Саксофонның сырлы cазымен... Избранное

Пятница, 04 Май 2018 09:28 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 366 раз

1. Домбырадан – саксофонға
2. Миллион тұратын саз құралы
3. Саксофон оркестрі бола ма?

Cахнадағы қара көзілдірік киген жігіт саксофонды бірде сызылта үрлеп, бірде ойнақы әуенімен тыңдарманын елітіп әкетеді. Бұрын тек қымбат мейрамханаларда бой көрсететін Нұржан Баймахановты соңғы кездері қаладағы ауқымды іс-шаралардың сахнасынан жиі көреміз. Репертуарында 70-ке жуық әні бар өнерпаз саксофонда ойнауды қалай үйренді?

DSC 6553

Әкеден қонған өнер

– Әкем Қожанәлі Баймаханов виолончельде ойнайды. Ордабасы ауданы, Темірлан елдімекеніндегі өнер мектебінде 35 жыл жұмыс істеді. Ән мен күйге сол мектепте оқып жүргенімде құмартып, әкемнен фортепианода ойнауды үйрендім. Сыныптастарым мектеп бітіріп кеткенде әкем мені тағы 5 жыл домбыра үйренуге алып қалды, – дейді Нұржан Қожанәліұлы.
«Әке көрген оқ жонар» демекші, жас өнерпаз да әке жолын мықтап ұстануға бекінеді. Нұржан әрі әке, әрі ұстаз бола білген Қожанәлі Аққошқарұлының кеңесін қалт жібермейді. Білімін шыңдай жүріп, әке оркестрінің құрамында өнер көрсетеді. Өнер сахнасына әу бастан-ақ салиқалы әріптестерімен шыққан ол талап пен дарынның аражігін ажырата біледі.
– Әкеммен бірге жүріп оркестрде ойнау, аудандық айтулы іс-шараларға қатысу маған зор абырой болатын. Өнер мектебін тәмамдаған соң Оңтүстік Қазақстан саз колледжіне оқуға түстім. Домбыраны таңдағанмын. Оқуға түсіп қойғаннан кейін қызық болды, – деген Нұржан сол күндерін есіне алғанда жүзі жадырап сала берді. – Әкем де сол колледждің түлегі. Ал облысқа белгілі саксофоншы Серік Аппазов – әкемнің досы. Менің оқуға түсуімнің құрметіне кешкі асқа бардық. Сол күні кешкісін Аппазовтың өнері жан-дүниемді баурап алды.
«Бұлақ көрсең, көзін аш» демекші, Қожанәлі Аққошқарұлы Нұржанның қызығушылығына бейжай қарамайды. Зор қолдау танытып, домбыраны таңдап, оқуға түсіп қойғанына қарамай, құжаттарын қайтып алады да, саксофон бөліміне тапсырады. «Саксофонға орын жоқ» деген жауапқа да тоқтамай, оқудың ақылы бөлімін таңдайды.
– Серік Аппазовпен бірге бұл салада Батырхан Шөкенов ағамыздың да ұстаздық еңбегі ерекше еді. Марқұм өмірден ерте қайтты ғой... – дегенде Нұржанның көңіл-күйінен атақты өнер жұлдызына деген зор құрмет пен сағыныштың ұшқыны анық байқалды. – Домбыраның пернесіндегі белгілі ноталарды теріп үйренуден саксофонның дыбысын шығару әлдеқайда қиынға соқты. Үрмелі аспаптың дыбысын шығарудың өзіне екі ай уақытым кетті.

DSC 6573

1 миллионға алған саксофон

Нұржан саз колледжінің «Үрмелі аспаптар» мамандығын аяқтауға жақын қалғанда республикалық «Арай» байқауына қатысып, лауреат атанды. 2009 жылғы сол байқауда ерекше көзге түсіп, «Гүлдер» ансамблінің құрамында өнер көрсетуге ұсыныс алды. 2013 жылға дейін «Гүлдер» республикалық мемлекеттік-эстрадалық жастар ансамблінде жұмыс істейді. Гастрольдік сапарларға шығып жүріп, тәжірибе арттырады. Шетелдерді көреді.
– Нью-Йорк тұрғындарын джаз жанрымен, саксофонмен таң қалдыра алмайсың. Ән өнерінің классикалық дамуын біз, керісінше, олардан үйренеміз. Есесіне, шетелдіктерге сонау 1842 жылы Адольф Сакс ойлап тапқан музыкалық аспаппен «Саржайлау» атты қазақ әнін орындап беру керемет әсерлі болған. Олардың қошеметтеп, ризалығын танытқаны әлі есімде. Елбасымыз Н. Назарбаев бастаған қазақ делегациясының құрамында тағы бір жолы Иорданияға да сапарлатып барып, өнер көрсетіп қайттық, – деп жалғады сөзін Нұржан.
Бельгиялық шебер Адольф Сакс 1842 жылы жаңа үрмелі аспапты жасайды да, 1846 жылы авторлық құқығын алады. Үрмелі аспап шебердің құрметіне «Саксофон» деп аталды. Көптеген клапандары мен кларнетке тән мундштугы бар саксофонның альт, тенор, сопрано, баритон түрлері белгілі. Сакс оның түпнұсқасын Дефонтенель және басқа да кларнетті аспаптардан алған. Мыс, никель және мырыш, латунь немесе күміс қоспаларынан құйылғандықтан оның тембрі кларнет, гобой және виолончельдің қосылып шығарған үніндей жұмсақ естіледі.
– Мына саксофонды әкем маған 2007 жылы 1 миллион теңгеге алып берген, – деген өнерпаз үрмелі аспабына мақтанышпен бір қарап қойды. – Әлі күнге жанымнан тастамаймын.

 

Сезім мен саксофон

Өнерімен өрге жүзген жігіт 2013 жылы Сезім атты қызбен шаңырақ көтеріп, отбасын құрды.
– Үйленгеннен кейін «Гүлдер» ансамблінен жұмыстан шығып, туған жерге келдім. Шымкент – өз үйім. Отбасым осы қалада. Ағайын-туыстың ортасынан алыстамайсың. Сағынсаң, құшақ жайып қарсы алатын жақындарымның бәрі осында, – деп Нұржан отырған орнынан бір қозғалып қойды. Онысы «Өнердің қайнаған ортасынан алыстадым» деген ойдан гөрі «Барымды туған жеріме арнап келем» деген мақтанышқа, өзімсінуге ұқсады.
Нұржан Қожанәліұлы 10 жылдан астам уақыт саксофонда ойнағанымен, әлі де үйренетін тұстарының көптігін айтқанда, таңданғанымыз рас. «Әлі 4-октаваның ноталарын меңгеруім керек» демегенде, бұл өнердің соншалықты қиын екенін ұқпас та едік. Саксофоншы жігіттің репертуарындағы 70-ке жуық шығарманың 20-сын қазақ әндері құрайды. Одан өзге орыс халқының және ағылшын классиктері Джо Дассен, Стиви Уандер, Джо Сэмпл, Кэнни Джи, Элтон Джон, Шакатак тобы, Дэйв Круиздың шығармалары бар.
Бүгінде Нұржан Баймаханов Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің «Өнер» факультетінде студенттермен жұмыс істейді. Қазіргі таңда бұл факультетте бір ғана қыз саксофонды үйрену бағытында білім алып жүргенін ескерсек, үрмелі аспапты меңгерудің қиындығын тағы да ұққандай боламыз. Дегенмен, әуенді жан-дүниесімен сезіне білетін, есту, түйсіну қабілеті жоғары, әуезді әнге ғашық жандар саксофонды тез-ақ үйреніп алады екен. Саксофоншы Нұржан Баймаханов өнерін әр жұма күні кешкісін Garden Chalet ресторанының қонақтарына қызмет көрсету арқылы пысықтап жүр. Оған коммерциялық құпиясын ашуға қолқа салмасақ та тойы тарқамайтын Оңтүстіктің тойханаларына қаншалықты жақын екенін сұрап білдік.
– Саксофон ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында еуропалықтардың рухани және симфониялық оркестрлерін сүйемелдеу үшін қызмет етті. Бертін келе джаз өнерінің бір түріне айналды. Оның көмегімен тек классикалық әндерді орындауға болады. Әлем классикасы. Ал біздің той әндері мүлде басқа. «Тойға барған емеспін» демеймін. Жанды дауыс, джаз, классикалық әндер мен саксофонды дұрыс көріп, тойын осы бағытта өткізетіндер де бар. Ондай шақырулардан бас тартпаймын. Ал негізінен қаламыздың маңызды іс-шараларына, ұжымдық мерекелік кештерге шақырады.
Әңгіме барысында саксофоншы жігіт бір кездері өнердің джаз жанрын қолдап, үлкен іс-шаралар ұйымдастырылғанын еске алды. «Сол жылдары бүтін бір оркестр жиналып қалған едік» деген
Нұржан болашақта осы бағытты қайта жандандыруға қызығушылығын жасырмады. Ал біз өнердің өрлеуіне тілектестік таныттық...

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.

Другие материалы в этой категории: « Ұлт тарихындағы Ұлы белес Ұлы Жеңіске - 73 жыл »