Версия для печати

«Азат күн бiзге оңай келген жоқ» Избранное

Пятница, 15 Декабрь 2017 08:26 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 6047 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шымкенттік Майра Малдыбаева 1986 жылы Желтоқсан көтерілісіне қатысып, «бұзақылығы» үшін сот алдында жауап берген жан. Сот үкімімен айыппұл салынған. Алты ай бойы сарсаңға салған тергеу ісін, техникумдағы қаралған тәртібін, ең сорақысы ақ қар көк мұзға тізерлеп отырғызып, әскерилердің дубинкасымен ұрып-соққан жаралы жылдың ызғарлы сәтін Майра апай есіне алғанды ұнатпайды. Жасы елуді еңсерсе де сол күндерді еске алғанда жүрегі шымырлайды.

maira

Мектепті тәмамдаған соң бір жыл жұмыс істеп, келер жылында Алматы байланыс электртехникумына оқуға түстім – деп бастады әңгімесін Майра Малдыбаева. – Шалғайдан білім іздеп барған ауыл қызының тәуелсіздік жолындағы тарихи оқиғаға куә болып, өмірімнің күрт өзгерерін қайдан білейін? ІІ курс оқып жүрген кезім. 1986 жылдың 16 желтоқсанында Брежнев алаңында жастардың толқуы басталды. Студенттер ұрандатып, патриоттық ән салып жатты. Бір уақытта жиналғандарға ыстық су шашып, машиналарға өрт қойылды. Бақылауда ұстағанына қарамастан 18-і күні алаңға қайта шығып, таңғы 08:30 шамасында бізді ұстап, солдаттар қыздарды көк мұздың үстіне тізерлеп отырғызып, қолындағы дубинкаларымен аяусыз ұрып-соғып, бетіміз бен денемізде сау тамтық жер қалдырмады. Одан кейін барлығымызды автобусқа тиеп, бір тәулікке қамап, ертесіне ешқайда шықпау жөнінде қолхат жаздыртып, босатты. Желтоқсанда басталған тергеу 1987 жылдың мамыр айына дейін жалғасты. Ешбір дәлел болмағанына қарамастан «бұзақылық жасаған» деген статьямен 40 рубль айыппұл салды. Ал қасымдағы таныс қыздардың бірі – 2 жылға сотталды, бірі 15 тәулікке қамалды. Ол күндердің қасіретін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.

Желтоқсаншы жан сырын ешкімге ақтарып айтпайды. Оқу бітірген соң туған елге оралады, отбасын құрады, бүгінде 3 қыздың анасы, 6 немеренің әжесі, «Қазақтелеком» АҚ байланыс саласында қызмет етеді. Тек арада 15 жыл өткенде теледидардан облыстық саяси қуғын-сүргін мұражайында Тәуелсіздік күніне арналған шарада Желтоқсанға қатысқан жандарға стенд жасап, арнайы бағдарлама түсіргенін көзі шалады. Көрсетіп жатқан фотосуреттер арасынан Алматыда техникумда бірге оқыған курстасы Манзура Бектаеваны көреді.

Сол құрбысын іздеп-табу мақсатында музейге соғып, қызметкерлерден құрбысының мекенжайын алып, өзінің де Желтоқсан оқиғасына қатысқандығын әңгімелеп айтып береді. Осыдан кейін ғана тәуелсіздік күрескері екендігін ұғынады, өзі мұңдас жандармен бас қосады, жанайқайын, іштегі шерін тарқатуға болатындығын түсінеді. 

– Жыл сайын Тәуелсіздік мерекесі аясында түрлі ісшараларға қатысып, өткен тарихты қозғаймыз. Жүрегің ауырады, өрімдей ұл-қыздардың сол кездегі бейнесін еске түсіресің. Бірақ ұрпаққа Қазақстанға тәуелсіздіктің оңай жолмен келмегендігін айту – біздің парызымыз. 1986 жылы қаншама жастың қаны төгілді, қаншама аға-әпкелер көз жұмды, сотталғандары бар. Жастардың туған елге, жерге деген сүйіспеншілігі, рухы мықты болса, екен. Еліміздің тыныштығынан артық бақыт жоқ, – деп аяқтады әңгімесін тәуелсіздік күрескері.

Последнее изменение Пятница, 15 Декабрь 2017 08:57
Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.