АБАЙ – КЕНТАУ:іскерлік байланыс артады Избранное

Пятница, 18 Май 2018 05:00 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 4756 раз

Өңірімізде бұдан былай аудандар мен моноқалалар да мәдениет, руханият, білім, әлеуметтік-экономикалық және өндірістік салада өзара байланыс жасап, тәжірибе алмасатын болады. Мұндай жобаны бірінші болып қолға алған – Шымкент қаласы Абай ауданының әкімдігі. Мемлекет басшысының болашаққа жасаған бағдарына әрі бас қаламыз Астананың 20 жылдығына орай Кентау қаласында «Мәдениет – ұлттық рухымыз» атты Абай ауданының күндері өтті.

47

Шымкенттен барған қонақтарды қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Исахан Жұмабаев бастаған кентаулықтар қаланың кіреберіс қақпасынан қазақы дәстүрмен күтіп алды. Ақ кимешек киген әжелер ән-жырдан шашу шашып, ақсақалдар батамен қарсы алған соң сары бауырсақтан дәм татып, қымыз ішіп шөлін басқан жолаушылар қаланың орталық алаңына бет түзеді.
Бұл күні Кентауда Абай ауданының күндеріне орай бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды. «Жастар ресурстық орталығы» ғимаратында екі жақтың ардагерлері, имамдар, зиялы қауым өкілдері кездесіп, жастардың тәрбиесі, елдің дамуы, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, имандылық жайында іргелі тақырыптарды ортаға салды. Сондай-ақ, ауданның ардагер, имам және педагогтарынан құралған үш команда кентаулықтармен футболдан жолдастық кездесу өткізді. Кентау қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы
Қ.Мұсабаевтың айтуынша, бұған қоса тоғызқұмалақ, шахмат, теннис және арқан тарту сынды 5 түрлі сайыс өтті.
Бұл күні Ш.Қалдаяқов атындағы мәдениет сарайында Абай аудандық «Әжелер алқасы», Шымкенттен келген жастар кентаулық көрерменді өнерімен сусындатты.

65

МЕМОРАНДУМ

Шымкент қаласының 33 шағынауданы мен елдімекені қарайтын Абай ауданында бүгінде халық саны 325 мыңнан асады. Ауданда 33 мектеп, 29 мемлекеттік және 91 жекеменшік балабақша жұмыс істейді. 3 жоғарғы оқу орны, 6 колледж бар.
– Елбасымыз
Нұрсұлтан Әбішұлының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында көптеген бастамалар қолға алынды. Сондай маңызды жобалардың бірі – Абай ауданының
Кентау қаласымен тікелей байланыс орнатуы. Республикалық 27 моноқаланың тізіміне енген Кентау қаласын таңдауымыз да тегін емес, – дейді Абай ауданының әкімі А.Татыбаев – Бұл қаланың тыныс-тіршілігі Абай ауданына ұқсас. Көпқабатты тұрғын үйлер мен елдімекендегі жекеменшік үйлердің коммуналдық жағдайы, бүгінге дейінгі біткен іс бар, жоспарланғаны және әлі де көңіл бөлуді қажет ететін жұмыстардың көбі ұқсас. Мұнда да біздегідей кәріз жүйесі, жылу, оны сығымдау шаруасына байланысты мәселе көтеріліп, инфрақұрылымды дамыту жұмыстары кезең-кезеңімен қолға алынып жатады. Бізге коммуналдық салада, білім беру, өндірісті, өнеркәсіпті дамыту бағытында тәжірибе алмасу қажет. Ұқсас мәселелер туындағанда екі жақтың тәжірибесін негізге ала отырып, келеңсіздіктерді жойып, жақсы іскерлік қарым-қатынас жасаймыз деген мақсатымыз бар.
Кентау қаласының әкімі Әбдібақыт Тілләбайұлы «Халық саны жағынан Абай ауданынан үш есе аз болғанымызбен жұмыс жүйесі бір бағытта» деп нақтылай түсті. Аудан әкімі өндіріс пен өнеркәсіпті қайта қолға алуға қызығушылық білдірсе, Кентау қаласының әкімі туризмді дамыту, жылыжай өнімдерін өсіру барысында тәжірибе алмасуға ықылас танытты. Халық қызметшілері осы бағытта бірігіп жұмыс жасау мақсатында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Шымкенттен барған іскер топты Кентау қаласының әкімі Ә.Мақұлбаев 60 жылдық тарихы бар Кентау трансформатор зауытына бастап барды. «Alageum electric» АҚ-на қарасты зауытта 1 300 адам 3 ауысыммен жұмыс істейді. Ал зауыт өндірісінің 40%-ы шетелге экспортталады. Зауыт басшысы Х.Қожабаевтың айтуынша, трансформатордың басым бөлігін Ресей алса, тағы бірқатары Орталық Азия, Ауғанстан, Әзірбайжан, Оңтүстік Кавказ, Иран елдеріне экспортталады.
– Биыл Шымкент қаласының Тассай шағынауданында да «Alageum electric» АҚ-ның «Asia Trafo» зауыты іске қосылады. Жалпы құны 50 млн АҚШ долларына бағаланған өндіріс орнының 1 жылдық қуаттылығы 250 дана трансформатор өндіруге жетеді. Сондай-ақ, 400 адам жаңа жұмыс орнымен қамтылатын болады, – деді Хайрулла Байділләұлы.

 

ЖӘРМЕҢКЕ

42

Шымшаһардан келген жәрмеңке керуені Кентаудағы «Ынтымақ» алаңына орналасты. Абай аудандық 10 кәсіпкер тарапынан 500 келі көкөніс, 2 тонна кептірілген жемістер, 300 келі бал өнімдері және 500 келі ет-шұжық өнімдері жеткізілген. Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Ғани Құрманбай сүт пен құс өнімдеріне сұраныстың жоғары екенін айтады.
– «Шымкент құс» ЖШС әкелген 15 600 құс, 70 қорап жұмыртқа түгел сатылды. Сондай-ақ, «Айкан» ЖШС-нің сүт өнімдері мен «Пионер» ЖШС печеньесіне, жылыжай өнімдеріне де сұраныс жоғары екен. Ұн өнімдері, жалпы, жәрмеңкедегі бүгін сатылған барлық азық-түлік нарықтағы бағадан 20% арзан ұсынылды, – дейді маман.

 

КӨРМЕ

20180510 113504

– Бүгінгі шараның бізге берері – білім саласындағы жетістіктерімізді еселейтін озық тәжірибелердің көрмесі, – дейді Кентау қалалық білім бөлімінің басшысы Әділ Арыстай. – Біздің қалада өндіріс орындары көп және ЭКСПО-2017 көрмесіндегі жаңалықтарды дамыту барысында ізденіс арттыру – басты мақсатымыз. Шымкент қалалық «Жол-көлік» колледжі ұсынған «Күн энергиясы» жобасы – біздің колледж студенттеріне қажет дүние. Ал Ә.Қастеев атындағы Оңтүстік Қазақстан өнер және дизайн колледжі алып келген ертедегі батырларымыздың киім үлгілері, тері бұйымдарынан жасалған дулыға, торсық, құрал-сайман, аттың ер-тұрманы әр қазақты қызықтыратыны анық.
Көрмеде Абай ауданына қарасты Шымкент қаласының №36 «Еркеназ» бөбекжай-балабақшасы алдыңғы қатарлы әдістемелік оқу құралдарын көрсетті.
– Біз мектепке дейінгі мекеменің балаларды тәрбиелейтін жоғары технологиялық әдіс-тәсілін алып келдік. Мұнда қазіргі заман талабына сәйкес бүкіл әлемге бетбұрыс жасатқан «Монтессори» педагогоикасы, Жүнісбеков, Зайцев әдісі, «Дьенеш» блоктары, «Воскович геоконт» технологиясы бар, – дейді балабақша меңгерушісі Зина Жүнісбекқызы.
Ал көпшілікті қызықтырғаны – барлық пәндер бойынша бала танымын арттыратын фетрадан жасалған жапсырма кітаптар. Бұл кітаптар арқылы бүлдіршіндер түстерді ажыратып, табиғатты таниды. Әріптерді тез есте сақтап, ағылшын тілін оңай жаттатуға арналған әдістемелік құрал саусақ моторикасын жақсы дамытады.
№65 мектеп-гимназиясы ұсынған киізден жасалған, күмістен құйылған, шиден тоқылған қолөнер бұйымдары көздің жауын алады. Мектеп басшысы Қатира Қырғызбайқызының айтуынша, бұл мектепте қолөнерге баулитын 8 үйірме бар. Әр үйірменің жетекшісі оқушылармен жеке жұмыс жасайды.
Білім саласында бұған дейін де зор көрсеткіштерге қол жеткізіп жүрген кентаулықтар көрмедегі бірқатар дүниені тәжірибесіне түртіп алды. Жуырда Шымкенттегі Абай ауданында өтетін
Кентау күндерінде олар да білім саласындағы озық тәжірибелерімен бөлісетінін айтты.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.