Версия для печати

«Цирк тарихындағы алғашқы эксклюзивті шоу қойылады» Избранное

Пятница, 14 Сентябрь 2018 04:22 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 4565 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Цирк – сахналық-эстрадалық өнер саласы. Ат құлағында ойнап өнер көрсету, айтар ойды ыммен білдіріп, түрлі дене қимылдарымен жұртты күлдіру шеберлікті талап ететіні сөзсіз. Жануарлардың тілін тауып, оларды ойната білу де жауапкершілікті жүктейді. Ал сол қойылымдардың сәтті шығуы – әртістердің киген киімі мен қимыл-қозғалысына сай есеппен әрленген әуенге де байланысты. «Оңтүстік цирк» ұжымында өнерпаз әріптестерін сахналық образын даярлайтын арнайы мамандармен сұқбаттасқан болатынбыз.

DSC 0244

Қазақстанда бұрын-соңды болмаған эксклюзивті қойылымға дайындық жүріп жатыр,-деп бастады әңгімесін тігін цехы және дизайн бөлімінің меңгерушісі Сапар Исақов. – «Оңтүстік цирк» ұжымы батыл қадам жасап, алдағы қойылымды ерекше етіп өткізуді жөн санадық. Әрине, оны қазір ешкімге айтуға болмайды. Сізге сол құпияның шетін қайырайын, тігіншілер алдағы қойылымға әзірлікті бастап жіберді. Біздің бөлім цирктегі қойылым алаңы дизайны мен әртістер һәм жануарлардың сахналық костюмдеріне жауапты. Екі тігінші мен киім дизайнері әртістердің образына сай костюмдерін жасап шықса, дизайн бөлімінде фотограф, суретшіден құралған тағы бір топ маман құттықтаулар мен хабарландыруларды әзірлейді. Осындай ауызбіршілікте тындырымды тірлік атқарудамыз,-дейді Сапар Әмірханұлы.
Өзін нағыз шығармашыл ортада сезіне білген ол цирктегі жұмысын мақтан тұтатынын, құрылғанына 10 жыл толмаған ұжым жетістіктерінің көп екенін айтты. Үздік жобаларымен ерекшеленіп, тұрақты көрерменін қалыптастырған сарайдың жұмысы бағдарлы, бағдарламасы әркез жаңашыл.
- Циркте көбіне көрермен тек сахнадағы дайын қойылымды көріп, ал балғындар мәз-мейрам болып қайтады. Көпшіліктің көңілінен шығатын жұмысқа жұмыла кіріскен біршама мамандардың еңбегі бар екенін айтып өтейін. Бұл ретте киім мен музыка ерекше маңызға ие. Ал әртістерге арнайы тігілген киімдер қарапайым тұрмыстағы немесе басқа өнер иелерінің сахналық костюмдерінен бөлек. Матасынан бастап пішілген формасына дейін жоспарланып дайындалады. Ол үшін тігіншілер мен дизайнерлер біраз тер төгеді. Цирк ұжымында жұмыс жасаудағы бір ерекшелік мұнда мені нағыз шығармашыл жандар қоршаған. Орекстр мен әртістер, акробатшылар, клоундармен бірге жұмыс істеудің өзі бір бақыт. Сонау 60 жылдық тарихы бар Қазақ ұлттық циркі және құрылғанына бірнеше жыл толған
Астана цирктерімен салыстырғанда, енді ғана танылып келе жатқан біздің ұжымның да ауыз толтырып айтар жетістіктері көбеюде. Осы орайда, ұжымның абыройын асқақтатып, шаһарымыздың атын шығаруда әр қайсымыздың қосқан үлесіміз бар деп ойлаймын, - деп сөзін қорытындалады цирк қызметкері.
Цирк ашылған уақыттан бері өнер ордасының тазалығына жауапты болып, кейіннен әртістердің киімін тігуді қолға алған Манат Омбаева да өз ісінің шебері атанған.
- Бұл өнердің ерекшелігі сахнаға шыққан әртістердің киімдері көздің жауын алып тұруы қажет. Бұл тұста көзі қырағы көрерменнің көңілінен шығар дүниені дайындау үшін біраз еңбектенеміз. Ізденеміз. Жаңа қойылымның сценарийі бекітілгеннен бастап, дизайнермен киімнің қалай болатынын ақылдасамыз. Әртістер мен жануарлардың секірген, жүгіргеніне қарай лайықтап костюмдерді тігеміз. Жылына екі қойылым болса, 10 күнде 20-30-ға дейін сахналық киімдерді дайындаймыз. Тіпті, осында түнде қалып тігін тіккен кездеріміз болған. Сол жұмыстарымызды әріптестеріміздің үстінен көргенде, шаршаған кездерді ұмытып кетеміз. Жақында өздеріңізге белгілі 3 акробатшымыз халықаралық фестивальде алтын жүлде жеңіп келді. Біз сол жігіттерге барлық костюмдерін өз қолымызбен дайындап, киігізіп жібердік. Олар қиын трюктер арқылы өнер көрсететіндіктен, кейде матасы жыртылып кетуі мүмкін. Созылмалы материалдан өздеріне құйып қойғандай киім тігіп бергеніміз бар. Өнерпаз арқылы көрермен қуанышын көру – біздің еңбегіміздің жанғаны. Біз тек әртістермен ғана емес, цирктегі күшіктер мен аюларға да керекті костюмдерін тігіп, жан-жануарлармен де жұмыс істейміз. Аюларды құшақтап, олардың өлшемін алатын кездеріміз болады, - дейді Манат Мейірбайқызы.
Ал Қызманат Хамза цирктегі тігін цехы және дизайн бөлімінің киім-дизайнері. Жұмысқа орналасқанына енді бір жыл болған жас маман әртістердің киім үлгісін сызады. – Кейде сызып алып, ал тігетін кезде басқаша киім үлгілері пайда болатын жағдайлар жиі кездеседі. Ол өнерпаздардың қозғалысына байланысты өзгеріп отыруы мүмкін. Цирк әртісі өзін біз тіккен киімде сергек, еркін сезінуі қажет. Қойылым барысында киімді ойлауға жеткізбеуіміз керек. Кейде жыртқыштармен шығатын өнерпаздарымыз болады. Оларға да үйлесімді әрі ыңғайлы киімдер тігіледі. Тігілген дүниелерді шабыттанып жасаймыз. Көз майын тауысып, еңбекпен келетін костюмдер де болады. Ұжымда әркім өзіне жүктелген міндетті жауапкершілікпен атқарса, жетістік жолы жеңілдейді,-дейді киім-дизайнері.
Құрылғанына 7 жылға жуықтаған өнер ордасында бүгінде 200-ге жуық қызметкер бар. Оның 44-і әртіс болса, Жарылқасын Байқараев сынды білікті музыкант та қазақ циркінің даму жолында ерең еңбек етіп келеді.
- Еңбек жолын осы өнер ордасында оператор қызметінен бастадым. Алты жылдан бері дыбыс жазу студиясындамын. Жұмысым – цирк қойылымындағы музыкалық, көркемдік дыбыстарын әрлеу. «Алақай, балайқай!», Жазғы маусымдағы балалардың демалысында қойылатын нөмірлер мен жаңа жылдық қойылымдарға, әртістердің гатсрольдік сапарлары мен фестивальдерге арналған нөмірлерінің әуенін дайындаймын. Бұл жерде айтып өтетіні, музыка сол қойылымның дәмдеуіш қоспасы іспетті. Оның әсері көрерменге жетпесе, әртіс оған ілесе алмай, ойлаған сахналық нөмір сәтті шықпай қалуы мүмкін. Кейде қойылым бес-он минутқа созылады. Режиссермен бірге әуені дайындалады. Ол қойылым әбден пісіп жетілгенше көркемдік, сүйемелдеуші дыбыстар өзгере береді. Бұл жерде әрбір секундтың өзі үлкен рөл ойнайды. Ал жан-жануарлардың да құлағы үйренген әуендер таңдалады. Қойылымда егер әуен ауысып кететін жағдай орын алса, өнерпаздың айтқанын түсінбей қалу да ғажап емес. Сондықтан әуенге аса мән беріледі,-дейді Жарылқасын Әбдімажитұлы.
Ал «Тәуелсіздіктің 20 жылдығына – 20 жоба» аясында ашылған таңғажайып өнер орталығы осыған дейін Шымқала тұрғындарына сондай-ақ, кішкентай бүлдіршіндерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап келеді. Айта кетейік, цирк өнерпаздарының жеткен жетістіктері де аз емес. Халықаралық «Шабыт», «Азия жаңғырығы» сынды байқауларында жүлделі орындарды иемденген. Қазіргі таңда цирк әртістерінің көпшілігі шет елдерде тәжірибе алмасып жүр. Қазақстанда 3 цирк болса, соның ішіндегі ең жас әрі ең тәжірибелі «Оңтүстік цирк» ұжымы. Ал кәсіпорын басшысы Арман Әлиев дарынымен дараланып, сегіз қырлы бір сырлы азамат екенін дәлелдеп жүр. Ол келер жылы жарыққа шығатын қаисетті топырақ Түркістанда түсіріліп жатқан тарихи фильмде батырдың рөлін сомдайды. «Оңтүстік цитрк» үшінші мегаполистегі өнер сүйер қауымды жақында жағымды жаңалықтарымен қуантпақ.