Версия для печати

Жаңғырып жеткен Наурыз Избранное

Вторник, 20 Март 2018 10:03 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 5073 раз
Оцените материал
(1 Голосовать)

Ұлыстың ұлы күні, қазақтың төл мерекесі, көктемнің жаршысы болған 22 Наурыз мейрамы да келіп жетті. Жыл сайын көктеммен бірге асыға күтетін жыл басын биыл да кең көлемде атап өтпекпіз. Кеңес үкіметі үстемдік құрып тұрғанда осынау ұлттық мерекемізге тыйым салынып, араға тек 62 жылдан соң ғана қайта оралған болатын. Бүгінде сол Әз-Наурызымыздың қайта тірілуіне үлес қосқан азаматтарды біреу білсе, біреу білмес.

DSC 8442

...Дінмұхамед Қонаевтың орнында Колбин отырған кез. 1926 жылдан бері Наурыз мерекесі «ислам дінінің қалдығы» деген желеумен мемлекеттік деңгейде тойланбай келді. Әр қазақ өз жанұясында ғана атап өтті. Сол кездегі Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің идеологиялық хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында Колбинге кіріп, Наурыздың дінге ешқандай қатысы жоқтығын, оның халықтық мереке екенін дәйекті дәлелдермен айтып жеткізеді. Себебі, Колбиннің де сол кездегі бар мақсаты – өзі басқарып отырған қазақ халқының жүрегіне өтірік болса да жол тапқансымақ сыңай танытып, басқаруды оңтайландыру болған. Жәнібеков соны дөп басады. Сосын, Мұхтар Шаханов ағамызға: «Сен халықтың арасында жүрген азаматсың, ақынсың. Тарихта хандардың қасында ақындары болған. Олар халықтың сөзін сөйлеп отырған. Наурыз насихаты сендердің ауыздарыңмен айтылу керек. Сен осыны мәселе етіп көтер!» деп тапсырады.

Осыған орай 1988 жылы 4 ақпан күні «Лениншіл жас» газетінде жарияланған «Тамырыңды терең жібер» атты Мұхтар Шахановтың сұхбаты наурыздың алғашқы қарлығашындай болды. Олай дейтініміз, осы сұхбаттан соң Мұхаң арнайы хат әзірлеп, Колбиннің өзіне кірген. 

Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы мен қазақ ақынының арасындағы текетірес ұзаққа созылады. 

– Екеуміз көңілсіз қоштастық. Колбиннен шыққаннан кейін Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевқа жолығып, Колбинге Наурызды тірілту туралы арнайы хат тастағанымды айттым. 

– Өте дұрыс жасағансың, – деді Нұрекең. – Енді сенің ол хатыңды Колбин Бюро мүшелеріне жіберуі тиіс. Көбісі көлеңкесінен үріккендер ғой. Жәнібеков екеумізден басқалары қолдай қояды деп ойламаймын. Дегенмен өзім бар күшімді саламын. Ал сен Колбиннің соңынан қалма. Басқа жазушыларды да, өнер қайраткерлерін де қосып, бірлесіп қимылдаңдар. Мерекені нақ осы биылдан бастап жіберелік. Уақыт тым аз қалды. Колбин келісімін бере қалған жағдайда Наурызға қаржы бөлу мәселесі Министрлер Кеңесіне келіп тіреледі ғой. Ол жағынан қам жеме. Батыл кірісе бер. 

Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл сөзі Мұхтар Шахановты тіпті де қанаттандырады. Айтса айтқандай, 1988 жылдың 11 наурызы күні «Лениншіл жас» газетінде «Жазылған жай, пікір, тілек, ұсыныс: «Тамырыңды терең жібер» деген тақырыппен белгілі ақын жазушылар Сырбай Мәуленов, Сафуан Шаймерденов, Сұлтанәлі Балғабаев, Смағұл Елубаев, Құрманғазы Қараманұлы, Серік Асылбеков, Ұлықбек Есдәулетовтердің Мұхтар Шахановтың пікірін қуаттаған «Орынды ұсыныс» атты бірлескен хаты жарияланады. Жер-жерден қолдау білдіріп, хат жазған оқырмандар да көп болды. Наурыздың Ислам дініне қатысын анықтау міндетін алған Министрлер Кеңесі жанындағы діни мәселелермен айналысатын бөлімнің меңгерушісі Тельман Сауранбеков те Мұхтар Шахановтың өзімен сөйлесіп, Колбинді көндіруге тиісті ақыл-кеңесін айтады. 

Мұхтар Шаханов 1988 жылы 

Қазақстан компартиясы орталық комитетінің 1-ші хатшысы Колбинге Наурыз мерекесін қайта тірілтуге арналған хат жазады. Бұл хат орталық комитетінің бюросында бюро мүшелерінің талқысына салынып, Наурызды тойлауға Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекәлі Жәнібековтен басқасы түгелдей қарсы шығыпты. 

Келесі кездесуінде Колбин Мұхтар Шахановқа: «Бюро мүшелерiнiң көбi қарсы. Наурызды Ислам дiнiнiң қалдығы деп жатыр, сондықтан ренжіме», – деп ашығын айтады.

Сол кездегі жағдайды Мұхаң былай деп еске алды. «Кешiрiңiз, Геннадий Васильевич, – дедiм өршеленiп. – Бюро мүшелерiнiң көпшiлiгi тарихты бiлмейдi. Мәселен, Ислам дiнi бұл өлкеге сегiзiншi ғасырдан ене бастаған. Ал, Наурыз қазақ даласында одан бұрын тойланған. Бюро мүшелерiнiң көпшiлiгi ең әрiсi қазақтың нөмiрi бiрiншi ақыны Абайды да оқымаған… Абайдың орыс тiлiне аударылған кiтабын әдейi ала барған едiм. Атыңнан айналып кетейiн ұлы атамыздың қысылған шақта мұншалықты пайдасы тиедi деп кiм ойлаған. Ұлы ұстаздың «Бiраз сөз қазақтың қайдан шыққандығы туралы» қарасөзiн Колбиннiң алдына жайдым. Ол жалма-жан асты қызыл сиямен сызылған жолдарды қарап шықты да, ойланып қалды.

– Ендi, Геннадий Васильевич, мынаған назар аударыңыз, – деп «шабуылға» қайта шықтым. – Қазақ жерiне Ислам дiнi келместен бұрын Наурыз мейрамын армяндар «Навосарди», чуваштар «Нарас ойахе» деп атаған. Ал армяндар мен чуваштардың мұсылман емес екенiн өзiңiз бiлесiз. Бұл тiптi Қазақ Совет Энциклопедиясында жазылған. Шындығы солай болғанымен, бiрақ ол кiтапта «Ислам дiнi келместен бұрын» деген сөз жоқ едi. Әдейi белiнен басып жiбердiм. Оның сәл мүдіріп қалғанын пайдаланып, тағы бастырмалата жөнелдім.

– Тегінде Наурыз мерекесін түркі тілдес халықтардың барлығы талай жылдан бері тойлап келе жатыр. Бұл бізге жаңа жылмен пара-пар. Халық айналаны тазалап, ағаш отырғызады. Өкпе-реніші болса кешіріп, кінәлілер кешірім сұрайды. Желтоқсаншыларды нашақорлар, маскүнемдер, бұзақылар дедіңіздер. Компартия орталық комитетінің саяси бюросы қазақ халқын қаралады. Түбінде ақиқат орын алған кезде сізге қазақ жұрты жылы шыраймен қарамайды. Егер Наурыз мерекесін тойлауға рұқсат берсеңіз, халық сізге оң көзбен қарайтын болады деп едім, Колбиннің көзі жайнап кетті. 

– Сiз жеңдiңiз! – Колбин орнынан тұрып келiп, қолымды алды». – дейді Мұхтар Шаханов. 

Осылайша Наурызды тойлау мәселесіне Колбиннің беті бері қарайды. Бірақ оны өткізу мерзіміне келгенде ол тағы өзгереді. Өйткені наурызға бірнеше-ақ күн қалған еді. «Биыл мерекені наурыздың 22-сінде емес, тіпті 22 сәуірде өткізелік» деп табандап тұрып алады Мұхтар Шаханов.

Ақыры Наурыз қазақтың еншісіне бұйырды. Сөйтіп араға 62 жыл салып, 1988 жылы 30 наурыз күнi Алматыдағы Максим Горький атындағы демалыс паркiнде Наурыз мейрамы тойланды. Мерекеге 100 мыңдай адам жиналды. Өшкенi жанып, өлгенi тiрiлгендей болған халық жиылмағанда қайтсін?! Наурыз мейрамын көне салт-дәстүр арнасына бұруда сол кездегі Алматы қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары Жібек Әмірханова ерекше еңбек сіңіреді. Наурыз күнгі Республика сарайының алдында сап түзеген «Шеберлер ауылы», адамдардың бір-бірімен төс қағыстырып амандасуы, «Наурыз тілек», «Наурыз бата» рәсімдері, Алматы көшелерінде сап түзеген қазақ ертегілеріндегі «Алдар көсе», «Тазша бала», «Батырлар шеруі» және оған қажетті түйелер табу, Горький паркіне Наурызбай, Наурызгүл есімді адамдарды жинау, «Алтыбақан», «Балтамтап», «Тең көтеру», «Бағана өрмелеу», «Арқантартыс», «Жаяу жарыс», т.б. толып жатқан, бүгінде ұмытылуға айналған рәсімдерді тірілту – түгелдей осы Жібек Әмірханованың жасаған жұмыстары.

Наурыздың қазаққа қайтып оралуын қазіргі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың, ұлттың біртуар ұлы, марқұм Өзбекәлі Жәнібековтің, қазақтың қайсар қызы Жібек Әмірханованың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, Мұхтар Шахановтың ұсынысын қолдауының жемісі десек, артық айтқандық болмас. 

Осылайша салт-дәстүр қайта жаңғырды. Жыл басын елдегі мектеп, аурухана және тағы басқа мекемелер ұжым болып атап өтті. Сол бір тарихи сәтке куә болғандардың айтуынша, Әз-Наурыз мерекесін сағынып қалғандары сонша, мейрам қыркүйек айына дейін жалғасыпты. Келесі жылдан бастап КСРО құрамындағы түрік тілдес ұлттар да Наурызды мемлекеттік деңгейде тойлай бастаған.

Мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков Наурыз жайлы былай деген: 

– Наурыз арқылы біз халқымыздың тамаша салт-дәстүрлерін, үйлесімді әдет-ғұрпын, асқақтаған әні мен күмбірлеген күйін, мың бұралған биін, тіл үйірген дәм-тұзын, талғамы мол қол өнерін танытуға, насихаттауға, керек десеңіз, жұрттың мақтаныш сезімін оятуға мүмкіндік алдық, ағайын. Қазір жұртқа осындай ауызбіршілік, ынтымақ, тату-тәттілік керек-ақ. Өйткені жетпіс жылдан астам уақыт бойы келелі істерді «науқаншылықпен» өткізіп, жаман үйренген жұрттың қайта құрылудың о баста ойластырылғандай оп-оңай болып шақпағанын көрген бетте-ақ тауы шағылып, тауаны қайтып қалатыны рас. «Орнында бар оңалар» дегендей, қазіргі ел басына түскен кемтарлықтан да, жоқшылықтан да құтылармыз. Бірақ иманжүзділік, инабатталық, бауырмалдық сезімнен айырылсақ оның орны тола қоймас. 

...Ия, 1988 жылдан бері қайта тойлана бастаған Наурыз мерекесінің жаңғыруының негізгі идеясы мен бастамашысы Өзбекәлі Жәнібеков болғанын тарих ұмытпайды.

Сапарғали ҚАНАТ

2015 жылы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «J-Group Production» аутсорсинг компаниясында журналист, сценарист, «Білім-Инновация» ХҚҚ-на қарасты «Сана» журналында журналист болып еңбек еткен. 2017 жылдың қаңтарынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.