«Мерейлі отбасы» жеңімпаздары кімдер? Избранное

Среда, 30 Май 2018 04:44 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 3003 раз

Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияда «Мерейлі отбасы – 2018» ұлттық конкурсының екінші кезеңінде жеңіске жеткен жанұялар марапатталды. 15 аудан-қаладан қатысқан 38 отбасы арасынан Қазығұрт ауданының зейнеттегі еңбек ардагері Мұхтар Момынов пен мақтаралдық Сапаралы Серікбаевтың отбасылары 1 миллион теңгені жеңіп, ресубликалық сайыстық үшінші кезеңіне жолдама алды.

DSC 1440

Облыс әкімдігінің және облыстық отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен биыл бесінші рет өткен шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр түстіктегі мерейі үстем шаңырақтарды құттықтады.
– Отбасы – сыйластық, жарастық орнаған, адам үшін ең жақын әлеуметтік орта. Отбасы белгілі дәстүрлер, жағымды өнегелер, мұралар мен салт-дәстүрлердің сақтаушысы. Отбасының арқасында мемлекетіміз нығайып, халқымыздың әл-ауқаты артады. Береке мен бірлікті, түрлі этностардың рухани әлемін тоғыстырып отырған, шежіресі көне Оңтүстік өңірі отбасы тұрақтылығы мен ауызбіршіліктің мекені. Облысымызда 700 мыңға жуық отбасы бар. Жыл сайын 20 мыңнан астам жас отбасы шаңырақ көтереді. Биыл аудан-қалалардан байқауға қатысқан 30 отбасы жеңімпаз атанды. Осы отбасылардың барлығы да жүлделі орындарға лайықты. Өніп өскен, тәрбиелі, өнегелі отбасылар – әрбір аудан-қалалар жеңімпаздары. Сіздер тәрбиелеген ұл-қыздарыңыз өзгелерге үлгі-өнеге болады. Осындай ұрпақтар сабақтастығы өзге отбасыларға да үлгі болады деген сенімдемін. Игі дәстүрге айналған осынау байқауға қатысқан сіздердің барлықтарыңызға табыс тілеймін. Отбасыларыңызда бақыт-береке орнап, жемісті болыңыздар, – деді Ербол Әбілхайырұлы.

Шымшаһардың үлгілі ұясы

DSC 0318

Байқаудың бірінші кезеңінде 33 отбасының ішінен үздік деп танылған еңбек ардагері Құрманғали Ахмет пен байқауға қатысушы ең жас көпбалалы Болат Досмұхаметовтың жанұялары Шымшаһардың мерейлі отбасылары атанған еді. Олар сайыстың екінші кезеңіндегі үздік 28 отбасымен бірге облыс әкімі Ж.Түймебаевтың алғыс хаты мен 200 000 теңге қаржылай сыйлыққа ие болды.
Айта кетейік, Елбасы жарлығымен бастау алған «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының мақсаты – бір шаңырақ астында берекелі өмір сүрудің маңыздылығын арттыру, отбасылық өмір салты, ата-аналық парыз, жауапкершілік секілді ұғымдарды ел санасына сіңіру, әсіресе жастарға жеткізу, жарасымды жанұя құндылығын кеңінен насихаттау болып табылады.

Суреттерді түсірген:
Серік Қосаев