Версия для печати

Төреқұловты тани білу керек Избранное

Среда, 06 Декабрь 2017 06:56 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 5138 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Көрнекті қоғам қайраткері, дипломат Нәзір Төреқұловтың туғанына биыл – 125 жыл. Ағартушы-ғалым, елші, лингвист, публицист, қазақтан шыққан тұңғыш баспагердің қысқа ғұмырында ұлтына, оның болашағына сіңірген еңбегі орасан. Қызыл империя құрбанына айналған азамат 45 жыл өмірінде қазақ халқының ғана емес, күллі түркі тілдес елдердің руханияты мен мәдениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан.

slide1

Төреқұлов Совет Үкіметі кезеңінде саяси тұрғыда ақталған жоқ. Сондықтан оның ұлт үшін жасаған ерен еңбектері еліміз тәуелсіздік алғанға дейін зерттелмей, көлеңкеде қалып қойды. Алаш азаматының күреске толы ғұмыры жайында облыстық саяси қуғын-сүргін музейіндегі деректермен танысып қайттық. 

Нәзір Төреқұлов Түркістан қаласының іргесіндегі Қандөз ауылында кәсіпкердің отбасында дүниеге келіп, балалық шағы Қоқанда өтеді. Әкесі Төреқұл жұмыс бабымен Қоқанға қоныс аударып, Нәзір өз ортасына сәйкес білім алады. Алдымен медреседе, сосын орыс-түздік мектебінде білім алады. Кейін сауда училищесін тәмамдап, 1914-1916 жылдары Мәскеудегі сауда институтының экономика факультетінде оқуын жалғастырады. Ол өз замандастары арасында озық ойлы, биік, зиялы азамат болды. Төреқұлов Мәскеудегі оқуын тастап, әкенің сауда саласын жалғастырады деген үмітін үзіп, патшаның 1916 жылғы жарлығы бойынша қара жұмысқа алынып, батыс майданға аттанады. 1918 жылы большевиктер жағына шығып, саяси қызмет жолының өсуі күрт өрлейді. Түркістандағы атты әскер саяси басқармасының бастығы, Түркістан компартиясының хатшысы, Түркістан Орталық Атқару комитетінің төрағасы болып сайланады. 1922 жылы Мәскеу Орталық комитетінің қарауына шақырылып, КСРО халықтары орталық баспасы басқармасының төрағасы, кейін араб жерінде КСРО-ның өкілетті өкілі болып тағайындалады.

Алаш азаматы сегіз тілді меңгерген, сегіз жыл елшілікте тапжылмай қызмет еткен бірден-бір тұлға, ол түрлі елдердің тарихы, мәдениеті, экономикасы, өнерін жетік білген. Оны қай тақырыпқа салса да жүйрік болған. Ізденімпаз, білімпаз, еңбекқорлығымен қатар, өзінің көзі жетіп, көңілі сенген мәселелерді іске асыруда тартынбаған, қиындықтан қорықпайтын кемел қасиеттерімен ерекшеленген. 

Қызыл империяның қылышынан қан тамып тұрған заманда Нәзір Төреқұлов Құрбан айтты үш күн демалыс деп жариялауға, жексенбіні жұмаға ауыстыруға күш салғандығын айтпай кетуге болмас.

 

NzrTrelliЛатын әліпбиі жүйесін алғаш түзген

Өткен ғасырдың 20 жылдары қазақ зиялылары арасында араб тілін алып тастап, латын қарпіндегі қазақ әліпбиін енгізуде тартысты кезең жүрді. Түрлі басқосулар, газет беттерінде мақалалар жарияланып, екіге жарылған зиялылар өз пікірлерін дәлелдеп бақты. Осы тұста латын графикасы негізінде әліпби жүйесін алғаш түзген дарынды дипломат Нәзір Төреқұлов еді. Ол 1924 жылы Мәскеу қаласында «Жаңа әліпби туралы» өзінің жаңа жобасын көрсетеді. Жобада 28 әріпке 28 дыбыс арнаған. Осыдан кейін Төреқұлов жасаған қазақтың жаңа әліпбиі қолданысқа енді. 

– Қазақ ұлтын сауаттандыруға үлкен күш салған ағартушының публицистік, журналистік қыры толық зерттелген жоқ. Сол кезеңде қазақ, өзбек газет-журналдарда жарық көрген саяси өзекті мақалалары, аудармалары болашақ зерттеушілердің назарын аударуды қажет етеді, – дейді облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің директоры Батырғазы Серғазиев. 

 

Қазақтың тұңғыш дипломаты

Нәзір Төреқұлов қазақ, өзбек, тәжік, татар, башқұрт, қырғыз, әзірбайжан, ағылшын, араб тілін меңгерген және білімін іске жарата білген үлкен ғалым. «Түрік халықтары кіндік баспасының» бас редакторы қызметін атқарғанда 12 тілде кітап ұйымдастырып, басып шығарғаны тарихтан белгілі. 

16299258 1818619105068336 3802432942523109103 n

Алаш перзенті 1928-1936 жылдар аралығында елшілік қызметте болды. Полиглот-азамат араб тілін білмесе де небәрі 36 жасында Хиджаздағы (Сауд Арабия) КСРО-ның өкілетті уәкілі болып тағайындалады. Ол кезде мұндай жауапты қызметке жас адамның тағайындалуы дипломатиялық тәжірибеде өте сирек кездесетін. Аз-кем уақытта елші араб тілін үйреніп алғаны соншалықты, аудармашылар қызметінен мүлдем бас тартады. «Өйтпесем, бірдеңе айтсам, басқаша аударылады да, әңгіменің мәні айдалада қалады» деп жазады. Оның араб тілін меңгеруі еуропалық дипломаттар арасында абыройы тіптен асқақтатады.

Нәзірдің арқасында Кеңес Одағы араб және мұсылман елдеріне танымал болады. Сауд Арабия мемлекетінің негізін қалаушы Абдель-Азиз аль-Саудпен және оның ұлы әмір Файсалмен өте тығыз байланыс орнатып, достық қарым-қатынасы арта түседі. Нәзірдің өмірін зерттеуші ғалымдардың дерегіне сүйенсек, ол дипломатиялық қызмет атқара жүріп, өзінің қазақ, мұсылман екендігін еш ұмытпаған. Сол қиын заманда мұсылмандық бес парызды орындап, қажылықты да жасаған әрі Совет Одағындағы мұсылмандардың Мекке-Мадинаға қажылық жасауын қолдаған. 

Кеңес Одағының басшылары Н. Төреқұловты Сауад Арабиясына елші етіп тағайындау арқылы оның әлемдік тұлғаға айналуына жол ашқанын өздері де байқамай қалады. Сол кезеңде ол әлемдегі ең беделді, абыройлы, дипломатия басшыларымен, елшілік қызметінің көрнекті қайраткерлерімен тіл табысып, қоян-қолтық араласып кетуі, олардың құрметіне бөленуі, шетелдік елшіліктер корпусының жетекшісі биігіне көтерілуі кеңестік большевиктік үкіметке ұнаған жоқ. Нәтижесінде ішінара түркі халықтары үшін жасап жатқан жемісті елшілік қызметін шұғыл үздіртіп, Кеңес Одағына қайта шақыртып алады. 1936 жылы Түркия мемлекетінің мүддесі үшін астыртын жұмыс жүргізген деп жалған айып тағып, 1937 жылдың 3 қарашасында «халық жауы» ретінде атылды. 

Алаш азаматының қазақ халқы үшін жасаған еңбектерінің әлі күнге дейін толық зерттелмеуінің сыры бар. Зерттеуші-ғалымдар мұны Нәзір сыртта қызмет еткендіктен ол жайлы құнды деректер Ресей, Өзбекстан, Сауд Арабиясы секілді елдердің мұрағатында сақталғандығымен түсіндіреді. Биыл Нәзір Төреқұловтың 125 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Алаштың асыл перзенті» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияда ТМД, шет мемлекеттерден шақырылған ғалымдар мұрағаттарында жатқан азды-көпті деректерімен бөліскен.

Жуырда облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі Н. Төреқұловтың 125 жылдық мерейтойына орай «Ұлтын сүйген ұлы тұлға» атты іс-шара өткізді. Онда ағартушы туралы түсірілген фильмнің тұсауы кесілді. Сондай-ақ, аудан-қалалардағы кітапханаларға Төреқұловтың кітаптары тарту етілді. Шара барысында дипломат-ғалымның өз қолымен салған суреттерін келушілер тамашалауға мүмкіндік алды.

 

Пікір

982355 1424766321

Қуаныш АЙТАХАНОВ, қоғам қайраткері:

– Нәзір Төреқұлов Кеңес Одағының Сауд Арабиясындағы өкілетті елші қызметіне тағайындалған. Осы қызметке тағайындағанда сенім грамотасын тапсыру рәсімі Меккедегі Қағбаның қарсысында Ораза айы кезінде Қадір түні орындалған. Бұл дегеніміз, Сауд Арабиясының карольдігі және оның бекзадасы Файсалдың Нәзір ағамызға деген құрметі.

 


mekemtas

Мекемтас МЫРЗАХМЕТОВ,
филология ғылымдарының докторы:

– Ұлтжанды азамат салт-дәстүрге ыждаһаттылықпен қарап, жақсысын алуға тырысқан. Жыл сайынғы мұсылмандардың Құрбан айт мерекесін үш күн демалыс деп жариялады, жұманы демалыс болсын деп ұсыныс тастады. Халықтың дәстүрін сақтау үшін, өзінің қалпын сақтау үшін – осылай істей алды. Бұл – Нәзір Төреқұловтың ерлігі.

 


muzei direktoryБатырғазы СЕРҒАЗИЕВ,
облыстық саяси қуғын-сүргін
құрбандары музейінің директоры:

– Алаш ардақтыларының арасында әдебиетке, өнерге жақын азаматтардың өмірі, шығармашылығы, халқы үшін жасаған еңбектері, 1937-38 жылдары басынан кешкен нәубеттері кеңірек зерттеліп-ұсынылды. Ал саяси тұлғалар, соның ішінде Нәзір Төреқұловтың еңбектері көлеңкеде қалып қойды. Оның өмірі мен еңбектері зерттелмеді, тарихқа, оқулықтарға енбеді, тіпті есімі де аталмады. Тек тәуелсіздік алған соң Елбасы саяси қуғын-сүргін құрбандарын жаппай ақтауға жарлық шығарды. Содан кейін ғана сең жүріп, ғалымдар тарихын түгендеп, архивтерге барды, іздене бастады. 

Алаш азаматының 125 жылдық мерейтойын халықаралық деңгейде ұйымдастырылуының нәтижесінде «Алаштың асыл перзенті» атты жинақ құрастырылды. Онда 100-ге жуық ғалымдардың еңбектері жинақталған. Бұдан бөлек, конференция аясында алты кітап шығардық. Кітапта Нәзір Төреқұлов жайында архивтегі ең соңғы деректер, өзбек тіліндегі шығармалары, материалдар жинағы және облыс әкімдігі қолдауымен «Нәзірдің жарық жұлдызы» деген фильм түсірдік. Мұнда ағартушының елшілікке дейінші өмірі қамтылған. 

Осы тұста айтарым, Нәзір Төреқұлов жайында зерттеуді қажет ететін деректер өте көп. Айталық, алаш азаматы керемет суретші болған. Қазіргі таңда, оның суреттері мұражайда сақтаулы. Өзбекстан архиві біз үшін ашылған жоқ. Конференцияға келген өзіміздің үлкен академик-ғалымдар қолқа салып, ТМД, шет елдегі архивтерге шығуға ұсыныстар айттық.

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.