«Абылай ханның қара жолы» – тарихи мол қазына Избранное

Среда, 26 Сентябрь 2018 04:53 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 4760 раз

Солтүстік өңірден бастау алған «Абылай ханның қара жолы» атты экспедиция Шымкентке жетті. Тарихта әлі де ашылмаған тың деректер, мұралар көп-ақ. Отандық ғалымдар, дін жанашырлары тарихты танып білуге тамшыдай болса да үлес қосуға ниет еткен. «Отырар» кітапханасында 17-27 қыркүйек аралығына жоспарланған, жалпы ұзақтығы 3700 шақырымдық тарихи экспедиция мүшелерімен кездесу өтті.

 DSC6576

«Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтылмаса керек. Біз әлі де тарихи құндылықтарымызды танып білуіміз қажет. Солтүстіктен Оңтүстікке қарай бағыт алған тұңғыш экспедиция да осы мақсатты көздейді.
Алдымен «Отырар» кітапханасының директоры Күлия Айдарбекова топ мүшелеріне кітапхананың бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстырды.
Экспедиция жетекшісі, қоғам қайраткері Мұрат қажы Ыдырысұлының айтуынша, бұл жобаға Ақмола облысының әкімдігі қолдау көрсеткен. Ішкі саясат, туризм, мәдениет бөлімдерінің өкілдері жұмылдырылған. Бурабайдағы Абылай хан алаңынан шыққан тарихшылар Шымкентке дейін 8 күн жүріп келген.
– Жобаның ең бірінші мақсаты – Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласы аясында елімізді, жерімізді танып білу. Екіншіден,
Абылайханның қара жолымен жүріп, сондағы деректерді халыққа насихаттау. Біз сапарымызды Қызылжар өлкесінен бастадық. Көкшетау, Астана, Қорғалжын, Баршын, Шұбаркөл, Ұлытау, Сәтбаев, Жезқазған, Қызылорда және Түркістанға соғып, одан бері Шымкентке келіп отырмыз. Қара жол деген сөзді түсінбей, оның мәнін сұрайтындар бар. Қара дегеніміз – қарашаңырақ, қасиетті даңғыл, киелі, кең деген сөзді білдіреді. Осы жолдың бойында қандай аңыздар бар, Абылайханнан қалған қандай белгілер бар? Соларды білуге тырыстық. Бір қуантарлығы, бұл тарихи деректер елдің жадында сақталыпты.
Абылайханның қара жолымен жүріп отырып, талай кереметтерге куә болдық. Абылайханның ең бірінші резиденциясы Петропавлда салынған екен. Бірақ Абылайхан оған еш бас сұқпаған. Қызылжардың бергі жағында, Алтай, Тарбағатай жақта да ордасы болған, – дейді Мұрат қажы Ыдырысұлы.
Астананың 20 жылдығына арналған тарихи сапардың жас ұрпаққа берер тағлымы көп-ақ. Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Исамуддин Рысбай да тың жобаны қолға алғандарға алғысын жеткізді.
Топ негізінен мемлекеттік тарих институтының қызметкерлері, тарихшылар, журналистерден жасақталған. Мемлекеттік тарих институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Қанат Еңсенов қара жолдың негізгі тарихи маңызын түсіндіріп берді. Бұрын Абылайдың бірнеше қара жолдар бағыты болған. Соның бірі – керуен жолдарымен Түркістанға қарай өтетін бағыттары. 19 ғасырда орыс офицерлерінің жазбаларында және Левшиннің жазбаларында айтылады. Жаңғыру бағдарламасы аясында қара жолды қайта жаңғырту, оны халыққа кеңінен насихаттауды мұрат етіпті.
Бурабайдың төсінде, құрбандық шалынып, Абылайдың рухына Құран бағышталған. Баршыннан бері аса бергенде үлкен қорымға жолыққан. Онда жоңғардың бір батырының зираты бар. Таңқаларлық жайт – жоңғар қанша жау болса да, сол моланың бірде бір тасына ешкім тиіспеген. Бұл қазақтың әруақты сыйлағаны емес пе?! Тарихшылар осындай қызықты жағдаяттардан хабардар етті.
– Қызылордада тарихшылармен кездесіп, «дөңгелек үстел» өткіздік. Одан бері қарай Сығанақ, Сауран қаласына тоқтадық. Арыстан баб, Отырар төбеге бардық. Бұл өлкенің бәрі де Абылайханның заманындағы тарихқа қатысы бар жерлер. Шымкенттен Алматы бағытына қарай 40-50 шақырымда Абылай ханның Хан қорғаны бар. Қазір онда археологиялық жұмыстар жүріп жатыр. Сол жер Абылайханның соңғы ордаларының бірі болған деген дерек бар. Біз енді сол жаққа бағыт алып, одан әрі Тараз қаласындағы Қазақ хандығынаң 550 жылдығына арналған керемет аспан астындағы мұражайын тамашалаймыз, – дейді Қанат Еңсенов.
Құрамында 16 адам, 3 көлігі бар тарихи топ мүшелері одан әрі қарай Шу, Балқаш арқылы Астана қаласындағы «Мәңгілік ел» алаңында басқосуды жоспарлап отыр. Ал соңында Көкшетауда экспедциияны қорытындылап, баспасөз конференциясын өткізбек. Алдағы уақытта деректі фильм монтаждалып, көрермен назарына ұсынылады. Одан бөлек, қара жол сапары жайында жинақ та жарыққа шықпақ.

Последнее изменение Среда, 26 Сентябрь 2018 10:15
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.

Другие материалы в этой категории: « ТҰҒЫРЫ БИІК ТҰЛҒА Бас бәйге – темір тұлпар »