Версия для печати

ТҰҒЫРЫ БИІК ТҰЛҒА Избранное

Среда, 26 Сентябрь 2018 04:21 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 4656 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Жұмамұрат ТҰЯҚБАЕВ... Қазақ баспасөзінің қадау-қадау тұлғалары туралы сөз қозғағанда Оңтүстік өңірінде есімі ерек аталатын азаматтың бірі осы Жұмамұрат Тұяқбаев ағамыз екенінде дау жоқ. Өңірдегі қарашаңырақ басылым «Оңтүстік Қазақстан» газетінде біраз жыл бас редактордың орынбасары қызметін атқарып, одан соң жаңадан ашылған Шымкент қалалық «Шымкент келбеті»-«Панорама Шымкента» газеттерінің аяғынан нық тұрып, адымын ұзартқан, берік те, ұйымшыл ұжым қалыптастырып, талай-талай талантты журналистерді тәрбиелеген ҰСТАЗ еді ол кісі. Өзі өмірден өтсе де артында өрісті, өнегелі із қалдырып кеткен, белгілі журналист, шебер ұйымдастырушы- басшы ретінде газет тарихында өзіндік өрнегімен есімі дараланып қалған Жұмамұрат Тұяқбаев көзі тірі болғанда биылғы қыркүйекте 80 жасқа толар еді.
Көзден кетсе де, көңілден кетпейтін атпал азамат жайлы шәкірттері сыр толғайды бүгін.

сканирование0002

«Тұяқбаевтың шекпенінен»шыққанымды мақтан тұтамын

«Шымкент келбеті» туралы айтқанда осы басылымның шаңырағын көтеріп, көшін түзеп, аяғынан нық тұрғызған Жұмамұрат Тұяқбаев туралы айтпай кету, тіптен мүмкін емес. Мұндай еңбекқор, талапшыл, алған бетінен қайтпайтын батыл редакторлар ілуде бір кездеседі.

1996 жылы институтты бітіргеннен кейін осы кісінің қарамағында жұмыс істедім. Әлі есімде, бірде бастығымыз түскі үзіліске барайын деп сыртқа шыққанда әлдебір шаруамен бір жаққа кеткен қызметтік көлігі кешігіп жатты. 10-15 минөттей кешікті ғой деймін... Сол 10-15 минөтте бастық қайтадан кабинетіне кіріп, бір-екі мақаланы қарап, өңдеп үлгерді. Былайша айтқанда Жұмамұрат аға әрбір уақытын өте тиімді пайдаланатын. Біз болсақ, сол 10-15 минөтке бола кабинетке қайта кіруге ерініп, сыртта қарқ-қарқ күліп немесе қол қусырып күтіп, уақытты бекерге өлтірер едік.
Студент кезімде де «Шымкент келбеті» газетінің редакциясына мақалаларымды жиі апарып тұрдым. Басқа-басқа қалалық газет жастардың шығармашылығына өте жауапкершілікпен қарайтын. Жылы сөзін айтып, ынталандырып, бағыт-бағдар беріп, алғаш қамқорлығын көрсеткен – Нұрлан Кенжеғұлов ағамыз болды. Нұрекең ол кезде бас редактордың орынбасары. Кішіпейіл, көпшіл болғандықтан шығар ол кісінің алдынан адам үзілмейтін. Қашан көрсеңіз көк түтінге көміліп, қағаздан бас алмай отырады.
Институтты бітірген соң қалалық газетке жұмысқа тұруыма да Нұрлан ағаның көп көмегі тиді. Қызық болғанда қарапайым тілшілердің орны бос болмай, бірден жауапты хатшы қызметіне алындым. Мақала жазсақ, әріптерді әрең жинап, сөйлемді зорға құрастыратын әлі шикі кезіміз ғой. Макет дегеннен мүлдем хабарым жоқ. Сол қиын күндерде Жұмамұрат, Нұрлан ағалардың тәрбиесі, ақылы, өнегесі көп шыңдады.
Әлі есімде... Нұрлан аға екеуміз бір кабинетте бір-бірімізге қарама-қарсы отырамыз. Бір күні ол кісі жоқта, кабинетте телефон шылдырлады. Қарасам, мен көрмеген өзгеше телефон. Өзгеше болғанда, тұтқасы бар, бетіндегі цифрларды теретін дөңгелек тетігі жоқ, бітеу телефон. Бұл бастықпен тікелей байланыстыратын қызметтік телефон екенін жұмысқа жаңа тұрған мен қайдан білейін...
– Алло, – дедім тұтқаны көтеріп.
– Тез, маған келіп кетші... – деді ар жақтағы дауыс.
Аң-таңмын.
– Сен кімсің? Алдымен амандаспайсың ба? – дедім даусымды көтеріп.
Ар жақтағы адам телефонды қоя салды.
«Құдай біледі, астыңғы қабаттағы қарауылдардың біреуі болды-ау... Қатты айтып жібердім бе екен?» деп, екі ойлы болып тұрғанымда «Ал, амандастық... Ассалаумағалейкүм» деп кабинетке бастығым кіріп келді.
Содан кейін бұл бітеу телефон шыр етсе, жүрегім қоса зырқ ететін боп тұрды.
Жұмекең «Шымкент келбетіне» мықты шығармашылық ұжымды жия білді. Ләззат Ноғайбаева, Айгүл Мамытқызы, Жәмила Мамырәлі, Атанбек Наурыз, орыс бөлімінде, Эльмира Бердіғалиева, Галина Хан, Әлия Еңсебаева, Алик Розметов, бұлардың бәрі жазу стильдері ерекше, журналистика саласының ыстық-суығына төзген, нағыз майталмандар еді. Г. Хан сол жылдары Президент сыйлығына ие болды. Газеттен бір қате кетсе корректор Лира апамыз сол күні ауырып қалатын.
Күн сайын жұмыс Жұмекеңнің айқайынан басталады. Ол кісі ренжігенде «Адамның жігерін құм қылып жібересіңдер...» дегенді жиі айтушы еді. Тұла бойы намыс пен қайрат-жігерден жаралған Жұмамұрат ағаның айқайы қайта бізге үлкен күш береді. Кәдімгідей қатайып, күшке мініп, барған жерімізден қажетті мәліметті жұлып алмай қайтпайтынбыз. Бас редактор қандай болса, газет те солай шығады деп жатады ғой. Жұмекеңнің батылдығы арқасында қалалық газетпен ол жылдары облыстық әкімдіктің өзі санасатын. Тіпті әкімінің орынбасары қызметін атқарған Қылышбек Ізбасқановты сынап, бірінші беттен мақала бергені есімде қалыпты.
Әрине, одан бері заман өзгерді, қоғам өзгерді. Шырайлы шаһарға барған кезде көзім түссе дүңгіршектен «Шымкент келбеті» газетін алып тұрамын. Газеттің мазмұны да, сапасы да қатты өзгерген. Заманға сай өз жолын тапқан басылым. Газетті парақтап отырып бас редактор Айгүл Қапбарованың алға қойған мақсаты зор, талабы таудай, талапшыл басшы екенін аңғарамын. Ұжымда шығармашылық еркіндік бар.
Қайда жүрсем де «Шымкент келбеті» газетінің, Жұмамұрат Тұяқбаевтың шекпенінен шыққанымды мақтан тұтып жүремін.

Оралхан ДӘУІТ,
«Жас Алаш» газеті
бас редакторының орынбасары

 

«Құдай-ау қайда сол жылдар...»деген сағыныш жүректі тербейді

Шымқаланың кешкі жарығы жарқырап, көз тартады. Жастық шағымыздың куәсі, жалынды күндердің ізі қалған бұл қаланың тыныс-тіршілігі өзімізге әуелден таныс, көңілге ыстық. Әр жол түскенде орталық алаңмен жаяу аяңдап, Ж.Шанин атындағы облыстық драма театрының жанынан өте отырып, бір кездері «Шымкент келбеті» газетінің редакциясы орналасқан үш қабатты ғимаратқа соқпай кете алмайтынбыз.

«Өмірде жұмысқа қуана келіп, өз отбасына қуана оралатын адамдар шын бақытты» деген тәмсіл бар ғой. Сол бір сағым жылдарға сағынышпен оралсам, көз алдыма «Шымкент келбеті» газетінің редакциясындағы ғажайып күндер келеді. Редакцияның қарбалас қызметі бізге керемет болып көрінетін: газеттің әр санын өткізгенше тыным таппай, бір бірімізбен пікір алмасып, мақаламызды жазып, арасында әзіл-қалжыңмен көтеріңкі көңіл күйде талай шаруаны қопарып тастайтындай болып жүруші едік. Редакциядағы журналистер Эльмира Бердіғалиева, Әлия Еңсебаева, Светлана Есжанова, Атанбек Наурыз, Жәмилә Мамыралиева, Оралхан Дәуіт, Әбдуали Разметов, корректорымыз Лира апай, Ольга Быкова бәріміз жұмысқа ерекше ынта-ықыласпен келетінбіз, әр жұмыс күнінің қалай зырлап өткенін байқамай да қалушы едік. Екі тілде шығатын қалалық басылымның редакциясы тонның ішкі бауындай аралас-құралас жүріп жататын. Ұжымды Жұмамұрат Тұяқбаев ағай басқарды. Ұжым мүшелері арасындағы, өзара құрмет пен сыйластықты қалыптастыра білген Жұмамұрат ағай шын мәнінде шығармашылықтағы ғана емес, өмірдегі де ұстазымыз еді. «Исатай, Махамбеттің қарындастары, қане, келесі номерге қандай ұсыныстарың бар» деуші еді, арасында әріптесім Эльмира Бердіғалиева екеуімізге қарап. Ол кісі бірнәрсеге өте риза болған кезде осы сөзді айтатын, батыр бабалардың атын айту арқылы да біздің намысымызды қайрап, жігерлендіріп жүруші еді...
Ағай бізді көп мақтамайтын. Алайда жазған мақаламыздан бір сөйлемнің астын сызып, «дәл осы сөйлемді жазғаның үшін, мақалаң жақсы бағаға лайық» деуші еді. Және де ізденісімізді байқаған сәтте ынталандырып, көтермелеп қоюды да ұмытпайтын. Қазір ойлап отырсам, қаладағы бірқатар мекеме, кәсіпорындарды, зауыт, фабрикаларды аралап, редактордың тапсырмасымен талай өзекті тақырыптарға қалам тартыппыз. Газетіміздің таралымы артып, облыстық газетпен бәсекелесе алатындай деңгейге жеттік сол жылдары. Шымкент қаласын ғана емес, аудан-ауданды аралап, іссапарға шығатынбыз. Оңтүстік өлкесінің еңбекқор, қарапайым, көпшіл, ауызбіршілікті халқымен осылайша араласып, еңбек адамдары туралы мақалалар газетімізде көп жарық көре бастады. Жұмамұрат ағай өзіне де, қарамағындағы қызметкерлерге де қатаң талап қоя білетін, бір сөзді, принципшіл басшы болды. Ұстазымыз бізден өткірлікті, өз сөзімізге жауап бере алатындай тас түйін табандылықты талап ететін. Мұндай талапшыл басшының мектебінен өту бізді өмір жолымызда талай тығырықтан шығарды десек болады.
Бір жылы кезекті еңбек демалысынан келгенде, ағай маған «Панорама Шымкента» газетіне жауапты хатшы қызметін ұсынды. Орыс тілінде шығатын болғандықтан, аздап тартынып едім, «жоқ, сен бұл қызметті атқара аласың, жауапты хатшы болып жүрген Ербол( топырағы торқа болсын, Ербол болашағынан көп үміт күттіретін жарқын жүзді азамат еді, ол туралы да өткен шақпен айту қандай өкінішті...) жаңа баспахананың жұмысын жүргізетін болады, ал сен макет сыза аласың, саяси сауаттысың, саған сенім артып отырмын» деді. Сөйтіп мен екі жылдай орыс тілді әріптестерімнің ортасында қызмет атқардым. Ал 1997 жылдан бастап жаңа жоба – балаларға арналған «Балбөбек» газетінің редакторы қызметін қоса атқардым. Осы «Балбөбек» талай дарынды баланың бағын ашқан басылым болды. Ойлап отырсам, бұл республикадағы балаларға арналған газет-журналдардың алғашқы қарлығаштарының бірі екен. Қазір республикаға танымал талантты жастар тобында Данияр Есен, Қайрат Түнтеков, Дина Төлепбергенова сияқты балалардың тырнақалды шығармалары «Балбөбекте» жарияланған болатын. Ағай өте жаңашыл азамат еді. Сол жылдары «Балбөбектің» шығармашылық ұжымын Астанада өткен жас тілшілер фестиваліне жіберді, кейін дәл сондай фестивальді біздің редакцияда, одан кейін Түркістан қаласында жалғастырдық. Сол арқылы журналист болуды армандайтын жас тілшілердің басын қосып, талабын ұштап, ынталандырудың жарқын үлгісін көрсеткен еді.
Жұмамұрат аға бізді қазақтың небір жақсы-жайсаңдарымен таныстырды. Редакцияға Астанадан келген ақын-жазушылар, атақты кісілер соқпай кетпейтін. Райымбек Сейтметов ағамен, Алтыншаш Жағанова апайды ортаға алып, сұхбаттасып, суретке түскен күндер де есте. Шетелдік қонақтарға, Шымкент қаласына ресми сапармен келген құрметті қонақтарға редакцияны таныстырып, кездесу кештерін көп ұйымдастыратын еді. Ұстазымызбен сыйлас болған Манап Өтебаев, Шалатай Мырзахметов, Анарбек Орманов, Әсия Ахметова сынды көптеген азаматтарды біз де құрметтедік, ол кісілердің ой -пікірлерін газет бетіндегі «Зиялы қауым: ар оянбай адам жоқ!» айдарында жариялап отырдық. Айта берсек, еске түсіретін жайттар өте көп. Біздің он жылға жуық шығармашылық алтын ұямыз болған, ыстық мекеніміз - осы «Шымкент келбеті» газетінің редакциясы! Бұл ұя өмірімнің ең шуақты жылдары болып есімізде қалды!
Оңтүстіктік журналистердің арасында да «Жұмамұрат ағайдың шекпенінен шыққан», бүгінде республикаға танымал, қаламы қарымды, сөзі өткір, ойлары батыл журналистер аз емес.. «Шымкент келбеті»-«Панорама Шымкента» газеттерінің алғашқы редакторының бірі, басылымның аяғынан тік тұрып, еліміздің ақпарат айдынында салиқалы орын алуына бірден-бір елеулі еңбек сіңірген Жұмамұрат Тұяқбаев ағайдың салған ізі бүгінде де сайрап жатыр. Өзінің 25 жылдық мерейтойын дүркіретіп атап өткен Шырайлы қаланың бас газетінің келешегі бүгінгіден де жарқын болғай деген тілекте жүремін әркез!

Ләззат Ноғайбаева,
«Қазақ газеттері»
серіктестігі
Алматы қаласы

 

Жақсының аты өлмейді

Ел есінде есемі ерекше аталып қалатын тұлғалар болады. Ұлты үшін туылып, елі үшін еңбектенген, шындықпен бетпе-бет келуден қаймықпаған сондай азаматтың бірі – Жұмамұрат Тұяқбаев.

сканирование0005

Ширек ғасыр өтсе де Тұяқбаев жайлы жылы сөздер, әсерлі естеліктер легі азайған емес. Оның еңбекқорлығы, жұмыс барысындағы талапшылдығы және реформашыл редактор болғаны жайлы көзкөргендер жиі еске алады. «Шындықтан қорықпайтын адам ғана қолына қалам алуы тиіс» дейтін редактор тәуелсіздіктің алғашқы жылдары «Шымкент келбеті» және «Панорама Шымкента» газеттерінің негізін қалап, аз уақыттың ішінде оны оқылымды басылымға жеткізді.
Азаматтың еселі еңбектері елеусіз қалмады. Оның атында Шымкент қаласындағы «Наурыз» шағынауданында, одан қала берді өзінің туып-өскен жері Шәуілдір ауылында көше, ескерткіш тақта бар. Журналистер арасында ең алғашқылардың бірі болып «Құрмет» орденімен марапатталған. Өткен жылы қаладағы «Отырар» кітапханасында Жұмамұрат Тұяқбаевтың мұражайы ашылып, қаламгер-журналистің жазбалары, хаттары мен сирек кездесетін суреттері қойылды. Солардың арасында жаңашыл редактордың отбасындағы бақытты сәттерін бейнелейтін фотоларын да көруге болады. Жуырда қаламгердің қызы Сәуле Жұмамұратқызымен жүздесудің сәті түсті.
– Әкем жұмыс барысында қатал, талапшыл болғанымен, отбасында мейірімді, балаларын таңқалдырудан жалықпайтын, – деп бастады әңгімесін Сәуле Жұмамұратқызы. – Бала кезімізде үйіміз мерекеден арылмайтын. Туған күн, мектептегі жеңістеріміздің ешбірі тойлаусыз қалмайтын. Әсіресе, Жаңа жыл мерекесінде үлкен қапшығын арқалап, Аяз ата болып келетін. Ортада тақпақ айтып, ән саламыз. Сыйлыққа тәттілер алып, мәз болатынбыз, – деп балалық шағын еске түсірді.
Жоғары оқу орнын бітіріп, қолына диплом алған жас маман жары Мәдетпен Целиноград қаласына жолдама алады. Онда «Тың өлкесі» газетінде он жылдай қызмет етеді. Жары Жұмекеңе елге қайтуға қолқа салып, Шымкентке көшеді.
– Анам әкеммен ҚазМУ-де оқып жүргенде танысады. Солтүстіктің қызымен достықтары махаббатқа ұласып, отбасын құрады. Әкем солтүстікте еңбек еткенде жос-жарандары арасында беделді болды. Тамыр-таныстардың барлығы құрметпен қарап, ерекше сыйлайтын. Шымкентке көшкенде отбасымызды қаланың жартысы ыстық ықыластарымен шығарып салғаны көз алдымда. Пойызға отырғанда әкемнің көңілі қатты босады. Көзіне тығылған жасты тоқтата алмай, егіле жылады, – дейді Сәуле.
Әкесінің алғаш рет жылағанын көрген балалары жан-жақтан жұбатуға әрекет жасайды. Жазушының қызы «бала емеспіз бе, он жылда бауыр басып, ет жақын болып кеткен жандарды қимағанын ол уақытта түсінбегеніміз рас», деп өткенді сағынышпен еске алды
Ж. Тұяқбаев елге келісімен «Оңтүстік Қазақстан» газетіне жұмысқа орналасып, әдеби қызметкерден бастап редактордың орынбасары қызметіне көтеріледі. Қала басшылығы тәжірибелі де тәлімді журналистке үлкен сенім артып, «Шымкент келбеті», «Панорама Шымкента» газеттеріне редакторлыққа тағайындайды. Бұл – 1991 жылдың қыркүйек айы болатын.
«Жан жарыңды жаттай күт, жат көрсін де түңілсін».
Жұмамұрат Тұяқбаев өмірінің соңына дейін жарын аялап өткен азамат болды. Тіпті, Мәдет ананың көру қабілеті нашарлаған уақыттың өзінде кино, театр, концерттерде екеуінің жұбы жазылмай жүреді. Азаматтың бұл қасиетін кезінде талайлар үлгі тұтты.
Жұмамұрат Тұяқбаев туралы әңгімелер мұнымен бітпейді. Қайраткердің адами қасиеті, еселі еңбегі, ұстаздық ұлағаты, артында қалдырған жазбалары ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, өнеге болары сөзсіз.

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

Последнее изменение Среда, 26 Сентябрь 2018 10:19
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.