Біз бүгін ұлтымыздың абыройына, киесіне айналған Президентіміз үшін мақтана алатын халықпыз. Президентіміз үшін мақтанғанымыз, — елдігіміз үшін мақ­танғанымыз. Ол Алланың қазаққа берген сыйы. Н.Назарбаев – Қазақстанның паспортына, символына айналған адам. Елбасының осыншама жасап жатқан жасампаз еңбегі баянды болсын.
Есейген еліміз, еңселі еріміз аман болсын.

 

Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ,
мемлекет және қоғам қайраткері,
ғалым, филология ғылымының
докторы, профессор

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.