«Жыл үздігі» – Жәмила Избранное

Пятница, 05 Январь 2018 05:50 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 462 раз

Cыры мен сиқырына жетелей жөнелетін киелі сахнада кімдер тебіреніп, толғанбады десеңші?! Театрмен біте қайнасып, жаны өнермен бірге өрілген артист қауымының арасында кейіпкеріміз Жәмила Бекмұрзаева, Қаракөз болып, Тәңірден медет сұрайды.

 MG 1599

Сахна төрінде Арқалық батырын алаңдай күткен Қаракөз сұлу:

Өзгелерден дара туған,
Өр намыстан жаратылған.
Бабасының батырлығы,
Қанмен бойға таратылған.
Алатаудай арысымсын,
Қаратаудай тірегімсің... – деп, ардақтысы келетін қара жолға алаңдап қарайды.

Сүйгеніне деген сағынышын әнмен жеткізе көз жасын бұлаған Қаракөз-Жәмиланың болмысына қарап, Арқалық батырша аялап, қорғаны болғың келіп кетеді. Нәзік. Ұяң. Әдептен аспайтын, аңсарын ашық айтудан қымсынып, жанарымен ғана жеткізетін қазақтың әйелі, аруы...

Сан ғасырлар бұрынғы Қаракөз арудың әніндегі мағынасы терең, салмақты, ұлттың мінезін, қазақ жігітінің айбарын, актриса Жәмила Бекмұрзаева – бүгінгі замандастарына арнап айтып тұрғандай. Анау айтты керемет дауысы жоқ. Тек... Аңсаған, армандаған нәзік жүрек бар. Сенесің. 

 DSC9117

Жәмила – өмірде жаны нәзік, тез жараланады. Жан жарасын – өзі жалап жазатын, есеңгіреген сәттерде – есін жылдам жинауға күш-жігерін тас қайраққа қайрайтын – қазақтың қарапайым Қызы. Ешкімнен көмек сұрамайды. Күтпейді. Жаратқан иеден соң өзі ғана көмекке келе алатынына көзі жеткен – Әйел. Жалғыз ұлын жақсы өмірге жетелеп, қиындыққа мойымай, қанаттыға қақтырмай келе жатқан – Ана. Құрғыр күйкі тірліктің жәйсіз сәтінде жараланған жүрегін сахна төріне жібермеуге, көрерменіне көңіл-күйін сездірмеуге жанталаса өз жанымен арпалысатын – Актриса.

Қараша айында қазақтың тұңғыш халық артисі, кәсіби режиссері, драматург Жұмат Шаниннің 125 жылдығына орай «Арқалық батыр» тарихи драмасы (реж.А.Алтынбеков) Оңтүстіктің «ата театры» сахнасында премьерасын тойлаған болатын. Дүбірлі тойға арнайы дайындалған қойылым болғандықтан, премьераны көрерменмен қатар театр ұжымы да асыға күткені жасырын емес. Айтқым келгені, қойылымның бас кейіпкері Арқалық батырдың (акт.Д.Аралбаев) жары Қаракөзді сомдаған актриса Жәмила Бекмұрзаева жайында. 

Әр қуанышқа дер кезінде қолыңды жеткізгенге не жетсін, шіркін?! Аз ба, көп пе, маңызды емес?! Маңыздысы: дер сәтінде – жаныңа, жүрегіңе дәрумен тапқаның!.. 

Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының актрисасы Жәмила Бекмұрзаева үшін 2017 жыл – шығармашылық қуанышқа кенелген жыл болды. Т.Джудженоглудың «Көшкін» аңызында (реж.А.Алтынбеков) – келін, О.Богаевтың «Ылдиға жол» пәлсапалық әпсанасында (реж.Б.Абдрахманов) – ашына, Ж.Шаниннің «Арқалық батыр» тарихи драмасында (реж.А.Алтынбеков) – Қаракөз, кезінде Е.Уразимбетов сахналаған Ә.Ақпанбеттің «Түнгі көбелектер» драмасында (реж.А.Нұртазина) Рита, балаларға арналған Жаңа Жылдық ертегіде – Мысықтың рөлдерін жыл көлемінде сахнада ойнау – аз ба, көп пе?! Ол – актриса Жәмиланың әр рөлді жан сүзгісінен қалай өткізуінде. Егер, әр роль – жан-дүниеңді жарып шығатынын ескерсек – аз емес!.. 

Театр ұжымы «Театр күні» мерекесін міндетті түрде сахна төрінде атап өтуді қалыпты дәстүрге айналдырған. 2017 жылғы «Театр күні» мерекесінде, актриса Ж.Бекмұрзаева – Қазақстанның халық артисі Жұмабике Серікбаева атындағы «Үздік әйел бейнесі» марапатын иеленген болатын. Әрине, театрдың қабырғасын қалаған майталман актриса атындағы марапаттың актриса жадында ұмытылмастай қуанышты сәт болып сақталары сөзсіз!

Жыл қорытындысында облыс әкімінің «Жылдың үздік актрисасы» жүлдесін иеленуі – Ж.Бекмұрзаева үшін жағымды тосын сый болды. 

Ал шығармашылық ұжым үшін – кемеліне жеткен сый!.. Сахна төріне имене басып келе жатқан «Жылдың үздік актрисасын» көргенде, сан тағдырлы кейіпкерлерді сан құбылта сөйлеткен, тағдырымен арпалыстырған актрисаның орнында – жәй ғана жымиған нәзік жанды Жәмиланы көріп, қуана қол соғасың. «Жолың бола берсін, Жәмила!..» деп тілек білдіресің.

 

С. ҚАСЫМБЕК,
Ж.Шанин атындағы академиялық
қазақ драма театрының
әдебиет бөлім меңгерушісі

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор-Бас редакторы – Айгүл Қапбарова. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.