Кино – өнер һәм идеологиялық қару Избранное

Пятница, 24 Август 2018 04:57 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 465 раз

Жиырмаға жуық қысқаметражды фильм түсіріп, сол кинотуындалары арқылы әлеуметке ой салып жүрген Серік Таласов кино режиссері ретінде танылып үлгерген. Отан мен отбасыны құрметтеуге шақырып, имандылық пен парасаттылыққа жетелейтін дүниелер түсіру – сол кино маманының бүгінгі басты мақсаты. «Барыңды бағала», «Ойлан», «Жанұя», «Майдангер» сынды туындылары әлеуметтік желілерден көпшілікке таныс. Міне, бұл тізім қатары жуырда жаңа толық метражды фильммен жаңармақ.

9

«Кино – өмірімнің бөлшегі»

– Ата-анамның берген тәрбиесінен бе, мені бүгінгі қоғамдағы отбасы мәселесі мен бала тәрбиесі жиі алаңдатады, - дейді Серік Таласов. – Ауылда туып, еңбекке епті болып өстік. Басқа салада өзімнің қабілетімді байқап көрдім. Әркім қоғамды өзгерткісі келетіні сөзсіз. Мен де өзімнің қолымнан келгенше кино арқылы бүгінгі әлеуметтің кемшін тұстары мен өзекті мәселелерді жеткізгім келді. Осындай мақсатпен бес жыл бұрын алғашқы «Жаңғырық» толық метражды фильмімді түсірген болатынмын. Көрермен жылы қабылдады. Соңынан жалғастырып, қысқа метражды фильмдер мен әлеуметтік роликтерді көрермен назарына ұсынып келеміз. Біраз фестивальдерге қатысып, еңбегіміз де бағаланып жатты. Кейде кәсіби маман ретінде қарап, байқаулардан алып тастады. Бірақ бұл менің шығармашылығыма айтарлықтай нұқсан тигізбеді. Қайта өзімді қамшылап, сапалы да салиқалы дүниелерді жасауды тоқтатпадым.
Бүгінгі талғам басқа. Әлеуметтік желілерде көрермен тарапынан хаттар келеді. Бірі зорлық-зомбылықтың құрбаны болған кейіпкерлер жайында фильм түсіруімді сұрайды. Енді бірі тастанды балалар мен ажырасудың салдарын кино арқылы көрсетуімді өтінеді. Әрине, көрермен талап-тілегі де ескерілуі керек. Айта кетерлігі, толық метражды фильмге қарағанда кино сүйер қауым үшін қысқа метражды фильмдердің қаралымы артып, тез таралады. Бір оқиға көрерменге жетіп, содан біреу сабақ алып жатса – режиссердің еңбегінің бағаланғаны. Үміттің ақталғаны. Еңбектің жанғаны деп білемін. Біздей шығармашыл адамдарға одан асқан бақыт жоқ. Кино – өмірімнің бөлшегі.

«Көгілдір экран – тәрбие құралы»

– Бала кезімізден шығыс актерлерінің ерлігіне тәнті болып өстік қой. Ол кейіпкерлер салауатты өмір салтын ұстануға, адамдарды мейірімділікке шақыратын. Шабыттандыратын. Соңғы кездері, өкінішке қарай, телеарналарымызда жасанды қимылдары мен жаттанды мәтіндер оқылған, айтар ойы жоқ, мән-мағынасыз түсірілген дүниелер қаптап барады. Оның қатарында түрік пен кәрістің сериалдары бар. Осы арқылы жастарымыздың санасын жаулап, рухани әлсіретіп жатқанын көпшілік әлі түсіне қоймаған сыңайлы. Бір оқиғаны келтірейін, жақында ұлым тырнағын өсіріп алғанын байқап қалдым. Ақырын неге олай істегенін, қайдан көргенін сұрап білдім. Дегенмен іштей сездім. «Көпшілікті шулатқан топтың» артынан ілесіп кетпей тұрғанда сақтанайын деген мақсатпен музыкалық арналарды көруіне тыйым салдым. Міне, біз қарапайым бейнебаян деп, жеңіл-желпі қарағанымыздан, балаларымыз басқа бағытта кетіп, соңы адасушылыққа апармасын деп, баса мән бере бастадым. Бұл мәселеде ел ағаларына да үміт артамын. Оның алдын алу үшін министрлік телеарналарға мұқият қарап, бақылауына алғаны дұрыс шығар. Тәнін жалаңаштап, ерсі киінгендері былай тұрғанда, ерлеріміздің боянып-сыланғаны өзекті өртейді. Намысқа тиеді. Олардан елдің батырлары шығар дейсіз бе?!
Тағы айта кетерлігі, біздің төл туындыларымыздың барлығы қыр-адыр мен ой-салада түсіріліп жүр. Батырларды ұмытпауымыз да, ұлықтауымыз да керек. Бірақ көретін фильмдеріміз тек дала өмірі болуы тиіс емес қой. Сіз бен біз сәулеті келіскен ғимаратта отырмыз. Шаһарымыз дамып, халық саны миллионнан асып, мегаполис дәрежесін алып жатырмыз. Міне, осындай еліміздің өркендеуін де кейде киноларда көрсетуді ұмыт қалдырдық. Досым жақында Мәскеуге барып келді. Сонда ол жақтағы әріптестеріміз сендерде камера бар ма өзі деп тиіскен екен. Шынында, біраз фильмдерімізде тек ауыл көрінісі бейнеленеді. Өркениетті елдерге қарап, экономикамыз бен еліміздің әл-ауқаты нығайып келеді. Осындай жақсы жақтарымызды, заманауи кейіпте жеткізуге көшуіміз керек пе деп кейде ойға ерік беремін. Көпшілік айтуы мүмкін. Неге мықты болса, Серік өзі сондай дүниелерді түсірмейді деп. Қолдан келгенше өз бағытымнан жаңылмай, мақсаттарым орындалып келеді. Бұл пікірімді бір қазақтың жан-айқайы деп емес, кино өнерімізді бірге өсірейік деген ұсыныс ретінде қабыл алғаны дұрыс шығар. Әрқайсымыз пікірімізді айтуға құқылымыз.
«Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» демекші, ондай керағар дүниелер кино өнерінде де кездеседі. Бірақ бұл біздің өшкеніміз емес. Шүкір біз өсіп келеміз. Сапалы фильмдер көптеп түсірілуде. Біздің туындылар мен өнерпаздарымыз әлемді мойындатып жатыр. Әсіресе, жастардың кино саласына қызығушылығы жоғары. Алматы қаласы – отандық кино индустрияда алғашқы орында. Онда сапалы туындылар жасайтын мамандар да, мүмкіндік те мол. Біздің шырайлы шаһарға да Темірбек Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясы сынды кино мамандарын даярлайтын өнер ордасы керек. Біздегі жоғары оқу орындарда театр актерін оқытады. Бірақ театр мен кино бөлек емес пе?! Осы мәселені қолға алса, біздің қазіргі жастарымыздың арасынан дарынды актерлер мен атақты режиссерлер шығар еді, - деген тілегін жеткізді Серік Таласов.

Мақсат – 7 фильм

Әңгіме ауаны біз күткен жаңа фильмге жақындады. Кастингтің қай деңгейде өткенін, түсірер фильмнің мазмұны қандай болатынын кино маманы шет жағасынан қайырды. Алдағы жоспарларымен бөлісіп, сүйіншілер жаңалықтарының көп болатынын айтты.
– Бұл туынды «Гарантия» деп аталады. Фильмді облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Береке Дүйсебековтің бастамасымен түсіргелі жатырмыз. Фильм желісі келін мен ене арасындағы оқиғаға негізделеді. Оны көрсеңіз, қорқып та, күліп те, жылап та алатын боласыз. Сценарий керемет жазылған. Барлық жанрды қамтиды. Барлық адамның бір күнгі жұмысы үйден шыққандағы көңіл-күйге байланысты. Міне, бұл туындыда осы жағдайды баяндаймыз. Жарыққа шыққан кезде көптің көңілінен орын алып, халық бағасын бере жатар. Біз іске кірісіп те кеттік. Қазір түсірілім орындары мен іріктелініп алынған 50-ден аса өнерпазға рөл бөлу жұмыстары жүріп жатыр. Алдағы аптада фильм түсірілімі басталады деп жоспарлап отырмыз.
Ал, шығармашылық жалпы жоспарларыма тоқталсақ, бірінші қаражатқа келіп тіреледі. Бұл фильмнен басқа 6 қысқа метражды туындыны түсіруге бел байлағанбыз. Сол фильмдерге де нүктесін қойып, көрерменге ұсыну - биылғы алға қойған мақсаттарымның бірі. Сонымен қатар, Алматыда үлкен кинофестиваль өткелі жатыр. Қазір керекті құжаттарды жолдап жатырмын. Оны да уақыт көрсетеді. Бағымыз жанса, жүлделі болармыз. Өнер адамы болған соң, біздің жұмыс көбірек еңбек етіп тер төгуді талап етеді. Бастысы деніміз сау, еліміз тыныш, халқымыз аман болсын! Басқасын бейнетке қарай зейнетін көреміз.