Әр маусымның айтары бар көргенге Избранное

Пятница, 29 Июнь 2018 04:40 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 2555 раз

«Жаңарған ақпараттандыру жүйесі жаңа технологиямен таңқалдырып жатқанда, театрға кім барады?!» деген кезең – артта қалды деуге толық негіз бар. Себебі, рухани кемелденуді, рухани азық алуды көксеген көрермен – театрға келеді. Оған қоса Елбасының «Болашаққа бағдар: «Рухани жаңғыру» бағдарламасында айтылғандай, «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс».

DDDD0407

Облысымыздағы саны көп театрлардан «сапалы ойын күту» көрермен көңілдің таразылау теңдігінде болғандықтан, театрлар шығармашылығында бәсеке бой көтеріп, көрермен ықыласына күрес күшейуі шартты жайт. Облыстың «Академиялық театр» статусын иығына оқалы мәртебе етіп қондырған Ж.Шанин театр ұжымына салыстырмалы түрде сын көздің істік келуі, орынды мәселе. Себебі, 84-ші театр маусым шымылдығын жапқан театрдың шығармашылық жетістіктері қандай? Қандай жаңалықтар енгізді? Міне, орынды сұраққа – мәнді жауап беруге тырысалық.
«Сахналық ғұмырдың сабақтастығы», өзектілігін ешқашан жоймақ емес! Шаниндіктер, әр жылы өмірден озған артистерінің ғасырлық ғұмырға толғанын құрметпен еске алып отыруды дәстүрге айналдырған. Бүгінде Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының кірпішін қалаған кәсіби актер, режиссер Х.Шаженов пен актер М.Дөненбаевтың тағдыр жолын білеміз бе? Ендеше, қысқаша шолу жасаудан шаршамалық.
1908 жылы 25 наурызда қазіргі Шығыс Қазақстан облысы (Семей облысы), Жарма ауданында дүниеге келген Халел Шаженов, 1932-34 жылдары Қазақ мемл.пед.институтының (қазіргі ҚазҰПИ) тіл-әдебиет факультетінде оқып жүрген кезінде әдеби іс-шараларды басқарып, кішігірім сахналық қойылымдарға қатысып, театр өнеріне деген қызығушылығы оянады. Табиғи шыншыл ойынымен театр режиссерларының назарына іліккен Х.Шаженовке 1936 жылы Ленинградтың (қазіргі Санкт-Петербург) мемлекеттік сахна өнері техникумінің қазақ студиясынан білім алуға аттанғалы тұрған алғашқы өнер қарлығаштарының тобын бастап баруды тапсырады. Аттары әлемге әйгілі театр тарландары В.В.Меркурьев пен И.В.Мейерхольдтан 1938 жылы оқуын үздік аяқтаған Халел, Шымкент облыстық қазақ драма театрына қабылданады. Шымкент өңірін таңдауының себебі – Оңтүстіктен аттанған бір топ жастардың арасындағы Жұмабике Серікбаевамен бас қосуында еді. Ол жайында Қазақстанның халық артисі Әмина Өмірзақова өз естелігінде; «Пойыз бірінші Алматыға жеткенде, аңырап жылап қоя бердім. Халел Шаженов деген жетекшіміз бар еді. Ол мені бауырына басып, көз жасымды сүртіп, қанаттандырып қояды. Туған ағамдай болып отырған ол, Бикешке (Қаз.Халық артисі Жұмабике Серікбаева) қырындай бастаған...»- дейді. (Түркістан газеті, «Адамгершілік – бәрінен биік мұрат» Е.Кәпқызы)
Студияда оқып жүрген қазақ жастары, өздерінің өнерге деген ынтызарлығын К.Гальдонидің «Екі мырзаға бір қызметші» комедиясын ойнау кезінде дәлелдеп үлгереді. Х.Шаженов, табиғат сыйлаған талантымен қоса адами опалы қасиетімен дараланған тұлға екендігін, алыс жерде жүріп те дәлелдейді. Ол жайында Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының актері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Мәжит Ілиясқаров былай дейді; - Халел ағамыздың адами қасиеті жайлы Жұмабике Серікбаева апайымыз; «Халел, ештеңеден қорықпайтын өжет еді. 1937-ші жылы, бізбен бірге актерлік шеберлігін шыңдап жатқан Мусинді (Хадиша Бөкееваның алғашқы күйеуі) НКВД сұраққа алады. Мусин, Ленинградтағы қазақ Алаш комитетінің жиналысына жиі барады екен. Қылышынан қан тамып тұрған НКВД-дан қаймықпай, Мусиннің саясатқа еш қатысы жоқтығын дәлелдеп, қамаудан аман алып қалды» - деп еске алатын.
Жұмабике апайымыздың естелігі бойынша Х.Шаженов, өзі басқарып барған топтан екі актерді НКВД қармағынан аман алып қала алмағанына өкінумен өтіпті. Қалғандарын елге аман-есен жеткізеді. Өмірлік жары Жұмабикемен Ленинградта отау құрып, тұңғышы Мэлс дүниеге келеді. Арнайы білім алған мамандарды бөлу кезінде, Халел мен Жұмабике, Шымкентте ашылған қазақ театрын таңдайды. Бұл – 1938 жыл болатын. Кең диапазонды, саңқылдай шығатын ашық дауысымен қойылымдардағы күллі бас кейіпкерлерді; Шиллердің «Зұлымдық пен махаббатында» - Президет, Д.Фурмановтың «Чапаевында» - Чапаев, Гальдонидің «Екі мырзаға бір қызмсетшісінде»- Панталоне, Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібегінде» - Бекежан мен «Ақан сері - Ақтоқтыда» - Ақан серіні ойнап жүрген Х.Шаженов, режиссураны қолға алуға бел байлап, ресейлік майталман режиссерлардан алған тәлімін – қазақ сахнасында қолдануға білек сыбана кірісіп кетеді. Қазақ сахнасында ұлттық авторлар тәй-тәй басқан кезеңде, Х.Шаженов, қазақ авторларына көбірек ден қояды. 1939 жылы сахналаған алғашқы қойылымы «Еңлік-Кебек» трагедиясының режиссерлық деңгейі биікке көтеріле алмағанымен, махаббат трагедиясын өзіндік штрихпен аша біледі. Осы жылдары Шымкент театрында Ю.Л.Рутковский режиссерлық жұмыс атқарып жатқан кезең болатын. Тырнақалды қойылымының деңгейі орта болғанына қайыспаған Х.Шаженов, Ю.Л.Рутковскиймен бірлесе отырып М.Әуезов пен Б.Тәжібаевтың «Ақ қайың» пьесасын сахналайды. Қойылымның сәтті шығуы Х.Шаженовке шығармашылық қанат бітіріп, аз уақытта; М.Әуезовтің «Айман-Шолпан», Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Ақан сері-Ақтоқты», Ә.Әбішевтің «Отан үшін» т.б. қазақ драматургтерінің сүбелі пьесаларын сахналап үлгереді.

баннер РУХАНИ

Таланты ұштала бастаған Х.Шаженовтің асқақтай самғай бастаған шығармашылық арманын, 1941 жылы басталған Ұлы Отан соғысы талқандайды. Әр шаңырақтан ер-азаматтары соғысқа аттанып, әйелдер аңырап қалып жатқан тұста, Х.Шаженов егілген халықты жігерлендіріп, рухтандыратын М.Ақынжановтың «Исатай-Махамбет» пьесасын сахналайды. Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқтысының» режиссерлық тізгінін қолға алған тұста өр мінезді Халел, әскери комиссариаттан арнайы босату қағазы (бронь) бола тұра, отан қорғау парызынан аттап кете алмайды.
Премьера күні... Майданға шақыру қағазын алған Шымкент театрының 11 актері, Х.Шаженов қойған «Ақан сері-Ақтотынының» премьерасын өткізеді. Халел, сахнада Ақан сері болып ойнап, ғашығы Ақтоқтыны ойнап тұрған сүйікті жары Жұмабикемен қоштасады. Қойылымға дән риза болған көрерменнің дуылдата соққан шапалағы – Х.Шаженовке көрсетілген соңғы сыйы еді.
Қойылым аяқталысымен шақырту қағаз алған 11 актер, беттеріндегі гримін сүрте сала, иықтарына жол қапшықтарын салып, Шымкент вокзалына беттейді. Сахна табы бойынан кетіп үлгермеген 11 жалындаған өнер иелері – соғысқа аттанады.
Келесі кейіпкер - Баянауыл бөктерінде 1918 жылы дүниеге келген Мұхамеджан ДӨНЕНБАЕВ, әкеден ерте жетім қалып, анасы Әдептің тәрбиесінде жетілді. Сонау жиырмасыншы ғасыр басындағы ұлы жұттың қасыретін басынан кешкен актердің өмір жолы күреске толы. Аштық жайлаған азапты жылдары
Мұхамеджанның жасы 14-те, қарындасы Тынышбала 11 жаста болатын. Үлкен әпкесі Мәкіш Алматы қаласында, белгілі режиссер Жұмат Шаниннің інісі Әкіш Шанинге тұрмысқа шығып, театрда жұмыс атқарып жатқан. Анасы Әдептің есіл-дерті қос құлыншағын Алматыдағы Мәкішке жеткізу болады. Оңтүстікті бетке алған түйе жеккен шананың иесі бір ғана баланы алатынын, екіншісі шанаға сыймайтынын айтқандағы бейшара шешенің күйін ойлаудың өзі ауыр. «Шаңырақтың иесі» ұл баланы құтқаруға мәжбүр болған ана бейбақ, жұртта қалған қызының шырқыраған дауысымен қосыла ботадай боздап, шанаға ереді. Анасының үміті ақталып, Алматыға жеткен Мұхамеджанды Жұмат Шанин, театр әлеміне жетелеп әкеледі. Міне, осылайша өнер жолындағы ғұмыры – қуанышы мен күйініші мол шығармашылық жылдарына ұлғасқан актердың өнер жолынан бүгінгі жас буынның алар өнегесі мол болмақ.
2018 жылдың 6 наурыз күні, шаниндіктер үшін кезекті тарихи күн болып есте қалмақ. Жергілікті драматург-жазушы, ресбуликамызда қаламының салмағы сыйлы Мархабат Байғұт ағамыздың «Асқаровтың аққайыңдары» драмасының премьерасына келген көрерменді - «Өткендер ізі өшпейді» тақырыбында театрымызда 1938-1942 жылдар аралығанда еңбек еткен актер, режиссер Халел Шаженовтің 110 жасқа, актер Мұхамеджан Дөненбаевтың 100 жасқа толғанын еске алу іс-шарасымен таныстыруда терең астар жатыр. ХХ-шы ғасыр белесінде Оңтүстік өлкесінің өркендеуіне өшпестей із қалдырған қоғам қайраткері А.Асқаровтың өмір жолын толғайтын М.Байғұттың «Асқаровтың аққайыңдары» драмасы мен «Өткендер ізі өшпейді» тақырыбы өз үндестігімен көрермен көкейінде қалғанына сеніміміз мол.
Жылдың басталуы, жағымды жаңалығын сыйлап, жыл қорытындысына лайық майталмандарды марапаттайтын іс-шарада, театр актрисасы Жәмила Бекмұрзаева Облыс әкімінің «Жылдың үздік актрисасы» номинациясын иеленді.
Сәуір айы – тәуір басталып, бүгінде қазақ классикасының інжу-маржанына айналған М.Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясының премьерасымен дархан көңілді көрерменіміз, үстіміздегі жылдың 6 сәуірі күні сахна төрінде табысты. Ағымдағы жылдың 18-20 сәуір аралығында Облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен Елбасының; «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында сахна саңлағы, режиссер, актер Х.Шаженовтың 110 жылдығына және ҚР Халық артисі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Райымбек Сейтметовтың 80 жылдығына арналған «Театр көктемі – 2018» облыстық театр фестивалі шаниндіктер үшін олжалы фестиваль болды. Олай деуіміздің себебі - дүбірлі фестивальде М.Әуезовтың «Қарагөз» қойылымын сахналағаны үшін Ж.Шанин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театры «Бас жүлде» (1 млн. теңге) марапатын иеленді. (Қоюшы режиссер – ҚР еңбек сіңірген артисі Б.Құрманғожаев)
Маусымның 15 күні Астана қаласында «Рухани жаңғыру» аясында өткен «Самғау» Халықаралық театр фестиваліне М.Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясымен қатысып, «Ынталандыру» марапатын иеленіп қайтты.
Әр маусым шымылдығының түрілуі мен жабылуы арасында төгілген тер, маңдайдан тамған қуаныш пен көзден үзіліп түскен күйініш жасы, сахна төрінде қабыл алынған шапалақ пен гүл шоқтарының ізі жатады. Ендеше, 84-ші маусымын абыроймен аяқтаған Шаниндіктерге «Келер 85 маусым, толағай табысымен келсін!» деп тілектестік білдірейік, патша көңіл көрермен!

Сая Қасымбек,
Шанин атындағы облыстық
академиялық театрдың
әдебиет бөлімінің басшысы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.