Версия для печати

Домбыра – асыл мұра Избранное

Среда, 04 Июль 2018 05:09 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 5032 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен шілденің бірінші жексенбісі Ұлттық домбыра күні болып белгіленді. «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» дейтін халық үшін бұл мерекелі де, берекелі күн болды. Осылайша әр қазақтың жүрегін тербететін ұлттық аспап күні биыл 1 шілде күні аталып өтті.

DSC 6792

Флешмоб

Шымкент қаласының әкімдігі ұйымдастырған дендрологиялық саябақтағы мерекелік шараға шаһар тұрғындары мол жиналды. Оларды домбыра ұстаған мыңға жуық мектеп оқушысы қарсы алды. Бір мезетте бірнеше композицияны орындаған домбырашы мың бала әп сәтте денросаябақ аспанын күмбірлеген күйге толтырды.
– Мемлекеттік дәрежеде ұлттық домбыра күнін атап өту сондай бір керемет әсер қалдырды. Домбыра – біздің брендіміз. Дәл осындай қуанышты күн қарсаңында домбыраға ынтық мың балаға дирижерлық жасағаныма қуаныштымын, – дейді Дүйсентай Сатылғанұлы.
Бұл флешмобтан кейін серуендеушілер саябақ ішіндегі түрлі көріністі тамашалады. Көзге алдымен ұлттық киім киініп, саябақтың әр тұсында домбыраның қоңыр үніне ілесе ән салған қыз-жігіттер түседі.

Халықтың көңілінен шыққан мереке

Ән шырқаған топтардың бірі «Оқушылар сарайының» үйірме жетекшілері екен. Директорының орынбасары Ислам Көпжасаров «қаладағы ауқымды іс-шараның бәріне қатысамыз. Алайда дәл бүгінгідей табиғат аясында отырып, ешқандай сценарийсіз, көңілің қалаған әнді домбыраның қоңыр үніне ілесіп шырқағанға не жетсін?» десе, №2 балалар саз мектебінің директор Ләззат Алтынғалиқызы дендросаябаққа жиналған халықтың көптігіне қуанды.
– Астананың 20 жылдығын атап өту қарсаңында бұл бір есте қалатын сондай жақсы, игілікті бастама болды. Флешмобқа біздің домбырашы оқушыларымыз да қатысты. Жалпы, №2 балалар саз мектебінің ұлт аспаптары бөлімінде 421 бала дәріс алады, – дейді директор.
Бұл күні дендросаябақта қолөнер шеберлері Қожабек Сәдібеков пен Дастан Шаметов ұлттық музыкалық аспапты жасаудан шеберлік сағатын өткізді. Шеберлерді қаумалаған көпшілік домбыраның түр-түрімен танысып, қолына алып шерткенімен қоймай, делебесі қозып, 1-2 ән мен күйді тартып салды. 
Бұдан әрі үлкен сахнаға барар жолға жағалай суретшілер жайғасыпты. Олар айтулы күннен алған әсерін бояумен жеткізуге тырысқан. Ағаштар бағына келген көпшілік «1 шілде домбыра күні» деп жазылған үлкен сахнадан шымкенттік өнерпаздардың концерттік бағдарламасын тамашалады. Ал қаланың бірқатар кітапханалардында мерекелік шара аясында рухани бағыттағы түрлі басқосулар ұйымдастырылды.

Жайлаукөл кешінде...

Алғаш рет тойланған ұлттық домбыра күніне арналған мерекелік шараның бірі Жайлау көл саябағында жалғасты. Кешкілік уақытта демалуға жиналған миллионды қала тұрғындары мен шаһар қонақтарына әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы «Домбыра-думан» деп аталатын керемет кеш сыйлады.
Ұлттық нақышта киінген әжелер мен өнерпаздар күмбірлеген аспаптың үнімен әп-сәтте қалың көрермен жинады. Ән мен күйдің үйлесімінен бұқара ләззат алса, жас ақындар айтысы мен термешілердің өнеріне арқасы қозып сала берді.
Бұл кеште өнерін ортаға салып, көрерменге тамаша кеш сыйлағандардың қатарында адуынды айтыскер ақын Нұрлан Есенқұлов, Айбол Жолдықожаев, «Тассай сазы» әжелер тобы, «Салтанат» домбырашылар ансамблі болды. Сонымен қатар орталықтың қызметкерлері де ұлттық аспабымыздың құлағында ойнаудан қалыс қалмады. Екі сағатқа ұласқан көңілді кеште суырлып шығып өз өнерімен жұртты баурап алған балақайларды да атап өткен жөн.
Кеш соңында ұлттық аспабымыз мен төл өнеріміздің өрісін кеңейтіп, атадан қалған асыл мұраны көпке дәріптеп жүрген өнерпаздар мен кешке атсалысқан орталық қызметкерлері Алғыс хатпен марапатталды.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ
Азамат ЖАППАР

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.