Киелі Қазығұрт баурайындағы той Избранное

Среда, 28 Март 2018 04:03 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 4694 раз

Оңтүстік жұртшылығы Ұлыстың ұлы күні – әз Наурыз мерекесін ерекше сән-салтанатпен атап өткені белгілі. Биыл алғаш рет 1500-ге жуық өнерпаздың, мыңдаған өңір тұрғындарының қатысуымен Қазығұрт тауының бөктерінде «Наурыз Қазығұрттан басталады» ауқымды шарасы ұйымдастырылды. Енді айтулы мейрамның Қазығұртта мерекелену себебіне аз-кем тоқталсақ.

 

Қазығұрт аңызы

Қазығұрт – діни аңыздың қазақы нұсқасы бойынша жер жүзін топан су басқан кезде Нұх пайғамбар кемесі қайырлаған қасиетті тау, адамзат атаулы мен жан-жануар тараған киелі мекен. Жалпы, «Киелі тау», «Дүниежүзілік топансу», «Нұх пайғамбардың кемесі» жөнінде әлемдік мифологияда көптеген діни аңыз-әпсана бар. Соның ішінде Қазығұрттың басында кеме қалған аңызының өзіндік ерекшеліктері бар.

Қазақтар, біріншіден, Нұх кемесін көкпен тілдіскен заңғар тауларға қайырлатпайды. Өйткені, Ислам қағидаты бойынша, «мен бәріңнен биікпін» деген өркеуделік болмау керек. Ал Қазығұрт аласа болса да жер бетіндегі таулардың қасиеттісі. Екіншіден, тасқыннан аман қалған кемедегі төрт түліктің төлдері одан кейін Қазығұрттың басынан өсіп-өніп, көбейгені айтылады. Бұл жерде қазақтардың малшылық кәсібіне тән белгі айқын аңғарылады. Үшіншіден назар аударатын жайт – кеменің, Нұх пайғамбардың, оның қасындағы адамдардың микротопонимдер арқылы Қазығұртта «орналасуы». Қазығұрт тауының басында, күн батыс жағында азырақ тегіс жер бар. Ол жер «Кеме қалған» деп аталады. Бұған қоса «Нұх пайғамбарының кемесінің ізі», топансу тасқыны қайтқаннан кейін Нұх пайғамбардың және оның жанындағы адамдар мекендеген үңгір, Пайғамбардың намаз оқыған жері, үңгірдегі бес саусағының ізі, су ішкен бұлағы деп аталатын топонимдер бар. Төртінші, қазақ мифінде «Құдай баста жер-көкті жаратқанда Қазығұрт тауы да бірге жаралған» делінеді.

Міне, бізге жеткен жыр-дастандар мен аңыз-әпсаналардан Қазығұрт тауының киелі жер екенін аңғаруға болады. Ал Наурыз – жыл басының ғана емес, бүкіл тіршілік атаулының жаңаруының белгісі. Осыған орай Ұлыстың ұлы күнін Оңтүстіктегі киелі жерде қарсы алудың өзіндік белгісі бар.

 

«Кеме қалған» жобасы

Жылдың бастауы, табиғаттың жаңаруын тойлау осы мекенге жиналған қауым алдымен Қазығұрт тауының баурайындағы қасиетті шыңдағы Кеме қалған нысанының қазығын қақты.

Жалпы, биылғы Наурыз тойы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы ауқымды іс-шаралардың бірі де бірегейі болды. Енді алдағы уақытта Қазығұрт тауын заман талабына сай ірі туристік орталық ретінде қалыптастыру міндеті тұр. Облыс әкімі алқалы жиында Қазығұртта арнайы кешен жасау жобаланып отырғанын айтты: - Кеме Қазығұрттың биігіне орнатылмақ. Ұзындығы 137 метр, ені 30, ал биіктігі 15 метр, үш қабатты болады. Мұнда музей, қонақ үй, мейрамхана, көру алаңдарының салу қарастырылады. Екі шақырым көлік жолы мен жаяу жүргіншілер жолы салынып, жан-жақты абаттандыру, тынығу, демалыс алаңдарын жасау жұмыстары бар.

Өңір басшысының айтуынша, алдағы уақытта төменнен Кеме қалған нысанына апаратын ұзындығы 3,1 шақырымдық арқан жол мен 4 шақырымдық жаяу жүргіншілер жолы салынбақ. Сондай-ақ, ұлттық ат спорты ойындарын өткізетін 20 гектар аумақта атшабар құрылысы жоспарланып отыр. Осылайша облыс басшысы бастаған өңір азаматтары тарихи нысанның қазығын қағып, жергілікті жұртты қосарлана келген қуанышпен құттықтады.

Тау бөктеріндегі дүбірлі думан

Ұлық мерекеге орай тау бөктеріндегі этно ауылға 40-тан астам киіз үй тігіліп, алтыбақандар мен салт-дәстүрлерді паш ететін арнайы шағын сахналар мен ұлттық ойындарға арналған алаңшалар орнатырылды. Наурыз мейрамына жиналған қауым этноауыл ішіндегі қолөнер шеберлері мен ұлттық тағамдардың көрмесін тамашалады. Салтанатты шараның басты сахнасы Нұқ пайғамбардың кемесі іспеттес безендірілген.

Салтанатты шараның шымылдығы «Тіршіліктің бастауы - Қазығұрт» қойылымымен ашылды. Бұл қойылымда 230 биші хореграфиялық композиция арқылы жер жаһанды топан су басып, Нұқ пайғамбардың кемесінің Қазығұрт тауына келгенін бейнеледі. Мұнан соң «Күннің жаңаруы», «Қыдыр атаның 12 аймен кездесуі», «Табиғаттың оянуы», «Наурызтойы», «Рухани жаңғыру – ұлтты ұлықтаудың ұлы жолы», «Тәуелсіздік түндігі - Астана» атты сазды-хореографиялық композициялар жалғасты. «Табиғаттың оянуы» композициясында 500 көгершін көкке ұшырылды.

Мереке барысында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев көпшілікті Наурыз мерекесімен құттықтады.

- Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай» деп айтқан сөзі бар. Ал, ұлттық код деген қайда десек, оның қайнар көзі – әз Наурызда. Ұлыстың ұлы күнінде қазақ мәдениеті мен руханиятының бар інжу-маржаны жарыққа шығады. Наурызда дәстүрлі ән шырқалып, күй шертіледі, терме төгіліп, ақындар айтысады. Ең бастысы, Наурызда дәстүр бойынша жастар үлкендермен көріседі. Өкпе-наз, реніштердің бәрі ұмытылады. Яғни, Наурыз – ынтымақ пен бірлік, үлкенге құрмет, мейірім мен кешірімділік секілді ізгі қасиеттер дәріптелетін мереке.

Мұнан соң облыс әкімі Наурыз мересінде елді бірлікке, ынтымыққа шақырып, ренжіскен ағайын болса, құшақтасып көрісуге шақырды. Осылайша Қазығұрттың баурайына жиналған мыңдаған жұрт көрісу амалып, жасап, төс қағысты. Өкпе-назын кешірісті. Жаңару мейрамында көңілдер де жаңарып, жасарды.

Бұл күні бірқатар азаматтарға «Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы» атағы тапсырылды. Сондай-ақ, «Туған жерді түлету - перзенттік парызымыз» жобасы аясында ел ықыласына бөленген кәсіпкерлер марапаттады.

 

Рухани келісім – татулық тірегі

Мереке күні облыс әкімі Жансейіт Түймебаев алғаш рет киіз үйде облыстық, аудандық, қалалық, ауылдық ардагерлер кеңесі мен зиялы қауым өкілдерінің басын қосып, кеңес өткізді. Бұл жиында «Зорлық-зомбылықсыз – Оңтүстік» акциясы жарияланды. Аймақ басшысы аудан, қала әкімдеріне ұрпақ тәрбиесіне мән беріп, қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша кешенді жұмыс ұйымдастыруды тапсырды. Ондағы мақсат – ел ішіндегі түрлі оқиғалардың себеп-салдарын талқылап, олқылықтарды болдырмаудың жолдарын ақылдасу.

Облыс әкімінің сөзін қуаттаған зиялылар қазіргі таңда, жалпы қоғамымызда бала тәрбиесіне деген жауапкершіліктің әлсіреп бара жатқанын жасырмады. Ел ағалары ынтымақ пен береке болмаған жерге құт қонбайтынын айтты.

Айта кетейік, «Наурыз Қазығұрттан басталады» іс-шарасына облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына қарасты мәдениет және өнер мекемелерінің әртістері және «Шамсинур», «Фараб», «Тұмар», «Жұлдыздар», «Таңшолпан», «Қаракөз», «Шаттық» би ұжымдары мен 500 жылқы, 500 көгершін мен түйелі күймелер қатысты.