Елордадан елге сәлем! Избранное

Среда, 01 Август 2018 04:15 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 3072 раз

Шымкенттегі Астана күндері

000064

Елорданың 20 жылдығына арналған ауқымды іс-шара шаһардағы бейнелеу өнер музейінің залында «Ақ тілекпен, Астана» көрмесінен басталды. 12 мамырда Ақтөбеден басталған көрме ел аралап, Шымкентке ас басын бұрып отыр. Бұл көрмеге Астана қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен Тәуелсіздік Сарайының қорынан қазақстандық суретшілердің 100-ге жуық еңбегі ұсынылды. Атап айтқанда, А.Ақанаев, Е.Айтуаров, Р.Күлбатыров, А.Смағұлова, М.Бекеев, С.Аллабергенов, Н.Қаржасов, Р.Слекенов, А.Қазығұлов, К.Базарғалиев, А.Сыдыханов, Ж.Мүсәпір, Н.Бубэ, З.Қожамқұлов, Б.Бүрдесбеков, А.Құлбай, А.Смағұлова, А.Есдаулетов, Е.Сидоркин, К.Каметов, Е.Оспанұлы, К.Муллашев, M. Байбосынов, Ө. Тлеулиев, Д.Макин, Д.Нүгер сынды 50-ден астам қылқалам шебері мен және мүсіншілер Тохтар Ермеков пен Сембіғали Смағұловтың жұмыстары қамтылған. Суретшілердің түрлі стильдер мен дәуірлерді байланыстыратын туындылары әр түрлі кезеңдердегі топтастыру уақыттын қамтиды.
Айта кетейік, «Ақ тілекпен, Астана» шығармашылық жобасы 3 күнге жалғасты. Шымкенттен кейін көрме жұмысын қызылордалықтар тамашалай алады. Ал 24 қыркүйекте Алматы қаласында қорытынды гала-концерт өтеді деп күтілуде.
Сонымен қатар «Оңтүстік-цирк» аренасында астаналық цирктің «Сүйіспеншілікпен, Астана!» бағдарламасы көпшілік назарына ұсынылды. Кеш шымылдығын бірнеше байқаулардың жүлдегері, танымал цирк әртісі Қорлан Жанмырзаева түрді. Ол көпшілікке өзінің «Баспалдақтағы бірегей теңгерім» нөмірін ұсынды. Шоу барысында сигвейдегі эквилибристер, күлкілі сайқымазақтар, үйретілген иттер, жолбарыстар, көгершіндердің өнері мен түрлі сиқырлар көрсетіледі. Көрермендер, «Діңгек», «Бос сым», «Сиқырлық және иллюзия» және т.б. оннан аса авторлық нөмір тамашалап, ерекше әсер алып қайтты.
– Менің шырайлы шаһарға алғаш рет келуім. Қызым екеуіміз «Көгершіндер феериясы» қойылымын әзірлеп келдік. Басқа нөмірлерден бірден-бір ерекшелігі - Астананың символына айналған Бәйтерекке бақыт құсын қондырамыз. Көгершіндер қойылым соңында «Астанаға - 20 жыл» деген жазуды бейнелейді, - деді Астана циркінің әртісі Айсұлу Әбдікерімқызы.
Өнерпаздың айтуынша, гастрольдік сапармен Қазақстанның түпкір-түпкірін аралаған өнер ұжымына көрермен мол жиналған. Ал «Оңтүстік-цирк» мекемесінің директоры Арман Әлиев астаналық әріптестерін қуана қарсы алғанын айтады.
– Бұл бір тәжірибе алмасуға таптырмас мүмкіндік болып отыр. Бұл кешке көп балалы ата-аналар мен мүмкіндігі шектеулі отбасының балақайларын шақырдық. Әріптестеріміз жоғары дәрежеде өнер көрсетіп, шымкенттік цирк көрерменіне ерекше әсер сыйлады, - дейді Арман Әлиев.
Айта кетейік, үш күнге жалғасқан циркте гимнасттар, «Барыс» атты-акробатикалық ансамблі, жонглерлар және шоу-балет де керемет өнер көрсетті. Бұл мерекелік кешке Астана қаласаның мәдениет және спорт басқармасының қолдау білдірген.
Ал кешкісін үшінші мегаполистің тұрғындарына Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры ұжымның әртістері ерекше кеш сыйлады. Облыстық орыс драма театрында Елордамыздың 20 жылдығына орай
Қазақстан өңірлеріндегі Астана қаласының мәдени күндері аясында Қанат Жүнісовтың «Сәкен Сұңқар» драмасы сахналанды. Режиссер Ә.Оразбековтің жетекшілігімен сахналанып отырған қойылым ел құрметіне ие болған сырбаз Сәкен Сейфуллиннің ғұмыр жолынан, ғибратты өмірінен сыр шертеді.
Биыл - Қазақ елінің маңдайына біткен атақты ақын, жалынды жазушы, дарынды драматург, білікті ұстаз, Қазақ КСР-нің Халық комиссарлары кеңесінің алғашқы төрағасы болған Сәкен Сейфуллиннің 120 жылдық мерейтойы. Тағдыры тар жол, тайғақ кешумен өткен Алаш қайраткері халқының келешегі жарқын, азат болуы үшін барын салды. Басты рөлді сомдаған Сырым Қашқабаев Сәкеннің образын ашып, образын керемет бейнелей білді. Өнер ұжымындағы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері – Болат Ыбыраев, Алтынай Нөгербек, Жанқалдыбек Төленбаев, Боранбай Молдабаевтар да көрерменің алғысына бөленді. Екі сағатқа ұласқан қойылымды көрермен жылы қабылдап, соңында құрмет-қошеметін аямады.

Шымкенттіктерге тарту – «Алпамыс» концерті

000527

Елорда күндері аясында шымкенттіктер Түркістан сарайында Астана қаласы әкімдігінің мемлекеттік академиялық филармониясы шығармашылық ұжымының концертін тамашалады. «Алпамыс» концертімен келген Қазақ оркестрі, «Шалқыма» халық би ансамблі, халық ән бөлімі, классикалық және вокал бөлімі, эстрадалық би ансамблінің өнерпаздары өз өнерлерін паш етті.
Концерт барысында өнерлі ұжым қазақтың күйін күмбірлетіп, халық әндерін шырқады, мың бұрала би биледі. Сондай-ақ, «Алпамыс батыр», «Абайдың қара сөздері», «Қорқыт» атты музыкалық театрландырылған қойылымын қойды. Қазақ оркестріне дирижорлық жасаған ҚР еңбек сіңірген қайраткері, домбырашы, композитор Айтқали Жайымовқа көрермен ерекше ықылас танытты. Кеш қонағы - күйші-композитор, Сырдария универстетінің профессоры Бөрі Иса ақ тілегін жаудырып, алғысын білдірді:
– Астананың ең талантты өнер ұжымының шығармашылығын тамашаладық. Осыдан 45 жыл бұрын қазақтың ұлы композиторы Еркеғали Рахмадиев «Алпамыс» операсын жазған болатын. Сол «Алпамыспен» қайта қауышқанымызға қуаныштымыз!
Күй дүлділі Бөрі Иса концерт соңында республикалық «Алпамыс батыр» қоғамдық қорының атынан филармонияның әртісі, халықаралық «Шабыт» фестивалінің гран-при иегері Данияр Мұқановқа «Алпамыс» медалін тағып, Айтқали Жайымовтың иығына шапан жапты.

Дайындағандар:
Азамат ЖАППАР,
Айгүл КЕРІМБАЙҚЫЗЫ
Фото:
Серік ҚОСАЙ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.