Алғаш музыка театрын ашып, мектеп салдырған зиялы Избранное

Среда, 28 Февраль 2018 04:26 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 480 раз

Биыл мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің туғанына – 120 жыл. Облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінде ұлт тұлғасының мерейтойына арнап «Халық комиссары – Темірбек» атты іс-шара ұйымдастырылды. Шараға репрессия құрбаны Т. Жүргеновтің туған-туыстары, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері қатысты.

DSC 3908

Т. Жүргенов – қазақ ұлтының әдебиеті, өнері және ағартушылық саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқан азамат. Ұлт жанашыры 1933-37 жылдар аралығында Қазақстан үкіметінің халық ағарту комиссары қызметінде жүргенде елімізде 7000-ға жуық мектеп ашуға ықпал еткен. Айталық, төрт жыл ішінде 6587 білім ошағын ашса, оның 3751-і қазақ мектебі болған. Оның ғұмырдариясына көз жүгіртсек, халық комиссарының тағдыры оңай болмағандығын аңғаруға болады.

1989 жылы Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Жаңаталап ауылында дүниеге келген ол жастайына зерек, шыншыл, білімқұмар болады. Әкесі Қара ұлының зеректігін байқап, орысша ілім алғандығын қалайды. 1909 жылы Аламесек орыс-қазақ бастауыш мектебіне береді, сосын ұстаздық білімін Перовскідегі (қазіргі Қызылорда) Суханский атындағы училищеде жалғастырады. 1917 жылы Уфадағы жер шаруашылығы училищесіне түскенімен, елдегі қоғамдық-саяси өмірге араласып кеткендіктен оқуын бітіруге мүмкіндігі болмайды. 

DSC 3884

Одан кейін Жүргенов 1918 Торғайдағы кеңестер съезін шақыру бюросының мүшесі, 1919 жылы Ырғыз уезі Кенжеғара болысы революциялық комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалған. 1920 жылы БК(б)П қатарына өтіп, Ырғыз уездік революциялық комитетінің, уездік жұмысшы, солдат және шаруа депутаттары атқару комитетінің төрағасы болып сайланған. 1921-1923 жылдары Орынборда жұмысшы факультетінде оқиды. 1923 жылы Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінің құқық факультетіне оқуға жіберіледі. Осында оқып жүріп, ол Қазақ АКСР-інің Түркістан Республикасындағы толық өкілетті өкілі болып, 1926 жылы Ташкенттің Қазақ педагогикалық институтының директоры болып тағайындалады.

Темірбек Жүргенов қазақ ұлты мәдениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосты. Айталық, мәдениет пен өнер саласы мамандарын даярлауға көп көңіл бөлді және Қазақстанда алғашқы музыка театрын (қазіргі Қазақ опера және балет театры) ұйымдастыруға үлкен үлес қосты. 

Көсем сөз шеберінің сол уақыттары «Шолпан» журналы, «Ақжол» газеттерінде ұлт, ел тағдырына қатысты көптеген сыни мақалалары жарық көрген. 

DSC 3870

– Темірбек Жүргеновтың өміртарихынан келтірген бұл деректер халқы үшін еткен еңбегінің бір бөлігі ғана. Музейде Ташкент қаласындағы мұражайдан «Шолпан» журналының көшірмесін алдырттық. Онда қайраткердің төте жазуымен жарияланған мақалалары жарық көрген. Мақаланы қазақ тіліне аударып, мұражай қоры тағы бір құнды дүниемен толықтырылды,– деді шара барасында облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің қызметкері Нұрсұлу Мархабайқызы. 

Бүгінде мемлекет қайраткерінің өмірі мен халқы үшін еткен еңбектерін жинақтаған «Темірбек Жүргенов» атты 2 томдық кітап жарық көрген. Қазір 3-ші томы дайынaдық үстінде. Бұл кітаптың жарық көруіне атсалысқан, ТМД елдеріндегі архивтердегі құжаттарды көтерген – меценат, Т. Жүргеновтың немере інісі Шахарбек Усманов атты азамат.

– Мұндай шаралар ұлт зиялыларының мерейтойлық еске алу кештерінде ғана өтпесе дейміз. Болашақ ұрпаққа еңбектері, ерлігі, өрлігі жайындағы насихат жұмыстары көптеп жүргізілсе деген тілек бар. Атамыздың еңбектері әлі де көптеген зерттеулерді қажет етеді, – деді шарада сөз алған Ш. Усманов. 

DSC 3967

Шараға Темірбек Жүргеновтың інісінің қызы – Марита Қуанова Қызылорда қаласынан арнайы келді.

– Әжеміз Кәмпит Демесінова соңғы демі қалғанша ұлын күтумен болды. Репрессия науқанында Темірбектен кейін бауырлары – Ысқақ, Ысмақан, Кәпназар, Пірназар да атылып кетті. Олардың жазығы не еді? – деп көзіне жас алды. Марита Усманова: «Темірбек атамыз нағыз тіл жанашыры болған. «Бүкіл дүниежүзілік мәдениетке өз ана тілімізді жақсы білгенде, соны үйренгенде ғана жетуге болады», – деген. Айналайын жастар. Тілдің мәртебесін биік ұстаңдар» деген ақылын жеткізді. 

1937 жылы Темірбек Жүргенов жазықсыз атылды. Жары Дәмеш те «Халық жауының» әйелі деп ұсталып, 18 жыл ғұмырын Алжир түрмесінде өткізген. 

Кеш барысында қайраткердің өмірін М. Әуезов атындағы «Театр және эстрадалық шығырмашылық» факультетінің студенттері сахналады, сосын режиссер Қ. Омаровтың «Темірбек Жүргенов» атты бейнефильмі көрсетілді.

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.