Елордаға арналған ел өрнектері Избранное

Среда, 06 Июнь 2018 04:43 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 201 раз

Таяуда Елбасы кітапханасының музейі ғимаратында Шымкент қалалық балалар көркемсурет мектебі – ЮНЕСКО клубы тәрбиеленушілерінің диплом жұмыстары көрмесінің ашылу салтанаты өтті.

12

«Туған өлкем» көрмесі биылғы ақпан айында басталған балалар шығармашылығын қолдау республикалық бағдарламасының аясында ұйымдастырылды. Бұл шара Астананың 20 жылдығы мерейтойына арналып отыр.
«Педагогикалық вернисаж» көрмесінің тұсауын Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Әмірхан Рахымжанов кесті:
–Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» мақаласына үндеу ретінде басталған «Туған өлкем» балалар шығармашылығын қолдау республикалық бағдарламасы Елордамыздың мәдени өміріндегі елеулі оқиғаларға айналды. Біз үшінші көрмені ашқалы отырмыз, балғындардың шығармашылық жетістіктерінің арта түскені қуантады. Бағдарламаның ерекшелігі - Елорда тұрғындары мен қонақтарына түрлі өңірден келген балалардың өнерін жан-жақты көрсетуді мақсат етеді. Сондықтан жас суретшілер өздерінің көркем туындыларымен бірге орындау шеберліктерін де ұсынады. Осындай талантты ұрпақтарымыздың жетіліп келе жатқанына ризамын!
Шымкент қалалық балалар көркемсурет мектебінің директоры Тояш Оразова өзі басқаратын ұжым үшін бұл көрменің маңыздылығын атап өтті:
– Осы көрмеге бірнеше ай бойы дайындалдық, әр жұмысты мұқият іріктедік. Бүгінгі көрмені біз Астананың 20 жылдығы және мектебіміздің ЮНЕСКО клубына енгеніне 10 жыл тәрізді айтулы оқиғаларға арнадық. Біздің жұмыстарымыз, шеберлік-сабақтарымыз Елорда балаларына қызықты болатынына сенімдімін.
Жиында Қазақстан Ұлттық ЮНЕСКО клубтары федерациясының вице-президенті Серкан Аязбаев та болды:
– Федерация басқармасының шешімімен Шымкент қалалық балалар көркемсурет мектебі Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша федерацияның өңірлік өкілі, ал директор Тояш Балтақарақызы ресми өкілі болып бекітілді. Бұл мектептің қызметі өзге мектептерге жоғары кәсібиліктің жарқын мысалы мен үлгісі бола алады. Мәселен, 2017 жылдың шілдесінде Жапонияда өткен жыл сайынғы ЮНЕСКО клубтарының халықаралық көрмесінде осы мектептің оқушысы Убайдулла Сәуле бас жүлдені жеңіп алды, енді биыл ол Йокогама қаласына барып, біздің республикамыздың атынан өнер көрсетеді.
Ширек ғасырлық тарихы бар Шымкент қалалық балалар көркемсурет мектебі нағыз балалар шығармашылығының орталығы ретінде танылып, республикалық және халықаралық деңгейлерде өнерлерін көрсетіп жүрген көптеген жас таланттардың жолын ашты. Мектеп түлектері мен оқытушылары көптеген республикалық байқаулардың лауреаты және көрмелердің қатысушысы атанды. 2008 жылы шығармашылық жолында жеткен жетістіктері үшін мектеп ЮНЕСКО клубы мәртебесіне ие болды.
Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлнара Күлиева көрмедегі шығармашылық жұмыстардың ерекшеліктері жайлы айтып өтті:
– 2015 жылы біз өзіміздің жұмыстарымызды бірлескен көрме жоба аясында ұсынған болатынбыз. Бұл жолғы көрмеде мектебімізде жүргізілетін жұмыстардың негізгісін, ең мықты бағыттарын көрсеткіміз келді. Әрине, көрмеміздің басты ерекшелігі – сәндік-қолданбалы өнер туындылары, яғни гобелендер, ши, киізден жасалған бұйымдар. Мәселен, отбасы, бала тақырыбына арналып, шиді тоқу техникасымен орындалған үш картина ұсынылады. Сондай-ақ Қазақстан тарихына арналған әсерлі гобелен композициялары да назардан тыс қалмайды. Ерекше көз тартар тарихи тақырыптардан сыр шертетін тағы бір бұйым – киіз тұмарлар, олар тіл-көзден сақтану үшін үйге ілінеді. Мұндай тұмарларды тек қана біздің қолданбалы өнер шеберлері жасайды. Біз сан ғасырлық дәстүрлерімізді қайта жаңғыртып келеміз. Киізден жасалатын сырмақ, қоржын, аяққап қашанда өнер мамандары мен көрме көрермендерінің назарын аударады. Біздің тәрбиеленушілеріміз жасайтын бейнелеу өнерінің де өзіндік ерекшеліктері бар. Майлы бояумен орындалған картиналар ашық, күндей жарқырап, көздің жауын алады. Бұл – шырайлы Шымқала өрнектері, туған өлкеміздің ыстық лебі.
Көрмеге келушілер арасында Ғалия Қарабаева, Гүлвира Бекболатова және Әсел Жиенбаева дайындаған сәндік-қолданбалы өнерінің шеберлік-сабақтарына қатысып, мектеп оқытушыларының жоғары шеберліктеріне тәнті болды.
Көрмеге барлығы 60-тан астам диплом жұмысы ұсынылған. Олар мектепте оқылатын бейнелеу өнері техникасының сан алуандылығын ашып көрсетеді. Мұнда Шымкент қалалық балалар көркемсурет мектебінің педагогтары мен оқушыларының көп жылғы еңбегі көрініс тапқан.

 

Роза Тастанова,
балалар көркемсурет
мектебі директорының оқу
ісі жөніндегі орынбасары

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор-Бас редакторы – Айгүл Қапбарова. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.